• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
100 25 Шілде, 2019

Тілбұзаризм

9013 рет
көрсетілді

1925 жылы «Еңбекшіл қазақ» газетінің №277 санына шыққан «Тілбұзаризм» мақаласын назарларыңызға ұсынамыз. Әңгіме Сол замандағы шет тілдерінің сөздерін қазақшаға қалай тәржімалау хақында жазылған. Басылымға «Тікенек» атты бүркеншік есіммен жарияланған.

 

 

Қағазды экономить ету керек қой.

Үнемдеу керек десең, қазақ болып кетем дейсің бе?

Ал, үнем-ақ болсын, басқа орыс сөздерін қалай переводтайсың?

Переводтамаймын, аударамын!

Жарайды, «аударамын-ақ» болсын. Например, «Краевой киргизский кооперативный общество» және «Идея», «Союз» деген сөздерді қазақшаға аударшы. Кеше осыдан он шақты студент қазақша айтамыз деп керісіп-керісіп, босқа тарқадық.

«Например» емес, «Мәселен». Одан соңғы орысшалағаныңды «Қазақстан аймақтық кооперация қоғамы» дейміз.

«Идея» – мақсат, «Союз» – ұйым.

Әйтеуір, адамның басы қататын, қайсысының құйрығынан ұстарыңды білмейсің.

Неге білмейсің? Бәрі өзіңнің назар салмағаныңнан. Әлі күнге сөзді қазақша айтқанда «напримерден» бастап отырсың.

Өз бетіңмен жайылып, сенің де келістіргенің мынау ма? Білім кеңесінің «Идеяны» – ой, мұрат, «Крайды» – уәлаят, «Кооперацияны» – істесу, «Союзды» – одақ деп аударған. Сенің өз терминің өзіңе басқа. Бұл бас қатыру емей немене?!

Бірақ газеттерде мен айтқандай ғой.

Тәуір бопты!

Жоқ, дұрысы – мен айтқан.

Тағы біреу менікі дұрыс демей ме?!

Солай-ау, әлі!? Бұл енді қазақ тіліне жетік білімпаздарымыздың термині ғой.

Қайсы кезде олар да жаңылып кетеді. Және орыстың екі сөзін қазақтың бір сөзімен аударған масқарасы да бар.

Онысы немене?

«Мелиорацияны» да өңдеу, «Редакцияны» да өңдеу деп аударып қойыпты.

А, біз «Редакцияны» басқарма деп жүргеміз жоқ па?

Айтсаң қайт дейсің.

Әй, бұнысы масқара екен.

Масқара емес, сөкет де.

Қане, журналдан қарайықшы.

Несін қарайсың, дәл мен айтқандай. Кеше 16-шы комнатада разберайт еттік деп отырмын ғой. Әлгі сөздерді сонда көргем.

Қате басылған шығар.

Сондай қате болушы ма еді!?

Ендеше, мұны сұрастыру керек екен. Ертең Е-ден сұрайын.

«Мелиорация», «кооперация», «социализм» деген сөздерді аудармай-ақ қойса қайтеді? Орыс та қолданып отыр ғой. Тілі бай олар аударып алмағанда бізге не жоқ?

Ие, оларын қоя тұрып, орыстың өзінің жабайы сөзін аударсақ та болады ғой.

Жабайы сөзінен аударғанда да «Крайды» уәлаят дегені сияқтандырып аудару да жөн емес.

Рас, жұрттың құлағына сіңіп, жалпыға түсінікті болып кеткен «аймақ» дегенді қалдырып, «уәлаят» деу жөнсіз.

Ойбай-ау, «Уәлаятың» да қазақ сөзі емес, араб сөзі ғой.

Тоқта, мұның мәнісі бар. Ол сөзін арабтар «Уалаят» дейді. Біз оны қазақшалап «Уәләят» деп алғанбыз. Қазірде біздің білімпаздарымыздың «басқа тілдерден кіретін сөздерді үндестік заңына бағындырып, қазақ тіліне шоқындырып алу керек» деген пікірлері бар. Осы ретпен «Уәләят» қазақ тілі болып сіңісіп, енді орыстың «Крайын» қазаққа түсіндіруге де жараған. Өстіп, шоқындырып алып отырсақ, татардың «Практический ықтисади», «Протест» деп тұлғасын бұзбай ала-ала келіп, ақырында кейбір сөйлемдерінде бір-ақ сөзін татарша айтып: «Пройзводство есть», шондайын «сырой материал» дегеніндей сөкеттерден аман боламыз ғой. Болмаса, әлі-ақ осының ізіне басамыз. Дегенмен, әлгі мен айтқан сөздерге тым азаптанбаса да болады. Басқа ұлттар да ол сөздерді сол күйі алып отыр. Мына күйімен «тілбұзаризм» болады.

Иә, сақтанбаса «тілбұзаризм» болып кететіні рас.

Тікенек