• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 31 Шілде, 2019

Салғырттықтың салдары: өңірде бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына себеп болып отыр

486 рет
көрсетілді

Бюджет қаражатын тиімді әрі үнемді жұмсау – бүгінгі күннің бас­ты міндеттерінің бірі. Жуырда ғана Үкіметтің кеңейтіл­ген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған қатысты республикалық және жергілікті өкілет­ті орган­дар­дың алдына тиісті талаптар қойғаны мәлім. Әлеумет­тік-экономикалық тұрғыдан даму мен алға басудың басты көзі іспетті бюджет қаражаттары ысырапшылдықты көтермейді.

 Солай дей тұрсақ та, бюджет қа­ра­жаты тиімсіз жұм­сал­ған көрі­ніс­тер жиі  кездесе­ді. Ақ­төбе облысы бойынша тексеру комиссиясының 2018 жыл­дың қорытындыларына байланыс­­ты деректері осындай ой түюге не­гіз қалап отыр. Әң­гімені аудит­­тік іс-шара­лар­дың нәтиже­лері­не қатысты қозғар болсақ, өңірде бюджет қаражаттарының ысы­рап болуы оны тиімсіз жос­пар­лаудан бастау алғанын көре­міз. Былтыр облыста тиім­сіз жос­парланған бюджет көлемі 33 миллиард 229 миллион теңге болған екен.

Соның ішінде тиімсіз жұм­сал­ған бюджет қаражаты 9 мил­лиард теңгеден асып түссе, рә­сім­дік бұзушылықтар саны 1242 бірлікті құраған. Сондай-ақ жур­налистік зерттеулер бары­­сы активтерді, яғни ғима­рат­­тар мен мүліктерді, газ бен су құ­быр­ларын, электр желі­лерін тиім­сіз пайдалану көрі­ніс­тері орын ал­ғанын көрсете­ді. Ең бас­­ты үстірт­тік – бұла­рдың ба­л­анс­­қ­а алын­бауында және есеп­ке қо­йыл­мауында. Мұн­дай жағ­дай­да мүлік және жер салық­тары төлен­бейтіні белгілі. Тұ­тас­­­тай ал­ғанда, тексеру ко­мис­сия­сы өт­кен жылы 17 аудитор­лық іс-шара жүргізіп, бюджет тәр­ті­бін бұрмала­ған 76 лауа­зым­ды тұл­ғаны әкімшілік жауапкер­ші­лікке тарту жөнінде хаттамалар жолдаған.

Бюджет қаражаты мен ак­тив­­тері­нің тиімсіз жұмса­луы­на әсер еткен басты фактор­лар қандай? Оның негіз­гі себе­бі неде? Осы  мәселеге жауап із­­­деп көрген едік. Аудит­тік іс-ша­­ра­­лар­­дың не­­гізгі қоры­тын­­дыларына сәй­­­­кес онда қам­тыл­ған аудандар мен об­­­­лыс­­т­ық бас­қар­маларға қа­тыс­­ты де­рек­­­тер­ді сөйлетейік.

Былтыр бюджет қаражатының жұм­­салуы бойынша Әйтеке би, Қар­ғалы, Алға, Темір және Мәртөк аудан­дары мем­ле­кеттік аудит нысанына алынған.

Бұған дейінгі жасалған талдаулар Әйтеке би ауда­нында бюджет қара­жаты есебінен негіз­сіз еңбек­ақы мен жәрдемақы тө­лен­генін айғақ­тай­ды. Сондай-ақ іс­сапар шығын­дарына да артық қаражат жұм­сал­­ған. Мемлекеттік сатып алу нор­ма­лары мен тәртіптері бұзылған. Бе­лг­іленген заңнама талаптарының бел­ден басылуы жергілікті өкілетті орган­дар тара­пынан тиісті бақылаудың жоқ­ты­ғы­нан орын алғаны белгілі болып отыр. Осындай көріністер Қарғалы ауда­нын­да да кездеседі. Ауданның төрт ме­­ке­­месінде миллион теңгеден ас­там жал­­ақы негізсіз төленген. Іссапар шы­ғын­­дарының жай-күйі де осындай. Ай­­талық, Бадамша балалар мен жасөс­пірім­дер спорт мектебінің директоры Рүстем Қопаевқа 230 мың теңге, есепші Оксана Бүркітбаеваға 1 миллион теңгеден астам іссапар қаражаты артық төленген. Миллионнан миллиардтар құралатынын ескерсек, мұны ұсақ-тү­йек деуге болмайды. Сарапшылардың қа­ты­суымен жүргізілген тексерулер кезін­де мұнда Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заң талаптарына қайшы келетін жайттар орын алып, орындалмаған жұмыстарға 6 миллион теңгеден астам қаражат негізсіз төленгені анықталды. Сонымен бірге қаржы бөлімі бойынша коммуналдық меншік құзырындағы мүлікті жалға беру кезінде мүлікті жалдау мен өсімпұлдары бюджетке өткізілмеген. Жергілікті бюджетке берешек болғандардың ішінде басқа емес, аудан басшылары мен өзге де лауазымды тұлғалардың болуын қай қисынға келтіруге болады?!

