• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
01 Тамыз, 2019

Ауған жастары Қазақстанда білім алады

388 рет
көрсетілді

Ауғанстанның 40 әйел азаматы қазан айынан бастап Қазақстанда оқиды. Еуропалық одақ қаржыландыратын бұл бастама БҰҰ Даму бағдарламасы мен «Халықаралық бағдарламалар орталығы» акционерлік қоғамы арасындағы серіктестік аясында жүзеге асырылады.

Шетелдік студенттер биылғы қазаннан оқу жылының аяғына дейін алдымен ағылшын тілінің дайындық курстарынан өтеді. Айта кетейік, оқу статистика (statistics), пайдалы қазбалар өндіру (mining) және ауыл шаруашылығы (agriculture) мамандықтары бойынша ағылшын тілінде жүргізіледі. Ал негізгі оқуын 2020 жылдың қыркүйегінен, яғни жаңа оқу жылынан бастайды. Ауған студенттері Қ.И.Сәтпаев атын­дағы Қазақ ұлттық техникалық универ­ситеті, Қазақ-Британ техникалық универ­ситеті, Қазақ ұлттық аграрлық университеті және Almaty management university сынды респуб­ликамыздағы беделді жоғары оқу орындарына орналастырылады.

Бұл іс-шара БҰҰ Даму бағдарламасы жүзеге асыратын «Қазақстан мен Өзбек­станда білім беру және кәсіби даярлау ар­қылы ауған әйелдерінің экономикалық құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту» жобасы шеңберінде жүзеге асырылмақ. Жобаға қатысатын 50 адамның 40-ы бізде, қалған 10-ы Өзбекстанда білім алады.

Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарлама­сы­ның тұрақты өкілі Якуп Бериш «Еуро­па­­лық одақ ауған әйелдерінің білім алу мүм­кін­діктерін кеңейтуге, оларға және олар­­дың Ауғанстандағы қауымдарына биз­нес жүргізу мен жұмыспен қамтудың жаңа мүм­кін­діктерін құруға көмектесуге арнал­ған жобаға 2 млн еуро көлемін­де грант ұсын­ды», деді. Сондай-ақ ол өз сөзінде халық­ара­лық алмасу бағдар­ламаларын қолдау бойынша ең үлкен тәжірибесі бар Қазақ­­стан­дағы серіктесі «Халықаралық бағ­дар­­ла­ма­­лар орталығы» осы жоба шең­берін­де ауған сту­денттері үшін академиялық орна­ласу мен оқыту үдерісін ретке келтіруге көме­к­те­сетініне сенетінін айтқан. Ал «Халық­­ара­лық бағдарламалар орталығы» АҚ пре­­зи­денті Жанболат Мел­дешов ынты­мақ­­тас­тыққа дайын еке­нін жеткізген. «Жоба­­ның іске асырылуы­на қатысу бізге үлкен абырой. Бұл – Еуроодақ пен БҰҰ Даму бағ­дар­ламасы тара­­пы­нан біл­ді­ріл­ген жоғ­ары сенім. Халық­аралық бағ­дар­ла­малар орталы­­ғы­­ның халықаралық білім беру саласын­дағы тәжірибесі көп. Қазақ­станда Ауғанстан әйелдерінің білім алуы бо­йын­ша бағдар­ламаға құжаттар қабылдау бас­т­алды және 10 тамызға дейін жалғаса­ды. Бір­лес­кен жұмыс оң нәтижелерге алып келеді деп ойлаймын», деді орталық басшысы.

Аталған орталық үміткерлерді іріктеу, тілдік курстарды жүргізу және оқу үде­рісін ұйымдастыру бойынша конкурс өткізуді қоса алғанда жобаның іске асырылуына техникалық, сараптамалық және талдамалық қолдау көрсетеді.

Шетелдік студенттер бакалавриат (4 жыл), магистратура (1 жыл) және кәсіби даярлық (TVET – Technical and Vocational Education and Training) бағдарламалары бо­йынша білім алады. Орталық таратқан ақ­паратқа сүйенсек, TVET бағдарламасы қатысу­шылардың одан әрі қажетті білім мен дағдыларды игеруіне бағытталған бір жыл­дық курстарды ұсынады. Акаде­мия­лық бағ­дар­ламаларға теориялық аспектілерді тере­ңі­нен зерттеу, сонымен қатар өндірісте тәжірибелік дағдыларды алу жатады.

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»