• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Үкімет 09 Тамыз, 2019

Ауылдар ахуалы жақсара түседі

664 рет
көрсетілді

Үкіметте өткен баспасөз конференциясы барысында Ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысов ауылдарда тұрмыс сапасын арттыру және жоғары білікті мамандарды тарту шаралары туралы айтып берді.

Ұлттық экономика министрлігінің де­рек­тері бойынша, қазіргі таңда елімізде 18,4 млн шамасында адам бар, олардың ішінде қала тұрғындары – 10,7 млн адам, ауыл тұрғындары – 7,7 млн адам. Ауыл халқының саны 42%-ды құрайды.  

Е.Алпысовтың айтуынша, жаңа өңірлік саясатқа сәйкес Өңірлерді дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы әзірленді, бұл басқарылатын кентке айналу арқылы халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға және өңірлердің экономикалық бәсекеге қабілеттігін арттыруға бағытталған.

«Кентке айналу мәселелерімен қатар, мемлекеттік бағдарламада жаңа шаралар қарастырылған. Бұл – «Ауыл – ел бесігі», ірі қалалардың төңіректерін дамыту жобаларын іске асыру және Өңірлік стандарттар жүйесін енгізу», деді Е. Алпысов. 

Алдағы үш жылда «Ауыл – ел бесігі» жобасының іс-шараларына республикалық бюджеттен 90 млрд теңге, оның ішінде 2019 жылы 30 млрд теңге бөлінді. Сонымен бірге жобаны жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен шамамен 4,7 млрд теңге бөлінді.

«Биыл 700 мыңға жуық адам тұратын 53 ауылды елді мекен таңдалды. 2019 жылы жұмыстар үлкен ауылдық елді мекендерде –  халқы көп аудан орталықтарында жүргізіледі, онда жинақталып қалған өткір инфрақұрылымдық проблемаларды тез арада шешу қажет», деді ол.

Жобаны іске асыру қорытындысы бо­йынша 2019 жылы 4673 жаңа жұмыс орны құрылады, 73 мектеп пен балабақша, 14 емхана, 47 мәдениет үйі мен спорт нысандары жөнделеді, 13 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 13 абаттандыру нысанының құрылысы басталады. Сондай-ақ 516 км жол, 35 км сумен жабдықтау желісі, 229 км электрмен жабдықтау (жарықтандыру), 136 км газбен жабдықтау, 20 км және 6 жылумен қамтамасыз ету нысандары жөнделіп, салынады.

«Келесі жылдан бастап кластерлік тәсілді енгізуді көздейміз, онда ауылдық елді мекендер жекелеген топтар – кластерлер құру (тірек ауылдан 10-15 шақырымдық радиус­та) арқылы қарастырылатын болады», деді Е.Алпысов.  

Мәселен, Шортанды ауылы жақын ор­наласқан ауылдар үшін тірек ауыл болып саналады. Аталған ауылдардың халқы үшін барлық әлеуметтік игіліктер мен қызметтер тірек ауылда ұсынылады. Көлік байланысы орнайды.

«2025 жылға дейін 6,6 млн ауыл тұрғынын жақсартылған инфрақұрылыммен және әлеуметтік игіліктермен қамту жоспарланған», деді вице-министр.

Алдын ала деректер бойынша, 3477 ауылдық елді мекенді біріктіретін 1150 ауылдық кластер, оның ішінде 1150 тірек ауыл, 2327 спутниктік және шекара маңы ауыл­дары бар.

Баспасөз конференциясында «Дипломмен – ауылға!» жобасын іске асыру қорытындылары мен тетіктері туралы айтылды. «Дипломмен – ауылға!» жобасының негізгі мақсаты – ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, бі­лім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәде­ниет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы дипломы бар мамандарды ын­таландыру. Жоба аясында 100 АЕК немесе 252500 теңге мөлшерінде көтерме жәр­демақы төлеу түріндегі әлеуметтік қолдау ша­ралары қарастырылған. Әлеуметтік қолдау шараларының қатарында тұрғын үй алуға 1500 АЕК немесе 3 787 500 теңгеден аспайтын мөлшерде бюджеттік несие қарастырылған.

«Дипломмен – ауылға!» жобасын жүзеге асыру кезеңінде 60 мыңнан астам маманға 7,4 млрд теңге көлемінде көтерме жәрдемақы берілді, ал 27,5 мыңнан астам маманға тұрғын үй сатып алуға 70,6 млрд теңге бюджеттік несие берілді. 2019 жылы 1,3 млрд теңгеге 7176 маман көтерме жәрдемақы алады. 3908 маманға 14,8 млрд теңге көлемінде тұрғын үй алуға несие беріледі.

Е.Алпысов «Дипломмен – ауылға!» жобасын іске асырудың тиімділігін арттыру мақсатында соңғы 10 жыл ішінде заңна­малық және нормативтік акті­лерге белгілі бір өзгерістер енгі­зілгенін атап өтті. Сонымен 2011 жылы тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несие мөлшері 630 АЕК-тен 1500 АЕК-ке дейін ұлғайтылды. 2012 жылдан бастап әлеуметтік қолдау шаралары ветеринария мамандарына, ал 2014 жылдан бастап агроөнеркәсіптік кешен мамандарына ұсынылды. Бүгінде ауылдық жерлерде жұмыс істеуге және тұруға келген мамандарды ынталандыру және ұстап қалу бойынша жобаның негізгі мақсаты толықтай орындалып жатыр.

Өз кезегінде, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ басқарушы директоры Думан Оспанов «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» 2010 жылдан бастап аталған жобаның басты операторы екенін айтты.  Қор содан бері ауылда 28 753 маманды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында 75 млрд теңге берді. Бүгінге дейін бұл мамандар баспанамен қамтамасыз етілген.

Д.Оспановтың айтуынша, бұл несиені беру туралы түпкілікті шешімді жергілікті атқарушы орган қабылдайды. Атап айтқанда, әкімдіктер маманның талаптарға сәйкестігін қарастырады және олардан қажетті құ­жат­тарды қабылдайды, кейін оларды Ауыл ша­руашылығын қаржылай қолдау қорына тапсырады. Қордың негізгі қызметі – несиенің уақытылы өтелуін бақылау және мониторинг жасау.