Жақында «Egemen Qazaqstan» газетінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі жазушы-драматург Жолтай Жұмат-Әлмашұлының «Театр – ұлттың ар-ұяты» атты толғанысқа толы сұхбаты жарияланды. Сұхбатта халқымыздың бүгіні мен болашағындағы театрдың алар орны, соған орай өнердің бұл саласын дамытудағы өзекті мәселелер жан-жақты сөз болды.
Жолтай Жұмат-Әлмашұлы әріптесіміз өз сұхбатын «Театр – ұлттың ар-ұяты» деп атаса, біз оны «Театр – ұлттың ұйытқысы» деген пікірмен толықтырғымыз келеді. Яғни қазақ халқының бүгінгі заманға ұлт ретінде аман-есен жетуіне театрларымыз үлкен үлес қосты. Бұл ретте, өткен ғасырдың 50-жылдарынан бастап ежелгі атамекенінде отырған қазақтардың төтенше қиындықтарға кездескені баршаға мәлім. Қазақтың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі ескіліктің қалдығы, мешеулік пен надандықтың көрінісі ретінде бағаланды. Сан ғасырлық тарихы жоққа шығарылды.Тарихи тұлғалары аталмайтын болды. Қазақ тілі ресми қолданыстан шеттетілді.
Осындай кезде қазақтың мүддесін қорғаған – ұлттық әдебиетіміз бен өнеріміз, оның ішінде, әсіресе, театр өнері болды. Яғни сол қиын уақытта қазақтың ежелгі тарихы, шежіресі, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, әні-биі, тұнығы лайланбаған ана тілі қазақ театрларының сахналарынан көрініп, актерлердің аузынан естілді. Халық өз ұлтына деген сағынышын, аңсап іздегенін театрдан тапты. Соған орай, жұртшылықтың театрға деген ынта-ықыласы, құрметі мен қызығушылығы өте жоғары болды. Театрдағы әрбір қойылымда зал көрермендерге лық толды. Олардың басым көпшілігі өнердің қадірі мен құнын білетін, талғамы жоғары зиялы қауым еді. Әрбір жаңа қойылымның қабылдануы сан рет талдау-талқылаудан өтетін. Ал жаз шықса бүкіл театр айлап Қазақстан мен көршілес республикаларды аралап кететін. Жұрт барлық жерде театр артистерін төбелеріне көтеріп, қарсы алатын.
Халықтың театр өнеріне деген мұндай ерекше ынта-ықыласы 80-жылдардың аяғына дейін созылды. Оның шет жағасын Ғ.Мүсірепов атындағы театрда жұмыс істеген кезде біз өзіміз де көрдік.
Ал еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін бұл ынта-ықылас бұрынғыдан да артып, көрермендер қатары әлдеқайда қалыңдай түсуі керек еді. Өйткені бұл кезеңде Қазақстанның түкпір-түкпірінде жаңадан көптеген қазақ театрлары ашылды, театрға арналған әсем ғимараттар бой көтерді. Театр мамандарын дайындау да жүйелі қолға алынды. Театрлар орналасқан қалалық жерлерде қазақтардың саны барынша көбейді. Қазақ мектептері де көптеп ашылды. Міне, осындай жақсы жаңалықтардан кейін қазақ театрларының жағдайы жақсарып, көркемдік деңгейі биіктеп, көрермендерінің көбеюі заңды сияқты еді.
Бірақ өкінішке қарай, бәрі керісінше болды. Қазіргі кезде қазақ халқының өз театрына ықыласы төмендеп, ыстық көңілі бұрынғыдан әлдеқайда суыған сыңайлы. Бұл әсіресе, көрермендер қатарының сиреуінен анық байқалады. Қазір театрға келетін азды-көпті көрермендердің арасынан баяғыдағы зиялы қауымның төбесі де көрінбейді, бірен-сарандары тегін шақыртумен әрең келеді. Ал көрермендердің басым көпшілігі арнайы ұйымдастырылып әкелінген мектеп оқушылары мен студенттерден құралады. Әскери бөлімдердің сарбаздары мен курсанттарын да шұбыртып әкелетін жағдай жиі кездеседі. Мұндай жағдай мәдениеті дамыған елдердің театрларында ешқашан болмайды.
