• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Спорт 01 Тамыз, 2019

Толағайлар Таиландта айқасады

403 рет
көрсетілді

Қазақстан ауыр атлетикасының даңқы алысқа тарағанын ешкім жоққа шығара алмайды. Олай деуге негіз, біздің елде мықты бапкерлік мектеп те, жеңіспен өрілген тамаша дәстүр де бар. Тек қана әлем чемпионаты жайында айтар болсақ, қазақстандықтар алғашқы медальдің сыңғырын 1974 жылы естіді. Филиппиннің астанасы – Манилада өткен жарыста Юрий Зайцев қола медальді олжалады. 1976 және 1979 жылдары дәл сол спортшы екі дүркін әлем чемпионы атанса, 1977 жылы күміс медальді мойнына ілді. Ал 1975 жылы Мәскеудегі бәсекеде Василий Мажейков екінші орынды иеленді.

 1980 жылы Мәскеуде алауы тұтанған Олимпия ойындары барысында әлем чемпионатының да жүлделері сарапқа салынды. Сол жарыстарда Виктор Мазиннің мерейі үстем болды. Жерлесіміз қос бірдей додада чемпиондық атаққа қол жеткізді. Осы орайда, тағы бір жайтқа назар аудара кетсек, еш артығы жоқ. 1970 жылы АҚШ-тың Колумбус қаласында үшінші орынды иеленген Давид Ригерт 1971-1978 жылдар аралығында ұйымдастырылған бес бірдей әлемдік додада алтын тұғырға көтерілді. Олимпия ойындарында топ жарып, басқа да аса ірі халықаралық жарыстарда алдына жан салмады. Бұл жігіт бізге де бөтен емес. 1947 жылы Көкшетау облысында туған Давид есейе келе Солтүстік Кавказға, кейіннен Дондағы Ростовқа қоныс аударды.

ХХ ғасырдың сексенінші жылдарының екінші жартысында Анатолий Храпатыйдың дәуірі басталды. Ақмола облысы Атбасар өңірінің тумасы 1986-1990 жылдар аралығында қатарынан бес әлем чемпионатында қарсылас шақ келтірмеді. Ал 1990 жылы Сергей Копытов Будапештегі бәсекеде қола медальді иеленді.

Тәуелсіз Қазақстанға алғашқы медальді сыйға тартқан да Ана­толий Храпатый. Даңқты спортшы 1993 жылы Мельбурндегі жарыста қола жүлдегер атанды. 1995 жылы Гуанжоуда өткен дүниежүзілік додада ол өзінің топтағы әріптесі Андрей Макаровпен бірге тағы да үшінші сатыға табан тіреді.

Осы жарқын жеңістерден кейін отандық ауыр атлетика бірер жыл бойы құлдырау кезеңін бастан кешірді. Сол тұста республикалық федерацияның тізгінін ұстаған Қайрат Тұрлыханов Түркиядан әйгілі Энвер Түркілериді елге шақыртты. Кезінде Болгария мен Түркия ауыр атлетикасының атағы алысқа жайылуына сүбелі үлес қосып, Олимпия ойындарының үш дүркін жеңімпаздары – Найм Сүлейманоғлы мен Халил Мутлуды тәрбиелеген майталман маман артылған сенімді толығымен ақтады. Аз ғана уақыт аралығында Қазақстан әлемдегі көшбасшы командалар қатарына еркін қосылды.

2005 жылы Катардың Доха қаласында өткен әлем чемпионатында 85 кило салмақта сынға түскен 17 жасар Илья Ильин алтын медальді кеудесінде жарқыратты. 2006 жылы Санто-Домингода Сыр бойының саңлағы тағы да теңдессіз өнерімен тамсандырып, алтын тұғырға көтерілді. Бұл жолы ол 94 кило салмақта күш сынасты. Осы қос жарыстың командалық есебінде өз тарихында тұңғыш рет Қазақстан құрамасы үздік бестіктің қатарынан көрінді.

2009 жылы Оңтүстік Кореяның Гоянг қаласында өткен жарыста отан­дастарымыз 4 алтын және 1 қола медальді еншіледі. Ерлер арасында Владимир Седов (94 кг) шашасына шаң жұқтырмаса, Вла­димир Кузнецов (85 кг) қола медаль­ді ием­денді. Әйелдер сайысын­да Зүл­фия Чиншанло (53 кг), Майя Манеза (63 кг) және Свет­лана Подобе­дова (75 кг) алтын­нан алқа тағын­ды. Сөйтіп Қазақ­стан құра­масы жалпы есепте екінші орын­ды иеленді. Алдымызда – Қытай ғана.

