Ә.Смайыловтың айтуынша 2019 жылдың қаңтар-мамыр аралығында мемлекеттік бюджеттің кірісі – 105,4%, республикалық бюджет – 102,7%, жергілікті бюджет – 113,4%-ға орындалды. Өткен жылдың алғашқы бес айымен салыстырғанда мемлекеттік бюджет – 510 млрд теңгеге, республикалық бюджет – 450 млрд теңгеге, жергілікті бюджеті 60 млрд теңгеге өсті.
– 2018 жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық қордағы қаражат 26,1 трлн теңгеге жетті. Соның ішінде былтыр 5,8 трлн теңге түсті. 3,2 трлн теңге мұнай секторындағы компаниялар төлеген тікелей салық болса, қалған 2,5 трлн теңге инвестициялық табыстан түсіп отыр. Тағы 21,6 млрд теңге өзге де кіріс көздерінен келді, – деген министр 2018 жылы республикалық және жергілікті бюджеттердің тиісінше 99,8% және 99,7%-ға орындалғанын, бюджеттің шамамен 50%-ы әлеуметтік салаға тиесілі болғанын айтты.
Кәсіпкерлер қатары көбейді. Былтыр салық төлейтін заңды тұлғалар саны 367,2 мыңнан 409,1 мыңға ұлғайыпты. Ал жеке кәсіпкерлер саны 1140,4 мыңнан 1183,4 мыңға жеткен. Шағын және орта бизнес субъектілері төлеген салық алдыңғы жылдағыдан 25%-ға көбейіп, 3 трлн 384 млрд теңгеге жетті. Шикізаттық емес сектордан түскен салықтық түсімдер 16%-ға артып, 5 трлн 820 млрд теңге болды. Министрдің айтуынша, жұмыскерлеріне жалақы мен жеке табыс салығын төлеп отырған заңды тұлғалар және жеке кәсіпкерлер саны 12 мыңға көбейген.
– Салық түсімдерінің ІЖӨ-дегі үлесі 18,6% болды. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,8%-ға артық. 2025 жылға дейінгі мақсатымыз – салықтың ІЖӨ-дегі үлесін 25%-ға дейін өсіру. Біз бұл көрсеткішке көлеңкелі экономиканы қысқарту арқылы қол жеткіземіз, – деді министр.
Цифрландырудың пайдасы қазірден байқалып жатқанын айта кетейік. Цифрлы технологиялардың нәтижесінде салықты тексеру 9% азайып, бюджеттің кіріс бөлігіндегі үлесі шамамен 20%-ға ұлғайды.
Банкрот болуға рұқсат берілді. Салық жүйесін жетілдірудің басты бағыттарының бірі – тауарларды бақылаудың ұлттық жүйесін құру. Ондағы мақсат – контрафактіні азайту мен көлеңкелі бизнестің алдын алу. Сол үшін «электронды шот-фактура» енгізілді. Қазіргі таңда оған 330 мың қолданушы тіркелді. 2018 жылдың 1 сәуірінен бастап «виртуалды қойма» модулі енгізілді. «Виртуалды қойма» автоматты түрде тауардың қозғалыс барысын бақылауға мүмкіндік береді, – деді министр.
Сонымен қатар 1 қаңтардан бастап шағын және орта бизнеске салықтық амнистия жасалып жатыр. Соның нәтижесінде 90 мыңға тарта салық төлеуші амнистияға ілікті.Негізгі заңнамалық мәселелердің бірі реабилитация және банкроттық туралы заңдарға өзгерістер енгізу. – Осыған қатысты тиісті заң жобасы әзірленіп, Парламент Мәжілісіне енгізілді. Сондай-ақ жеке тұлғаларға салық амнистиясын жүргізуге қатысты заң жобасы Парламент Сенатында қаралуда, – деді Қаржы министрі.
Импорттың үштен бірі – Қытайдан. 2018 жылы кедендік баждар мен салықтардың түсімі 2017 жылмен салыстырғанда 17%-ға өсіп, 2 трлн теңгеден асты. Бұл ағымдағы жылдың 5 айында өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 21%-ға артқан. Үшінші елдерден келген импорттан түскен қосымша құн салығы алдыңғы жылмен салыстырғанда былтыр 12,4%-ға ұлғайып, 579 млрд теңгеге жетті. Оған себеп, үшінші елдерден келетін импорт көлемінің 2,3 млрд долларға ұлғайып, 19,3 млрд долларға жетуі. Осы импорттың шамамен 30%-ы – Қытайдан келетін тауарлар.
Бүгінгі таңда министрлік тарапынан мемлекеттік қызметтің 51 түрі көрсетіледі. Оның 38-і немесе 75%-ы электрондық үкімет пен министрліктің ақпараттық жүйелері арқылы жүзеге асырылады. Былтыр министрлік көрсеткен 22,2 млн қызметтің 94%-ы электрондық түрде болған. Үкімет жұмысы ашықтығының бір белгісі – Ашық бюджет тұжырымдамасының іске асырылуы. Осы мақсатта жылына бір немесе екі рет үш бағыт бойынша арнайы халықаралық бағалау жүргізіледі. Олар: бюджет ашықтығы, халықтың қатысуы және бюджеттік бақылау. Алдыңғы жылы Қазақстан халықаралық ұйымдардың зерттеу нәтижесінде 100 балдан 53 балл алды. Әлем бойынша орташа көрсеткіш –42 балл.
– Ашық бюджетті қалыптастырудың мақсаты – азаматтардың бюджет процестерімен танысуына және бюджет қаражатын жұмсау барысын талқылауға қатысуын қамтамасыз ету. Қазіргі таңда бұл мәселені халық талқылап жатыр. Менің блогыма бюджет ақшасын жұмсау туралы көптеген ұсыныс түсіп жатыр, – деді министр.
Бауыржан МҰҚАН, «Egemen Qazaqstan»