Оның нақты мысалы ретінде Солтүстік Қазақстан облысындағы әлеуметтік нысандарға сабанмен жағылатын биоқазандықтардың көптеп орнатылып жатқанын келтіруге болады. Нәтижесінде аталған нысандар арзандатылған, тиімді және қоршаған ортаға қауіпсіз жаңа отын түрін кеңінен пайдаланады. Облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Әділбек Әубәкіровтің айтуынша көптеген жылдар арзан, қоршаған ортаға қауіпсіз отынмен жылытылады. Бірқатар аудандар «жасыл экономикаға» көшудің бағдарламасын түзіп, баламалы көздерін игеруге кіріскен
– Биоотын өндірісін дамытып, энергия үнемдеу – басым бағыттардың бірі. Қазақстанда 2030 жылға таман баламалы энергия үлесін 30 пайызға жеткізу белгіленген. Біз өз тарапымыздан мектеп, аурухана сықылды әлеуметтік нысандардың жарық пен жылуға жұмсалатын шығынын азайту мүмкіндіктерін қарастырып отырмыз. Дәнді дақылдардың, астық өнімдерінің қалдығын кәдеге жаратып, биоотын өндіруге бағытталған шаралар жеміссіз емес, – дей келіп, сабанмен жағылатын қазандықтарды орнату жұмыстары 2015 жылдан бері қолға алынғанын жеткізді. Қазір биомассаны қолданатын 95 қазандық орнатылып, 61 бюджеттік ұйым қосылған. Бұл мекемелер биылғы жылыту маусымында 21 мың тонна көмір үнемдеген, ақшаға шақсақ, 151 миллион теңге. Демек, алғашқы аяқалыс өзін-өзі ақтап отыр деген сөз. Жыл соңына дейін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында тағы 30 қазандық орнату жоспарланған. Сөйтіп жылытудың осы түріне тағы 50 нысан қосылып, бюджеттік мекемелердің саны 32-ге дейін артатын болады.
Биоотынның игілігін көріп отырған Шал ақын ауданында нысандар 10 заманауи қазандықтың көмегімен жылытылуға көшірілді. Қазандықтардың төртеуі жергілікті қазынадан бөлінген қаражатқа, ал қалғаны агроқұрылымдардың демеушілігімен орнатылды. Аудан әкімінің орынбасары Бағдат Шәкенов бізге мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша Жаңажол, Ступинка, Мерген, Ольгинка ауылдарындағы мектептер, Сергеевка қаласындағы №2 мектеп-гимназия, әкімдік, «Бөбек» балабақшасы, №1 орта мектеп және 8 көппәтерлі тұрғын үй заманауи қазандықтарға қосылғанын, 22 миллион теңге үнемделгенін айтты. Биоотынмен жылытылатын төрт мектепте шығын 50 пайызға азайған. Әрі қазандықтарды жағып, оны қадағалайтын қызметкерлер саны да, автокөлік және экологиялық салық мөлшері де төмендеген. Еңбек Ері Есім Шайкин атындағы орта мектепке заманауи қазандықты «Әби-Жер» ЖШС-і тегін орнатып беріп, қажетті отынмен қамтамасыз етуді өз міндетіне алған. Мектеп директоры Әлия Әміренова озық технологияға негізделген жаңа қазандықтың артықшылықтары туралы айтып берді. Қондырғының қуаты 5 мың шаршы метр аумақты жылытуға жететін көрінеді. Тәулігіне бар-жоғы 8 орама сабан жұмсалады. Бұған дейін жылына кемінде 400 тонна көмір тұтынып келсе, енді қаржылық шығын да, экологияға келтірілетін зиян да әлдеқайда азайғаны байқалады.
