Елбасының бұл пайымын халқымыздың белгілі бір этномәдени шарттарына сүйеніп айтқандығы байқалады. Қара шаңыраққа иелік жасау үшін, біздіңше, бірнеше шарттары болуы қажет. Соның бір шарты – тұрғын ұлттың өзіндік Орталық Азия аймағында мекен еткен байырғы ата-бабаларынан бері ұзақ уақыт үзіліссіз ұрпақ жалғастығы болу керек. Екіншіден, иелік жасайтын тұрғынның этнолингвистикалық тарихы мыңдаған жылдар бойы түркі тілінің негізінде болуы жөн. Содан кейін, бүгінгі таңда мұндай халықтың өзіндік дара, егеменді, танымал мемлекеті болуы қажет.
Жоғарыда айтылған шарттардың талаптарына сай түркі халықтарының қара шаңырағына иелік жасау реті бұл күнде қазақ халқына ғана лайықты орын болар деген пікірдеміз. Бұл жайдың толық дәлелін қазақ халқының төрт мың жылдық тарихынан (ж.с.д. XXғ.-ж.с. XXғ.) айқын көре аламыз. Және мұншама ұзақ тарих жоғарыдағы шарттарға толық жауап бере алды.
Бүгінгі жеріміздегі археологиялық ізденістерге қарағанда, байырғы Қазақ атамекенін алғаш қоныстанған адам өмірі палеолит заманынан, яғни тас дәуірінен бастау алғаны айқын болып отыр. Жалпы, байырғы Қазақ жерінен табылған тас құралдардың формасы және оларды технологиялық жасау әдістері сол заманның Еуразия мен Африкадағы дайындау әдістерімен өзара бірдей болғаны күдік тудырмайды. Мұндай тас құралдардың өзара ұқсастықтары байырғы Қазақ атамекеніндегі тұрғындармен аталмыш өңірлердегі адамдардың тұрмыс-тіршілігі бір мерзімде болғандығын айғақтайды.
Бұл арада бір ескерте кететін жайт сол, байырғы Қазақ атамекен тұрғындарының бір ерекшелігі олардың өмір тіршілігінің, қоғамы тас дәуірден бастау алып, одан кейін жез, қола, ежелгі темір, антикалық және Түркі қағанаты арқылы үзіліссіз даму сатыларынан өткендігі аян болып отыр. Ең бастысы, байырғы Қазақ атамекеніндегі тұрғындардың ұрпақтар жалғастығығы 4-5 мың жыл бойы үзілмеген.
Бұл жайдың нақтылығын Қазақстанның палеоантропология материалдарнан, яғни көне заман адам сүйектерінен, еркін байқауға болады. Сондықтан байырғы Қазақ атамекен тұрғындарының алғашқы антропологиялық анықтамасын неолит пен энеолит дәуірінен (5-7 мың жыл бұрын) бастауға болар еді. Бірақ бұл дәуірге байланысты жергілікті тұрғындардан қалған адам сүйектері өте аз. Дей тұрсақ та, олардан алынған негізгі краниологиялық көрсеткіштерге және дәуірлес көрші елдерден табылған сүйектерге қарағанда, ол кездегі Қазақстан тұрғындарына тек көне еуропеоидтық ерекшеліктер ғана тән екені белгілі болып отыр.
Осы жайларға орай, байырғы Қазақ атамекеніне байланысты тұрғындардың антропологиялық сипаттамаларының қола дәуірінен, яғни ж.с.д. XX-XI ғасырлардан басталғаны орынды болып саналады. Өйткені аталмыш өңірде тұрақты қалыптасқан жергілікті тұрғындардың бұл дәуірдегі көптеген этномәдени ескерткіші сақталып қалған.
Қазақстан бойынша қола дәуірін краниологиялық (адам бас сүйектерін) зерттеулердің нәтижелеріне қарағанда, ол кездегі жергілікті тұрғындар екі жыныс бойынша анықталған аталмыш дәуірдің тұрғындарының морфологиялық құрылымдары толығымен көне еуропеоид расасына жататындықтары айғақталды. Бұлардың бас пен бет сүйектеріндегі негізгі морфологиялық ерекшеліктеріне назар салатын болсақ, онда олардың бас формасы орташа жұмыр, ал бет биіктігі аласа, ені жалпақ, көз ұяларының формасы төртбұрышты және аласа келеді. Мұрын сүйектерінің бұрышы өте жоғары, яғни жалпы қыры қоңқы түріне жатады. Осы және басқа морфологиялық ерекшеліктерін қосып алып қарағанда, байырғы Қазақ атамекенінің қола дәуірі тұрғыдан антропологиялық сипаттары жағынан толығымен көне еуропеоид тектестер ғана болған деп айтуға толық ғылыми негіз бар. Аталмыш раса қола дәуірінен бастап барлық көне тарихи дәуірлерден орта ғасырдың соңғы кезеңіне дейін және Қазақ Елінің бүкіл тұрғындары арасында тұрақты расогенездік рөл атқарған. Өйткені байырғы Қазақ атамекен тұрғындарының қола дәуіріндегі антропологиялық негізін тек қана көне еуропеоид расасы құраған.
