Мұны неге айтып отырмыз? Өйткені Маресьев сияқты марқасқа қазақтан да шықты. Ол жігіт қазір ортамызда аман-есен жүр. Аты-жөні – Сиязбек Мейрамұлы Дәлиев. Бұл азаматтың қос қолы қолтығынан жоқ.
* * *
Әңгімені әуелден бастасақ, Сиязбек 1990 жылы Қарағанды қаласында қарапайым отбасында дүниеге келген. Ес біліп, есейген шағы елордада өтті. Әрине аяулы ата-әжесінің қолында. Ел қатарлы мектепке барды. Балауса сезім, бала қиялдың жетегінде бастауыш сыныпты аяқтады. Аулада көрші-қолаң қосылып, футбол ойнайтын. Сиязбек те доп қуды. Тіпті ала допты аяғында ойнатқан футболшы болуды армандады. Кейін күреске қатысып көрді. Қатарластарынан мойыны озық бала кәдімгідей белдесудің айла-тәсілін игеріп, тәңір жарылқаса болашақта балуан болуға ынтасы ауды.
Беу дүние-ай, Сиязбектің бала қиялын жастай тербеген балуан болу арманына 2003 жылы маусым айының 5-і күні нүкте қойылды. Тағдыр оны басқа арнаға бұрып әкетті. Жай әкеткен жоқ, таудай сынаққа салды, тек төзімділер ғана төтеп берер төтенше жағдайға тап болды.
* * *
Сиязбек бесінші сыныпты бітірген жылы еді. Жұрт Астана күнін атап өтпекке (ол кезде қала мерекесі маусымның 8-і күні тойланатын) жапа-тармағай дайындық үстінде-тін. Бұған қарапайым мектеп оқушылары да тартылды. Арасында біздің кейіпкер де бар. Тапсырма жүктеген ұстаз жаңадан бой көтерген мектеп ғимаратының маңайын оқушыларға тазалатып, үйілген қоқысты аулаққа төктіріп, абыр-сабыр жұмыс жүріп жатқан. Сиязбек ойында ештеңе жоқ қоқыс толы қабын арқалап, аяңдап бара жатты. Кенет көлденең жатқан тоқтың сымына шалынып құламасы бар ма. Онымен қоймай құлап бара жатып, әлгі сымнан шап беріп ұстай алмас па...
Тарс еткен дыбыс шықты. Оқушылар жалт қараса, анадай жерде Сиязбек сұлап жатыр. Әлгі сымда адам түгіл пілдің өзін екі секундта жоқ қылатын жоғары кернеулі тоқ жүріп тұр екен.
Өкінішті... көктемде бүр жаратын қызғалдақтай жаңа гүлдеп келе жатқан бір ғұмыр тоққа түсті. Алғашында дәрігерлер өлдіге жорыған. Өйткені мынадай жағдайда тірі қалатындар некен-саяқ. Бірақ Сиязбектің дәмі таусылмаған екен, бір апта ес-түссіз жатып, аман қалды.
Ойда-жоқта ұрған электр қуаты баланың үш қабырғасын күл қылып, оң жағын тесіп сыртқа шығыпты. Олай болмағанда, тірі қалмас еді. Құдайдың құдіретіне қарамайсыз ба, қабырғасын қақыратып сөгіп түсірген тоқ өкпе-бауыр, жүрек-бүйрекке тиіспеген.
Қысқасы, «бастан құлақ – садаға» дегендей, бозбала есін жиғанда екі қолы иық тұсынан алынып қалғанын көрді. Қайран жастың сол кездегі қанатынан қайырылған балапандай әлсіз шырылын дәті жеткен адам ғана естір еді. Дәтке қуат дүние, сыныптастары мен достары ағылып келіп алдаусыратты.
