• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Руханият 25 Шілде, 2019

Тарихпен тілдескен, уақытпен үндескен

717 рет
көрсетілді

Тіреусіз Аспан жасап, оған Ай мен Күн орнатқан, оны алтын шеге сам­саған сансыз жұлдыздармен бекіткен, қасиетті қара жерді жасаған құ­діреті күшті, мейір, шапағаты мол Алла тағаланың ерекше мейірі түскен жалы биік, жайсаң жандар бар бұл өмірде. Олар кісілік пен кішіліктің үздік үлгісі! Олар аспандағы Ай мен Күндей айналасына үнсіз сәуле шашып тұрады. Көзге түсуді қаламаса да ондай асылды халық көш жерден танып, құрметтейді. Сонадайдан көзге шалынар, жаныңа жақын жайсаңдардың бірі әрі бірегейі Бижамал Рама­занова. Ол көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Өз бақытын еңбек пен қабілеттен, адам­гершілік, адалдық атты асыл таланттан тап­қан болмысы бөлек бекзат тұлға.

Бижамал Рамазанова өмірдің бұралаңы, бұрылысы көп жолдан абыроймен өткен, өмірде қиналса да сыр бермеген, майысса да сынбаған, тұғыры биік тұлға. Өмірде көпті көрген, көп жайларды ойына түйген оның ақ жүрекпен ақтарыла ай­тар әңгімесі аз емес. Дара ту­ған да­на­лардың бірі Бижамал ана­мыз­дың сондай сымбаты бөлек сұлу сырларының бір парасы оның «Дайк Пресс» баспа­сынан көрген, «Тарихи кездесулер» ат­ты көлемімен ғана емес, көрк­ем­ділігімен де көрікті кітабында тоғысыпты.

Кітаптың құрылысы да тапқыр түзілген. Бұл айтары анық, бояуы қанық деректі, керекті кітап: «КСРО басшылығы және танымал тұлғалар», «Қазақстанның көрнекті қайраткерлері», «Қа­зақ­стан қаһармандары», «Жа­­зу­­шылар», «Көрнекті қайрат­кер­лер» және «Ғалымдар. Әріп­тес­тер. Достар» атты алты бө­лімнен тұрады. Кітаптың мә­тінін баяндап, көзіқарақты оқу­шы­ның уақытын алмай-ақ қоя­лық, себебі әр бөлімнің аттары әңгіменің кім, не жайлы еке­нін туарай, шығар күндей айқын, анық айтып тұр. Әсіресе, өзі жүздескен Никита Хрущев, Леонид Брежнев, Вячеслав Мо­лотов, Юмжагийн Цэденбал, Дін­мұхаммед Қонаев, Нұрсұлтан Назарбаев, Ілияс Омаров сынды мемлекет қайраткерлері, Бауыржан Момышұлы, Рақым­жан Қошқарбаев, Сағадат Нұрма­ғамбетов тәрізді қаһармандар; Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Мирзо Тұр­сынзаде қатарлы әдебиет алып­тары; Патшайым Тәжібаева, Зылиқа Тамшыбаева, Күләш Құнан­таева, т.б. достары жайлы жазбалары, жоғарыда аттары аталған тарихи тұлғалардың іс-әрекеттері, кейбірінің осал тұс­тары, Хрущевтің күлкілі әре­кеттері, барша кейіпкерлердің мінездері мінсіз мүсінделген.

Кітап авторы Бижамал Рама­занова 12 жыл Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Президиумының хатшысы болып үлкен мемлекеттік қызмет істеген, Қазақстанның Азия және Афира елдерімен Ынтымақтастық комитетінің төрағасы болған, ұзақ жылдар бойы Алматы қалалық ардагерлер қоғамының мүшесі болып, ел өміріне белсене араласқан көрнекті мемлекет және қоғам қай­раткері. Мұны тізбелеп отыр­ғанымыз ол өзінің жазбаларында ойдан ештеңе қоспаған, өзі көрген, куә болған тарихи тұлғалар мен тарихи оқиғаларды қаз-қалпында ойға қонымды, ақылға сыйымды етіп байсалды баяндап берген. Сонысымен де бұл еңбек құнды. Әлемдік деңгейдегі аса көрнекті саясаткер Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2003 жылы жарық көрген «Өмір мен тағдыр» атты кітабында былай деп жазды: «Әкемнің Жоғары Кеңес Президуимындағы көп жылғы жұмысы туралы айтқанда, Бижамал Рамазанова туралы айт­пай кету мүмкін емес. 12 жылдан астам республиканың мемлекеттік билігін көрсететін осы өте маңызды органда екінші тұлға болды. Б.Рамазанова – аса білікті басшы, еңбекқорлығымен, сыпайылығымен әріптестеріне деген достық ниетімен ерек­ше­ленді. Оның Жоғарғы Кеңес Пре­­зидиумының хатшысы қыз­метінен кетіп, Қазақ КСР Ми­нистрлер Кеңесі жанындағы Бас архив басқармасына басшы болып тағайындалуы республика билігі үшін кемшін болды. Ол Қазақстандық парламентаризм тарихына жарқын тұлға болып енді».

Мемлекет басшысының тап басып, тамаша айтқан сөзіне алып, қосарымыз жоқ.

Тобықтай сөздің түйіні – Бижа­мал Рамазанованың тоқ­сан жастың төрінен төменге, өт­кен­ге көз жібере тұрып айт­қан мағыналы сөзі жасқа да, жа­са­мысқа да ой салатын тәр­биелік мәні зор, айтары анық, бояуы қа­нық уақытпен бірге жасай бе­ретін аса бағалы еңбек.

Сәбит ДОСАНОВ,

жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты