Шілде айының соңғы күндері Шыңғырлау ауданында Батыс Қазақстан облысы өлкетанушыларының көшпелі съезі өтті. Жиынды ұйымдастырған – Шыңғырлау аудандық тарихи-өлкетану музейі.
Шыңғырлау ауданы Ақжайық өңірінде жергілікті туризмді насихаттауға белсене кіріскен санаулы аудан қатарында. Бұдан бұрын Асанқайғы бабамызға ғылыми конференция өткізіп, аудан орталығында ескерткіш орнатқан шыңғырлаулықтар маусым айында «Көне Сегізсай» тақырыбында далалық археологтар симпозиумын, Торыатбасы тауының баурайында «Қазақ даласының ұлы мәдениеті» атты фестиваль ұйымдастырған болатын. «Шыңғырлаудың жеті кереметі» атты жинақ шығарып, өңірдегі өзгеше табиғи көркем мүйістер мен тарихи орындарды тынбай насихаттап жүрген жергілікті азаматтар өлкетанушылар басқосуын да биік деңгейде өткізді. Өңірдегі танымал өлкетанушылар қатысқан көшпелі съезд Шыңғырлау ауданының сакральды нысандарын аралап, өлкетану мәселелерінің проблемалары, шешілу жолдары, оны дамыту мәселелері, киелі орындарды насихаттау және қорғау шаралары талқыланды.
Экспедиция барысында өлкетанушылар Ақтау, Алақантау, Ханшатыр, Торыатбасы, Қылыштау, Қыземшек тауларын көріп, Ақтау және Қыз әулие бұлақтарының суынан дәм татты. Сарқырамаға шомылып, атақты Аққұмның құмын кешті. Емдік-шипалы Соркөл тұзына атбасын тіреп, Шыңғырлау аудандық тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Тілеген Қалиевтің туған жер тарихына қатысты әңгімелерін тыңдады. Сұлу табиғат, тағылымды тарих ешкімді бей-жай қалдырмады. Екі күн ішінде аралап көрген нысандардың қай-қайсысы да арнайы атбасын тіреп келіп, тамаша демалуға таптырмас жер екен.
Шырайлы Шыңғырлауға жасаған сапарымызда ерекше әсер еткен үш нысанға кеңіре тоқталғанды жөн көрдік.
Торыатбасы
Атауының өзі өлеңге сұранып тұрған Торыатбасы тауы туралы осы өңірден шыққан Қаршыға Елемесов былай деп жырлапты:
Торыатбасы – тауың кие,
тасыңда құт,
Еңсеңді баса алмаған жасын-уақыт.
Торыатбасы тұлғаңмен-ақ
тұрғандайсың,
Жер-Ананы Аспан-Көкке
жақындатып!..
Торыатбасы тауының ең биік нүктесі теңіз деңгейінен 212 метр биікте. Шеті мен шегіне көз жеткісіз жалпақ даласы көп Батыс Қазақстан өңірі үшін бұл әжептәуір үлкен тау екендігі сөзсіз. Алыстан ағараңдап көрінетін борлы тау туралы аңыз әңгіме де көп. Олардың бірі Қобыланды батырдан тартса, енді бірі Еділ мен Жайық аңызына апарып тірейді.