2010 жылы Анталиядағы әлем чемпионатының командалық сайысында төртінші орынға тұрақтадық. Алдымызда – Қытай, Ресей және Түр­­кия. Анадолы елінде Майя Ма­­­неза (63 кг) мен Светлана По­до­­б­едова (75 кг) алдарына жан сал­­мады.

2011 жылғы дүниежүзілік доданы Париж қаласы қабылдады. Францияның бас шаһарында Қа­зақстан құрамасы үшінші орынға көтерілді. Бұл жолы да Қытай қар­сылас шыдатпаса, Ре­сей екінші са­тыға жайғасты. Отандас­тарымыз­дың арасынан Илья Ильиннің (94 кг) асқан шеберлігіне төрткүл дүние жұртшылығы тамсанды. 53 кило сал­мақтағы Зүлфия Чиншанло да алтыннан алқа тақты. Ал Майя Ма­неза (63 кг) мен Светлана Подо­бе­дова (75 кг) күміс медальді иеленді.

2013 жылы Польшаның Вроцлав қаласында Алмас Өтешев қола медальді кеудесінде жарқыратты. Осылайша өз есімін ол әлем чемпионатында жүлде алған тұңғыш қазақ ауыр атлеті ретінде тарихта қалдырды. Владимир Седов қолаға қол созды. Олардың екеуі де 94 кило салмақта өнер көрсетті.

2015 жылғы дүниежүзілік доданы Алматы қаласы қабылдады. Даңқы жер жарған Илья Ильин 105 кило салмақ дәрежесіне ауысқанына қарамастан бұл жолы да ол қарсылас шақ келтірген жоқ. Сыр бойының саңлағы төрт дүркін әлем чемпионы атанды. 53 кило салмақтағы Зүлфия Чиншанлоның да мерейі үстем болды. Небір мықты қарсыластарын жолынан ығыстырған ол дәл сондай атаққа үшінші рет қол жеткізді. 94 кило салмақта күш сынасқан Жас­ұлан Қыдырбаев қазақ ауыр атлеттері арасынан шыққан тұң­ғыш әлем чемпионы ретінде өз есі­мін спорт шежіресіне алтын әріптермен жазды. Алатау баурайында өткен сол дүбірлі додада Жазира Жаппарқұл (69 кг) мен Владимир Седов (94 кг) күміс медальді иеленсе, Кирилл Павлов (77 кг) қола жүлдені еншіледі. Нәтижесінде 3 алтын, 2 күміс және 1 қоланы қоржынға салған Қазақстан құрамасы командалық сайыста екінші орынды олжалады. Бірінші орында – Қытай. Олар – 4 алтын, 2 күміс және 5 қоланы қанжығаға байлады.

Одан кейін ауыр атлеттеріміздің біразы «допинг дауына» байланыс­ты үлкен спорттан шеттетілді. Оның кесірі бүкіл командаға тиді. Соның салдарынан Қазақ­стан құрамасы 2017 жылы АҚШ-тың Анахайм қаласында ұйымдас­ты­рылған әлем чемпионатынан сырт қалды. Шеттеу мерзімі 2018 жылы аяқталды. Былтыр Ашхабадта өт­кен әлем чемпионатында Арли Чон­тей (55 кг) күміс және Надежда Лиха­чева (71 кг) қола медальді иеленді.

Тәуелсіздік алған кезеңнен бері Қазақстанның зілтеміршілері әлем чемпионаттарында қоссайыстың қорытындысы бойынша 15 алтын, 7 күміс және 8 қола медальді еншіледі. Барлығы – 30 жүлде. Жалпыкомандалық есепте жер­лестеріміз екі рет екінші (2009, 2014 жылдары), үш рет үшінші (2010, 2011, 2015) орынды олжалап, тағы екі мәрте (2005, 2006) үздік бестіктің қатарынан көрінді. Әрине бұл – орасан зор табыс! Әсіресе 2005-2015 жылдар аралығындағы көрсеткіштеріміз керемет болды. Айтулы онжылдық аралығында Қазақстанның ауыр атлеттері әлем­дегі көшбасшы командалардың бірі болды. Кейіннен «допинг дауына» ұрындық. Талай мықтылар жазаланып, атақ-даңқтарынан айырылды. Бапкерлер мен спортшылардың еңсесі түсті, жанкүйерлердің көңілі пәс болды. Соның кесірінен командамыз қатты әлсіреді. Алайда үкілі үміт үзілген жоқ. Алдағы уақытта отандық ауыр атлетика аяғынан тік тұрып кетеді және де өрендеріміз аса ірі халықаралық додаларда қайта атой салады деп үміттенеміз. Алда – әлем чемпио­наты менмұндалап тұр. Төрткүл дүниенің толағайлары бас қосатын дүбірлі дода 16-25 қыркүйек аралығында Таиландтың Паттайя қаласында өтеді. Сол жарыста жасындай жарқырайық!..

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»