• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Саясат 25 Шілде, 2019

Билік пен бұқара арасындағы диалогты дамытады

613 рет
көрсетілді

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрылуы азаматтық қоғамның жаңа кезеңіне жасалған қадам болды. Көпшілік бұл Кеңеске қоғамның қордаланған мәселелері көтерілетін, халықтың үні естілетін үлкен мінберге айналады деп үмітпен қарайды. Дегенмен көңілдеріне күдік ұялап, шетін мәселелердің толық шешімін табатынына алаңдаушылық білдіретіндер де бар. Сондықтан түйткілді сұрақтардың тұманын сейілтіп, түйінін тарқатуда Ұлттық кеңестің көтерер жүгі салмақты.

Бүгінде билік пен бұқара арасындағы диалогтың діңгегі бо­латын Ұлттық қоғамдық се­нім кеңесінің бағыты айқын­да­лып, жұмысы біршама жүйе­ленді. Жақында Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Кеңес­тің ережесі мен құрамы бекітіл­ді. Мәртебесі Қазақстан Респуб­ли­касының Президенті жанын­дағы консультативтік-кеңес­ші орган болып нақтыланған Ке­ңестің негізгі міндеті – тұжы­рым­дамалардың, мемлекеттік бағдарламалар мен нормативтік-құқықтық актілердің жобаларына қоғамдық сараптама жүргізу, жұртшылықтың, азаматтық қоғамның пікірін ескере отырып, маңызды стратегиялық проблемаларды қарау, тараптар арасында сындарлы диалогты қамтамасыз ету.

Құрамы 44 адамнан жа­сақ­талған Ұлттық кеңеске Прези­д­енттің өзі төрағалық етеді. Бұл аталған кеңеске деген көп­шіліктің сенімін арттыра түсті. Өйткені Мемлекет басшысы сайлауалды тұғырнамасында ашық және әділ жұмысты ілгерілетуге ерекше мән беріп, кеңес атқарушы билік пен қоғам арасындағы алшақтықты қысқартатын көпір болатынын айтқан. Президент халықты тол­ғандырып отырған басты мәсе­ле табыс көлемінің азаюы еке­нін, басқа да өзекті мәселе­лерді айқын көріп отырғанын мә­лімдеді. Бұл ойын кейін шетелдік танымал бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбаттарында қуаттады. Енді жаңадан құрылған Кеңес арқылы Мемлекет басшысының тікелей қадағалауымен талай мәселенің басы ашылып, шиеленіскен жағдайлардың шешімі қарастырылады. Ол үшін кеңеске мүше болған халықтың сөзін сөйлей алатын, үнін жеткізе алатын қоғам белсенділері өз мүмкіндіктерін барынша пайдалану керек. Кеңес құрамына осы уақытқа дейін жұртты толғандырған мәселелерді ұдайы көтеріп жүрген, көпшіліктің сеніміне ие болған азаматтар кірді. Пре­зидент Әкімшілігі өкілдері түрлі қоғам қайраткерлерімен, сая­сат­керлермен, сарапшылармен, азаматтық сектор өкіл­дерімен кездесу өткізіп, тиісті кон­сультациялардың нәти­жесінде Кеңестің мүше­лерін іріктеді.

Кеңес құрамының нақты­ла­нуымен халыққа бұл диа­лог алаңында көтерілетін мәсе­лелер мен ұсыныстардың бірсыпырасы мәлім болып қалды. Себебі Кеңес мүше­лерінің көбінің қозғап жүрген проблемаларынан жұрт хабардар. Ол азаматтар Ұлттық кеңес құрамы бекітілген Жарлық шыққаннан кейін де баспасөз беттерінде және әлеуметтік желілер арқылы бұрын да айтып жүрген тақырыптарын аталған алқалы топтың ортасына салатындарын жеткізді. Бұған қоса Кеңес мүшелерінің қатысуымен бірлі-жарым басқосулар да ұйым­дастырылды. Үн қат­қан қо­ғам белсенділерінің мәлім­де­мелерінен Кеңесте талқыла­натын мәселелер мен ұсы­ныс­тар бірнеше тақырыптарды қамтитынын байқауға болады. Мәселен, Кеңес мүшесі, Ұлттық «Серпін» білім және инновация­лар палатасының президенті Мұрат Әбенов: «Білім саласы, медицинаны көтеру, жастардың проблемасы сияқты мәселелерді жиі көтеретінін айтып, осы бір­қатар әлеуметтік саладағы жағдайлардың реттелуі үшін ұтымды ұсыныстар жасауға тырысатынын жеткізді.

