- Мысалы, Батыс Қазақстан облысында жалпы орта білім беретін мекеме педагогтарының құқығы бұзылғаны анықталды. Оларды өз қаражаты есебінен медициналық тексеруден өтуге заңсыз міндеттеген. Білім берудің инклюзивті бағдарламалары бойынша жұмыс үшін қосымша ақы төлемеген. Бұл іске прокуратура органдары араласып, өңірдегі 10 мыңнан астам мұғалімнің құқығы қалпына келтірілді, - дейді Бауыржан Зәкиұлы.
Сондай-ақ Орал қаласы және Бөрлі ауданы бойынша коммуналдық қызмет үшін қарызы бар 200 мыңнан астам азаматтың дербес деректерін қорғау құқығын бұзу фактілерінің жолы кесілген. Осыған орай «Ақсайжылуқуат» ЖШС, «БатысЭнергоРесурсы» ЖШС Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 79-бабы бойынша дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бұдан өзге Прокуратураның ұсынуы бойынша Орал қаласының 104 мың тұтынушысы үшін «Батыс су арнасы» ЖШС көрсететін сумен жабдықтау қызметіне тариф құны төмендетілгені. 66 кәсіпорындағы 190 қызметкердің жалақы бойынша шағымы қаралып, 53,9 млн. теңгені құрайтын берешек өндірілді.
- Қазталов ауданында құны 1,3 млрд. теңге болатын сукернеуіш мұнарасын балансқа алмау фактісі анықталды, бұл тұрғындарға ауыз суды субсидиялауға теріс әсерін тигізді. Соның кесірінен ауылдағы 3931 тұрғын 30 теңгенің орнына жыл бойы судың әр текше метріне 385 теңге төлеп келген, - дейді прокуратура өкілі.
Статистикалық мәліметтер өңірде қылмыстық құқық бұзушылық мөлшері 10%-ға төмендегенін көрсетіп отыр. Жалпы, құқық қорғау қызметтері орталығына жыл басынан бері 1007 адам түрлі шағыммен келген. Соның ішінде 766 азаматты прокурорлар қабылдап сөйлескен. «Олардың бәріне заңнама түсіндіріліп, талап арыз жазуға көмек көрсетілді» дейді БҚО прокуратурасының ресми өкілі Бауыржан Ахметжан.
Батыс Қазақстан