– Ел аузындағы әңгімеге қарағанда, баяғыда Еділ мен Жайық деген екі бай бесік құда болыпты. Еділдің баласы ержетіп, ат жалын тартып мінген соң қалыңдығын көруге Жайықтың еліне келіпті. Қайын жұртына жақындаған соң атқосшысын жіберіп, «Екі ақ боз үй тіксін. Біреуін маған арнасын, екіншісін астымдағы атыма арнап тігіп, қос астау қойсын. Астаудың біріне сүт, біріне су құйылсын. Мені ешкім алдымнан қарсы алмасын», дейді. Сөйтіп, өтініші орындалған батыр күйеу күн батып, қас қарайғанда ешкімнің көзіне түспей ауылға жетіп, арғымағын ақ отауға кіргізеді. Екінші үйге өзі түсіп, қалыңдығымен танысады. Сол ауылдағы бір келіншек «күйеудің атының елге көрсетпейтін не кереметі бар?» деп ойлап, бойын қызығушылық жеңіп, арғымақ тұрған үйдің жабығынан сығалапты. Сол кезде арғымақтың қос қапталынан екі қанаты салбырап, жануар бір қанатын сүтке, бір қанатын суға малып тұр екен. Тосын дыбыстан әрі сұқ көзден шошынған тұлпар шыңғыра кісінеп, жан тапсырыпты. Арғымағының дауысын естіп, жанұшыра жеткен күйеу жігіт басын ұстап отыра кеткен екен. Жан серігінен айырылғанына опынып, көп кешікпей құсадан жігіт те қайтыс болыпты. Тұлпарды жерлеген жер Торыатбасы тауы аталыпты. Қосағынан қапияда айырылған қыздың көз жасынан Шыңғырлау өзені пайда болған екен, – дейді ел мен жердің тарихын жатқа соғатын жолбасшымыз Тілеген Қалиев.
«Қарғабойлы Қазтуған» жырында:
Асанқайғы көшкен жер,
Шыңғырлау, Торыатбасы еді.
Қыземшекті Саршоқы
Осы судың қасы еді.
Асанқайғы Туғанның
Бөлінген жері осы еді, деп жырланған Торыатбасы тауы Кеңес өкіметі жылдары жойылып кете жаздапты. Өйткені мал шаруашылығына қажетті құрылыс нысандарын салу үшін Торыатбасы тауын жарып, тау-тасын пайдалану туралы шешім шыққан. Бірақ ауыл ақсақалы Йазит Мәскеуге дейін арыз жазып, Торыатбасы тауының қайталанбас табиғи нысан екендігін дәлелдеп, ақыры сорақы шешімді тоқтатқан екен. «Бірақ таудың әу бастағы ат бейнесі бұзылып кеткен», дейді жолбасшымыз.
Бір қызығы, Торыатбасы мен Қылыштау жоталары қаз-қатар созылып жатыр. Екеуінің арасы жап-жазық, арнайы жасалған алаң дерсіз. Жақында ғана осы Торыатбасы тауының баурайында «Қазақ даласының ұлы мәдениеті» атты фестиваль өткенде, осы алаңқайға киіз үйлер тігіліп, ат ойындары ұйымдастырылыпты. Ал екі қапталдағы екі тау ойын қызығын биіктен тамашалауға таптырмас мінбер секілді. «Шіркін, осы жерге ат бәйгесін, көкпар ойынын немесе қыста қансонар сайысын өткізер ме еді» деп аттандық.
Сарқырама
Сарқырама – адам қолымен жасалса да ғажап әсер сыйлайтын табиғат мүйісі екен. Мұндағы тоған да, «әлемдегі ең кішкентай сарқырама» да Қыз әулие бұлағынан бастау алады. Аңыз бойынша бір үйдің бойжетіп келе жатқан қызы түнде ешкімге білдірмей төсегінен тұрып кетіп, таң алдында тырнағының көбесінен қан тамшылап келіп қайта жатады екен. Байқап қалған ата-анасы соңынан еріп бақыласа, қызы бір жерді тырнағымен қазып жатыр екен. Сол жерден кешікпей бұлақ шығыпты. Ал қыз көп кешікпей дүниеден өткен. Бүгінде жасыл мүйіс, борлы жыныс арасынан шым-шымдап шығып жатқан бұлақтың жоғары жағында темір шарбақпен қоршаулы Қыз әулие зираты тұр. Зират қоршауы түрлі-түсті шүберекке толы.
Қыз әулие бұлағын бөгеп, одан айнадай жалтыраған тоған жасаған Нармағамбет болыс екен деген әңгіме қалған. Нармағамбет Төбетов – тарихи тұлға, заманында көзі ашық адам болған. Табын руының бір бөлігін басқарып, ел-жұртын егіншілікке, бау-бақша өсіруге баулыған. Бүгінде бұл жер жап-жасыл нулы орман, Қарағаш орман шаруашылығы мекемесі болып тұр. Нармағамбеттің өзі Кеңес өкіметі келгенде мал-мүлкін большевиктерге еркімен беріп, қуғыннан аман қалды делінеді. Болыс жан-жағын қоршап, бөгеген тоған суы күнбатыс тұсынан сарқырама болып, кісі бойындай жерден құлап ағады. Аққан су әрі қарай Бұлдырты өзенінің бастауына қосылады екен. Тоған суы мөп-мөлдір, тереңдігі кей жерде 8-9 метрге жетсе де көл түбіндегі қиыршық тас, жүзген балық пен тасбақа аквариумдегідей ап-анық көрінеді.