Егер әр театрға жылына қанша қаржы бөлінді, әр жаңа қойылымды дайындауға қанша ақша жұмсалады, қойылым сахналанғаннан кейін қанша билет сатылып, қанша көрермен келді, одан қанша пайда түсті, қанша зиян келді – осының бәрін тайға таңба басқандай есептесек, біздің айтып отырғанымыздың шындық екендігіне оп-оңай көз жеткізуге болады.
Бірақ бұл жөнінде сөз болса, «Театр пайда табатын орын емес, оның басты міндеті – халыққа шынайы өнер туындысын ұсыну» деген сыңайдағы сылтау көлденең тартылады. Бұл пікірмен де келісу қиын. Өркениетті елдердің бәрінде кез келген театр әрбір қойылымға көрерменді көбірек әкеліп, пайда табу, еңбекақы, басқа да қажетті мәселелерді сол арқылы шешу бағытында жұмыс істейді. Тіпті біздің Қазақстандағы жекеменшік театрлардың жұмысы да осыған негізделген.
Осыған орай мына мәселені айта кеткен жөн. «Театр қызметкерлерінің еңбекақысы төмен, актерлер мардымсыз жалақы алады» деген әңгіме жиі сөз болады. Әрине, театр қайраткерлерінің еңбекақысы бүгінгі заманға сай жоғары болуға тиіс. Бірақ ол үшін театрдың жұмысы да соған сәйкес жүргізілуі керек. Ал мұндай талап жүзеге аспай, театрға көрермен келмей, табыс азайып, шығын көбейсе еңбекақы қайтіп жоғарылайды?! Актерлер жақсы айлықты қайдан алады?
Жоғарыда айтылған осы жағдайлар қазақ театрлары үшін бүгінгі таңдағы ең күрделі мәселе – көрермендер екендігін дәлелдейді. Ал сонда көрермендерді қалай көбейту керек? Оның ең басты жолы – тек қана көркемдік сапасы жоғары, халықтың көңілінен шығатын, қызықтыратын пьесаларды ғана сахналау. Егер шығарма бұл талапқа сай келмесе, онда режиссер қаншама жерден жанын салып жұмыс істесе де, актерлер қаншалықты күйіп-жанып ойнаса да одан ештеңе өнбейді. Әрине, мұны театрдағылардың бәрі жақсы біледі. Және мұндай әңгіме көтерілсе, «жақсы пьеса жоқ, жалпы бізде дұрыс драматург болмай тұр» деген сыңайдағы әңгіме айтады. Мен өзім бүгінге дейін 20-ға жуық пьеса жазған адаммын. Олардың басым көпшілігі республикамыздағы қазақ театрларының бәрінде сан рет қойылған, өзбек, қырғыз, ұйғыр, қарақалпақ театрларында сахналанған. Соған орай, мұндай әңгімені талай естігенмін, онша таңырқамаймын. Бірақ мәселе басқада. Әлгіндей әңгіме айтатын театрдағылар қай драматургтің қандай шығармасымен танысқан, ол шығарманың кемшіліктері неде, қайта қарап, жөндейтін тұстары бар ма – бұл жөнінде бір ауыз сөз қозғамайды. Сосын біраз уақыт өткенде өздері пьеса жазып, нағыз драматургия осындай болуы керек деп сахнаға шығарады. Немесе драматургиядан хабары шамалы кездейсоқ біреулердің сапасыз пьесаларын керемет дүние деп мақтап, көрерменге ұсынады. Ал көрермендер мұндай сапасыз спектакльдегі жасанды оқиғалардан, бос, қызыл сөзден әбден жалығып, қойылымның соңына дейін әрең шыдап, сосын театрға енді қайтып келмейтіндей болып, безініп кетеді. Ал театрдағылар болса сосын «өнерді түсінбейді» деп халықтың өзін кінәлайды.
Мұндай жағдай қазақ театрларында 2000-жылдардан басталып, күні кешеге дейін созылды. Қазір де толық жөнделді деу қиын. Оның бәрін қайталап айта беруден де пайда шамалы. Ең бастысы, бұл кемшіліктерден қалай арыламыз? Енді осы жөнінде сөз қозғайық.
Бұл ретте ең алдымен театрларымыздың жұмысын бүгінгі нарық талабына бейімдеп, жаңаша жүргізуді қолға алу керек. Яғни кез келген театр сахнаға жаңа спектакль шығарумен ғана шектелмей, оған көрерменді көптеп жинап, қаржылық жағдайын жақсартуға да айрықша назар аударуы тиіс. Мысалы, жыл сайын бізге Ресейдің түрлі театрлары гастрольдік сапармен келіп, өнер көрсетеді. Міне, сол театрлардың кіру билеттері кемінде 10 мың теңгеден басталып, 30-40 мың теңгеге дейін, тіпті кейде одан да жоғары болады. Яғни Ресей театрлары шетелдегі гастрольдерде міндетті түрде пайда табуды көздейді.
