1939 жылы мамыр айында Атырау өлкесінде Қазақстан жазушыларының II съезі қарсаңында облыстық ақындар слеті өтеді. Бұл слет сол кезеңдегі халықтың мәдени өміріндегі үлкен серпіліс еді. Өлкеміздің талантты жастары бас қосқан бұл шараға соғыста хабарсыз кетіп оралмаған жас ақын Далабай Жазықбаевтың қатысқанын атап өтуіміз қажет. Жақында ғана РФ Қорғаныс министрлігі Орталық мемлекеттік архивінен Далабай Жазықбаев туралы мәліметтер табылды. Көптеген еңбекте ақынның туған жылы 1920 жылы деп жазылса, бұл құжатта «...1915 жылы Гурьев облысы, Жилокосинский ауданында туған, 331-атқыштар дивизиясында қызмет еткен» деп жазылған (төменде суреті берілген, реттік саны №22). Бір қызығы құжатты толтырғанда «Жазикдаев Даладай» деп қате толтырылған. Ағайын-туыстары жөнінде інісі Төлеген Құлметеновтің есімі жазылған.
Далабай Жазықбаев туралы көптеген мәліметті Атырау өлкесінің абыз ақсақалы, шежіреші, өлкетанушы Жанаш Нұрмахановтың мақалаларынан анық байқауға болады. Себебі қолға қалам алып, баспасөз бетіне мақалаларды 15 жасынан бастап жариялаған Жанаш ақсақал Жазықбай Далабаев, Хамит Ерғалиев сынды дарындардан ақыл-кеңес алған.
Далабай Жазықбаевтың өлеңдері 1930 жылдары орысшаға тәржімаланып, «Песни народных акынов» атты еңбекте басылады. Шығармашылығына баса назар аударған облыстық атқару комитеті арнайы қаулы шығарып, қамқорлық танытады. Алғашқы өлеңі 1936 жылы 16 жасында басылған. 1937-1939 жылдары «Ақынның шын зәулімі», «Қайғыру», «Доссор», «Құрыш құс», «Жастық серт», «Таң бұлбұлы» сынды өлеңдері республикалық баспасөз беттерінде жарияланады. Әйгілі «Партизан қызы» поэмасы оқырман қауымды тәнті етеді.Орыс ақыны М.Ю.Лермонтов, М.С.Голодныйдың (1903-1949), еврей ақыны Л.М.Квитконың (1890-1952) өлеңдерін тәржімалайды.
Соғысқа 1942 жылдың 7 қаңтарында аттанады. Сағыныш хаттары туған жеріне құс қанатымен келіп тұрды.1942 жылдың 7 қыркүйегінде «...Августың 4-інде ұрысқа араласып едік.Демалмастан осы күнге дейін майданда жүрміз. Қаптаған қалың қауіптің асты. Жеке адам ғана емес, бүкіл Отан басынан кешіріп отырған ауыр күн ғой»... («Дала» деп асығыс қол қойған), деп жазады. Соңғы хат елге 1942 жылдың 11 қыркүйегінде келген. Хатта «...Амандық. Жағдай жеңіл емес. Бұл Отан үшін кешіп жүрген жол тайғақ», деп жазады. Төрт күннен соң, 15 қыркүйек күні Далабай Жазықбаев опат болады (мұрағат деректері – халық қазынасы. – Алматы, 2004, 271-б.)
1940 жылы Алматы шаһарында жазған «Күледі Жайық» деген өлеңінде:
Көк бұйра судың толқыны,
Күй шертеді ғажайып.
Кең өлкенің кербезі,
Жатыр зулап Ақжайық, – деп туған жерінің табиғатын мақтанышпен суреттейді. Иә, ақын жырлаған Ақжайық жастары батыр ақын Далабай Жазықбаевтың есімін ұмытпай, әр кез үлгі тұтуы тиіс.
Әділбек ӨМІРЗАҚОВ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
Атырау