Ал Алға ауданында кездескен кере­ғар­­лықтарға келсек, тиісті бейіні бойын­ша арнайы педагогикалық білімі жоқ мұғалімдер қызметке қабылданып, сабақ берген. Әдіскер қызметіне үш қайнаса сорпасы қосылмайтындар осын­д­ай штат­қа қабылданған. Тұтастай ал­ған­да, аудан­дағы мектепке дейінгі білім беру ұйым­дарында бюджеттік бағ­дар­ла­ма­лар тиімсіз атқарылған. Аудан­ға қарасты Санбай, Үшқұдық, Қарақұ­дық және Маржанбұлақ ауылдарында құ­рылыс-монтаж жұмыстары бойын­ша орын­далмаған жұмыстарға ақы төлен­ген. Сондай-ақ мұнда техникалық және кәсіптік оқу орындарында мамандарды қайта даярлау ісіне бюджет қаражаттары тиімсіз жұмсалған. Бұған арнайы әзірлік­тен өткен 248 жұмыссыздың тек 12-сі ғана жұмысқа орналасқаны айғақ.

Жергілікті бюджеттерді жоспарлау кезінде оны бюджеттік бағдарламалар әкімшілерімен бірлесе жасаудың пайдасы мол. Әйтсе де, бұл бағытта Темір ауданын­да бірқатар заң бұзушылықтарға жол берілгені анықталды. Мұнда бюджет­тік өтінімдерді толық көлемде әзір­лемеу үрдісі белең алып, оны нақтылай­тын әрі растайтын құжаттардың есеп­тері жа­сал­маған. Әрі бюджеттік бағдарла­малар әкімшілерінің бағдарламалары бекітілмеген. Бұған қоса, тікелей және түпкілікті нәтижелер көрсетілмеген.

Келесі кезекте Мәртөк ауданын­дағы мем­­ле­кеттік аудит тексерулері­нің нә­ти­же­сі туралы айтсақ, мұнда «ҚазТрансГазАймақ» АҚ аудандық бө­лім­­ше­сінің теңгеріміне 9 газ құ­быры­ның берілмегені белгілі болды. Республика­да бұған дейін қабылданған «Бизнес­тің жол картасы-2020» бағдарла­ма­сы­н­ың бір бүйірі бюджет қаражаттары есебінен толығады. Осындай есеппен елдің бар­лық өңірлерінде инфрақұрылым ны­са­н­дары салынуда. Бұл істің бәрі кәсіп­кер­­лік пен бизнесті қолдау үшін жүргізі­ліп жатқаны мәлім. Мұндай қолдау Мәртөк ауда­­нын­­­дағы «Айс» және «РадАгро» ЖШС-ла­рына да көрсетілген. Солай бола тұрса да құрылыстары бюджет қа­ра­­жат­тары есе­бінен жүзеге асырылған төрт инф­ра­құры­лым нысаны қажетті тең­гері­мге алынып, сенімді басқаруға беріл­мей қалған. Мұның соңы бөлінген бюджет қаражатын желге шашу болып шықпай ма?!

Ендігі әңгімені облыс басқарма­ларын­­дағы жағдай туралы жалғастырсақ. Мұн­дағы басты мәселе тиімсіз жоспарлаудан туындайды. Ақтөбе облысының 2015-2017 жылдарға, 2016-2018 жылдарға және 2017-2019 жылдарға арналған бюд­­жетін негізінен бес бағдарлама әкім­ші­лері құрады. Мұндағы тиімсіз жоспар­лау­дың жалпы сомасы 5 миллиард 129 миллион 315 мың теңге болған.

Бағдарлама әкімшілері салықтық және салықтық емес түсімдер мен бюд­жет түсімдерін жоспарлау кезінде өз­деріне жүктелген жауапкерші­лік­ті се­­зін­­бегені өкінішті-ақ. Бұған қоса, не­­­гіз­гі ұстанымдар мен қағидат­тар да ес­ке­ріл­меген. Сондай-ақ салық әлеуе­­тінің көлемін талдау мен ағым­да­ғы жылдың түсімін бағалау жұ­мыс­тары да жүргізілмеген. Соның нә­ти­жесінде жекелеген түсімдер бойынша жоспар болжамы 3 миллиард 277 мил­лион теңгеге төмендетілген. Атап айт­қанда мұндай көріністер облыстағы құрылыс-энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, ауыл шаруашылығы секілді басқар­ма­ларда орын алғанын айта кеткен жөн.

Түйіп айтқанда, Ақтөбе облысы бо­йынша тексеру комиссиясы жүргізген іс-шаралар нәтижесі өңірде Бюджет және Еңбек кодекстері мен мемлекет­тік сатып алу және бухгалтерлік есеп пен қар­жылық есептілік туралы заң талаптары мен осы бағыттағы нормативтік-құқық­тық актілерді бұзу деректері орын алғанын айғақтайды. Оның кей­бір мы­салдары жоғарыда айтылды да. Са­йып келгенде басты себеп – бюд­жет қара­жатын тиімді пайдалану мен жұм­сауға қа­тысты бақылаудың төмен­дігі­нен еке­нін қайталап айтқанның арты­ғы жоқ деп білеміз. Соның салдарынан жоспарлы көлем­дерден ауытқу көріністері белең алған. Даму жоспар­ларына өз уа­қытында өз­геріс­тер енгізілмеген. Екін­ші бір себеп өңір­дегі қаржы-шаруа­шы­лық қыз­ме­ті деңгейінің төменді­гінен туындайды.

Тиімділік қағидаттарын сақтамау көріністері өңірдегі өзгерту тізіміне кіре­тін нысандар құрылысы мен жоба­лау-сметалық құжаттарды әзірлеу ісін­дегі үстірттіктерді ескермеуден пайда болатыны да тәжірибе жүзінде айқын көрінуде. Мұндай жағдайда тікелей және түпкілікті нәтиже де алыстай бер­мек. Осы орайда мемлекеттік аудит барысында Ақтөбе облысының құ­ры­лыс, Сәулет және қала құрылысы бас­қар­­масы мен «Градкомплекс» ЖШС об­­лыс пен Ақтөбе қаласының бас жос­па­ры жобасын әзірлеу кезінде мем­ле­­кет­т­ік сатып алу нормалары мен тәсі­л­дерін дұрыс қолданбағаны, әрі кешен­ді қала құрылысы сараптамасын жүр­гізу жөніндегі келісімшартын не­гіз­сіз жа­сағаны елеулі бұзушылықтың қата­рына жатады.

Тоқетерін айтқанда, облыста бюджет қаражаттарын пайдалану ісіндегі басты кемшіліктер заңнамада белгіленген нор­малардың сақталмауымен байланысты.

Бюджеттік жоспарлаудың бағ­дар­ла­ма­лық құжаттары тиісті мақсат­­тар­ға сәйкес келмеуі де осындай сал­ғырт­тық­­тың салдарынан туындайды десек қа­телесе қоймаспыз. Бұл жөнін­де Ақ­төбе облысы бойынша тексеру комис­сиясының төрағасы Сағат Еңсегенұлы бізге былай деді:

– Аудиттік тексерулер бюджет қара­жа­тын жоспарлау мен тиімді жұмсау ісін одан әрі жетілдіруге байланыс­ты жүргізілді. Аяқталған іс-шаралар­дың қол­­даныстағы заңнама талаптарын сақ­тау­ға, активтерді тиімді пайда­ла­нуға әсе­рін тигізсе, ойға алған мақсаты­мыз­дың орындалғаны. Осы түйінді бюд­жетті жоспарлаудың сапасына қатыс­ты да айтқымыз келеді.

Облыста салықтық әкімшілендірудің тиімді тұстары одан әрі тереңдетілсе – бұл іс салық түсімдерінің қолда бар әлеуетін толық пайдалануға жол аша­ды деген ойдамыз. Бюджеттік бағдар­ла­ма әкімшілерінің заңнама талаптарын толық сақтауының әрі сапасыз бюд­жет­тік жоспарлауға жол бермеуінің қажет­тілігі де осында болса керек.

 

АҚТӨБЕ