Сонымен қола дәуірінің палеоантропологиялық материалдарын негіз етіп, мұны базалық даму орнына алуға толық мүмкіндік барлығына назар аудардық. Ендігі мәселе бұл антропологиялық массив қаншалықты көне Қазақстанның этно-тарихи дәуірлерінде, яғни қола дәуірінен бастап, содан кейін ежелгі темір, антикалық, ортағасыр мен бүгінгі қазақтарға шейін этноантропологиялық әсерін сақтап қалғандығының сырын ашу болып табылады. Осыған орай, байырғы Қазақ атамекенінің қола дәуірінен кейінгі замандарға жататын тұрғындардың краниологиялық серияларына назар аударғанды жөн көрдік. Отан тарихнамасындағы археологиялық зерттеулерде аталмыш дәуірден кейін оның орнын тарихи алмастырған ежелгі темір дәуірі (ж.с.д. Х-ІV ғғ.) болып саналады. Қазақстан бойынша аталмыш екі дәуірдің тұрғындары өзара қаншалықты антропологиялық жақындықта болғанын олардың краниологиялық серияларындағы морфологиялық ерекшеліктеріне қарап нақты айтуға болады. Осы бағытты басшылыққа алып ежелгі темір дәуіріне жататын жергілікті тұрғындардың краниологиялық серияларының морфологиялық анықтамаларына назар аударатын болсақ, біріншіден, бұлар бұрынғыдай көне еуропеоид тектестер қатарына жататыны көрінеді. Екіншіден, олар қола дәуірінің краниологиялық серияларымен өте жақын морфологиялық ұқсастықта, яғни бұлардың өзара генетикалық жалғастықтары бар деген сөз. Сонымен қатар ежелгі темір дәуірі тұрғындарының екі жынысы бойынша краниологиялық серияларында азиялық раса ұшқынының әсері барлығы едәуір анық байқалады. Шамасы ж.с.д. V ғасырдан бастап Орталық Азияның азиялық тайпаларының өкілдері байырғы Қазақ атамекеніне кірмелік жасап, жергілікті тұрғындармен араласа бастағаны байқалады. Бірақ, шығысазиялық раса өкілдерінің жергілікті араласу үрдісі онша ықпалды емес, яғни деңгейі жоғары болмағандығы көрінеді. Бұл жайдың қарым-қатынасын анықтау үшін кезінде профессор Г.Ф. Дебецтің (1968 ж.) ғылыми айналымға енгізген биостатистикалық әдісін, яғни еуропеоид пен моңғолоид өкілдерінің өзара араласқан метистік топта моңголоид элементінің шартты үлесін анықтау формуласын пайдаландық. Сонымен аталмыш пайдаланған әдістеменің нәтижесіне қарағанда ежелгі темір дәуірінің байырғы Қазақ атамекені тұрғындарының краниологиялық сериясында моңғолоид, яғни азиялық раса элементінің шартты үлесінің көлемі шамамен 15%-дан аспайтындығы анықталды. Осы алынған анықтамаға сүйенсек, байырғы Қазақ атамекенінде бұл ең алғаш басталған метистену үрдісі болып саналады.
Осы арада ескерте кететін жайт, ол қазақтардың байырғы ата-бабалары бұл мерзімге дейін көне еуропеоид бейнесі ешбір өзгеріссіз және бөгде тайпалардың биологиялық қоспасынсыз мың жарым жыл бойы, яғни 15 ғасыр шамасында өз жерінде тұрақты сақтап мекен еткен.Аталмыш дәуірлерде байырғы Қазақ мекенінде расалық араласу процесі қалай өрбіп өскенің анықтау үшін профессор Г.Ф.Дебецтің формуласы арқылы мысқалдап кірмелік жасаған моңголоид элементінің үлесін шығаруды жөн көрдік. Бұл әдістемені байырғы Қазақ атамекеннен жиналған краниологиялық серияларға қолданып, одан алынған нәтижелер 1-суретте беріліп отыр.
