Ашықтық пен әділдік – қазіргі күннің басты талабы. Осы бағытта мемлекеттік органдар жұмысының жүйелі, нәтижелі болуы үшін қоғамдық кеңестердің маңызын арттыруға баса мән беріліп жатыр. Әлі күнге дейін аталған институтты жетілдіру, оның жұмысын ұйымдастыру мен жүргізуге қатысты сын-ескертпелер толастамай тұр. Мемлекет пен халық арасындағы диалог алаңына айналады деген мақсатпен құрылған қоғамдық кеңестер өз міндетін толық атқарып жүр ме?
Қазақстанның барлық өңірін қамтыған қоғамдық кеңестер 2016 жылдың қаңтарынан бастап жұмыс істей бастады. Министрліктердің, орталық атқарушы органдардың жанынан, сондай-ақ мемлекеттік басқарудың республикалық және жергілікті деңгейлерінде консультативті-кеңесші, бақылаушы орган ретінде құрылған бұл институт бюджет қаражатын тиімді пайдалануға, мемлекеттік қызметтің сапасына, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске оң ықпалын тигізеді. Яғни, атқарушы органдар қоғамдық кеңестер арқылы шешім қабылдарда қоғамдағы маңызды мәселелерге мән беріп, көпшіліктің пікіріне жүгінеді. Бұл әрі мемлекеттік қызметтің ашықтығын қамтамасыз етеді.
Қоғамдық кеңестердің құрылғанына көп бола қоймаса да осы ұйымның жұмысын ілгерілетуде көлбеңдейтін көлденең мәселелер де аз емес. Ондай түйткілді сұрақтардың басында қоғамдық кеңестердің құрамына қатысты мәселе тұр. 2015 жылғы 2 қарашадағы «Қоғамдық кеңестер туралы» заңда қоғамдық кеңестегі азаматтық қоғам өкілдерінің саны оның мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісін құрауы тиіс екені көрсетілген. Соған қарамастан, қоғамдық кеңестің басым бөлігін құрайтын азаматтарды қарапайым жұрт біле бермейді. Оның мүшелері халықпен тығыз қарым-қатынас орнатпағандықтан, әлеуметтің өзекті мәселелері тиісті орындарға жетпей жатады. Осыдан екі жыл бұрын Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты әзірлеген «Қазақстандағы қоғамдық кеңестер: дамудың негізгі трендтері» атты сараптамасында кеңестердің белсенділігі оның мүшелерінің белсенділігіне байланысты екені айтылған. Сауалдамаға қатысқан сарапшылардың пікірі бойынша, кеңес мүшелерінің саяси салмағының әлсіздігі, олардың шын мәнінде қоғамдық кеңестердің қызметіне аса құлықты еместігі, жалпы жүктелген міндетке жауапкершілікпен қарамауы – аталған институтты дамытудағы басты кедергілердің бірі. Сонымен қатар белгілі бір мемлекеттік органның жанынан құрылған кеңес мүшелері сол мекеменің зейнетке шыққан бұрынғы қызметкерлері екені де айтылады.
Биыл ақпан айында елордада өткен қоғамдық кеңестердің ІІ республикалық мәжілісінде сол кездегі Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев қоғамдық кеңестер құдды бір «ақсақалдар жиналысына» айналып кеткенін, кеңес құрамында 60 жастан асқандардың үлесі 35%-дан асатынын айтқан еді. Сондай-ақ ол гендерлік тепе-теңдіктің сақталып отырмағанына назар аударып, кеңес мүшелерінің төрттен үш бөлігін ер-азаматтар құрайтынын атап өткен. Бұған қоса қоғамдық кеңестердің құрамында жастардың да қатары аз. Олардың үлесі бар болғаны 5,5% екен. Қоғамдық кеңестердің құрамына қатысты сарапшылар тарапынан тағылатын сынның бірі – оның мүшелігіне әртүрлі сала мен санаттағы өкілдердің теңдей тартылмағандығы.
Бүгінде көпшілікпен байланыс орнатудың кең ауқымды құралы – әлеуметтік желілер. Ал осы интернет беттерінде халық пен биліктің арасындағы түсіністіктің дәнекері болады деп сенім артылған қоғамдық кеңестер аса белсенділік танытпай келеді. Тіпті кейбір қоғамдық кеңестердің арнайы веб-сайты да ашылмаған, ашылған сайттардың өзі соңғы жаңалықтардан хабардар етіп, уақтылы жаңартылмайды. Сондықтан халық арасында қоғамдық кеңестердің жұмысынан, тіпті мұндай ұйымның барынан бейхабар адамдар да кездеседі.
