Басымдық әлеуметтік салаға беріліп отыр
Күн тәртібіне сай «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша алғашқы болып Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов сөз алды. Министрдің айтуына қарағанда, 2019 жылға арналған елдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамының көрсеткіштері бұрынғы деңгейінде сақталған және өзгермейді. Ал 2019 жылға болжамды базалық талаптары бойынша мұнай бағасы барреліне 55 АҚШ доллары, жылдық инфляцияның нысаналы дәлізі 4-6 пайыз, ішкі жалпы өнімнің өсуі 3,8 пайыз деп есептелген.
– Бұл ретте бюджетті нақтылау шеңберінде Ұлттық қордан нысаналы трансферттерді қайта бөлу ұсынылады. 370 млрд теңгеден 300 млрд теңгені әлеуметтік шараларды күшейтуге, тұтынушылық кредиттер бойынша халықтың борышын төмендетуге, сондай-ақ Үкімет резервті ұлғайтуға жіберуді ұсынады, – деді Р.Дәленов.Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының өзекті әлеуметтік түйткілдерді шешу жөніндегі тапсырмасын іске асыруды қарастыратын мәселе екенін атап өтті.
– Заң жобасы 2019 жылға арналған елдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамының көрсеткіштерін сақтауды ескере отырып қалыптастырылды. Республикалық бюджеттің негізгі параметрлері өзгеріссіз қалады. Президенттің тапсырмаларын іске асыруды қаржылық қамтамасыз ету Тікелей инвестициялар қорын құруға көзделген қаражаттың бір бөлігін қайта бөлу есебінен жүзеге асырылады, – деді Ә.Смайылов.
Оның айтуынша, бюджеттің шығыс бөлігін нақтылау үш бағыт бойынша жүзеге асырылды. Біріншіден, халықтың тұтынушылық несиелері бойынша борыш жүктемесін азайту ескерілген. Өмірлік қиын жағдайда қалған азаматтар санатына жатқызылған әрбір қарыз алушы үшін тікелей және атаулы қаржылық көмек ретінде мемлекет 300 мың теңгеге дейінгі жалпы мөлшерде негізгі борышты және ол бойынша есептелген сыйақыны өтейді. Осы мақсаттарға жоба 89,2 млрд теңге сомасында шығыстар қарастырады. Екінші бағыт жұмыспен қамту, аз қамтылған, көп балалы отбасылар мен жастарды қолдау бойынша пәрменді шараларды кеңейту және күшейтуді көздейді. Бұл мақсаттарға 138,6 млрд теңге бағытталмақ.
– Үшінші бағыт бойынша жобада Үкімет резервін 72,2 млрд теңгеге ұлғайту ұсынылады. Аталған қаражаттың бір бөлігі Арыс қаласындағы төтенше жағдайдың салдарын жоюға бағытталады. Бұдан басқа, 35,9 млрд теңге қаражатты ішкі қайта бөлу есебінен шұғыл шешуді қажет ететін міндеттемелерді қаржыландыру іске асырылады, – деп атап өтті Ә. Смайылов.
Ал Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев депутаттарды еліміздің ақша-несие саясатының өзекті мәселелерінен хабардар етті. – Валюта нарығында теңге бағамы жыл басымен 2 шілде аралығында 0,6 пайызға нығайды. Ол мұнайдың әлемдік бағасының 21 пайызға өсуі және Ресей рублінің 9 пайызға нығаюының аясында мүмкін болды, – деді Е.Досаев.Жалпы отырыста депутаттардың талқылауларынан кейін Мәжіліс Төрағасы заң жобасы бойынша пікір білдірді.
– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың әлеуметтік-стратегиялық бастамаларын одан әрі жалғастыру мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы тапсырмалар жүктеген болатын. Осыған байланысты азаматтарға жан-жақты қолдау көрсету, әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін нақты шаралар қолға алынуда. Сондықтан осы үш жылдық бюджетке енгізілген өзгерістер барлық әлеуметтік тапсырмаларды жеткілікті қаражатпен қамтамасыз етуге зор ықпалын тигізеді, – деді Н.Нығматулин.
Сондай-ақ Мәжіліс Төрағасы орталық және жергілікті мемлекеттік органдар қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарға көмектесу жағын ұйымдастыруы керектігіне баса назар аударды. Осыған байланысты Нұрлан Нығматулин қарастырылған қаражатты пайдаланудың тиімділігіне көңіл бөліп, Мəжіліс депутаттары осы мəселені мұқият қарап, қол жеткізілген нəтижелерді талдауға ниетті екенін атап өтті. – Бәріміз, Үкімет пен депутаттық корпустың мүшелері, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуіміз керек, – деді Мәжіліс Төрағасы. Сонымен қатар Н.Нығматулин сессия аяқталғаннан кейін депутаттар өңірлерге барған кезде осы жұмысқа белсене атсалысуы керектігіне тоқталды. Сессия қорытындыландыМәжіліс Төрағасы алтыншы шақырылған Парламент Мәжілісінің төртінші сессиясының осы соңғы жалпы отырысында сессия жұмысын қорытындылады.
– Бүгін біз төртінші сессиядағы Мәжілістің соңғы жалпы отырысын өткізіп отырмыз. Өздеріңіз білесіздер, бұл сессия Мәжіліс тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі болды. Осыған орай елімізге, халқымызға қажетті көптеген заң қабылданды, көптеген парламенттік іс-шара өтті. Олардың барлығы ең алдымен Елбасының әлеуметтік-экономикалық, стратегиялық міндеттерін орындауға арналды. Сонымен бірге Президент Қ.Тоқаевтың алға қойған тапсырмаларын жүзеге асыруға да бағытталды. Бұл депутаттық корпустың Үкіметпен, тиісті мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен бірлесе атқарған жұмысының нәтижесі деуге болады, – деді Н.Нығматулин.
Мәжіліс Төрағасы осы сессия барысында 41 жалпы отырыс өткенін атап өтті. Бұл кезеңде палатаның қарауында 110 заң жобасы болды, оның ішінде 81-і мақұлданып, Сенатқа жолданды. Сонымен бірге 13 «Үкімет сағаты» мен 2 парламенттік тыңдау, 14 көшпелі отырыс және 4 халықаралық конференция ұйымдастырылды. – Сессия аяқталып жатыр, алайда бізде сайлаушылармен кездесу үшін өңірлерге сапарлар жоспарланған. Осы кездесулер барысында айтылған ұсыныстарды жұмыста ескеру керек, – деді Мәжіліс Төрағасы.