• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қазақстан 09 Шілде, 2019

Медицина мүмкіндігі

393 рет
көрсетілді

2020 жылдың ақпанына қарай еліміздегі 400 мың медицина қызметкерінің жалақысы 30 пайызға артатын болады деген жаңалықты ведомство басшысының аузынан есту салада тер төгіп жүрген барша жұртты елең еткізген.

Осыдан 15-20 жыл бұрынғы медицинамен қазіргі денсаулық сақтау жүйесін салыстыруға кел­мейді. Отанымыздың ірі қала­ларында медициналық клас­тердің қалыптасуымен тынысы ашылған бүгінгі медицинаның жетістігі, пациенттердің бұрын­ғыдай шетелдік мамандарға жал­тақтамай өз жерінде сапалы қыз­­мет алуына мүмкіндіктің тууы соның дәлелі. Олай деме­ген­де ше, биылдың өзінде қазақ жерінде бұрын-соңды әлем ел­дерінде болмаған толықтай жа­санды жүрек операциясы 3 адам­ға жасалып, үзіліп кетейін деп тұрған үміт қайта жалғанды. Өткен жылы ғана 47 баланың жілік майы ауыстырылды. Алай­­да мұндай қымбат күрделі операцияға де­ген сұраныстың бұдан да басым­дықта екені айқын. Осы ретте Ден­саулық сақтау министрі Ел­жан Біртанов былай дейді: «Отандық медицинадағы маңыз­ды жетістіктердің бірі – жілік майын трансплантациялау. Бұл отандық медицинамыздағы ең бір толғандырарлық, жан ауыр­тарлық мәселенің бірі. Балаларымызды жілік майын трансплантациялау үшін шетелге жіберуге мәжбүр болып отырмыз. Ол оңай операция емес және дайындықтың ұзақ мерзімін, ұзақ уақыт бойы күтім мен оңалтуды талап ететін үдеріс. Шетелге жіберу ар­қы­лы бұл проблеманы толық ше­шу мүмкін емес. Бүгінгі таңда қажеттіліктің жартысын өзіміз өтеп отырмыз. Таяу 2-3 жылға жасалған жол картамыз бар, онда проблеманы еңсереміз деген ойдамыз», – дейді. 

Шынымен де министр айтса айтқандай қазақстандықтардың барлығын бірдей сапалы жоғары технологиялық медициналық көмек алу мәселесі ойландыра­тыны хақ. Бұл дәлелдеуді қа­жет етпейтін аксиома. Кейде ма­мандардың білігі аздық етсе, кейде көңілі жетпей қалатын тұстар аз емес. Сол себептен ха­лықтың көп ретте отандық дә­рігер қауымына айтар базы­налары кездеседі. Әйтсе де сөйлеген цифрлар медицина жетістіктерінің аз еместігін айғақтайды. Мәселен, елімізде ана өлімі – 9, нәресте өлімі 6,5 пайызға төмендеген. Соңғы 3 жылда елімізде негізгі ме­ди­ци­налық-демографиялық көр­­сеткіштерді жақсартудың оң ди­намикасы байқалып, өмір сүру ұзақтығы 0,85 жас­қа ұлғайды, жалпы өлім 3 па­йыз­дан аса азайып, туберку­лезден болатын өлім 29 пайызға төмендеген. Сонымен қатар ха­лықтың өзі көңіл аудармай­тын денсаулығын тексеруде скрининг жасаудың ма­ңы­зы жоғарылай түсуде. Қазақстан­дық­тардың денсаулығын ны­ғайту мақсатында қолға алынған ұлттық скринингтік бағдарлама ересек тұрғындар мен балаларды жедел зерттеудің 7 түрін қамтып, тексеруден жыл сайын өткізіп жүргенінен елдің барлығы хабардар. Тіптен, «учас­келік ме­йіргер мазамды алды, скрининг­тен өтіңіз деп шақырып қоймайды», дейтініміз де бар. Соның арқасында биыл 7 миллионнан астам адамды қамтитын 12 миллионнан астам тексеру жүргізіліп, 304 мыңға жуық ауру анықталып, шамамен 260 мың адам есепке алыныпты.

