Көктемде қар суы еріген кезде осы улы заттар бейнебір көгілдір көл секілді күйге енеді. Соны оңтүстіктен мыңдаған шақырым жолды ұшып өтіп, қанаты талып келе жатқан құстар көл деп ойлап, тыныстап алуға жаппай қонады екен. Мұның аяғы құстардың тегіс қырылуына әкелетіні өкінішті-ақ. Шламның зиянды әсерін осыдан-ақ біле беріңіз. Көктем кезіндегі қайғылы көрініс осындай болса, жазда тұз секілді ақжемденген шлам шаңы Алға қаласына қарай көтеріледі. Сарапшы мамандар мұндай шлам бораны қайталана берсе, тұрғындардың ауыр дерттерге, соның ішінде онкологиялық ауруларға тап болуына әкеліп соқтыруы мүмкін екенін мәлімдеп отыр.
Сондай-ақ ұзақ жылдардан бері ашық аспан астында ашық-шашық жатқан бұрынғы Алға химия зауытының зиянды қалдықтары осы маңдағы жерасты және жерүсті суларының ластануына да әсерін тигізуде. Осы теріс фактор өз кезегінде трансшекаралық Елек өзенінің экологиялық жағдайын да ушықтыра түсуде.
Бұл келеңсіздіктің басты себебі – кеңестік кезеңде қызмет етіп, кейін жабылып қалған зауыт пен оның аумағының ешкімге қажеті болмай, иесіз қалғандығында. Рас, елімізде Алға химиялық зауыты секілді осындай зиянды қалдықтарға толып тұрған иесіз нысандарды қамқоршылыққа берудің тәртібі бар. Сондықтан бұл аумақ сот шешіміне сәйкес республикалық меншіктің қатарына енгізілген. Атап айтқанда, Энергетика министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы бұйрығына сәйкес мұндағы күрделі жағдайды зерттеу жұмыстары «Жасыл даму» АҚ-на тапсырылған.
Сол уақыттан бері аталған республикалық деңгейдегі құрылым зауыт аумағындағы зиянды заттар мен қалдықтарға тиісті зерттеу жұмыстарын жүргізе бастады. Сөйтіп «Жасыл даланың» сарапшылары мен мамандары қоршаған ортаға қауіп төндіретін қалдықтардың паспортын жасап шығарған. Сонымен бірге қатты қалдықтарды жою мәселелеріне қатысты конкурстар өткізуге бастамашы болады. Әйтсе де, олардың бұл іс-әрекеттеріне құлақ асар ешкім табылмай, зиянды қалдықтар орнының ешкімге қажеті болмай қала береді. Соған қарамастан, «Жасыл даму» АҚ мұндағы зиянды қалдықтарды жою жолындағы іс-шараларын одан әрі жалғастыра береді. Әрі оны еліміздің экологиялық заңдылықтары мен қауіпсіздік нормаларына сәйкес атқарудың нақты жолдарын белгілейді.
– Осыған орай біз С.М.Киров атындағы бұрынғы Алға химия зауыты аумағындағы зиянды химиялық, өнеркәсіптік және шлам қалдықтарын жоюдың жобалық-сметалық құжаттарын жасадық. Бұл ретте біз оны жоюдың басты жолы арнайы әзірленген орынға қауіпті қалдықтарды көму деп есептейміз. Жасалған жұмыс жоспарының басты қағидасы осы шешімге сүйенеді, – деді бізге тақырыпқа орай «Жасыл даму» АҚ Бас директорының орынбасары Нұржан Қабдолданов.
Мұндай күрделі істің жауапкершілігі мен салмағы ауыр екені белгілі. Бұл бағыттағы жоба жергілікті тұрғындар мен көпшіліктің талқысына салынбаса, оның соңы өкінішті жайттарға соқтыруы да мүмкін. Сондықтан да жоба иелерінің қолданыстағы заңдарға сәйкес 2017 жылы қоғамдық тыңдаулар өткізуге бастамашы болғаны құптауға әбден лайықты қадам дер едік.
Осындай ашық жиналыс түрінде аймақта өткізілген басқосуда жергілікті тұрғындар «Жасыл даму» жасаған жобаға қолдау көрсетіп, оң пікірлер білдірген. Әрі оның қоршаған ортаны сақтауға тигізетін әсерін атап көрсеткен. Кейіннен осы материалдар 2017 жылдың желтоқсанында №01-0653/17 санды мемлекеттік сараптаманың оң берілуіне себепші болғанын да айта кету керек.