Мемлекеттік органдар мен әкімдіктер қоғамдық кеңестердің ашықтығына әжептәуір әсерін тигізеді. Мәселен, кеңестер мемлекеттік органдардың веб-сайттарында өз жұмыстарының нәтижелерін жариялау мен тарату жағына келгенде мемлекеттік қызметшілерге күні қарап қалады. Бұл – қоғамдық кеңестер әлі де мемлекеттік органдарға тәуелді деген қалыптасқан түсініктің бір мысалы ғана. Мұндай жағдайларға қоғамдық кеңеске мүше болғандардың өз міндетін толық ұғына алмауы да ықпал етеді. Жасалған сараптамалар көрсеткендей, кейбір кеңес мүшелері қоғам мен билік арасында байланыс орнатудың, маңызды шешімдер қабылдауда азаматтарды талқылауға қалай шақырудың, қоғамдық мониторингті қалай жүргізудің жөнін біле бермейді. Сөйтіп мемлекеттік қызметшілер нұсқаған бағытпен әрекет етуге тура келеді.
Сонымен қатар қоғамдық кеңестер жергілікті мәслихаттардың қызметін қайталайды деп санайтындар баршылық. Мәселен, жоғарыда айтқан Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты жүргізген сауалдамада осы ойды сарапшылардың 38,5%-ы құптаса, кеңес мүшелерінің 32,5%-ының аталған уәжге қарсылығы болмаған. Оның үстіне жергілікті мәслихаттардың депутаттары қоғамдық кеңестерге де мүше болып жатады. Кейбір азаматтардың екі институт – қоғамдық кеңес пен мәслихатқа бірдей мүше болуы азаматтық қоғамның дауысын шектеуі мүмкін.
Бүгінде қоғамдық кеңестерді дамытудағы аталған мәселелер ескеріліп, жаңа тетіктерді енгізу жайы қарастырылып жатыр. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері жөніндегі комитетінің төрағасы Әлия Ғалымова қоғамдық кеңестердің маңызын арттыратын факторлардың бірі ретінде заңнаманы жетілдіру екенін атады. Осы бағытта түзетулердің негізгі пакетін күзде Үкімет пен Парламент Мәжілісіне ұсыну жоспарланып отыр екен.
Мысалы, бұрын қоғамдық кеңес мүшелерінің сайлануын анықтайтын жұмыс тобына мемлекеттік органның басшысы жетекшілік етсе, қазір азаматтық қоғамның өкілдері өздері басқарады. Бұл қоғамдық кеңестердің дербестігін күшейтуге ықпал етеді. Заң жобасымен қатар қоғамдық кеңес мүшелері үшін жаңа құқықтар мен өкілеттіктер енгізіледі. Бұған қоса қоғамдық кеңестердің ұсыныстарының орындалу мәселесі де бір жолға қойылмақ. Енді мемлекеттік органдардың ұсыныстарға бір айдың ішінде дәлелді жауап беруі тиіс екендігі көрсетілген норма күшіне енбек.
Жалпы, билік пен қоғам арасындағы байланыстың дәнекері саналатын қоғамдық кеңестердің жұмысын жетілдіру, жаңғырту үшін оның дамуына кері ықпалын тигізетін осындай кедергілер кеңінен талқыланып, оларды жою бүгінде басты назарда тұр. Осы мақсатта екі жылда бір рет дәстүрлі түрде қоғамдық кеңестердің республикалық мәжілісі ұйымдастырылады, сондай-ақ жылына бір рет сарапшылар институтты дамытудың жай-күйі туралы кешенді баяндама жасайды. Қоғамдық кеңестердің жұмысына баға беріп, алдағы даму бағытын айқындайтын сондай баяндама биыл қараша айында дайын болады.
Қазіргі таңда Қазақстанда 231 қоғамдық кеңес бар. Оның ішінде 15-і республикалық деңгейде, 17-сі облыс орталықтары мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында, 199-ы қала мен ауылдық деңгейде құрылған. Қоғамдық кеңестердің мүшелері – 3570 адам. Оның 3305-і – өңірлердегі қоғамдық кеңестің өкілдері. Қалған 265-і орталық мемлекеттік органдарда істеп жатыр.