Сарқырама мүйісі бүгінде Батыс Қазақстан облысының жергілікті маңызы бар киелі нысандары тізіміне енген. Алыс-жақыннан арнайы келіп, тоған басында қона жатып демалушылар да кездеседі. Аптаның жұмыс күні болғанына қарамастан, біз барғанда Ақтөбе облысынан келген екі көлік шатыр құрып, демалып жатты. Келушілер сарқырама аузындағы шағын хауызда суға түседі. Ел-жұрттың пікірінше, бұл судың емдік қасиеті бар. Осы бір көркем мүйістің көңілге ерекше әсер сыйлап, жанға тыныштық беретін құдіретін біз де байқағандай болдық.
Бір тәуірі, Сарқырама басы барынша абаттандырылған, қоқыс жәшіктері қойылған. Шұңқыры тола жаздап, күтімсіздеу тұрғаны болмаса, дәретханасы да бар. Бірақ ХХІ ғасыр «өркениетінің белгісі» – шашылған қоқыс, пластик шөлмек, целлофан дорбалар мұнда да жетіпті. Табиғаттың байлығын пайдаланғанымызбен, қорғауға келгенде самарқаулығымыз басым-ау деп қынжылдық. Ақжайық өңірінде туризмді дамытуға атсалысып жүрген Айболат Құрымбаев «отбасымызбен арнайы келіп, тазалық жұмысын ұйымдастырсақ қайтеді?» деген ұсынысты ортаға тастады. Алла қаласа...
Аққұм
Алмаз ауылына қарасты Сегізсай ауылы жанында алыстан менмұндалап жатқан Аққұм туралы да талай аңыз-әпсана бар. «Қобыланды батыр» жырында Алшағыр ханның ордасы дәл осы Аққұмда болған делінеді. «Хрустальдың ең жоғары түрін жасауға болатын ерекше құмына жапондар қызығып, сұраған екен» деген аңызды ауыл адамдары айтады. Бүгінде ерекше қорғалатын аймақтан Кеңес өкіметі кезінде бұрғы жіберіп, мұнай мен газ да іздеген.
Сегізсай ауылының тұрғыны Серікжан Жалмақов 1979 жылы Алматыдан орманшының оқуын бітіріп келген соң осы Аққұмда 40 жылдан бері қорықшы болып қызмет етеді екен. Ұзындығы 18 шақырымға, енінің кей жері 10 шақырымға дейін жететін Аққұмды әрі-бері талай шарлаған қорықшы бұл өңірдің тылсым оқиғаларын да айтып берді.
– Кеңес өкіметі жылдары осы жерге орыстар келіп, құмның шетін бұрғылады. Бірақ іздеген мұнай да, газ да табылмады. Аяқ астынан мұнарасы құлап, вагонды жапырып тастағанда, бір адам қаза тапты. Сөйтіп кен іздеушілер бір күнде кері көшіп кетті, – дейді Серікжан Нығметұлы.
Шынында да жергілікті халық арасында «Аққұм – киелі мекен, бұл жердің тылсым сыры, қасиеті бар» деген ұғым-түсінік берік орныққан. Осы аймақта болған кейбір оқиғалардың сырын түсіну қиын.
– Алпамыс Тәжекенов деген қария болды, қазір өмірде жоқ. Сол кісі бала кезінде, 1950-жылдары мал бағып Аққұмға шыққан екен. Құм ішіне кіре бере қараса, биік құм шағылдың етегінен кәдімгі есікті байқаған. Ол есікке жақындап баруға, ашып қарауға жүрегі дауаламаған бала шошып кетіп, үйіне жүгіреді. Болған оқиғаны айтып, ересек адамдарды ертіп келгенімен, әлгі есікті таппай қалған. Айнала шағыл-шағыл құм, әлгі есік зым-зия жоқ болыпты. Бұл әңгімені Алпамыс ағайдың өзінен естідім, – дейді қорықшы.
