• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 19 Шілде, 2019

Жарты ғасыр қаламы қолдан түспеген

1230 рет
көрсетілді

Туған әдебиетіміз бен мәдениетімізге жарты ғасырдай уақыт тер төккен белгілі журналист, жазушы, әдебиет зерттеушісі, ғалым Сапар Байжановтың шығармашылық жолы – қолына қалам ұстаған жастарға үлгі боларлықтай жемісті, тәлімді жол. Оны зерттеу, әсіресе журналистік, редакторлық қырларына, ізденістеріне, табыстарына толыққанды талдау жасап, лайықты бағасын беру – келешектің ісі. Біз оның шығармашылық мұрасына жалпылама барлау жасамақпыз.

С.Байжанов – жиырмадан астам үлкенді-кішілі авторлық және аударма кітаптардың, үш жүзден аса мақала, очерк, эсселердің, пьесалардың авторы. Тұтастай алғанда журналист, ғалым-жазушының елу жылғы жемісті қызметі, әсіресе соңғы ширек ғасыр кезеңдегі шығармашылық һәм ғылыми ізденістері мен тындырған еңбектері, атап айтқанда, «Архив-Айғақ», «Абай және архив», «Құштарлық қуаты» және тағы басқа кітаптары туған әдебиетіміз бен қазақ журналистикасына, қазақ әдебиеттану ғылымына қаламгерлік тұрғыда да, зерттеуші ғалымдық тұрғыда да елеулі үлес болып қосылғаны анық.

Өзінің журналистік, қаламгерлік қадамын елуінші жылдарда республи­калық «Лениншіл жас» газетінде бас­тап, «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») журналы мен белді газетіміз «Социалистік Қазақстанда» (қазіргі «Egemen Qazaqstan») жалғастырған. Шағын әңгіме-пьесалар аудара жүріп, очерк, публицистік толғау жанрларына жиірек барды. Сол жылдарда жарияланған «Ауылда туған ойлар», «Сенбі және жексенбі», «Сенің бақытың өздігінен келмеген» атты және тағы басқа очерктері мен толғауларын қаламгердің заман мен адам, адамның өмірдегі орны секілді келелі де өзекті мәселелерді зерделеуге алғашқы талпыныстары деуге болады. Болашақ әдебиетші ғалым сол кездегі әдеби құбылыстарға да елеңдей қарап, елуінші жылдарда әдебиет деген киелі қақпаны серпінді тегеурінімен сенімді ашқан Зейнолла Қабдоловтың «Өмір ұшқыны», Сафуан Шәймерденовтің «Болашаққа жол» романдары жайлы, арқалы ақын Ғафу Қайырбековтің «Дала қоңырауы» дастаны туралы өз әсері мен пайымдауларын білдіріп, газет, журналдарда әдеби- сын мақалалар жариялайды.

Сол елуінші жылдардың аяқ шені мен алпысыншы жылдардың бас кезін­де елгезек те тынымсыз қаламгердің туған өлкенің әр қиырынан алуан түрлі мамандық иелері, замандастары туралы жазған «Жаңа леп» (1956), «Құрыш зергері» (1962), «Жақсы адамдар жанымызда» (1964) атты очерк кітаптары жарық көреді. Сондай-ақ ол Зейін Шашкин шығармашылығын ден қоя зерттеп, «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз» және басқа газет-журналдарда әлденеше сүбелі әдеби-ғылыми мақалалар жария­лайды.

С.Байжанов жұмыс бабымен көр­шілес Моңғолияға немесе Вьетнамға барсын, мейлі, Германия, Венгрия, Италияға, тіпті Кубаға, Алжирге барсын, соның бірде-біреуіне саяхатшы болып бармапты. Сол сапарларының бәрінен де қойын дәптері тоқ болып, өз фотоаппаратымен қыруар суреттер түсіріп, әрқайсысынан олжалы оралатын. Ол сапарнамалары кезінде «Социалистік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз» сынды газет-журналдарда жарияланды, Алжир жазбаларынан өзгесі жеке кітап болып басылып шықты.