Министрдің жыл сайынғы есебінен мәлім болғандай қо­ғам­­дық денсаулықты басқа­ру бойынша шаралар жоспары қабылданып, мектеп оқу­шы­ларының денсаулығын қорғау жөніндегі жаңа стандарттар енгізіліпті. Толықтай алғанда, 12 миллионнан астам адам саламатты өмір салтын қа­лыптастыру шараларына тартылған көрінеді. Бұл – халықтың басым көпшілігі деген сөз. Алайда саламатты өмір сүру салтына да, елі­міз­дегі денсаулық саласын ре­фор­малаудағы маңызды меже – Міндетті әлеуметтік ме­ди­­ци­налық сақтандыруға да елдің елп ете түспегені бел­гілі. Себебі көңілде күмән мен күдік те, үміт пен сенген күні сенімім алданбаса екен деген ой жатыр. МӘМС денсаулық сақтау саласын қаржыландыру деңгейін арттыруға қанша­лықты көмектеседі? Медици­налық қызмет сапасын жақ­сартуға қалай қол жетеді? Бұл сауалдарға ведомство басшысы: «Мемлекет денсаулық сақтау саласына яғни, халыққа көрсетілетін тегін медициналық қызметтерге жыл сайын 1 триллион теңгеге жуық қаржы бөледі. 2017 жылы салаға жалпы мемлекет пен аза­маттардың жеке шығындарын қосқанда 1 трлн 759 млрд теңге жұмсалған. Оның 550 млрд теңгесі – халық­тың «қалтасынан» шыққан қаражат. Яғни, аза­маттардың жеке шығындары 2010 жылмен салыстырғанда 3 есе арт­қан. Келер жылдан бас­тап енгізілетін сақтандыру жү­йесі осы шығындардың өсу қарқынын төмендетуге көмек­теседі. Медициналық сақтан­дыру жүйесін енгізу шең­берінде бір­қатар қызметтердің қол­же­тімділігі кеңейтіледі. Олардың санатына қымбат тұратын диаг­ностикалық қыз­меттер де кіріп, оған арналған қаражат 3 есе өседі. Сто­ма­тологиялық қызметтерді қар­жыландыру 2,3 есе ұл­ғаяды. Сақтандырылған тұлғалар үшін медициналық сақ­тан­дыру жүйесінің пакеті медициналық көмектің қол­жетімділігін айтарлықтай арттыруды көздейді», – деді министр. Оның айтуынша, сақтандыру арқылы өмір бойы қаржы тап­шылығының зардабын тартып келе жат­қан консультативтік-диаг­ностикалық қызметтерді қар­жыландыру деңгейі үш есеге артады. Қазір салалық маманның консультациясына 700 теңге тө­ленсе, ал нарықта оның құны шамамен 5-6 мың теңге тұрады. Соның арқасында мемлекеттік емдеу мекемелерінде білікті салалық мамандардың тұрақ­тауына қол жеткізуге болатындай. Ал сақтандыру жүйесі іске қосылғанда дәрігерлік қызметтің бағалауын арттыратын тарифтерді 15 процентке өсіруге мүмкіндік туады екен. Тарифтер демекші министр «Тариф тек мемлекет пен емдеу мекемелерінің арасындағы процедура. Көпшілік, халық та денсаулық сақтау саласындағы жалақыны Денсаулық сақтау министрі немесе мемлекет бекітеді деп ойлауы мүмкін. Ал іс жүзінде, бұл олай емес. Біз медициналық ұйымдарға көрсеткен қызметі үшін тө­лейміз. Яғни, аппендицитті емдесе оның бекітілген бағасы бар. Оны тариф деп айтамыз және осы тариф арқылы жалақы шығындарын қалыптастырамыз. Біз осы тарифті медициналық қызметкерлерге ақша жетуі үшін арттырамыз», – деген. 