2000-жылдардың басында осы құмның маңында жоғалып кетіп, екі күннен кейін табылған чех азаматы туралы әңгіме де тылсымға толы.
– Біздің Сегізсай ауылының бір қызы Ақсайда қызмет ететін чех азаматына тұрмысқа шыққан екен. Ауылына туыстарымен бірге төркіндеп келіп, Баянас жақтағы ата-баба қорымына зиярат етпек болады. Көлікпен келсе де жолдағы өзен суынан өте алмай, көлікті қалдырып, судан бойлап өтіп, зират басына жаяулап барады. Кейін қайтып келе жатқанда әлгі чех кенеттен: «Зират басында бір кісі қалып кетті, мен барып келейін!» деп кері жүгіре жөнеледі. Жанындағы кісілер көлік жанына келіп, чех күйеуді «қазір келер» деп күтеді. Чехтың жасы алпыстарда екен. Бір қызығы, қолынан дипломат сөмкесін тастамай жүрген, оны тұтқасынан шынжырлап, қолына білезік етіп кілттеп алған. Шамасы, көп ақша болса керек. Әрі-бері күтіп, келмеген соң зиратқа іздеп барса, онда да жоқ. Аяқ астынан жоғалған шетел азаматын ауылдастар, ауданнан келген милиция екі күн іздеді, оған мен де қатыстым. Оның сүйегін екі күннен кейін зираттан талай шақырым жерден таптық. Сөмкесіне ешкім тимеген. Марқұмның зиратқа неге барғаны, неден өлгені жұмбақ болып қалды. Халықтың айтуынша, оны Аққұмның перілері шақырып алып кеткен, – дейді Серікжан аға.
Қорықшының айтуынша, Аққұмда емдік шөптің түр-түрі өседі. Арнайы қорғауға алынғандықтан, аң-құс та жетерлік. Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген алып көртышқан тек осы жерді мекендейді. Қарағай, қайың, көктерек, арша өседі. Мұнда жаздың аптап ыстығында құм бұлауға түсіп, ем алуға болады. Тылсым сыры, көркем табиғаты қатар келген Аққұм да Батыс Қазақстан облысының жергілікті маңызы бар киелі нысандары қатарында.
Түйін
– Екі күндік сапар барысында байқағанымыз, Шыңғырлау ауданында туристік кластерді дамытуға барлық мүмкіндік бар екен. Болашақта осы бастама жүзеге асса дейміз. Өлкетанушыларға осындай игі шараны ұйымдастырушы Тілеген Қалиев бастаған Шыңғырлау аудандық өлкетану музейі ұжымына алғыс білдіреміз, – дейді блогер, Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Сәдір. – Осындай форматтағы шараны облыстың өзге аумақтарында да практикаға енгізу туралы ұсыныс айтамын. Сондай-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қасиетті Қазақстан» базалық бағыты бойынша архивтерден, оның ішінде Ресей мұрағаттарынан өңір тарихына қатысты деректерді іздеуді жүйелі жолға қою қажет. Осы бағытта жергілікті тарихшы-өлкетанушылармен тығыз әріптестік байланыс орнату тиімді.
Әрине, сөз басында айтқанымыздай, ауданда өлкетану бағытында көп жұмыс атқарылған. Аймақтағы араб жазулы құлпытастар жинағы да жарық көрді. «Шыңғырлаудың жеті кереметі» жобасы облыс көлемінде танымал болып келеді. Дегенмен, туризмнің дамуы өңірдің экономикасына, инфрақұрылымға тікелей байланысты. Осы бағытты дамытуға көңіл бөліп, дүркін-дүркін дүбірлі шара өткізіп тұрған аудан басшылары киелі нысандарды абаттандыруды, жол қатынасын жолға қоюды ескереді деген ойдамыз.
Батыс Қазақстан облысы,
Шыңғырлау ауданы