Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің мемлекеттік қолдау талаптарының жиі өзгеруіне байланысты шағымдарының орынды екенін айтты. Мемлекет басшысы айтқандай, мұндай өзгерістер дұрыс инновациялық шешім қабылдауда қиындықтар тудырып, агробизнестің тартымдылығы мен табыстылығын төмендететіні, кәсіпкерлердің ертеңгі күнге деген сенімін жоғалтатыны рас. Соған орай, Мемлекет басшысы Үкіметке ауыл шаруашылығы саясатында қысқа және орта мерзімдік басымдықтарды айқындап, олардың негізінде қолдау тетіктерін тұрақтандыруды тапсырды. Ауыл шаруашылығы – басшылығының араларында сабақтастық жоқ жалғыз сала екенін айтып, сынға алды. Гербицидтер мен тұқым қорын жаңартуға, ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңғыртуға, агротехнологиялар мен тұқымды жаңалауға бөлінетін субсидиялардың тиімділігіне де күмән келтіретінін айтты.
Ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жылдар қызмет етіп келе жатқандықтан бұл мәселе бізге жақсы таныс, яғни Президенттің сыны негізсіз емес. Ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында көрсетіліп келе жатқан мемлекеттік қолдаудың шарапатын біздің өндірістік кооператив те сезінді. Төлеби ауданы, Кемеқалған ауылдық округіне қарасты Абай ауылындағы 110 гектарға Италиядан алманың төрт сұрыпын, яғни 270 мың көшет әкеліп ектік. Жыл сайын аздап салғанмен, үш жылдан соң 80 тоннаға дейін өнім алуға, оны эскпорттауға болады. Әрине жобамыз мемлекеттің қолдауымен, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы қаржыландырумен жүзеге асты. Әрқайсысының құны 4-7 доллар тұратын көшетті науқан кезінде 180 адам жабылып егіп, қазір тамшылатып суару күтімін 150-дей маман атқаруда. Яғни, мемлекеттік қолдаудың септігімен ісіміз алға басып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік туды.
Осы арада айта кетерлік жайт, субсидия беруде жүйесіздік бар. Мысалы, Еуропа елдерінен әкелінетін бірқатар алма сұрыпына берілгенімен, көрші өзбек елінен әкелгенге берілмейді. Кәсіпкердің бірі алған субсидияны екіншісі ала алмайды. Сондай-ақ әр гектарға жұмсалатын шығындар да дұрыс есептелмейді, көп жайттар ескерусіз қалады. Шаруалар қосымша шығындануға мәжбүр болады. Талаптар да жиі өзгереді. Тізе берсек, кемшілігі көп. Ал шаруалардың ұсыныс-пікірлері ескеріле бермейді. Шынтуайтында, шаруалардың иығындағы жүкті жеңілдетуге субсидияның көмегі мол. Алайда, оны алу оңай емес. Субсидия соңғы жылдары шаруалардың көптен бері көкейінде жүрген өзекті мәселе.
Шаруа қожалықтары енді Президенттің тапсырмасымен бұл мәселе жан-жақты зерттеліп, халықтың ұсыныс-пікірлері ескерілсе түбегейлі шешімін табады деген сенімде.
Әсет ҚАЙЫПБЕКОВ, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, «Қазығұрт бақтары» өндірістік кооперативінің басшысы Түркістан облысы