Осы аудандағы агроқұрылымдардың бірі – «Агро-Север» ЖШС-і де табиғат ресурстарын тиімді әрі үнемді пайдалану жобасын ойдағыдай жүзеге асырып келеді. Мал шаруашылығымен қатар егіншілік саласын да дамытуды мақсат еткен Николай Луговой – заман ағымын терең түсінетін басшылардың бірі. Бұған дейін астық қалдықтарын күйдіріп келсе, енді мәселені шешудің тиімді жолын тапқан. Қырмандағы астықты кептіретін арнайы қазандық сабан арқылы қыздырылады. Серіктестік орналасқан ауылдағы әлеуметтік нысандар да осылай жылытылады. Кәсіпкер Приишим ауылындағы орта мектепке заманауи қазандық орнатып, қызмет көрсету шығындарын өзі өтейді. Шығын 5,5 миллион теңгеден 800 мың теңгеге дейін кеміген. Жасыратыны жоқ, егістік алқаптарда дәнді және майлы дақыл қалдықтарының ысырап болып жатқанын көргенде «есіл еңбек-ай» дейсің. Мұнай шикізатынан өнім алудан гөрі сабаннан биоотын өндіру әлдеқайда тиімді екенін түсінетін мезгіл жетті. Ең бастысы арзан, соншалық мехнатты да қажет етпейді. Өз басым бұл бастаманы толық қолдап отырмын. Қазіргі уақытта заманауи қазандықтарға зығыр сабанын да пайдаланып, астық кептіреміз, әлеуметтік нысандарды жылытамыз, дейді Николай Александрович. Биыл ауылдық округтердегі мектептерге де жылыту қазандықтары орнатылады. Ауданда майлы дақылдар ғана 45 мың гектар алқапқа өсірілетінін ескерсек, биоотын дайындайтын шикізат тапшылығы сезілмесі анық. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Қызылжар ауданының Якорь, Большая Малышка және Асаново ауылдарындағы білім ошақтары да сабанмен жылытуға көшірілген. Аудандағы 47 мектепке заманауи қазандық қойылса, 40 миллион теңге үнемделеді екен.
Бүгінде Қазақстанда биоотын өндіретін шикізат жүгері, бидай, рапс, соя сабандарымен ғана шектелмейді. Қазіргі таңда нарықта биоотынның сұйық түрлері де қолданылады. Оның қатарына биоэтанол, биометанол, биобутанол, диметилэфир, биодизель өнімдерін жатқызуға болады. Тайынша ауданында жұмыс істейтін «Биооперейшн» ЖШС-і биоэтанол өндіруге кірісіп кеткен. Елімізде әзірге баламасы жоқ кәсіпорын көп жылғы үзілістен кейін диірмен кешенін пайдалануға беріп, глютен мен балауыз шығара бастады. Биыл астықты тереңдете өңдеу әдісін қолдану арқылы биоэтанол сыртқы нарыққа жөнелтіледі. Зауыттың бас директоры Алмас Қалимурзин әңгіме барысында биоэтанол тек жоғары сапалы астықтан өндіріледі деген қасаң пікірмен келіспейтінін білдірді. Технологиялық талаптар дұрыс сақталса, сапасы төмен төртінші, бесінші сұрыпты бидайды да кәдеге жаратуға болады. Ауаны ластайтын, улы газдар бөлмейтін, толық жанып кететін жағымды қасиеттеріне байланысты биоэтанол Еуропа елдерінде үлкен сұранысқа ие. Қызылжар жылына кем дегенде 5-6 миллион тонна дәнді қамбаға құятын астықты өлке. Демек, осынша астықтың аздаған ғана бөлігін тереңдете өңдеу арқылы бәсекеге қабілетті бірнеше өнім түрін алуға мүмкіндік мол. Оның айтуынша, биоэтанол цехы жылына 60 мың тоннаға дейін өнім шығаруға қауқарлы. Экологиялық таза өнімге Еуропа мен Орталық Азия елдерінен тапсырыстар түскен. Отандық мұнай зауыттарының «еуро-5» және «еуро-6» бензинін шығаруға көшкенін ескерсек, экспорт көлемі де арта түсері сөзсіз.
Немістер тұрмыстық, жапондар тамақ қалдықтарын кәдеге жаратып, биоотын өндіріп отыр. Яғни жоқтан бар жасап, ұқсатуға әбден машықтанған. Бұл үрдістің Қазақстанда да жаппай жалғасын табарына кәміл сенейік.
Қанат АТАМАНОВ, журналист Солтүстік Қазақстан облысы