Зауыттың зиянды қалдықтарын атмосфераға зияны тимейтіндей етіп жою, яғни оны арнайы әзірленген шлам жинау қоймасына көму – өте күрделі іс. Ең бастысы, жер қойнауына түскен улы заттар жерасты су көздеріне залалын тигізбеуге тиіс. – Жаңа шлам жинау қоймасының құдығын әзірлеген кезде бұл мәселелердің бәрі де ескерілген. Ол үшін белгіленген екі шлам көму қоймасына әрі осы маңайдағы аумаққа жоба бойынша биологиялық өңдеу жұмыстары жүргізілмек. Әрі жобаға сәйкес қос шлам көму қоймасы жасылдандырылып, бейне бір жасыл футбол алаңы іспеттес күйге енеді, – дейді жоба авторларының бірі Нұржан Қабдолданов.
Оң мемлекеттік сараптаманы алған «Жасыл даму» жанашырларының жобасы зиянды қалдықтарды жоюдың тиімді тәсілін негізге алатыны талас туғызбайды. Әйтсе де, Ақтөбе аймағындағы «ЭКО Қамқор» қоғамдық бірлестігі аталған жобаның кемшін тұстары да бар деп есептейді. Олардың айтуынша, қалдықтарды тасымалдау мен төгу кезінде қауіпсіздік шараларының бұзылуы әбден мүмкін. Әрі улы қалдықтарды тасымалдау мен төгу кезінде зиянды заттар ауаға таралып, жұмысшылардың денсаулығына зиян келеді. Жобада мәселенің осы жағы ескерілмеген деп мәлімдеп отыр.
«Жасыл даму» АҚ бас директорының орынбасары Нұржан Қабдолданов: «Бәрі де экологиялық заңдылықтар мен нормативтерге сәйкес қарастырылған. Егер бұл іске қоғамдық бірлестік өкілдері күмән келтірсе, олар өз тарапынан арнайы комиссия құрып, келешекте атқарылатын қалдықтарды қауіпсіз жерге көму үдерістерін бақылауларына болады», деген жауап қайтарды.
Осы орайда біз жобада белгіленген қалдықтарды қоршаған ортаға зияны тимейтіндей етіп көму тәсілі табиғатты қорғаудан туындаған оң қадам екеніне сенім артқымыз келеді. Осы арқылы ауаны ластаудың жаңа көздері пайда болмайтын болса, жоба жасаушылардың мақсаты орындалғаны. Рас, бұл жоба экономикалық тұрғыдан алғанда қомақты шығынды қажет етеді, оның толық іске асуы үшін 7,5 миллиард теңге көлемінде қаражат керек. Бұл – әжептәуір сома. Ал экологиялық және әлеуметтік тұрғыдан қарастырғанда, сондай-ақ қалдықтардың қауіпсіздік деңгейін төмендету мен аймақтың экологиялық жүйесін қалпына келтіру қырынан келсек, оны көпсінуге болмайды. Бұл есеппен қарағанда жоғарыда көрсетілген қаражат мөлшері өзін-өзі толық ақтайтыны анық.
Қазір бұрынғы Алға химия зауытының зиянды қалдықтарын тазалау жөніндегі мәселе орталық мемлекеттік құрылымдар құзырынан өңірдің өзіне қарай ойысып келеді. Оның жай-күйіне тиісті бақылау мен мониторингтік зерттеу жүргізу ісі де жергілікті атқарушы органдардың еншісіне ауыстырыла бастады.
Сондай-ақ 2018 жылдың 15 қазанында Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте қабылданған хаттамалық шешімді оқырмандар назарына ұсынғанды жөн көреміз. Осы кеңесте Елбасы өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту үшін Үкіметке Ақтөбе облысының әкімдігіне тиісті қаражат бөлу мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырған. Кеңес хаттамасына кірген тапсырма ең алдымен бұрынғы Алға химия зауыты аумағында ұзақ жылдардан бері жиналып қалған зиянды қалдықтарды жою үшін қаржылық ресурстар бөлуге қатысты берілді. Ақтөбе облысы, Алға ауданы