Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Нұрсұлтан Назарбаевты туған күнімен құттықтады.
«Сіздің мол тәжірибеңіз, саяси даналығыңыз және терең біліміңіз еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық үдерістер бойынша стратегиялық серіктестік пен одақтастық қарым-қатынастарды дамыту ісінде әрдайым қажет болатынына сенімдімін», – деді В.Путин.
Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин өзінің жеделхатында Қытай мен Қазақстан арасындағы қатынастарды дамытудың маңыздылығын атап өтті.
«Қытай мен Қазақстан достас көрші және жан-жақты стратегиялық әріптес болып саналады. Екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар орнаған 27 жыл ішінде Қытай-Қазақстан байланыстары қарқынды дамып келеді. Мемлекеттеріміздің саяси өзара сенімі үздіксіз нығайып, «Бір белдеу, бір жол» бірлескен бастамасы дәйекті түрде тереңдей түсуде, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастығымыз аса тиімді әрі тығыз ықпалдастықта жүзеге асырылуда. Биылғы сәуірде Сіз сапармен Қытайға келіп, «Бір белдеу, бір жол» атты жоғары деңгейдегі екінші халықаралық ынтымақтастық форумына қатыстыңыз, сапар қорытындысында жемісті нәтижелерге қол жеткізілді.
Мен Сізбен достық келіссөздер жүргізіп, Қытай Халық Республикасының «Достық» орденімен марапаттадым. Сол арқылы Қытай-Қазақстан қарым-қатынастарының жоғары және ерекше деңгейде екенін атап өттім», делінген жеделхатта.
Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев өзбек халқының Елбасын өзін елі мен халқына жан-тәнімен қызмет етуге арнаған көрнекті мемлекет қайраткері және әлемдік деңгейдегі парасатты саясаткер ретінде терең құрметтейтінін атап өтті.
«Тарихтың ең қиын әрі күрделі кезеңінде Сіздің мемлекет келешегіне жауапкершілік алғаныңыз Қазақстан үшін тағдыршешті оқиға болды. Сіз – бірегей адами қасиетке ие, терең білімді, баға жетпес кәсіби және өмірлік тәжірибесі бар туа біткен көшбасшысыз.
Сіздің Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы ретінде Қазақстан мемлекетін, еліңіздің егемендігі мен тәуелсіздігін қалыптастыру және нығайтудағы тарихи миссияңызға берілген шынайы жоғары бағаны толық қолдаймын», – делінген жеделхатта.
Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков өзінің хатында Елбасының арқасында Қазақстанның астанасы Орталық Азиядағы ең әсем қала атанып, халықаралық қаржы алаңы мен бейбітшілік қаласына айналғанын атап өткен.
«Сіздің туған күніңізге және Қазақстан Республикасының астанасы күнін мерекелеуге орай менің шынайы құттықтауымды қабыл алыңыз.
Сіз – өзіңіздің зор күш-жігеріңізбен және игі істеріңізді Қазақстан халқының ғана емес, сондай-ақ бүкіл Орталық Азия халықтарының әл-ауқатын арттыруға бағыттаған дана әрі парасатты тұлғасыз.
Қазақстан халқы тәуелсіздік алғаннан бері еліңізде болып жатқан барлық елеулі әлеуметтік-экономикалық реформаларды Сіздің есіміңізбен байланыстырады және халықтың өсіп-өркендеуіне қосқан зор үлесіңізді жоғары бағалайды», – делінген хатта.
Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенконың жеделхатында Тұңғыш Президенттің саяси бағдарының арқасында Қазақстан Республикасы табысты, қуатты және тәуелсіз мемлекетке айналғаны айтылған.
«Сіздің Беларусь-Қазақстан ынтымақтастығын дамыту мәселелеріне көңіл бөліп, халықтарымыздың арасындағы көпжылдық достық дәстүрді, өзара құрмет пен бауырластық қарым-қатынастарды нығайтуға қосқан жеке үлесіңіз үшін шынайы ризашылықтамын. Ұлттың шын мәніндегі көшбасшысы, өз халқына адалдықтың үлгісі бола отырып, Сіз мемлекеттің дамуы мен өркендеуі үшін талмай еңбектеніп келесіз», – делінген жеделхатта.
Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов өзінің құттықтауында Қазақстан өмірінің барлық саласында ауқымды өзгерістер мен елдің айтарлықтай жетістіктері Тұңғыш Президент – Елбасы атымен тығыз байланысты екенін атап өтті.
«Біз Түрікменстанда Сіздің елдеріміздің арасындағы қарым-қатынастарды дамытуға қосқан жеке үлесіңізді жоғары бағалаймыз және көп жылғы тату көршілік, сенім мен құрметке негізделген екіжақты стратегиялық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниеттіміз.
Осы атаулы күні шын жүректен Сізге зор денсаулық, ұзақ өмір, сарқылмас күш-қуат, мол бақыт, ал бауырлас Қазақстан халқына бейбіт өмір тілеп, одан әрі өсіп-өркендей беруіне тілектестік білдіремін», – делінген жеделхатта.
Сербия Президенті Александр Вучич Қазақстанның Тұңғыш Президентінің көреген саясатының арқасында Қазақстанның қол жеткізген жетістіктеріне тоқталды.
«Осы мүмкіндікті пайдаланып, Сербия мен Қазақстанның тығыз ынтымақтастыққа қол жеткізуі жолындағы жан-жақты ниеттестік үшін тағы да алғыс білдіргім келеді. Елдеріміздің қарым-қатынастарын одан әрі нығайтуға көп мүмкіндіктің бар екеніне сенімім мол», – делінген хатта.
Қазақстанның Тұңғыш Президентін Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон да құттықтады.
«Туған-туысқандарыңыз, жақындарыңыз бен достарыңыз үшін осы айтулы күнде Сізге шын жүректен зор денсаулық, бақ-береке, амандық, Өзіңізге зор құрметпен қарайтын Қазақстан халқының игілігі жолында таусылмас қүш-қайрат пен жаңа жетістіктер тілеймін.
Осы мүмкіндікті пайдаланып, Тәжікстан мен Қазақстан арасындағы өзара қарым-қатынастарды стратегиялық әріптес ретінде табысты дамып келе жатқанын атап өткім келеді», – делінген жеделхатта.