Беріліп отырған биостатистикалық иллюстрацияға қарағанда, көз тартатын жай ол байырғы Қазақ атамекенінде жергілікті көне еуропеоид тайпаларының этноантропологиялық ұрпақ жалғастығы 40 ғасыр бойы үзілмейтіндігін айғақтайды. Сонымен қатар 20 ғасыр бойы еліміздің этнотарихи дәуірлерінде кірмелік жасап келген азияттық расаның жалпы үлесі 70 % аспағандығын байқатады. Сөйтіп бұл күнде қазақ халқының антропологиялық бейне құрылымының көнелігінің ерекшелігі сонда, оның байырғы ата-бабаларының 1/3 үлесі тайға таңба басқандай сақталып қалған. Ата-бабаларымыздың бұл антропологиялық ерекшеліктері «мен қазакпын» деген адамның бір тал шашында, бір тамшы қанында, бір азу тісінде, аяқ тұрқында т.б. морфологиялық және физиологиялық ерекшеліктерінде сақталып қалғаны аян болып отыр.
Аталмыш әдістемеден басқа, қазақ халқы өзінің жерінде және елінде туған ата-бабаларымен төрт мың жыл бойы ұрпақтар жалғастығы үзілмей тұрақты түрде бүгінгі Қазақстан жерінде өмір сүріп келе жатқанын мына бір төмендегі графикалық сурет арқылы да дәлелдеуге толық мүмкіндік бар.
Алдымен мына жайға назар аударғанды жөн көрдік. Ол бүгінгі қазақ халқының 4 мыңжылдық антропологиялық қалыптасу жолдарын байырғы Қазақ атамекен тұрғындарының дәуірлік және мыңжылдық даму сатылары арқылы да көруге мүмкіншілік бар. Сондықтан аталмыш аймақ тұрғындарының бас сүйек құрылымының ерекшеліктерін тек этномәдени дәуірлер бойынша ғана қарап қоймай, сонымен бірге әрбір мыңжылдықта қандай өзгерістерге ұшырағанына да назар аударып анықтауды ғылыми тұрғыдан орынды деп ұйғардық. Өйткені байырғы Қазақ атамекенінен жиналған краниологиялық материалдар ж.с.д. ХХ ғасырдан бастап, кешегі өткен ХХ ғасырға дейін үзіліссіз мерзімді, яғни 4 мыңжылдық уақытты қамтиды. Аталмыш мыңжылдықтарға орай краниологиялық сериялардың екі жыныс бойынша әрқайсысын жеке-жеке және сериялардың ғылыми бағдарламалық мәнін арттыру үшін осы екі жыныс серияларын қосып алып та қарадық. Осы мақсатпен Г.Ф. Дебецтің әйелдер бас сүйегінің өлшемдерін ерлер өлшемдерімен теңестіруге ұсынған теңдік коффиценттерді пайдаланып шартты краниологиялық кесте жасалды. Сөйтіп байырғы Қазақ атамекенінің барлық тарихи дәуірлері бойынша жиналған краниологиялық материалдар ортақ жүйеге топтастырылды. Жоғарыда айтылған жыныс ерекшеліктері мен этномәдени дәуірлер және мыңжылдық хронологиялық мерзім ескеріле отырып, бас сүйектің токсономиялық мәні жоғары бірнеше краниологиялық өлшемдердің яғни бет сүйек биіктігі, жақ сүйек ені, назо-маляр бұрышы, зиго-максилляр бұрышы, мұрын сүйек бұрышы т.б. морфологилық анықтамалар бойынша бірнеше арнайы графиктер сызылды. Олардың барлығы біздердің еңбектерімізде жария етілген («Происхождение казахского народа. По данным физической антропологии. Алматы, 2017. -196 с.). Бұл арада аталмыш анықтамалардың төрт мың жылдық этномәдени дәуірлік және мыңжылдық даму сатыларының барлық графикалық суреттерін газет бетінде беруге мүмкіншілік болмағандықтан бір ғана бет сүйегінің жазықтығының даму сатысын ұсынып отырмыз. Бірақ барлық аталмыш бас сүйек анықтамаларының төрт мың жыл бойы даму сатылары бір бағытта ғана болғандығын ғажайып құбылыс деп санаймыз (2-сурет).
Жалпы, беріліп отырған графиктердегі краниологиялық даму сатыларына қарағанда, қола дәуірінен бастап бүгінгі заманға дейін ешбір генетикалық үзіліссіз дамыған және басқа бір тарихи бағытқа толқымай тек бір ғана расогенетикалық аспекті бойынша дамыған этномәдени үрдістер бар, бұл – мыңжылдық даму арқылы қазақ халқын қалыптастырған бірыңғай морфологиялық құрылым болып саналады.
