• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 02 Шілде, 2019

Күнделіктерімде: Сапабек Әсіпұлы

948 рет
көрсетілді

Күнделік – көңіл түкпіріндегі ешкімге аша бермейтін құпия сыр сандығың сияқты. Өмірден түйгендеріңді, өмірден күйгендеріңді айтып отыруға таптырмас дос. Және адам көңіл күнделігіне кез келген жанды кейіпкер қыла бермейді екен. Жаны туыс, мұраты рухтас кісіні ғана күнделігіңе кіргізіп, сағыныштың сарғайған парақтарына сырлы естеліктеріңді ақтарасың. Қаламгер Қайсар Әлімнің бүгін назарларыңызға ұсынып отырған күнделігін оқып отырып осындай ойға шомдық. Оның күнделігіне зер салған адам белгілі журналист, жазушы Сапабек Әсіпов есімін жиі кездестіреді. Тіпті Сәкеңмен (автор күнделігінде осылай деп атайды) жақын танысып, алғашқы жазбалардан кейін-ақ қимас досқа айналасың!..

06.03.1993 жыл. Алматыға телефон шалып Сапабек Әсiповпен (филология ғылымдарының кан­ди­даты, кезiнде Қазақ Кеңес Энци­клопедиясы Бас редакторының орынбасары болған, Жангелдин аудандық партия комитетiнiң хатшысы және осындағы «Жаңа өмiр» газетiнiң редакторы, Қостанай облыстық «Коммунизм таңы» газетi редакторының орынбасары қызметтерiн атқарған қаламы қарымды журналист, бiрнеше кiтаптың авторы) сөйлестiм. Фарида жеңгей қайтқалы арнайы телефон шалсам да үйiнде болмай (ауруханада жиi жататын) тiлдесе алмай жүр едiм.

– Сәке, жеңгейдiң артының қайы­рын берсiн. Марқұмды жер­лейтiн күнi қоңырау шалғанымда Серiкпен (баласы) сөйлескенмiн, Сiз келе алмадыңыз. Және хат арқы­лы да көңiл айтқанмын. Сол хатпен «Торғай таңының» тоғыз нөмiрiне шыққан «Аңшының әңгiмелерi» циклiн қоса жiбергенмiн.

– Рақмет, көңiлiңе, – дедi Сәкең. – Ол хатты алғаным жоқ.

– «Халық кеңесiндегi» Бәкира Қарағұлованың қолында болуға тиiс, берiп жiберген адамым соған табыстауы керек едi.

– Е, онда алдыртайын.

Одан әрi Сәкең өз науқасының жанына батып жүргенiн айтты.

Өзiнiң шығармашылығын сұрағанымда, сарыуайымға салыныңқырап алды. «Аңшының әңгiмелерiн» түгел басты ма екен, соны бiл. Түгел болмаса, толық шығуын қадағала», – дедi.

Әңгiмемiз ойда-жоқта Жан­гел­динге ауысып, «Ана тiлi» газетiнде жарияланған «Қазақ халқының дұшпандары» деген мақалаға ойыс­ты. Онда Әлiби Жангелдинге қатысты өткiр сын айтылған едi.

– Сол нөмiрдi салып жiбершi,– дедi Сәкең ынтығып. – Мен кiтапханаларға бұрынғыдай шыға алмаймын ғой. Жангелдин жөнiнде сiздiң «Егемен Қазақстанның» төрт бетiн аларлық көлемдi мақала жазып қойып едiм. Соның мұрағат құжаттарымен дәлелденетiн тұстары ашық күйiнде тұрғаны. Ауру ырық бермей тұр. Сосын «Қазақтың аш балалары» деген 35 бет дүние жазып едiм. Соларды жариялатуым керек.

Әлiби Жангелдин туралы кiтап жазған Сәкең өзiн тежей алмай қазымырланып сөйледi.

– Жалпы, өткенге бiрыңғай топырақ шашуға қарсымын, – деп алып, ғалымдық дәлдiкпен сыналап саптады сөздерiн. – Жангелдиннiң аруағына тиiсе бермеген жөн. Алашқа не iстедi ол? Оның үш еңбегiнiң өзi неге тұрады? Бiрiншiден, Алашорданың Торғайға кiруiне Ташкентте жат­қан Әлiби Жангелдиннiң өзi көмек­тескен. Екiншiден, Мiржақыптан басқа Алаштың 19 өкiлi қолға түскенде соларды қорғап, босатып жiберген де Әлiби едi. Үшiншiден, алғаш ұлттық ымыраны жасаған кiм – Жангелдин. Түн жамылып отырып айтайын, Жангелдиннiң мойнында бiр кiсiнiң де қаны жоқ.

Сөзiмiздiң арасында Жангелдин ауданының атын бұрынғы Торғай қаласы мәртебесiне өзгерту туралы айтылып қалды бiлем, Сәкең жұлып алғандай қылып:

– Қайтесiңдер, өнбейтiн әңгiме қуып, Жангелдиннiң атын өзгерт­кенмен Торғайда қой көбеймейдi,– дедi жұмсақ дауысы қатқылдана түсiп.

09.07.1999 жыл. Сәкең үйге кеш­­кiлiк қоңырау шалды. Парла­мент депутаттарымен кездесiптi. Өзiнiң «Қатерлi дерт, қалжыраған халық» деген кiтабының 96 данасын депутаттарға таратып берiптi.

– Оқыр ма екен олар! – деп қояды Сәкең мысқылдап. – Оқыса, әрқайсысына коньяк құяр едiм-ау!

«Неткен қажымайтын жан» деп тұрмын iшiмнен.

… 10 шiлде күнi Сәкең «Егемен Қазақстанда» сөз алды. «Жердi сатуға болмайды!» деп түйiндейдi мақаласын.

Қаламына тыным бермейтiн Сәкең осы!

…12 шiлде күнi Сәкең «Хабар» арнасынан «Бетпе-бет» пiкiрлесу сайысына шықты. Онда да жердi саттырмауға бел буып бақты.

«Халық үшiн жаратылған Сәкең!»

...Разымын, Сәке сiзге!

...Мiне, «Егемен Қазақстан­ның» 1999 жылғы 16 шiлдедегi санын қолыма алып отырмын. Бiрiн­шi беттегi «Қабылдануға жара­майды» деген тақырыппен жария­ланған мақала астына Қазақ­стан Жазушылар одағы «Жер және халық тағдыры» комиссия­сы­ның мүшесi Сапабек Әсiпұлы қол қойыпты. Бас алмай оқып шықтым… «Жер туралы» Заңға қарсылық бiлдiрген мақаладан үзiндi: «… Екiншiден, «Жер учас­келерiн мемлекеттiк меншiктен жекеменшiкке беру, ақы төлеу арқы­лы жүргiзiледi» (8-бап, 1-тармақ) деген де дұрыс емес. Зарда­бы аса ауыр, зиянды қате. Бұлай болған жағдайда, ауылдар мен селоларда тұратындар былай тұр­сын, қаладағы қалталылар жапа­-тармағай аттанып, ең шұрай­лы учаскелердi пышақ үстiнен бөлi­сiп алып кетедi. Қазақ резер­ва­цияларының тұрғындары бұрын­ғыша өздерiнiң маңдайына жазылған шөл және шөлейт аймақтарда о дүниедегi тамұқ азабын тiрiдей тартқан күйiнде қала беретiн болады. Жаңа заң жобасын жасаушылар мұны бiлмедi дейсiз бе?».

Сәкең сонымен бiрге «Жер туралы» заң жобасына санақта бар, санатта жоқ шөл және шөлейт дала «Қазақстан жерiнiң құрамына» (6-бап) енбей қалғандықтан тұрған жерiнiң шаруаға жарамсыз, қонысқа қолайсыздығына, яғни сапасының төмендiгiне байланыс­ты оның есесiн толтыру үшiн тұрғындарға берiлетiн жеңiлдiктер мен төлемақылар туралы да ештеме айтылмаған. Мысалы, өркениеттi елдерде, солардың бiрi АҚШ-тағы үндiстер резервациялары тұрғындарына округтiк, штаттық, федералдық бюджеттерден олардың табыстарының 250-300 процент мөлшерiнде қосымша төлемақы берiлiп тұрады…» деп әдiлдiктiң үстемдiк құруы үшiн жанайқайын салады.

Сапабек Әсiпұлы мақаласын былай түйiндейдi:

«Бiрiншiден, республика резервацияларының тұрғындары – қазақтардың мүддесi ескерiлмеген деп танылып, «Жер туралы» заң жобасын Парламент қабылдамай, керi қайтаруға тиiс.

Екiншiден, оның есесiне «Геноцид зардаптарын жою немесе республика резервациялары тұрғындары жағдайын қолайлы аймақтағылармен теңестiру шаралары туралы» арнайы заң жобасын дайындауды үкiметке тапсыру керек.

Бүгiнгi күн талабы осындай!».

… Ал ендi Сапабек Әсiпұлына – менiң ұстазыма сүйсiнбей көрiңiз!

14.10.2000 жыл. Жазушы-ғалым Сапабек Әсіповпен Қос­танай – Астана – Алматы пойызы 20 минөт­тік аялдағанда кездесіп, әңгі­ме­лес­тім. Сол баяғы «жер дауы­на» шар­ша­майтын Сәкең маған Парламент Сенатының Төра­ға­сы О.Әбді­кәрімовке арнайы жаз­ған хатын беріп, оған жеткі­зуім­ді сұрады. Онда «Жер туралы» заң­ның жобасын талқылау үшін Пар­ла­­ментте «де­путаттық ашық сағат» өткізуді өтін­ген екен. Және де Мәжі­ліс Төр­ағасы Ж.Тұяқбаев­тың өзін қа­былдамай жүргеніне де шағынған.

– Сәке, 21 қарашада 75-ке де келіп қалыпсыз. Не дайындығыңыз бар? – дедім мен.

– Жер сатылмаса – менің тойым әне, сол! – деп Сәкең қасқиып тұр. – Мен кіммін? Ұлт тағдырын ойламаса Абай кім болар еді?

19.10. 2016 жыл.

Сапабек Әсіп ұстазыма телефон соғып едім, Зинахан апай көтерді. Ағамыз жиі-жиі ауруханаға түсіп қалады екен. «Балтыры жанын шырқыратып сыздайтын болған соң қолым күні бойы ысқылаудан босамайды», – дейді апай. Мың болғыр адам. 91-дегі шалын жанкештілікпен (екінші кемпірі) бағып отыр.

20.04.2018 жыл. Таңсәріде (06.30.) Алматыдан қоңырау түсіп, Зинахан апай ері Сапабек Әсіпұлының өмірден озғанын естіртті. Ұстазымыз еді. Баулыған, демеген... 93-ке қараған жасында... Жүрегі  Жер деп соққан... Тек жер тақырыбына ғана арнап бірнеше кітап жазды.

Жағалай (Астана, Қостанай, Аманкелді, Жангелдин) қайғылы хабар салдым.

Сағат 15.30-да Алматыға пойызға отырдым. Ағаның жаназасы 22 сәуірде екен...

22.04.2018 жыл. Қазақстан Жазушылар одағында С.Әсіп­ұлымен қоштасу митингісі (10.00-10.40.) өтті. Оны  Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Б.Жақып ашып жүргізді. Одақ басшысы Ұ.Есдәулет Түркиядағы демалысын үзіп, ұшып келіп сөз сөйледі. Сәкеңнің туған ауданы Аманкелдіден Н.Дауылбаев бір шөкім топырақты қабірге салатынын жеткізді. Жангелдин ауданының қаралы пікірін Т.Әмір айтты. Біраз қаламгерлер (Ғ.Қа­бышев, С.Тұрғынбеков, Х.Біржанов, Ж.Қуанышбаев,т.б.) есте­лік­терімен бөлісті. Өзім де ұс­тазым туралы айттым. Мұрат Әуезов сөзіңіз ойлы болды деп қолым­ды қысты.

50 минөттей жүріп барып, Ащы­бұлақтағы (Жәпек ауылы) зиратқа Сәкеңді мәңгіге табыс­тадық. Әкесі Әсіптің (99 жас: 1885-1984), зайыбы Фариданың қасына жантайды. Таяқ тастам тұста ақын, сатирик Марат Нұр­қалиев орнығыпты.

«Еуразия» мейрамханасында асы берілді.

Зинахан апай Сәкеңді 20 жылдай бағып-қақты. Жағалбайлының қызы екен. Еңбегіне елі разы...

...Елімізде Парламент Сенаты: «Жер сатылмайды және шетелдіктерге жалға берілмейді», – деген түзетулермен «Жер туралы» Заң қабылдады.  Сапабек Әсіпұлының бақилыққа аттанғанға дейін күтіп кеткен Заңы еді бұл! Ақыры, жамбасы жерге тигеннен соң ғана қабылданыпты. Бұған да шүкір! Сәкеңдікі шынайы ерлік екен ғой...