Қаламгерлік һәм зерттеушілік қасиет бір басында егіз тоғысқан жазушының сапарнама кітаптары қазақ әдебиеті мен журналистикасы қазынасынан өзіне лайық орын аларлықтай елеулі еңбек екені күмән туғызбайды. Қазақ әдебиеті мен журналистикасында сапарнама жанры С.Байжановтан басталмайтыны да, онымен тұйықталмайтыны да анық. Елуінші-алпысыншы жылдарда туған әдебиетіміздің Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Әбділда Тәжібаев, Бауыржан Момышұлы сынды тарландары жол салған сапарнама сүресін одан бергі кезеңдерде орта буын, жас буын қаламгерлері жал­ғастырып келеді. Ендігі жерде төл әде­биетімізде деректі әдебиет саласы­ның, оның ішінде шетелдік сапарнама жанрының қалыптасуы мен дамуы жөнінде арнайы түбегейлі зерттеулер жүргізетін кезең де келіп қалды. Бұл қатты ойланарлық жайт. Кезекте тұрған осындай өрелі міндет тұрғысынан келер болсақ, жазушы-ғалым С.Байжановтың өзге де зерттеулері мен туындыларын былай қойғанда, жоғарыда сөз болған елдерден жазған жалпы көлемі жиырма баспа табақтан астам сапарнамалары бір жағынан деректі әдебиетімізге қосылған сыбағалы үлес деп қарасақ, екінші жағынан – журналистика ғылымы үшін, болашақ журналист мамандар үшін зер сала саралауға, журналист лаборатория­сын жіктеп-жіліктеп, әдеби тәсілдер мен қаламгерлік тәжірибе мектебінен біршама тәлім алуға жарарлық қазына.

«Бір қарағанда архив – жанды тір­ліктің жансыз ескерткіші сынды көрінері де бекер емес. Бірақ бұл сырт көз ғана. Асылында, архив әлемі тереңіне бойлап, жіті үңілетін иесіне кезіксе, бір кереметі – оған да тіл бітіп «сөйлейді», жан дірілі мен айғақты сырын айқара ашып сырласады. Архив дегеніміз – тарихи материал, өткен өмірдің деректі ескерткіші. Архив – шежіре-кеніш, шежіре-сыр дейтініміз содан». Зерттеуші өзінің 1988 жылы «Қазақстан» баспасынан жарық көрген «Архив-айғақ» кітабында осылайша ой толғайды. Бұл монография автордың бірнеше жыл бойғы ізденістерінің нәтижесі, адам мен заман жайлы келелі деректер қазынасы – архив жайлы, оның халық өміріндегі мәні мен қасиеті, сыры мен мазмұны, өткен тарихы мен қазіргі жайы жөнінде салиқалы ойлар айтатын сүбелі еңбек.

Заман кейпін, халық өмірінің бедерлі де соқталы кезеңдерін деректер мен құжаттар арқылы зерделеуді мақсат еткен жазушы жоғарыдағы кітабымен шектелмей, одан былайғы жылдарда Қаныш Сәтбаевтың, Бауыржан Момышұлы­ның, даңқты тарихшы Ермұқан Бек­ма­хановтың, Жамбылдың хатшысы Павел Кузнецовтың, әйгілі әдебиетші Есмағамбет Ысмайыловтың, композитор Евгений Брусиловскийдің, мемлекет қайраткері Нұртас Оңдасыновтың мұрағаттарын аударыстырып, «Ақиқат», «Жалын», «Парасат» сияқты белді-белді журналдарда «Қ.Сәтбаевтың бір хаты төңірегінде», «Б.Момышұлының майдан дәптерінен», «Жазықсыз кінәлі болғаным ба?». «Еңсегей бойлы ерлерімен ел еңселі!» секілді соқталы мақалалар, «Дүйім дүлдүлдер» атты естелік-аударма кітап жариялауы – тынымсыз зерттеу мен ізденістің қарымы деу әділдік болмақ.

Зерттеушінің «Ғылым» баспасынан жарық көрген «Абай және архив» атты кітабы республикамыздың абайтану ғылымына дербес кірпіш болып қаланған соны да оқшау еңбек саналуға лайық. Әлбетте, ұлы Абай өмірі мен шығармашылығы төл әдебиетіміз бен ғылымымызда кеңінен зерттелген тақы­рып екені рас. Ол жайында, әсіресе оның шығармашылық, ақындық өнері жайында ертелі-кеш жазылған, жарық көрген ғылыми кітаптар мен мақалалар, «Абай», «Абай жолы» бастаған роман, пьеса, кинофильм, дастан мен өлеңдер, әндер мен күйлер және басқа да өнер туындылары аз емес. Алайда, солардың қай-қайсысы болса да ақынның өз жырларын, ел ауызында сақталған аңыз әңгімелер мен естеліктерді, жекелеген деректерді арқау ете отырып дүниеге келгені де құпия емес. Ашығын айтсақ, ғылымда Абайдың өз қолынан туды, өзі жазып қалдырған деп сүйенетіндей сүбелі де сүйекті қолжазба құжаты соңғы кезге дейін там-тұм, жоқтың қасы болып келгені әмбеге аян. Ал «Абай және архив» атты кітап Абай бабамыздың өз қолынан туған, теңіз тереңінде іркілген жауһар рәуішті біршама құжат қолжазбаларды алға тартуымен құнды. «Соңғы кездерде ашылған Абай өміріне қатысты архив құжаттарын үш кезеңге бөліп, жүйелеуге болар еді», – деп жазылған «Абай және архив» атты кітаптың алғысөз орнына берілген алғашқы тарауында.

Жұртшылық Абай өлеңдері мен қара сөздерін оқи жүріп те, оның өмірінің соқтықпалы, соқпақсыз болғаны, ауқаты мен дәулеті, мәртебесі мен қызығы қаншама берекелі, еңселі болса, арпалысы мен әуре-сарсаңы, күйзелісі мен мұңы да одан еш олқы болмағаны жайлы нақты деректерді білмейтін. Осы олқылықтардың орнын едәуір толтыратын «Абай және архив» кітабы тарих пен ғылым үшін, әдебиеттану, абайтану ғылымы үшін маңызы зор аса құнды еңбек. Онда осы уақытқа дейін қазақ және орыс тілдерінде ешбір ғылыми кітапта толық жарық көрмеген Абай жайындағы бірсыпыра сирек те баға жеткісіз архив құжаттары жинақталып, кезеңдерге жүйеленіп, ғылыми тұрғыда алғашқы пайымдауларымен қоса қалың оқырман назарына ұсынылады.

Сонымен қатар зерттеушінің абайтанушы ғалым ретінде «Абай және архив» кітабында айтқан мынадай нақты бір тұжырымына назар аудармай болмайды. «Абай шығармашылығын зерттеу, талдау, халыққа таныту, тарату жөнінде қыруар іс тындырылғанын, Абай өмірбаянының ғылыми желісін түзу жөнінде кезінде Мұхтар Әуезов баға жеткісіз зор еңбек атқарғанын мойын­дай тұрсақ та, Абай өмірін ғылыми тұрғы­дан нақты архив құжаттары негізін­де түбегейлі зерттеу, шын мәніндегі ғылы­ми өмірбаянын тиянақтау ісі әлі күн тәртібінде тұрған ортақ борыш деп ұғуымыз ләзім».

