Сарыарқа Ұлы даланың кіндігі болғанда, Есіл, Нұра оның емшегін иітіп, таңдайын жібіткен кәусар бұлақтары еді. Еске түсіріп, көзге елестету қиын есте жоқ ескі замандарда осы өңір Ұлы дала перзенттерінің тал бесік, ыстық ошақ, жылы ұясына айналыпты. Жаңаша жыл қайыруымыздан 3 мың жыл бұрын түріктің ұлы көсемі Оғыз қаған Сарыарқаны Ортағ, Кертағ деп атап, оның шалғыны тізеден көкмайса жазирасына киіз туылдырықты ақ шатырын тіктіріп, ордасының оң қапталына алтын әтеш, сол қапталына күміс әтеш ілдіріп, оң босағасына ақ қой, сол босағасына қара қой байлатып, аспан Тәңіріне қол жайып, ызғындай еліне бейбітшілік пен тыныштық тілеген. Оның ұлы күндей күркіреген Күн хан 24 тайпалы еліне таңба үлестіріп, қыс қыстау, жаз жайлауын бекітіп беріпті. Осының бәрі Сарыарқаның төрінде болған ақиқат.
Сарыарқа – шығыста Алтай тауларынан басталып, батыста Арапат тауына барып маңдай тіреген піл сауырлы ұзын жота. Оның топырағы сары саз, төсіндегі қарағайлы орман да, құйқалы шүйгін шөбі де сарғыш түстеніп тұрады. Теңіздей толқыған сағымы да сап-сары. Осынау сырт белгісіне бола Сарыарқа атанған деп ойлайды бәзбіреулер. Жоқ, қасиетті ұлы жон қойын-қонышына сыймаған, жер асты толы алтынының, жез бен мысының, қола мен мырыш, темір, шарболат неше алуан асыл тастарының демінен буланып, сары сағым боп толқиды.
Қомағайлық, сұғанақ қол, сұқ көздік осынау сарқылмас бай қазына, ырыс өлкесін титықтатты. Қазір шығар-шықпас жаны бар. Бірақ Сарыарқаның қойнауы сарқылып біткен жоқ, келер ұрпақтың сыбағасы деп әріге жасырғаны бар. Туған жерін анасындай аялайтын келер ұрпақпен бірге оның екінші тынысы ашыларына кәміл сенімдімін.
Міне, осы өлкеде Ұлы дала өркениетінің мақтанышы – қола дәуірлік Бегазы-Дандыбай мәдени ошағы дүниеге келіпті. Бегазы-Дандыбай мәдениеті негізінен Сарыарқа теміршілері қалыптастырған қалалық мәдениет. Б.з.б. 1800-1000 жылдар аралығын қамтиды. Біздің жыл санауымыздан бұрынғы 1800 жылдары Сарыарқада қала мәдениеті өркен жайып гүлденді дегенді бұрын естіп көріп пе едіңіздер? Әрине, тарихшы ғалымдар, археологтар білді, ыңылдап-сыбырлап айтқан да болды, бірақ жар салып айғайлап айта алмады.
Қола дәуірлік Бегазы-Дандыбай мәдениеті Ұлытаудағы Едіге тауының батысында 1,5 шақырым жердегі Айбас дарасынан басталып, оңтүстік тарапта Бетпақтың терістік жиектері – Жетіқоңыр, Тайатқан, Шұнақ, Бетбақсу, Шажа жылғаларын, солтүстікте Есіл, Сілеті, Дамсы, Шортанды, Қайрақты, Аршалы, Ерейментау, Өлеңті, Шідертіні қамтып, шығыста Абыралы, Шыңғыстауға иек артады. Міне, осынау қырлы, таулы жалпақ өңірде қала мәдениеті өркен жайған.
Олардың қалалары қатарына Кент, Бұғылы, Мыржық, Атасу, Шортанды бұлақ т.б. кенттері жатады. Қола дәуірінің ұзына бойында Сарыарқа теміршілері кен орны іргесінен елді мекен тұрғызғанда, оны қоршап, бекітуді білмеген. Дәлірегі, қоршауды қажетсінбеген, шамасы Сарыарқа кеңістігінде тыныштық пен бейбіт өмір орын алған. Мәселен, Қарқаралыдағы Кент қалашығының радиусы 30 шақырымға созылған, кеніш айналасында пайда болған Байшора, Әкімбек, Домалақтас, Найза, Нарбас, Қызылтас ауылдарымен алқақотан астасып жатыр. Мыржықта кен қорытатын қазандардың жылуымен тұрғын үйлерді жылыту жүйелері болғаны таңғалдырмай қоймайды. Ал Атасу кентінде қатар орналасқан алты пеш әрі кен қорытқан, әрі қысты күндері үй жылытқан.
Б.з.б. соңғы мыңжылдықта – темір дәуірі аталған кезеңде Сарыарқа теміршілері қорғасын мен қалайыны бірге балқытып қола қиюдан бас тартып, таза темір, алтын, мыс өндіруге машықтанған. Мыс тұрмыстық бұйымдарға, алтын мен күміс сәндік әшекейлерге жаратылса, қару-жарақтар енді темірден соғылатын болды. Темірге сұраныс күшейді. Сарыарқаның теміріне қол жеткізем деп, парсылық Дари I Арал теңізінің терістігіне кемемен әскер төгіп, Қарақұм арқылы жойқын жорық жасады. Әскерінің тең жарымы қайтып оралмай, сүйектері Сарыарқа жерінде қалды. Қара теңіз жағалауындағы грек колониялары Сарыарқаға үзбей керуен жөнелтіп, алтын, күміс, жез, әсіресе темір өнімдерін сатып алуға құлшынысты.
Бегазы-Дандыбай тұрғындары келімді-кетімді жүргіншілерден кенде болмады. Олардың арасында ен байлықты ебін тауып үптеп кетуден жүздері жанбайтын қарақшылар да аз емес-ті. Сұранысы мол, бағалы кен өнімдерін өндіру – ол байлық көздерін қорғауды да күн тәртібіне қойды. Б.з.б. X ғасырдан бастап Сарыарқа тұрғындары жан-жағы орланған, бөрене қадалармен бекітілген, сазды топырақпен шеменделген мықты бекіністі қалашықтар салуға бет бұрды. Осы кездегі қалалық мәдениеттің жарқын үлгісіндей болып Ұлытауда Басқамыр, Аяққамыр қалашықтары ірге көтерді. Ал өлкенің кіндік қаласы Есіл бойындағы Ақтау бекінісі еді. Қала іргесі саз балшық пен бөрене қадалармен бекітілген биік дуал. Ғұндар мен түрік заманының қала мәдениетін зерттеген тувалық әйгілі зерттеуші Л.Р.Қызыласов Ақтау қаласының М.К.Хабдулина салған сызба жобасын өзінің «Городская цивилизация серединной и северной Азии» кітабына енгізген. Есілдегі Ақтау қаласы туралы қытай жиһанкезі Ма Юн: «Ескі жібек жолы Алтай тауының шығысынан өрлей келіп Альпі тауына қарай жөңкіледі. Сол ұзақ жолда жүргінші Ақтауда сәл-пәл тыныстайды» деп жазған. Қалай дегенмен де Ақтау бекінісі Есілдің бастапқы сағасы мен ортаңғы сағасының аралық кезеңінде. Қазір археологтар астананың іргесінен табылған ескі қаланың орнын әуелі Ақжол деп еді, кейін Бозоқ десті. Әрине, олардың шартты атаулар екені бесенеден белгілі. Ол Ақжол да емес, Бозоқ та емес б.з. б. X ғасырдан белгілі Ақтау бекінісі болуы әбден ықтимал.
Б.з.б. V ғасырының авторы Геродот Бегазы-Дандыбай мәдениетін жасаушылар аргипей тайпасы деп түсінген. Аталмыш түбірдегі пей жалғау болғанда, арги түбір. Демек, тайпаның төл есімі арги болған. Оның арғын екеніне шәк келтіруге себеп жоқ. Қытайдың «Хоуханшу» (Кіші Ханнама) Қаңлы мемлекеті туралы баянында, қаңлылардың терістігінде, яки Сарыарқа аймағында «Янь бектігі» барын, олардың қаңлыға бағынып, аң терілерімен салық төлеп тұратынын куәландырған. Осындағы Янь атауы – қытай тілінде күміс түстес жылтыраған ақ дегенді білдіреді. XI ғасыр қаламгері Махмұд Қашқари заманында арғындардың екі тілде бірдей – өз тілдерінде және түркі тілінде сөйлегендері атап көрсетілген. Бұрынғы арғындар қай тілде сөйлеген? Әлбетте сақ тілінің тохар диалектісінде. Ендеше тохар диалектісінде ақ дегенді арқа дейді. Демек, қытай жылнамасы «Хоуханшу» атап көрсеткен «Янь бектігі» басқа емес «Арқа бектігі». Оның орталығы Есіл өзенінде болған, Есілдегі ежелгі Ақтау бекінісі шетелдіктер аузында қате әліптелген Арқа қаласы болуы әбден мүмкін.
Орыс отаршылары XIX ғасырдың басында Есілден ояз ашпақ болып, ояздың орталық қаласының орнын белгілеу үшін экспедиция шығарған. 1816 жылы жүргізілген экспедицияға Шангин, Набоковтар қатысқан. Нұра бойындағы Бытығай әлде Татығай қаласының орнына кезігіп, төбелері опырылғанмен, қабырғалары тіп-тік, қызыл кірпіштен қаланған айлапат ғимараттарды көріп, таңғалысқан. Сол жерге болашақ ояздың кіндік қаласының қазығын қағуға көңілдері ауған. Нұраның жиегінде ақ күмбез айналаға көрік беріп тұр еді. Сол ғажап күмбездің әсерінде болған шолғыншылар болашақ уездік қаланың атын Ақмола атауға пәтуаласып, қағаз бетіне Ақмола атауы алғаш сызылған. Сол орынның қысқы ауа райын бақылауға қалдырып кеткен адамдар қар ерігенде телегей қарғын судың қоршауында қалып, су тартылып, жер кепкенше Нұра бойынан адым аттап шыға алмай бір жарым ай жіпсіз байланған әбігерді бастан өткерген. Нұра бойы жол қатынасына қиын болатынына көздері жетіп, қала орнынын Есілдің жағасынан таңдауға мәжбүр болған. Қазіргі оң жағалаудың «Астана» концерт залы тұрған жері аты жоқ сары сазды дөңгелек төбе екен де, оң жақ ылдиы ат жүзіп, түйе аяқтап өтетін өткел екен. Жергілікті тұрғындар оны Қараөткел атаған. Сол өткелдің атымен қала алғашқыда Қараөткел атанды. Ал Есіл мен Нұра арасы ертеден-ақ Ақмола алқабы делініп жүргендіктен, тұра келе Ақмола болып қалыптасқан.
Ақмола бастапқыда бекініс ретінде дүниеге келді де оның іргесінде қазақ ауылы пайда болды. 1837 жылы Кенесары қаланы ат қойған атойлы шабуылмен алып, біраз жерін өртеп жіберді.
Содан кейін Ақмола елеулі сілкініске ұшыраған жоқ. Тек ауық-ауық аты өзгеріп тұрды: Қараөткел, Ақмола, Целиноград, қайтадан Ақмола, Астана, енді міне Нұр-Сұлтан атына ие боп отыр. Ол атаулардың астарында тарихи себептер жатқаны айтпаса да түсінікті. Ең бастысы, кешегі Ақмола, бүгінгі Нұр-Сұлтанның бірі өткенімізбен ұштасып жатса, екіншісі – бүгінгі егемен дәуіріміздің айшықты айғағы. Көкпен таласқан көгілдір күмбездерімен ертегі қала жасыл жазира, ерке Есіл өңірін өзгеше кейіпке бөлеп, аялы алақанда тербетіп тұрғандай.
Әнес САРАЙ, жазушы