• RUB:
    5.01
  • USD:
    523.58
  • EUR:
    549.71
Басты сайтқа өту
Әлем 25 Шілде, 2019

Мальтузиандық тұзақ: аңыз бен ақиқат

763 рет
көрсетілді

Сиэтлдегі Вашингтон университетінің болжамынша, 2100 жылы әлем халқының ұзын саны 11 млрд-қа жетуі ықтимал. Бұл есепті БҰҰ-ның халықты қоныстандыру жөніндегі қоры да қуаттады. Ғалымдардың сөзіне сенсек, аталған меже дүниежүзілік демографиялық тұрақтылыққа алып келуі тиіс. Десек те аузы дуалы сарапшылар геосаясаттағы тектоникалық қозғалыстар, жаһандық миграция мәселесі, әлемдік қаржы жүйесінің құбылмалылығы әрі сауда соғыстары бұған теріс ықпалын тигізуі мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Болжамды тәуекелді ескертті

Осы орайда ағылшындық діндар, демо­граф әрі эконо­мист Томас Маль­тус­тың «Ха­лық­ты қоныстандыру тура­лы заң­ның тәжірибесі» теориясы еске түседі. Ол, Жер тұр­ғын­дарының ретсіз өсімі гео­мет­риялық прог­рессияда, ал азық-түлік өндірісі ариф­метикалық қарқында өрбісе, онда адам­затқа ашар­шылық және әлеуметтік күй­зеліс­пен бетпе-бет қалуға тура келеді де­ген тұжырым жасайды. Бұл «маль­тузиан­дық тұзақтың» бел­гілері болса керек. Оның айқын көрінісі ре­тінде демографтар 1994 жылғы Руанда елін­дегі зұлматты келтіреді. БҰҰ және Human Rights Watch сынды іргелі ха­лықаралық ұйым­дардың есебінше, сол кезде шамамен 800 мың – 1 млн арасында жергілікті тутси тайпасының адамдары қаза тапқан. «Мальтузиандық тұзақ» қаупі өндірісі кенжелеген үшін­ші әлем мемлекеттерінде әлі де өзек­тілігін жойған жоқ. Атап айтқанда, бір жұтым суға зәру болған тропикалық Аф­рика елдері осыған дәлел. Теория ав­торы, стихиялық өсімді тежейтін фактор ретінде – соғыс, кедейлік және эпи­демиялық ауруларды қарастырған. Сол секілді Мальтус еңбегінде неке­сіз­­дік, кеш үйлену сынды жайттар да бұ­­ған септесетінін алға тартқан-ды. Әлбетте, ағылшын эко­номисінің ойын ди­­летанттық көзқараспен сараласақ, он­да жерден алып, жерге салуға болар еді. Бірақ ғалымның айтпағы,  планетадағы халықтың тығыз қоныс- тануынан туындайтын тәуекелді болжау. Резонансты еңбегінде ол кедейлердің мүш­кіл халінің басты себебі – туу көр­сеткішінің жоғарылығында деген қо­рытындыға келген.

Үнемділік – өмір сапасының кепілі

Алайда, негізгі мәселе жер бетіндегі адамның санында емес, тіршілік иесіне қажетті барлық қорларды тұтыну деңгейі мен оның ауқымында жатса керек. Мұндай тезисті Лондон халықаралық институтының бір топ ғалымдары жасады. Осыдан он мың жыл бұрын дүние жүзі халқының саны миллионның айналасында болса, қазір бұл көрсеткіш – 7, 7 млрд адамды құрап отыр. Тұрғындардың тығыз қоныстануы соңғы он жылда қарқын ала бастады. Жыл сайын жұмыр планетадағы тұрғындар 80-90 млн адамға көбейіп жатыр. Қызығы сол, өсу динамикасы кедей мемлекеттерде байқалуда. Ал дамыған Еуропа ел­дерінде керісінше қарттардың қатары қалың. Мәселен, Африка құрлығында жасы 25-ке жетпегендердің үлесі – 60%. Кәрі құрлықта бұл көрсеткіш – 27%. Британдық ғалымдар келесі екі он­жыл­дықта демографиялық серпін, күнкөрісі орташа және төмен мемлекеттердің ме­га­полистерінде орын алатынын мәлім етті.

Мамандар, көмір­тегі диоксиді мен парник газдарының шыға­рын­­дылары қалалардағы тұтыну көле­­мін анықтауға мүмкіндік бере­ті­нін айтады. Экологтардың мәлі­ме­тінше, бақуатты елдер кедей мем­ле­кеттерге қарағанда қоршаған ортаға әжептәуір залал келтіріп жүр. Тек кейбір ірі мегаполистерде ғана жағ­дай көңіл көншітерліктей. Оның ішінде Данияның астанасы Копен­га­генді ерекше атауға болады. Бұл шаһарда өмір сүру сапасы және табыс көлемі жоғары болғанымен зиян­ды шығарындылардың индикаторы қалыпты деңгейде. Сарапшылар, бай-бағландар мен кедей-кепшіктердің тұрмыс салтындағы алшақтықты бағалай келе соңғылардың парник газдарының көбеюіне әсері жоқ деген түйінге келген. Өйткені кіріс төменді­гі­нен тиісінше тұтыну мөлшері де соған пара-пар келеді дейді экономистер.

Адамдардың саны 11 млрд-қа жетісімен Жердегі ресурстарға айтар­лық­тай салмақ түспеуі де мүмкін. Алайда әлем бір орында тұрмайтынын ескерсек, уақыт өте келе табысы төмен шаһарларда көмірқышқыл газының шығарындылары өсуінің қаупі бар.