Ал тағы бір кеңес мүшесі, Қа­зақстан Ұлттық архивінің «Ар­хив-2025» ғылыми-әдісте­мелік орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы: «Менің ойымша, бұл кеңес Президент жанындағы консультативті-кеңесші орган ретінде саяси реформалар, әлеуметтік, экономикалық жағдайларға қатысты қажетті әрі еліміздің дамуына маңызды ұсыныстар беріп отырады. Жеке өзім руханият, ұлттың дамуы, жергілікті мемлекеттік басқару, оның ішінде ауыл мәселесі, әкімдердің жұмысы, өңірлік сая­сатпен байланысты тәжірибем мен ұсыныстарымды бөлісемін деп ойлаймын», деп пікірін білдірді.

Сондай-ақ кеңес мүшесі, Кә­сіподақтар федерациясы төр­ағасының орынбасары Ерлан Саиров сайлау, митинг, БАҚ және саяси партиялар туралы заңдардың кейбір тармақтары заман талабына сай емес еке­нін айтады. Бұған қоса ол Қазақ­станнан өз еркімен көшіп жатқан­дардың саны көбейіп жатқа­нына көңіл аударып: «Мені ма­залайтын сұрақтардың бірі – шекара жағдайы. Шығыс­тағы Катонқарағай, Марқакөл, Ақ­суат, Мақаншы өңірлерінен халық үдере көшіп жатыр. Мы­салы, бұрынғы Марқакөл ауданында осыдан 30 жыл бұрын 27 мың адам тұрған. Қазір ау­дандағы тұрғындардың саны – 6 мыңға жетер-жетпес. Мұны гуманитарлық проблема деп те атауға болады. Дәл осындай жағдай Алматы облысында да бар. Бұл мәселені шешу үшін кезінде қысқарып қалған аудандарды қайта құру қажет. Содан кейін шекаралық аймақтарды дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама жасау керек» деген ойын жеткізді.

Сонымен қатар Ұлттық ке­ңесте жер мәселесі де қара­лады. Бұл туралы Премьер-Ми­нистрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек Үкіметте мәлімдеп, аталған мәселені қоғаммен талқылау үшін өңірлерге сапарлау кестесі бекітілгенін, жыл со­ңына қарай Ұлттық кеңеске ұсынылатынын айтты. Ауыл шаруашылығы жерлерін сату және жалға беру, мораторий мәселесі әлеуметтік желілерде де кеңінен талқылана бастады. Бұл жағдайды Ұлттық кеңес оты­рысында көтеруді бірнеше аза­мат әлеуметтік желілерде ке­ңеске мүше болған қоғам бел­­сенділерінен сұрады. Осы тұр­­ғыда Президент кеңесшісі Ер­­лан Қарин кезіндегі Жер ко­мис­сиясына қарағанда Ұлт­тық қоғамдық сенім кеңесі әл­де­қайда ауқымды екенін, бұл диалог алаңында бір емес, бір­неше ұлттық мәселелер талқы­ла­натынын айтты.

Осылайша кеңестің қал­ған мүшелері де өздерінің сала­сындағы олқылықтарды көте­ріп, түрлі мәселелердің кеңінен қоз­ғалуына септігін тигізуде. Сон­дықтан Жарлықпен бекі­тілген Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің ережесінде қоғам дамуының жекелеген салалары бойынша жұмыс топтары құрылуы мүмкін екені көр­сетілген. Бұл кеңес жұмы­сын­дағы айтылатын проблемалар мен ұсыныстарды жүйе-жүйе­сімен реттеуге, содан соң ортақ шешім шығаруға мүмкіндік береді. Жұмыс топтарының қалай жік­те­летіні туралы кейінірек бел­гілі болады.