• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
01 Тамыз, 2019

Жасанды билет тапшылығымен күрес қарқын ала бастады

342 рет
көрсетілді

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ тарапынан жолаушылар пойыздары билеттерінің жасанды тапшылығын жою туралы тапсырма алған. Бұл жөнінде кеше министрлікте өткен жолаушыларды тасымалдау, автомобиль жолдары және көліктік бақылау саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәселелер кеңесте айтылды.

 – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке теміржол билеттеріне жасанды тапшылықты, әсіресе жазғы кездегі жолаушылар пойызында заңсыз билет сатуды жоюды тапсырған болатын. Бұл негізінен халыққа қолайсыздық туғызып, ішкі туризмді дамытуға кедергі келтіретінін Президент атап көрсетті. Осыған байланысты Қазақстанның Премьер-Министрі Асқар Мамин Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне және «Қазақстан темір жолы» ҰК» акционерлік қоғамына бұл мәселені шұғыл шешу жөнінде тапсырма берді, – деді кеңесті ашқан ИИДМ министрінің орынбасары Берік Қамалиев.

Мемлекет басшысы Үкіметке тап­сырма бере отырып, туиттердегі парақ­шасында «Егеменде» жарық көрген «Қолдан жасалған билет тапшылығы» атты мақалаға сілтеме жасаған болатын.

Сонымен ИИДМ өткізген кеңес жұ­­мысына министрліктің осы сала­ға қа­тысты құрылымдары мен коми­тет­­терінің басшылары, Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жанындағы арнайы мониторингтік топ пен «Адал жол» жобалық кең­се­лерінің мүшелері және облыс әкім­діктерінің, барлық тасымалдаушы­лар мен темір жол мен автомобиль жолына қатысы бар мекемелер мен ұйымдардың басшылары қатысты.

Кеңесте алғашқылардың бірі болып сөз алған «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төр­­ағасының бірінші орынбасары Қанат Ал­­мағамбетов жиналғандарды билет сату жүйесіне енгізілген жаңашыл­дық­тар мен өзгерістерден хабардар етті.

Ұлттық тасымалдаушы компания өкілі жаз мезгілінде пойыз құрамдарына қосымша вагондар тіркелетінін, сұраныс жоғары бағыттарға қосымша пойыздар шығарылып отырғанын айтты. Ал билет сату жүйесіндегі алып-са­тар­­лар­мен күресте шілде айынан бастап енгізілген «Mobius» жүйесіне үміт арта­тын­дықтарын жеткізді. Оның ішінде теміржолшылар «Күту парағы» деп аталатын ілкі қадам билет сату жүйесін делдалдардан тазалайды деп сенеді.

«ҚТЖ» басшылығы жасанды билет тапшылығына көбіне жеке кассалардың қатысы барын және оларға шара қол­дану өз құзыреттеріне кірмейтінін айтады. Бірақ кеңеске қатысқан арнайы мони­то­рингтік топ мүшелері жеке кассалар бақылаусыз қалмауы керек деген пікір біл­діріп, «ҚТЖ» басшылығы да осы уәж­бен келіскендей болды.

Алайда кеңес жұмысына қатысқан Бас көлік прокурорының міндетін атқарушы Жасұлан Еламанов алып-сатарлардың бұл жүйені де айналып өтетін жол тап­қанын мәлімдеді. Прокурорлар бұқа­ра­лық ақпарат құ­ралдарындағы мақала­ларда келтірілген деректер бойынша тек­серу жүргізу барысында Шымкент және Алматы вокзалдарында кассада жоқ би­летті алып-сатарлардың сатып жүрге­нін анықтап, ұсталғандарға шара қол­данған.

– Аталған деректер мақтаулы «Mo­bius» жүйесін де айналып өтіп, қитұр­қылықтарға жол табылатынын көрсетіп отыр. Қазір бұл мәселе зерделеніп жатыр. Алдағы уақытта барлық уәкілетті органдармен бірлесе отырып шара қолданудың амалдарын қарастырамыз, – деді Ж.Еламанов.

Жалпы, ел ішіндегі билет тап­шы­лығы мен жолаушылардың нара­зы­лығы жөнінде қоғамдық бақылау ұйым­дарының өкілдері де өткір сын айтты. Әрине жуырда енгізілген мақ­таулы «Mobius» жүйесіне көлік про­куратурасының өзі күмән келтіріп отырғандықтан, «ҚТЖ» тарапынан вокзалдарға алаяқтарды жолатпау үшін перронға тек билеті бар жолаушыларды ғана өткізудің де қарекеті жасалмақшы.

Осы орайда Қ.Алмағамбетов: «Биыл осы қанатқақты жоба бойынша елордадағы «Нұрлы жол» вокзалы мен Қарағанды вокзалының перрондарына билетсіз адамдардың жақындауына шектеу қойылады. Мұндай бастаманы бұрын да көтергенбіз. Алайда қоғам тарапынан көптеген наразылық болған. Бұл бастаманы құқық қорғау органдары да қолдап отыр. Біз де дұрыс деп санаймыз. Тым болмағанда ірі вокзалдардың перрондарына осындай шектеу қойып бастау қажет», деді.

Қоғамның ықпалымен осындай ілкі қадам жасауға бет алған Ұлттық тасымалдаушы бұл жобаның өміршеңдігі мен күрделі жолын қаншалықты есепке алып отырғаны белгісіз. Өйткені «ҚТЖ» өкілі бұрын да осындай ілкі қадам жасауға оқталғандарымен, прокуратура мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті тарапынан айтылған адамдардың құқықтары мен қозғалыстарын шектеу­ге жол берілмейді деген ескертуден соң, жабулы қазанды жабулы күйінде қалдыра салған.

Ал қазір тек Әкімшілік құқық бұзу­­ш­ы­лық кодексінің 449-бабы – «Қо­ғам­дық орын­дарда тиісу» бойынша ғана жауапқа тар­тылып келген алып-сатар­лардың дәу­рені қашанға дейін созы­лары да бей­мәлім. Бәлкім бұл мәсе­ле билетке сұра­ныс азая түсетін қыс мез­гілінде тағы ұмы­ты­лып кете ме? Бірақ құзырлы орындар Президент тапсырмасын орындауға бел шеше кіріскен тәрізді.

Серік ӘБДІБЕК,

«Egemen Qazaqstan»