Сиязбек ініміз күні бүгінге дейін сол кездегі достар көмегін аса бір ризашылықпен еске алады. Ұстаздарына да айтар рахметі зор. Бұл аурухана төсегінде таңылып жатқанда, ұстаздары журналдағы атын сыздырмай оқуын жалғастыруына мүмкіндік жасапты.
* * *
2008 жылы орта мектепті тәмамдаған Сиязбек грант арқылы Қазақстан-Ресей университетінің шет тілдер факультетіне оқуға түседі. Қаланың бір қиыры Қараөткел ауылында әжесі Меруерт Байжанованың қолында тұратын студент таңертең оқуға аттанғанда жол билетін мойнына іліп алып тартады. Ауылдан қалаға қатынайтын автобустың кондукторлары қос қолы жоқ жігітті әбден танып алған, ілтипат білдіріп көмек қолын созады. Ал университетке келгенде анау-мынау жұмыстарына жолдастары көмектеседі.
Сөйтіп бірінші курстың табалдырығын аттап, апыл-тапыл оқуын жалғастырып, ел қатарлы жүріп жатқан Сиязбекке бір күні әжесі: «Қарағым, «құдай салды, құл көнді» деп жүре берме, еңсеңді көтер, ел сияқты сен де бір биіктен көрінуге хақың бар. Кеше газеттен оқыдым, қалада «Қайсар» атты спорт клубы бар екен. Сол клуб мүгедек жандарды спортқа баулитын көрінеді, соларға хабарлассақ қайтеді?», дейді.
Бұл пікір алғашында баланың көңіліне онша қабыса қоймайды. Өйткені сабақ ауыр, оның сыртында қос қолы бірдей жоқ адамнан қандай спортшы шықпақ... Бала күнгі балуан болу арманы санадан өшкелі қашан... Одан да сабағымды жөндеп оқымаймын ба?
Арада екі-үш ай өтеді. Әжесі баяғы әуенге қайта басады. Қалжыраған жылдары басын сүйеген, тарыққанда демеу болған әжесінің сөзін екінші рет жерге тастау ұят. Сөйтіп Сиязбек жоғарыдағы клубқа барып, мүгедек адамдарды суда жүзуге үйрететін Владимир Загородный дейтін бапкерге жолығады.
Мәссаған! Басқасы басқа, суға қалай жүзбек? Қысқасы, жүзу қолымнан келмейді деп ой түйген Сиязбек айналып кете берді.
Бірақ қолы болмаса да, денесі тұлғалы, барлық жағынан спортқа бейім жігітті бапкер Загородный бірден аңғарады. Айналып кетіп бара жатқан сырықтай қазаққа ұзақ қарапты. Арада апта өткенде Сиязбекті бапкердің өзі университетке іздеп келді. Сиязбек болса бас шайқады. Загородный да келуден жалықпайды. Ақыры жас жігітті бассейннің жиегіне жеткізеді.
Загородный: «Қорықпай суға секір, батып бара жатсаң құтқарып алам... Кәне, батырым, сенен бірдеңе шығады, кеттік». Сиязбек суға секірді. Батып барады. Сыбанып дайын тұрған бапкері мен туған інісі Әли судан суырып алып шықты.
Қайта секірді тағы батып кетті. Баяғы Әли аңдып тұрып құтқарады. Бір апта дегенде суға батпайтын күйге жетті. Бір айдың ішінде тек аяқпен жүзуді үйренді.
– Басында өте қиын болды, – деп еске алады Сиязбек: «Жаттықтырушым мені үйрету үшін өзінің қос қолын байлап тастап жүзіп көріп, одан кейін ақыл-кеңес айтатын».
Сиязбектің ынта-ықыласы мен табандылығына көзі жеткен бапкері: «Егер осы екпіннен қайтпасаң, жарты жылдың ішінде жарысқа шығуға дайын боласың. Енді бұдан былай арақашықтықты межелеп жүзуді үйренеміз. Іске сәт, кеттік!» дейді.