Ірі шаһарлардың саны артады

БҰҰ-ның болжамына сенсек, алда­ғы уақытта урбанизация үрдісі бұдан бетер қарқынды өрбитін көрі­не­ді. 2050 жылы әлем халқының үштен екісі үлкен қалаларда өмір сүруі ықти­мал. Бұл үрдіс әсіресе Қытай мен Үндістанда анық байқалмақ. Ха­лықаралық ұйымның ақпараты бойын­ша, былтыр 300 млн-ға жуық адам күнкөрістің қамымен атамекенді тастау­ға мәжбүр болған. Тіпті сыртқы миг­рация арқылы демографиялық ахуа­лын жақсартқан елдер де жоқ емес. Атап айтқанда, Таяу Шығыс пен Африкадан ағылған халықтың есе­бінен Еуропа мемлекеттері ұпай­ларын тү­гендеп алды. Себебі жоға­ры­да көр­сет­кеніміздей Кәрі құрлықта жас­тар­дың үлесі 30 пайызға да жетпейді. Демек, жұмыс күшінің тапшылығы сезілуде. Демографтар келешекте дамыған мемлекеттерде қарттардың саны еселенетінін айтып отыр. Сәй­ке­сінше денсаулық сақтау саласына жұмсалатын шығыстар да арта тү­се­ді. Ал дамушы өңірлерде жастар кө­бейгенімен жұмыссыздық белең алуы ғажап емес. Қазірдің өзінде бұл тенденция Таяу Шығыс және Сол­түс­тік Африкада айтарлықтай көрініс тапқан.

Адам әлеуеті лайықты бағаланып жүр ме?

Қазақ сахарасының жайын қоз­ға­сақ, Ұлттық экономика министрлігі 1 маусымдағы жағдайға сәйкес ел тұрғындарының саны 18,49 млн адамға жеткенін хабарлады. Оның ішінде қалалықтар 10 млн 767,6 мыңға, ауылдықтар 7 млн 722,1 мыңға жеткен. Былтырғы кезеңмен салыстырғанда халық саны 236,4 мың адамға, яғни 1,3%-ға көбейген. Әйтсе де елді тастап, тұрақты мекенжайын ауыстыруға бел буғандардың қатары 20%-ға жуықтаған-ды. Келушілердің саны 10%-ға қысқарыпты. Бұдан аңғарғанымыз, қажетті кадрлардың сыртқа ағылу үрдісі әлі де болса сақталуда. Жоғарыдағы болжамды тәуекелдерді ескере келе, сарап­шы­ның пікіріне құлақ астық.

– Жақын жылдары Қазақстан қандай да бір мәселелерге тап болады деп айта алмаймын. Себебі біздегі азық-түлік қауіпсіздігіне ұдайы көңіл бөлінеді. Ауыл шаруашылығын алып қарасақ, астықпен ішкі нарықты қамтып қана қоймай, 11,7 млн тонна астық сыртқа экспортталады. Сол секілді жер қойнауындағы қор­дың әлі ұзақ уақытқа жетері кү­мәнсіз. Бірақ мемлекет табиғи ши­кізат тәуелділігінен арылудың амалдарын қолға алып, экономиканы әртараптандырудың қам-қарекетіне көшкені жөн. Жаңғырмалы энергия көздерін дамытуға байланысты бас­тамалар да жаман емес. Мемлекет басшысы 2020 жылға қарай пайдаланылмай жатқан ауыл шаруа­шылығы жерлерін қайта­ру­­ға пәрмен берді. Яғни, отандық агроөнеркәсіп жаңа тыныс алуы тиіс. Миграция мәселесіне келсек, ерте ме, кеш пе онымен бетпе-бет келуге тура келеді. Десе де бұл Қазақ­станға ғана қатысты мәселе емес. Бұл Еуразиялық эконо­ми­калық одақ немесе басқа да халықаралық ұйым­дардың шеңберінде бірлесіп шеші­летін мәселенің бірі, – дейді «Эко­но­микалық зерттеулер институты» АҚ Талдау және әлемдік экономика орталығының директоры Айбол Арғынғазинов.  

Қазіргі іскерлік салада «HR» ұғы­мы жиі айтылып келеді. Оның толық­тай ұғымы human resources – былайша айтқанда, адами ресурс. Жасыратыны жоқ, бүгінде «Адам капиталын дамыту» деген ұраннан басқа осы бағытта нақты атқарылған істі көру қиын. Расымен де бұл істі қолға алып, мықтап кіріссе тұтастай әлеуметтік-экономикалық конъюнк­тураны тың деңгейге көтеруге болады, дейді мамандар. Осы мазмұндағы пікірді шетелдік инвесторлардың құрылтайында ел Президенті де білдірген еді.

– 2030 жылы 75-тен 375 мил­лион адамға дейін кәсібін ауыстыруға мәжбүр болады. 2018 жылы мектепке барған бала алдағы уақытта бүгінде жоқ мамандықтар бойынша жұмыс істеуі мүмкін. Алайда бұл болжамнан қорқудың қажеті жоқ. Тех­но­логиялардың енгізілуі адамзатты жұмыс орын­да­рынан айырмайды, бірақ табиғатын өзгер­те­ді. Адам капиталының рөлі күрт артады. Сондық­тан адам капиталына инвес­тиция салу елдің эко­номикалық дамуы мен жалпы қоғам әл-ауқа­ты­ның өсуіне ықпал етеді, – деп айтқан еді жиында Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Демек, өркениетті қоғам құру үшін алдымен адами резервтің сыртқа ағылуын тоқтатқан абзал. Әйтпесе оның орнын алмастыратын келімсектердің қаптамауы екіталай. Бұл саясатты басты ұстын ретінде айқындау отандық истеблишменттің азаматтық міндеті.