• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Тарих 07 Тамыз, 2019

«7 тамыз» заңы: алғышарттары, себептері мен қасіретті зардаптары

1722 рет
көрсетілді

«7 тамыз» заңының алғы­шарты ретінде БК(б)П ОК Саяси Бюросының 1930 жылдың 30 қаңтарындағы «Жаппай ұжым­дастыру аудан­дарын­дағы кулак шаруа­шы­лықтарын жою туралы іс-шараларында» қарас­ты­рылған мәселелерді айта аламыз. Ол бойынша жер бөліктерінің, ауыл шаруашылығы жайы­лым­дарының, малдың, құрал-жабдықтардың, шаруашылық құры­лыс­тарының қоғам­дас­тырылуы ауыл шаруа­шы­лығын өркендетудің жал­ғыз дұрыс жолы ретінде қабылданды.

Дәл осы қаулыда «…ұжым­­дық қозғалыстың дамуын трак­торлар мен күрделі ма­ши­­налардың жетіспеуіне бай­ланысты тежеудің барлық әре­кет­теріне қарсы қатаң кү­рес­тің қажеттілігі» айтылады. Тиі­сін­ше, тура Қазақстан бо­йынша концлагерьлерге 5-6 мың адам­ның қамалып, 10-15 мың адамның жер аударылуы қарас­тырылды. Бір мезетте осы арада Қазақстанның әртүрлі аймақ­та­ры мен республиканың сыртына 20-25 мың кулактардың семьяларын жер аудару көр­се­­тілді. Қазақстанда, елдің басқа да аудандарындағы сияқ­ты, әкімшілік орталықтың нұс­қау­ла­ры барынша ыждағат­ты­лықпен орындалды-респуб­ликадан тыс аймақтарға 6765 адам жер аударылды, ал басқа аудандардан келгендердің саны 46091 отба­сын немесе 180015 адамды құрады.

Дегенмен, қарастырылып отырған мәселенің орындалуы, әсіресе көшпелі тұрмыстағы мал шаруашылығы аудан­дарын­да қиын болды. Мұнда оты­рықшылдану жаңа ғана өріс­тей бастаған 1929 жылға қарай 50 мыңнан сәл астам көш­пелі қожалық орналастырыл­ды, бұл олардың жалпы саны­ның 7,5 па­йызы болатын. 1930 жылы тағы 84340 қожалықты отырықшылыққа көші­ру көзделді. Ал бұл ұжымдастырудың жоспар­лан­ған қарқыны үшін аздық етті. Голощекин мұны да, сон­дай-ақ патриархалдық-ру­лық қатынастар әлі жойылып болмаған ауыл, жалпы демократиялық өзгерістер кезе­ңін бас­тан кешпей тұрып егін­шілікпен айналысатын ко­опе­ративтік шаруашылықтың жо­ға­ры формасы – колхоздарға бір­ден көше алмайтынын да түсінді.

Бірақ Голощекин Сталиннің дегенін мәймөңкелікпен орындаушы болды. Мұны аталған науқан кезіндегі келесі динамика да анық көрсеткендей.1930 жылы отырықшылыққа 87136 шаруа­шы­лық көшсе, 1931 – 77508, 1932 – 77674, 1933 – 242208. Іс жүзінде отырықшылыққа көшу белгілі бір жерлер мен пункттерді таңдаумен, бұрыннан бар отырықшы қоныстардың негізінде немесе соның жанынан орын табу арқылы жүргізілді. Осы бастама бойынша КСРО-ның орталық аудандарынан жиырма бес мың­шыл­дықтардан 1204 адам, Қазақ­стан қалаларынан 8 мың жұ­мыс­шы, олардың түсінігіндегі «еуропалық типтегі поселкелерге» қоныстандырылды – олардың киіз үйлері дұрыс квадраттармен орналасып, орыс деревнясының кейпіне келтірілді.

Экономикалық мағынада шаруа­­шылықтың жаңа формалары мен түр­ле­рін іздестіру мынадай іс-шаралармен «тек мал шаруашылығымен шұ­ғыл­данатын қазақ аудандарына дәндік дақылдарды, бақша өнімдерін егуді ендіру», бұл үшін осы аудандарды қа­жетті тұқымдармен, қарапайым ғана ауыл шаруашылығы құрал-жаб­дық­та­рымен қамтамасыз етіп, онда аздаған мелиоративтік жұ­мыстар жүргізілуі тиіс болатын.

Өкінішке қарай, большевиктер шаруашылық түрін, топы­рақ-климат жағдайын ес­кер­местен, отырықшы ауыл шар­уа­­шылығын қоғамның эконо­микалық ұйымдасуының жоғары сатысы деп түсінді. Қазақ дала­сы­ның жағдайында қысқа мерзім ішінде мал шаруа­шы­лығымен айналысудың дәстүрлі әдістерін отырықшы шаруа­­шылыққа ауыстыру әреке­ті эко­но­микалық ессіздік еді. Әрине, осының салдарынан жедел қарқынмен құрылған мал шаруашылығы аудандарындағы колхоздарда мал өсімі барынша төмен­деп кеткені де шындық. Жеке қолдан қоғамдастырылған түсі­нік­сіз ұйымға малдарын өткізгісі келмеген бақуат шаруалар, олар­ды сатып, со­йып немесе туысқандарына уақытша үлес­ті­ріп ту-талапайын шығарды. Осындай аласапыранда, ауыл тұрғындары едәуір бөлігінің қалаларға немесе бес­жыл­­дықтың екпінді құрылыстарына жан бағу үшін көшіп кетуі нәтижесінде, колхоздар жұмысшы қол­да­рын­сыз қалды. Жан-жақты жүргі­зілген есептеулер зұлмат жыл­да­рын­дағы аштық пен оның ауыр салдары – іш сүзегі эпидемиясынан опат болғандардың саны 1млн 750 мың адамға жеткендігін көрсетеді, бұл республикадағы барлық қазақ халқының 42%-ы болатын.

Әрине, осылай қазақ даласына келген ашаршылықтың жантүршігерлік көрінісін Голо­ще­кин өзі жіберген жергілікті жерлердегі уәкілдері арқылы жақсы біліп, одан толық хабар­дар болып отырды. Әйтсе де, өзінің қандықол саясатын бір сәтке де тоқтатқан жоқ. Осылай, бес жыл ішінде,1929 жылдан 1933 жылдарға дейінгі аралықта ҚазАКСР-нің БМСБ ТУ (Бір­лес­кен Мемлекеттік саяси бас­қар­масының Толық өкілетті Уә­кіл­дігі) үштіктері 9085 істі қарап, 29333 адамға қатысты шешімдер қабылдады, олардың ішінде ең жоғарғы жазаға 3386-сы ілігіп, концлагерьлерде 3 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге 13151 адам қамалды.

Ал 1932 жылдың 7 тамы­зын­дағы «Мемлекеттік кәсіпорын­дар­ды, колхоздарды және кооперацияларды қорғау және қоғамдық (социалистік) меншікті нығайту туралы» заң бойынша 33345 адам сотталып кеткен еді. Халық арасында «үш түйір дән» туралы заң ретінде қалыптасып кеткен құжаттың шығу себебінің аш халықты көз алдындағы аздаған нәпақадан айыруға негізделгені анық болатын.

Голощекиннің Қазақстаннан кері қайтуы да осы заңға қатысты оқиғамен орайлас келіп, Торғай және Шу аудандары бойынша «көшпелі және жартылай көшпелі қазақ халқына берілетін мемлекеттік азық-түлік жәрдемі мен тұқым саудасын жаппай ұрлық пен талан-таражға салғаны үшін, сондай-ақ колхоз малы мен астығын ұрлағаны үшін «7 тамыз» заңымен (ішінде ауком хатшылары, ауатком төрағасы, колхоз председателі, қойма мең­ге­рушісі бар) он шақты адам­ның төртеуін ату жазасына, қалғанын он жылға бас бостандығынан айыруға кескен үкімді республика Жоғарғы соты бекіткен еді.

Осындай асыра сілтеу­ші­лік­­тің құрбандарының бірі болған, азамат Бекболатов Ха­мит­­тің 1932 жылдың «7 тамыз» заңы бойынша айыптау ісімен таныса отырып, мынаны анықтадық: Бекболатов Хамит 1909 жылы Пішпек қаласында кедей отбасында дүниеге келген. Партияда жоқ. Сотталғанға дейін Ақыртөбедегі интер­натта шаруашылық жөнін­дегі меңгеруші болып істе­ген (10/ІХ-20/ХІ 1934ж). Бұрын сотталмаған. Тек 19/ХІ 1934 жылы ауаткомдағы мәжілісте интернаттағы жағ­дай­ды толық тексеріп шығу туралы қаулысынан кейін, өзін­де­гі жетпеушілікті (растрата) анықтайтын болды деген қауіппен 20/ХІ -34 күні ешкімге айтпай Ташкент қаласына қашып кеткен.