Расында жарты жылға жетпей Сиязбек құр аттай құлпырып шыға келді. Бос уақыт жоқ. Төккен тердің өтеуі тегін кетпейді дегендей, суға тұншығып жүрген Сиязбек үш-төрт айдың ішінде сылаң жүзгіш болып үлгереді. Бұл да құдайдың берген нығметі. Сөнген үміт қайта оянады. Тіпті жазғы демалыста бассейнге күніне екі рет барып, 2,5 сағаттан дайындалатын тәртіпке көшеді.
* * *
Бапкері Сиязбекті төрт айдан соң яғни, 2009 жылдың 26 наурызында Алматыда өткен мүгедек спортшылар турниріне алып барады. Осы жарыста 50, 100, 200 метр қашықтыққа жүзіп өнер көрсеткен жігіт үш қола медальға қол жеткізді. Осылай жүзуден алғашқы жүлдесін алған жас 2008 жылдың жазында Таразда өткен тағы бір жарыстан 50 метрге жүзуден бірінші орын, 100 метрге арқамен жүзуден екінші орын, 100 метрге еркін жүзуден үшінші орын алады.
Арада тоғыз ай өткен соң, бапкері Сиязбекті Токио қаласында жалауын көтерген жасөспірімдер арасындағы Пара Азия ойындарына алып барды. Бұл 2009 жылдың қыркүйек айы. Жарысқа 26 мемлекеттің мүгедек спортшылары келіп қатысыпты. Мәртебелі додадан Сиязбек 4 медаль (2 күміс, 2 қола) олжалап елімізге зор табыспен оралды. Бірінші орынды жеңіп алған қытайлық жігіт 17 жыл жаттыққан екен.
Сөйтіп ойламаған жерден жарымжан жүзгіш 2009 жылдың ең үздік спортшысы атанып, ерекше еңбегімен танылған тұлғаларға берілетін «Алтын адам» сыйлығына ие болады. «Жапондықтар екі қолы иығынан жоқ менің жарысқа қатысатынымды көргенде қатты таңданды, себебі ондай спортшы тек мен ғана едім», дейді Сиязбек.
Осылай басталған спортшының жеңіс жолы жалғасты. 2010 жылы Братиславада өткен халықаралық жарыста топ жарса, 2014 жылы ересектер арасында ұйымдастырылған Пара Азия ойындарында жүзуден қола жүлдеге қол жеткізді. 2015 Сочиде өткен IWAS Дүниежүзілік ойындарында 100 метрге еркін жүзуден қола, 50 метрге баттерфляй әдісімен жүзуден күміс медальға ие болды. Осылай еселенген жеңіс жолы 2016 жылы Бразилияда өткен чемпионатта күміс және қола жүлденің иесі атандырса, 2018 жылы неміс жерінде жалау көтерген ауқымды турнирде 50 метрге арқамен жүзуден әлемді аузына қаратып, алтыннан алқа тақты. Ал өткен жылы Индонезияның Джакарта қаласында ұйымдастырылған ІІІ Пара Азия ойындарында С.Далиев S5 категориясындағы спортшылар арасында 50 метрге баттерфляй әдісімен жүзуден жеңімпаз атанды.
* * *
Осылай тағдыр сынағын жеңген жігіт қазір мүгедек спортшылардан жасақталған еліміз құрамасының белді мүшесі. Ешкімнің көмегінсіз интернетті толық игерген. Башпайларын пайдаланы, клавиатурадағы әріптерді теріп жаза алады. Киімін әлдеқашан өзі киіп-шешіп үйренген. Үйленген. Екі баласы бар. Құлыншақтары құлдыраңдап ел қатарлы өсіп жатыр. Құдай бұйыртса, алдағы маусым айында Берлин қаласында өтетін лицензиялық турнирге аттанбақ. Егер осы жарыстан тиесілі ұпайға қол жеткізген жағдайда бауырымызға әлем чемпионатына баратын қақпаның құлпы ашылмақ.