Журналист-жазушы С.Байжанов өмірінің соңғы оншақты жыл айнала­сын­дағы шығармашылық өмірбаянына зер салсақ, осы мерзім аясында ол роман мен хикаят, әңгіме мен пьеса, көсемсөз мақала мен ғылыми-зерттеу жанрларында да білек сыбана қалам тартқанын байқау қиын емес. 1986 жылы «Жұлдыз» журналында (№2) оның «Кеген-Қарқара» (кітап «Алакөбеде оят мені» деген атпен 2000 жылы жа­рық көрді) романының ықшамдалған түрі жарияланса, былайғы жылдарда рес­пуб­ликамыздың газет-журналдарында оның «Әке», «Қияңқы тағдыр» атты хикаяттары, «Заңғарлар, «Не дауа», «Пікірталас», «Төбе би», «Зар – запыран» атты пьесалары, «Ар көпірі», «Оқшау тағдыр», «Алманың дәмі», «Кіндік кескен», «Қайдасың, Дария», «Сағындым сені, Ләйлөк», «Сүйген жүрек маздауын қоймайды» және тағы оншақты әңгімелері мен эсселері, очерктері мен публицистикалық толғаулары жарияланды. 1987 жылы жарық көрген «Құштарлық қуаты» және «Қажыға барған қазақтар» (жазушы Қ.Исабаевпен бірлесіп жазған) атты кітаптары да оның жаңғыру кезеңіндегі қалам серпінінің куәлары екені күмәнсіз.

 «Кеген – Қарқара» романымен қолжазба күйінде оқып танысқан академик жазушы М.Қаратаев, Қазақстанның халық жазушысы Ә.Нұршайықов, қазақ әдебиетінің белгілі тұлғалары Қ.Жұ­ма­ділов, А.Сейдімбеков және басқа­лары­ның оң пікір айтқандары мәлім. Жазу­шының «Заңғарлар», «Төбе би», «Зар-запыран» пьесалары да нақты деректер мен тарихи тұлғалар өмірінің келелі кезеңдерін өзек ете жазылған дүниелер.

Сапар Байжановтың журналист, газет қызметін шебер ұйымдастырушы ретіндегі еңбегі – республиканың басты баспасөз органы – «Социалистік Қазақ­стан» газетін он жыл бойы басқар­ған кезінде жарқырап көрінді. Сапекеңнің ұжым басқарудағы кеңдігі, мәселелерді қоя білудегі тереңдігі, қандай жауапты саяси науқандарды да мінсіз өткі­зе­тін ұйым­дастырушылық қабілеті айта жүрер­ліктей. Редактор ретінде адам таны­ғыш­тығы да бөлекше болатын. Ол жыл­дарда әуелі облыстық немесе рес­публи­калық жастар газетінің мекте­бінен өтіп алмаса, жастар жағы жолатыл­май­тын «Социалистік Қазақстанға» уни­вер­­ситетті жаңа бітірген жігіттерді батыл шақыруы да сол тұс үшін елеулі жаңалық еді. Кейіннен есімдері елге танымал болған Сарбас Ақтаев, Мамадияр Жақып, Бекболат Әдетов, Сауытбек Абд­рах­манов, Тоқтарбек Қызықбаев, Ақ­селеу Сейдімбек, Кеңшілік Мырза­беков, Қойшығара Салғараұлы, Нұриден Муфтахов, Сабыржан Шүкіров, Кеңес Юсупов, Жанат Елшібеков сияқты бірқатар қаламгерлерді арнайы шақырып, бас газеттің үлкен мектебінен өткізіп, шыңдаған еңбегін айтсақ та болады. Солардың бірі – өзіміз.

Қорыта айтқанда, қазақ мәдениеті мен әдебиеті, журналистикасы саласында сонау елуінші жылдардан бермен қарай мәртебелі де жауапты қызметтер ат­қарумен қатар, жемісті де құнарлы шы­ғар­малар һәм ғылыми-зерттеу жұмыс­тарын тудырған жазушы-ғалым, филоло­гия ғылымдарының кандидаты, гумани­тарлық ғылымдардың академигі Сапар Бай­жановтың жоғарыда сөз болған кітап­тары мен басқа да ғылыми, әдеби, көр­кем-публицистикалық туындылары әлі де халқының, келер ұрпақтың байлығына айналып, қызмет ете берері хақ.

 

Болат БОДАУБАЙ, 

жазушы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері