Қазіргі таңда елдегі халықтың қарыздық жүктемесі жоғары деңгейде екендігі байқалуда. Ұлттық банктің деректеріне сәйкес халыққа тұтыну несиесінің көлемі 2015-2019 жылдар аралығында 38%-ға өсіп, 3,5 трлн теңгеге жеткен. Осы аралықта ұзақ мерзімді несиелер 40%-ға, қысқа мерзімді несиелер 15,5%-ға өсіпті. Бұл ретте 2019 жылдың 1 маусымындағы жағдайға сәйкес кепілсіз тұтынушылық несие көлемінің 96%-ын ұзақ мерзімді кредиттер құрап отыр. 3,5 трлн теңгені адам басына шағып есептейтін болсақ, еліміздің әр тұрғынына 193 мың теңгеден келеді екен. Бұл дегеніміз 2018 жылы қалыптасқан орташа айлық жалақының 1, 2 көлемін көрсетеді (2018 жылы орташа айлық жалақы Статистика комитетінің дерегі бойынша 162,7 мың теңгені құрады).
Осының нәтижесінде әлеуметтік жағынан қорғалмаған жандардың жағдайы қиындай түсті. Аталған санаттағылардың белгілі бір бөлігі берешекті қайтаруға қауқарсыз. Сондықтан қолға алынған амал халықтың қарыздық жүктемесін азайтуға біршама ықпал етеді деп ойлаймын.
Қош, сонымен бұл топқа халықтың қандай бөлігі жатады? Атап айтсақ, көпбалалы отбасылар, асыраушысынан айырылған жәрдемақы алатын отбасылар, мүгедек балалары бар, 18 жастан асқан бала жасынан мүгедектер бар отбасылар, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатындар, жетім балалар, ата-анасынан кәмелеттік жасқа дейін айырылған, жиырма тоғыз жасқа толмаған, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар. Демек, мемлекеттің қолдауы нақты мұқтаж тұлғаларға бағытталады.
Есеп бойынша 255 мың адам қамтылады деп болжанған. Ал елдегі бір отбасының құрамы 3-4 адамнан тұратынын ескерсек, аталған Жарлық 867 мың адамның әлеуметтік жағдайына оң әсерін тигізеді деп ойлаймын. Бұл ел халқының 4,7%-ы.
Қазақстандықтардың қарыздық жүктемесінің артуы экономикаға да кері динамикасын беруі ықтимал. Берешектің шамадан тыс ұлғайғаны сұраныстың орынсыз өсуіне, импорттың күшеюіне және инфляцияның қарқын алуына ықпал етуі ғажап емес. Сол себепті борыш жүгін азайту бір жағынан экономикаға оң әсер ететінін да естен шығармаған дұрыс.
Аталған мақсатқа жұмсалатын қаражаттың бюджетке түсіретін ауыртпалығы туралы айтсақ, ол соншалықты ауыр емес. Егер 255 мың адамның әрқайсысының қарызы 300 мың теңге деп бағамдасақ, шамамен 76, 5 млрд теңге болады екен. Бұл сома мемлекеттік бюджетке қатты ауыртпалық түсіреді деп ойламаймын.
Нұрболат ҚҰРМЕТҰЛЫ,
«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Өңірлік зерттеулер орталығы директорының орынбасары