Ал біздің театрлардың гастрольдік сапарлары қалай өтеді? Кіру билеті қаншадан сатылады, қанша көрермен келеді, азды-көпті болса да пайда таба ма, жоқ әлде ең болмаса жол қаржысын да өтей алмай, босқа шығындала ма? Бұл жөнінде ешқандай жерде әңгіме болмайды.
Жоғарыда айтқанымыздай, өркениетті елдердегі театрларда бұл мәселе ең алдыңғы орында тұрады. Мемлекеттен ұшан-теңіз қаржы алып, оны оңды-солды жұмсап, шығынға ұшыраса ешкімге жауап бермей, тып-тыныш жүре беру олардың түсіне де кірмейді. Оларда сахнадағы қойылым көркем туынды ғана емес, халық тұтынатын өнім деген түсінік кеңінен қалыптасқан. Соған орай жұртшылықтың сұранысы, көрерменнің талабы ерекше ескеріледі. Тақырыбы қаншалықты маңызды, көтеретін проблемасы қандай үлкен болса да, көркемдік сапасы төмен, көзіқарақты көрерменнің талап-талғамына сәйкес келмейтін шығармаларды ешқашан сахналамайды. Тіпті бұл жөнінен Қазақстандағы орыс театрларының да ұстанымы мен талғам-талабы әлдеқайда жоғары. Бұл театрларда шынайы кәсіби драматургтердің алдын ала талдау-сынақтардан өткен белгілі шығармалары ғана сахналанады. Соның нәтижесінде орыс театрларының тұрақты көрермендері айтарлықтай мол.
Біздің қазақ театрларының жұмысы да осы бағытта жүруі керек. Ал сонда көрерменді көбейтудің жолы қандай? Бұл мәселе біз айтпасақ та түсінікті – театр сахнасына алдын ала сараптаудан өткен, көркемдік сапасы жоғары туындыларды ғана шығару керек. Бұл ретте өркениетті елдердің тәжірибелерін пайдаланған жөн. Мысалы, Ресейде Мәдениет министрлігі талдаудан өткізіп, қабылданған пьесалар ғана сахнаға жолдама алатыны баспасөзде жарияланды. Еуропаның біраз елінде шетелдік авторлардың пьесасын қою үшін тиісті орындардың арнайы рұқсаты керек. Қазақстан да осындай мәселелерді қолға алғаны жөн. Әрине, біздегі театрлардың репертуарға пьеса таңдауына еркіндік берілген. Бірақ мұндай еркіндік мемлекет қаржысын босқа шашып, халық керек етпейтін, сапасыз шығармаларды сахналай берсін дегенді білдірмейді.
Осыған орай, болашақта Қазақстанда сахнаға шығатын жаңа пьесалар алдын ала бейтарап сарапшылар мен театр сыншыларының талдау-талқылауына салынып, жетістіктері айтылып, кемшін тұстары жетілдіріліп, сахнаға содан кейін ғана жолдама алғаны жөн. Мәдениет және спорт министрлігінің жанында Театр өнері жөніндегі кеңес бар. Кеңестің мүшесі ретінде мұндай басқосуға біз де бірнеше рет қатыстық. Сонда байқағанымыз, кеңестің жұмысы негізінен театрлардың алдағы жылдардағы репертуарына кіретін пьесалардың тізімін талқылауға ғана арналады. Ал пьесалардың көркемдік сапасы қандай, көрермендер көңілінен шығатын дүние ме деген мәселе мүлдем сөз болмайды. Тізімдегі жаңа пьесалардың ешқайсысын да қолына ұстап, оқып көрмеген кеңес мүшелері бұл жөнінде нақты пікір айта алмайды. Яғни, бұл кеңестің репертуарға ең таңдаулы, сапалы пьесаларды қосуға ешқандай ықпалы жоқ. Алдағы уақытта осы мәселені бір жүйеге түсіріп, реттесе дұрыс болар еді.