Сонымен, төрт мың жыл бойы байырғы Қазақ атамекенінде бұл морфологиялық анықтамалардың дәуірлік өзгерістердің негізгі бағыты әр саққа бұрылмай, өзіндік табиғи палеоантрпологиялық заңдылықтармен өтуі тек қазақ халқына ғана тән краниологиялық құрылымды өмірге әкелген. Жалпы, бүгінгі Қазақ Елінің этногенетикалық өзегі мен мәйегін төрт мың жыл бойы туған ата-балалары арқасында сақтап қалған тек бір ғана ұлт, қазақ ұлты, деп ашық айта аламыз.
Қазақстан жеріндегі төрт мыңжылдық краниологиялық даму ерекшеліктері анықталғаннан кейін, бүгінгі қазақ халқының морфофизиологиялық құрылымдарының этникалық ішкі бірлестігі мен тұтастығына назар аударғанды жөн көріп отырмыз. Өйткені байырғы ата-бабалары сияқты бүгінгі қазақтардың да аймақтар мен жүздерге бөлінбейтіні және өзіндік антропологиялық статусы болуға тиіс. Өткен ХХ ғасырда 30 жыл бойы қазақ халқының арасында арнайы жүргізілген кешенді зерттеулерге, яғни соматологиясына, қан жүйелеріне, тіс морфологиясына, саусақ және алақан тері бедерлеріне, бас сүйек морфологиясынан т.б. алынған анықтамалардың нәтижелеріне қарағанда, туған халқымыз морфофизиологиялық тұрғыдан толық ажыратылмайтыны мәлім болып отыр. Сонымен бүгінгі қазақ халқының морфофизиологиясының ерекшеліктері байырғы ата-бабаларының ерекшеліктерімен толық қабысқанын ешкім жоққа шығара алмайды. Сонымен қатар барлық кешенді антропологиялық зерттеулерге қарағанда, қазақ халқының ішкі бірлігі (гомогендегі) сондай, оны аймақтарға және субэтникалық топтарға (жүздерге) бөлудің ешбір мүмкіншілігі жоқ.Бүгінгі қазақ халқының антропологиялық бірегейлігі мен тұтастығын оның тіл жүйесінен де көре аламыз. Өйткені қазақ тілінің ортақтығы сондай, бұл тілде диалекті жоқ, ал бар болғаны тек говор ғана.
Жалпы, қазақ ата-бабаларының ж.с.д. І мыңжылдықта түркі тілінде сөйлегендері бұл күнде мамандар арасында күдік тудырмайды.
Ал бүгінгі егемен қазақ халқының мемлекеттік басқару жүйесі соңғы 27 жыл көлемінде 170 мемлекетпен кешенді қарым-қатынас жасау деңгейіне көтерілді. Бұл – халқымыздың тарихында танымалдықтың алғашқы бірегей көрінісі болып саналады.Жоғарыда келтірілген барлық анықтамаларды, сайып келгенде, бұл күнде түркі халықтарының Орталық Азия аймағындағы қара шаңырағына иелік жасау, негізінде, қазақ халқының үлесінде деген бірден-бір дұрыс шешім болатынын көрсетеді. Мұндай шешімнің түркі халықтарының келешегі айтарлықтай баянды болуына мол әсері болар деген үміттеміз.
Мақаламыздың соңында бүгінгі заман түркі халықтарының оқырман қауымының алдында этномәдени мәртебесі жоғары тарихи жайға байланысты бір ұсынысты айтқанды жөн көріп отырмыз. Ол бүкіл түркі халықтарының ата-бабаларынан сақталып қалған Еуразия масштабында дара түркітілді сақ тайпасының дара қабірінің үстіне 2010 жылы Мәңгілік Ел аркасы салынған болатын. Негізінде, мұндай ескерткіш тек бір ғана Қазақ Елінің астанасы Нұр-Сұлтан қаласында ғана бар. Бұл күнде Мәңгілік Ел аркасының астында жатқан қабірдің ж.с.д. VII-VI ғасырларға жататынын ескере отырып айтатын болсақ, түркі халықтарының тізе бүгіп, бас иетін киелі ата-бабаларының қабірлерінің бірі ретінде әлемге танымал болса екен. Бүгінгі түркі қауымына жасап отырған бұл ұсыныс оңға басса, түркі әлемінің рухы мен бірлігі әрқашан жоғары болары хақ!
Оразақ СМАҒҰЛОВ, ҰҒА академигі, Болония Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі (Италия) Айнагүл СМАҒҰЛОВА, антропология саласының аға ғылыми қызметкері