Осы орайда интернаттағы тәрбие­ленушілерді азық-түлік­пен қамтамасыз етуге арналған қордың жымқырылуына байланысты осы интернаттың дирек­торы Дувановқа, оның оқу ісі жөніндегі орынбасары Хусаи­нов­қа да қарсы қылмыстық іс қозғалғандығын айта кету керек. Олардың біріге отырып, 177 кг вермишельді, 200 кг макаронды, 75 кг қантты, 280 кг сары май мен 40 кг өсімдік майын «жеп» қойғандығын, сонымен қатар сойылған 2 сиыр етінің ізім-қайым жоғалғандығын, азамат Бекболатовтың райфо-дан 900 сомға сатып алған 13 шошқасының еті де балаларға бұйырмағанын, мұның үстіне 728 метр көйлек-көншектік матаның да тәрбиеленушілердің көзінен бұл-бұл ұшқанын тәптіштеп хаттамалаған Әулиеата ауданының халық тергеушісі Сычев өзінің қаулысында: Дуванов пен Хусаиновтың қашып кетуіне байланысты іздеу салынып, оларға қатысты қылмыстық істің тоқтатылғанын, ал Бекболатовтың ісінің сотқа жіберіл­гендігін айтады. Аудан­дық прокурор Сенников санкция берген бұл қылмыстық істің сотқа дейінгі кезеңін саралай отырып, мынадай жағдайларға мән беруге болады.

Біріншіден, интернатта істеген 1,5 ай шамасында Бек­болатовтың жоғарыда көрсетілген «ішіп-жеуге» қатыс­тылығы шамалы екендігі даусыз. Дегенмен айып­тау қорытындысы бойынша оған 5100 сомды талан-таражға салғандығы мойнына артылып,  ісі жеке-дара сотқа өтеді. Екіншіден, сенімхат арқылы аудандық қаржы бөлімінен алған 900 сомды интернаттың шаруашылық меңгерушісі әрине бастығы Дувановқа апарып береді. Үшіншіден, қазына бөлген ақшаға сатып алынған 13 шошқаның қызығын мұсылман емес директор мен оның жа­қын­­дарының көруі әбден ықти­мал. 

Бұл орайда мән берерлік тағы бір жайт, тергеушілердің Бекболатов Ташкентте бой таса­ла­ған тұрақты дәл басып табуы. Осындайда, «қашып кеткен» Дуванов пен Хусаинов өздері алыс кетпей, Ташкентте қалып, босбелбеу Бекболатовтың құқық қорғау органдарына ұс­талуын әдейі ұйымдастырды ма деп те ойлайсың. Қоры­тын­дысында, 1935 жылдың 29 тамы­зындағы Әулиеата ауданы 8-ші бөлімшесінің халық соты Авер­киев­тің төрағалығымен өткен сот мәжілісінде, интернаттың директоры Дуванов пен оның оқу ісі жөніндегі орынбасары Хусаинов аман қалып, Бекболатовқа 10 жыл бас бос­тан­дығынан айыру және мал-мүлкін түгелдей кәмпескелеу туралы үкім шығарылады.

Дәл осындай үкімді атал­ған Әулиеата ауданы 8-ші бөлім­ше­сінің халық соты Гриневич Михаил Вла­ди­ми­ро­вичке де қатысты шығарған еді. Әйтсе де 1934 жылдың 21 қаңтары мен 26 шілдесі аралығында қала маңындағы кеңшарда (совхозда) қоймашы болып істеген Гриневичтің қолдаушылары көп болып шықты. Палюкович деген жанашыры Гриневичті тамыздың 11 күні-ақ кепілдікке босатып алады. Сот болған 1934 жылдың 19 қыркүйегінен кейін бәрі бірігіп облыстық сотқа кассациялық өтініш түсіреді. Оның ұзын-ырғасы мынау: Гриневич ешқандай қылмысқа бармаған. Оның айтуы бойынша 6 ай жұмыс істегенде оған ешқандай жалақы төленбеген. Сондықтан отбасын асырау үшін ол 8 пұт астық алып, қаладағы анасына біраз астық апарып берген, 2 пұт астықты арбакешке берсе, дәл осындай астық жолда жоғалған. 9 кг шошқа еті, 17 кг ұн, 4 кг пісірілген нан да осындай тізімге кірген. Осылай, өзінің «жегендерін» тізімге салып, есептеген Гриневич өз кезегінде кеңшарды өзіне қарыз етіп қояды. Ең қызығы осы өтінішті қараған ОҚ облыстық сотының 1-ші сот алқасы 1934 жылдың 24 желтоқсанындағы үкімімен (төрағасы Мұхамеджанов, мүшелері Есенов пен Владимиров) Гриневичтің жазасын 3 жылға дейін төмендетеді.

Құжаттарда аталған азаматтардан басқа, 1932 жылғы «7 тамыз» заңы бойынша сотталған: Ысқақов Оспан, Көшеров Дәулет, Байбеков Аязбек, Мырзақұлова Алуа, Саймұратов, Сивашов, Тілегенов, Тихонов, Исмайлов, Көшенов, Райсов, Шубашев, Досжаев, Қамұрзақов, Есдаулетов, Терновой, Дәрменқұлов, Хасенова Салима және басқалары туралы мәліметтер де бар.

 

Сейдахан Бақторазов,

М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты