Мұнайшылардың құрылтайына компанияға еншілес және тәуелді ұйымдардың басшылары, бірқатар қазақстандық және шетелдік ұйымдардың өкілдері жиналды. Мұнай-газ өнеркәсібіндегі өзекті мәселелерді талқылау үшін алғаш рет мердігерлік ұйымдардың өкілдері шақырылды.
Форумның қатысушыларын құттықтаған ҚМГ («ҚазМұнайГаз») басқарма төрағасы Алик Айдарбаев ұжым қызметкерлерінің еңбек, өнеркәсіп қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне жұмылдыру керектігіне баса назар аударды.
– Биыл мердігерлік ұйымдарда еңбек пен қоршаған ортаны қорғау бойынша тиімді жұмысты қамтамасыз етудің бағдарламасын іске қостық. Себебі олар өндірістік міндетімізді іске асыру мәселесінде маңызды рөл атқарады. Өзара тығыз байланысты жақсартуға мүмкіндік береді. Компания тобындағы және мердігерлік ұйымдардың барлық қызметкерлері үйлеріне аман оралуы үшін бар күш-жігерімізді салатын боламыз, - деді А. Айдарбаев.
Соңғы 4 жыл ішінде отандық мұнай өнімдерін өндіруші кәсіпорын қауіпсіздік және еңбекті қорғау көрсеткіштері бойынша үздіктер қатарынан орын алғанын айта кету керек. Сондай-ақ жиында компанияның қоршаған ортаға теріс әсерін азайту және су ресурстарын басқару, еңбек қауіпсіздігі мен апаттарды алдын алу, сақтық шараларын арттыруға қатысты бірінші басшылардың дербес жауапкершілігін күшейту мәселесі қаузалды.
Өндірісте жарақат алу және қоршаған ортаға залал келтіруде нөлдік көрсеткішке жету үшін аталған ұйым Қазақстанда алғаш рет SPE Каспий симпозиумын өткізуге бастама көтерген. Аталған шара қыркүйек айында KAZENERGY форумы шеңберінде өтетін болады.
Жақсылық МҰРАТҚАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»