МӘМС жұмыс істейтіндер үшін бәлкім тиімді шығар, ал жұмысы жоқтар не істейді? Тегін медициналық көмектің және медициналық сақтандыру жүйесінің жаңа пакеттерін ен­гізу бірінші кезекте халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарына медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға ба­ғытталғанын алға тартады мамандар. Бүгін заңнамамен жекелеген медициналық қызметтерді алу үшін азаматтардың әлеу­меттік тұрғыдан осал 8 санаты анықталған. Олар балалар, жүкті әйелдер, көп балалы аналар, зейнеткерлер және басқалар дейді, ал бұл адамдардың саны шамамен 10,9 млн-ды құрайды және олардың барлығы мемлекет тарапынан сақтандырылмақ. 

Денсаулық сақтау саласын реформалауда ел үміт ар­тып отырған әлеуметтік меди­циналық сақтандыру қоры коммерциялық емес акционерлік қоғамы жыл басынан бері мем­лекеттік тапсырыс бойынша көрсетілген қызметтер үшін 464 млрд теңге төлеген екен. Бұл кепілдендірілген медициналық көмек пакеті шеңберінде бекі­тілген келісімшарттардың жал­пы сомасының 53,5 про­центі дейді қордың басқарма төрағасының орынбасары Ботагөз Жақселекова. Оның айтуынша 2019 жылы МСҚ кепілдендірілген көмек түрлерін көрсетуге құлшыныс білдірген медицина ұйымдарымен 868 млрд теңгенің келісімшарты жасалыпты, ал мұның өткен жылы бөлінген қаржыдан 6 процент артық екенін ескерген жөн. «Жұмыс кестеге сай жүріп жатыр. Бөлінген қаражат медицина мекемелерінің операциялық шығындарын өтеуге жеткілікті», – дейді Ботагөз Жақселекова. 

Биыл мемлекеттік тапсырыс­ты орындауға 1416 медицина ұйымы кіріссе, соның 708-і жеке­меншік клиника екен. Был­тырмен салыстырғанда мемтапсырыс орындауға құлшыныс танытқан жекеменшік клини­калардың саны да 64-ке артыпты. Мемлекеттік тапсырысты алған жекеменшік клиникалар саны жағынан Шымкент, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Қызылорда және Жамбыл облыс­тары көш бастап тұр.

Өткен жылдың ішінде дә­рігерлердің жалақысын арттыру мақсатында алғашқы меди­циналық-санитарлық кө­мек тарифі 20 пайызға көте­рілгенімен ол дәрігерлердің жалақысының өсуіне еш әсерін тигізе алмапты. Осыған орай министр: «Биыл біз жаңа тетікпен жұмыс істейміз. Бі­рінші кезекте әлеуметтік меди­циналық сақтандыру қоры аталған ақшаның барлық ме­ди­циналық орталықтарда мақ­сатқа сай пайдаланылуын қадағалайтын болады. Қор жал­ғыз төлеуші болғаннан кейін, қосымша талап қоюға құқылы. Бұл жұмысқа кәсіподақ федерацияларын тартамыз. Мұндай жұмыс барлық әлемде бар. Біз қаржыландыруды арттырамыз, ал кәсіподақтар жалақының артуын талап ететін болады. Бұл сызбаның жұмыс іс­тейтіндігіне сенімдімін», – деген сала басшысы осы жұмысқа жергілікті атқарушы органдардың тарапынан бақылаудың қажеттігін баса айтты. «Дәл осы сызбамен жыл сайын жалақыны арттыруды қарастырып отырмыз. 2020 жылы жалақыны тағы 30 пайызға көтеруді жоспарлаудамыз. Ол үшін ақша бар, бұл ақшаны сіздермен бірге жинадық», – деді министр.