Бейнелеп айтқанда, оны жұмсақ контейнер немесе берік қапшықтар десе де болады. Олардың жүк көтеру қуаты 500-ден 2000 кило аралығында. Тұтас бір фабрика қызметін атқара алатын бірегей құрылыстың жобасын 4 кезең бойынша жүргізу көзделген. Оған жұмсалатын қаражаттың көлемі 1 миллиард теңгені құрайды.
– Алғашқы кезде қаржының жартысы игеріліп, соған сәйкес қапшықтарды тігетін және пішетін цех іске қосылды. Елімізде баламасы жоқ өзгеше өнімді пайдалану арқылы тағамдар мен күкіртті және цемент пен құмды тасымалдаудың, сақтаудың жаңа мүмкіндіктері ашылды әрі осы тектес тауарларды тиеу мен түсірудің тиімді тәсілі өндіріске енгізілді, – дейді «Ақтөбе ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Руслан Мамунов.
– Жаңа кәсіпорынның ашылуы Ақтөбе полимер фабрикасы құрылысы бірінші кезеңінің аяқталуымен тұспа-тұс келеді. Бүгінде мұнда 30 адам жұмыс істейді. Фабриканың жұмысы ауыр жүк көтеруге төзімді полипропиленді матаны әзірлеуден басталады. Сондықтан да біз ең алдымен жобаның осы қырын жоспарлап отырмыз, – деді жаңа кәсіпорынның директоры Ботагөз Тайбөкенова.
Ақтөбе индустриялық аймағынан тың кәсіп иелеріне 2 гектар жер бөлінген. Оған барлық қолайлы жағдай жасалып, инженерлік желілер тартылған. Бүгінде кәсіпорын жетекшілерінің маркетингтік талдаулар жүргізуге баса назар аударып отырғаны да өнімге деген сұраныс көлемін көбейтуге көмегін тигізері анық. Әрине мұндағы негізгі тапсырыс берушілер тау-кен өндіру өнеркәсібі кәсіпорындары болмақ.
Жаңа кәсіпорындарда өнім сапасына айрықша көңіл бөлінген. Қажетті шикізат әзірге Ресейдегі Челябі және Ярославль қалаларынан жеткізіліп жатыр.
Қазіргі кезде FIBC KAZAKHSTAN компаниясының негізгі тұтынушысы «Теңізшевройл» компаниясы болып отыр. Меншік иелерінің аз уақыт ішінде азуы алты қарыс компаниямен бірге жұмыс істеу тәжірибесін орнықтыра білгені де атап айтуға тұрарлық. Бүгінде аталған екі тарап өнімді жеткізу мен тұтыну жөнінде өзара келісімшарт жасаған.
Кәсіпорын жобалық қуатының 40 пайыздық деңгейінде іске қосылған. Қолда бар жабдықтар мен өндірістік машиналар жылына 30 мың вагон сынасы мен 300 мың жұмсақ контейнер шығара алады. Ал жоба толық қуатына қосылған кезде жылына бір миллион дана қатты қапшық шығарылмақ. Сондай-ақ жобаны жүзеге асырудың екінші кезеңінде өндірістік цехтың аумағы мен көлемі одан әрі ұлғаяды деп күтілуде. Ал соңғы үшінші кезеңінде полипропиленді жетілдіруге арналған цех құрылысы мен шикізат базасын әзірлеу ісі қолға алынбақ.
АҚТӨБЕ