Жаңа пьесаларды қазіргі заманға сай қаламақы төлеп, сатып алуды да реттеу керек. Бұған қазір толық мүмкіндік бар. Осыдан екі жылдай бұрын «Мәдениет туралы» заң «әдебиетті сатып алу және тарату» деген терминмен толықтырылған еді. Соған орай Мәдениет және спорт министрлігі «Әлеуметтік маңызды әдебиетті сатып алу, шығару және тарату» атты арнайы бағдарлама қабылдады. Осындағы «сатып алу және тарату» драматургиялық шығармаларға тікелей қатысты. Өйткені министрлік жаңа пьесаларды сатып алады, сосын репертуарлық басқарма арқылы театрларға таратады. Мәдениет министрлігі 90-жылдарға дейін жаңа пьесаларды сатып алып, таратуды осындай жолмен жүргізіп келген. «Мәдениет туралы» заңға сүйене отырып, министрлік сол тәжірибенің бүгінгі заманға сай жаңа үлгісін жасауы керек. Заңға «әдебиетті сатып алу мен таратуды» енгізуге Нұрлан Оразалин бастаған драматургтер ерекше ықпал еткен еді. Енді сол жаңалықтың игілігін көруден драматургтер сырт қалмауға тиіс.
Жалпы алдағы уақытта бұл мәселенің нақты бір жүйеге түскен анық ереже-тәртібі жасалып, бекітілуі қажет. Яғни жаңа пьесаны министрлік немесе театр сатып алғанда қаламақы қалай төленеді, айырмашылықтары, мөлшері қандай болады – осының бәрі нақты, ашық көрсетілуге тиіс.
Пьеса сахнаға қойылғаннан кейін, билет сатудан түскен қаржының тиісті бөлігі драматургтерге қалай бөлінеді, бұл жөніндегі театрлар мен авторлар қоғамының міндеті, жауапкершілігі қандай болады – мұның барлығы да заң негізінде бір жүйеге түсірілгені жөн.
Театрларымыздың болашағы жаңадан келетін жас толқынға қамқорлық жасап, қолдау көрсетуге тікелей байланысты. Мұндай қамқорлық жас драматургтерге де өте қажет. Бүгінгі таңда жас драматургтерді дайындау Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университеті мен Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына жүктелген. Бұл оқу орындарында болашақ драматургтерге Әкім Тарази, Дулат Исабеков, Смағұл Елубай, Роза Мұқанова сынды көрнекті қаламгерлер ұстаздық етеді. Біз де біраз жылдан бері осы ұстаздардың қатарындамыз. Осыған орай, қазақ театрларын жақсы, сапалы шығармалармен қамтамасыз ететін жаңа толқын өсіп келе жатыр деп толық сеніммен айта аламыз. Мысалы, менің алғашқы шәкірттерімнің бірі – Айдана Аламанның «Жүрегімнің иесі» пьесасы М.Әуезов атындағы театрда қойылып, көрерменнің көңілінен шықты. Әлішер Айтуар, Мерей Қосын, Нұржайна Жұмәділлаева, Тұрсынбек Кешубай, Ақмарал Әбдіхалық, Мәдина Төле сияқты шәкірттерім де аз уақыттың ішінде шығармашылық жетістіктерімен көрініп, түрлі бәйгелерге ие болды, бірнеше театрларда шығармаларын сахнаға шығарып үлгерді. Ал осы академияның түлектері Әннас Бағдат, Қолғанат Мұрат та қазір танымал драматургтер қатарында. Біз ұстаз ретінде осы шәкірттеріміз бен басқа да дарынды жастардың жаңа туындылары дер кезінде сахнаға шығып, көрермендермен көбірек жүздесе берсе екен деп армандаймыз.
Сөзімізді түйіндей келе айтарымыз – біздің жоғарыда айтқандарымыз шешілуі қиын аса бір күрделі мәселелер емес. Тиісті заң-ережелерге сүйене отырып, бір жүйеге түсірілсе, барлық мәселе өз орнына келіп, ұлттық театрларымыз дамудың жаңа белесіне көтеріле беретіні анық.
Соған орай, Мәдениет және спорт министрлігі алдағы уақытта бұл мәселеге айрықша назар аударып, қажетті іс-шараларды қолға алады деп сенеміз. Бұл ретте Қазақстан Үкіметі де министрліктің Қазақстандағы бүкіл театрларға шығармашылық жөнінен бағыт-бағдар беріп, ықпал жасау мүмкіндігін қазіргіден әлдеқайда кеңейтеді деген де үлкен үмітіміз бар.
Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ,
Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург
АЛМАТЫ