• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
19 Наурыз, 2010

ТАРИХИ ТҰЛҒАЛАР ӨМІРІН ЭЕРДЕЛЕГЕН

1291 рет
көрсетілді

Нағашыбек Капалбекұлының барлық шығармаларын түгел оқыдым деп айта алмай­мын. Алғашқы әңгімелер жинағы “Еңлікгүл” деген атпен “Жалын” баспасынан 1980 жылы шыққан болатын. Араға 5 жыл са­лып “Дос жүрегі”, тағы бір жылдан кейін “Қызыл елік” атты жи­нақ­тары шықты. Содан бері “Махаб­батсыз өмір жоқ”, “Бойтұмар”, “Жерошақтың түтіні”, “Біздің ауыл тау жақта”, “Құт пен жұт”, “Ақ шы­мылдық” сияқты повес­тер мен әң­гімелер жи­нағы бірінен кейін бірі дүниеге келіп жатыр. Әрбір шығарма­сы­нан кейін жазушының шебер­лі­гі шыңдалып, өрісі кеңей­іп, тілі бай­ып, дүниета­ны­мы терең­дей бастағанын бай­қай­сың. Әңгімелерінің сюжеті де, кейіпкерлері де өмірдің өзінен алынған, өмірде бо­лып жатқан құбы­лыс­тар асқан шебе­рлікпен суреттеледі. Нағашыбектің әңгімелерінің тақырыбы алуан түрлі. Ешкім аттап өте алмайтын ма­хаб­баттан бастап, отбасындағы психоло­гия­лық ахуал – жұбайлардың ара-қатынасы, балалы болу, ұрпақ өсіру, әке мен бала арасы, сала­мат­ты өмір салты сияқты өзекті тақырыптарды қам­ти отырып, қазіргі қазақ ауылының жай-күйі, өзіміз өмір сүріп жат­қан қоғамның әлеу­меттік тынысы туралы да тереңнен сыр шер­теді. Әңгімелерінің ұтым­ды тұсы – олар ел арасында кең тара­ған нақыл сөздерге, мақал-мәтелдерге өте бай. Автор оларды өте орынды қолдана біл­ген, дер кезінде және керек кейіпкерінің аузына салады. Жалпы, автордың әңгімелерін оқып оты­рып, оның қысқа да нұсқа әңгіменің шебері екеніне көзің жетеді. Бұл менің На­ғашыбектің жазушылық бір қыры жөніндегі пікірім. Ал мені оқырман ретінде өзіне тәнті еткен жазу­шының екінші қыры – тарихи тұлғалар туралы шығармалары. Нағашыбектің кітаптарының тең жар­ты­сы осы тұлғаларға арналған. Ал тоқсанға тар­та мақалаларын тұлғалар өмірін зерттеу, олардың көмескі тұстарын ашып, көпші­лік­ке таныстыру, дәріптеу деп бағалау керек. Автор халық арасында аттары кең тараған Қарасай, Райымбек, Наурызбай, Сұраншы, Саурық, Сыпатай, Өтеген, Бекболат сияқты даңқты батырлар, Сүйінбай, Жамбыл, Кенен, Үмбетәлі сияқты ақын-жыршылар, Төле би, Балуан-Шолақ, Құртқа тәуіп секілді халық даналары туралы жазып қой­май, ел арасында аттары әлі кең тарай қоймаған, бірақ еліне ерен еңбек сіңірген тұлғаларды зерттеп, біраз еңбек жазған. Солардың ішінде Мақыш балуан ерекше орын алады. Жамбылдың үзеңгілес серігі болған, әрі ақын, әрі батыр, балуан, кезінде Қастекте болыс болып сайланған, ауданның тұңғыш ревкомы болған Мақыш Райымбекұлының қиын да қызық тағдырына көлемді повесть арнап жазды. Осы уақытқа дейін осыншама ірі тұлға­ға ар­нал­ған жеке шығарма жоқ болатын. Ма­қыштың аты Жамбылға хатшы болған біраз ақын-жазушылардың жазбаларында кездеседі және жамбылтанушы ғалымдар­дың еңбек­те­рінде ол туралы азын-аулақ мәліметтер бар. Оның себебі, Мақыштың орынсыз жабылған жаламен репрессия құрбаны болғаны шығар. Мұндайға өте сақ зерттеушілер Жамбылдың шәкірті болған, ұзақ уақыт қасына еріп жүрген адам туралы ашып жаза қоймаған. Енді, міне, Нағашы­бек сол азаматтың аруағын тірілтіп, оның өмірін повесінің арқауы етіп алған. Нағашыбектің “Құртқа тәуіп” атты зерттеуі де қызғылықты. Кеңес өкіметі кезінде бұл кісінің аты ел ара­сында ғана, ағайын-туыс ұрпақтары­ның ішінде ғана айты­латын. Кейін азын-аулақ материалдар шыға бас­тады, бірақ оларда көбінесе Құртқа бабаның тәуіптігі ғана сөз болып жүр. Ал Нағашыбек ол кісінің сынықшы, емші ғана емес, үлкен қайраткер, елге қамқор болған адам екенін көрсетеді. Арабша, парсыша оқыған, өз заманының өте сауатты азаматы болған. Жаугершілік заманда өмір сүргендіктен жас кезінде жоңғарлармен, кейінірек қоқан­дықтармен болған соғыстарға белсенді түрде қатынасып отырған. Соғыстан кейін шашырап кеткен ағайын-туыстарын жинастырып, бастарын қосып қамқорлық жасаған. Ел болып біріккен халқы: “Ел иесі — Құртқа” деп отырған. Әрине, мұндай құрметке екінің бірі ие бола бермейтіні белгілі. Қаламгер бұл еңбегінде Құртқа жөнінде әр түрлі газеттерге жарияланған материалдарды жинақтаған. “Известия”, “Комсомольская правда” газеттерінде жарық көрген мақалалар толық келтірілген. Сонымен қатар Құртқа бабамыз туралы біраз мамандардың, ғалымдардың ой-пікірлерін жинақтап берген. Сөйтіп, осы шағын мақаланың өзінде Құртқаның тұлғасын толық, жан-жақты етіп ашуға тырысқан. Нағашыбектің тағы бір туындысы аты көп әйгілі бола бермеген Сарыбай би Айдосұлына арналады. Ол әскери қолбас­шы, Саурық пен Сұраншы батырлардың сарбазы болған, көсем, шешен, әділетті би болған. Соғыстан тоз-тоз болып кеткен елін жинастырып, егін салдырып, отырықшы­лыққа үйретеді. Мешіт-медресе салдырып балаларды оқуға тартады, өнері бар жастарға қамқорлық көрсетеді. Сарыбай би батырлығымен де көзге түскен, кезінде қоқандықтарды Сайрамға, Ташкентке дейін қуып барысқан батырлардың бірі. Болыс болған кезінде Ұзынағаш пен Қаскелеңде қазақ балалары үшін арнайы мектеп салдырған. Онда балаларды араб әліппесімен оқытып, ал қалағандарын орысша оқытатын болған. Сонымен Нағашыбек Сарыбай биді саналы, озық ойлы, халқының қамын жеген қайраткер ретінде көрсете білген. Сол сияқты Андас датқа Стамбекұлы, Қырбай сал Бозымбекұлы, Медеу Пұсырманұлы, Байсерке болыс сияқты тарихи тұлғалар туралы жазылған танымдық толғаулары да өте құнды шыққан. Нағашыбек Қапалбекұлының шығар­маларының тартымды, көркем, қызықты болып келетін сыры оның қайраткерлік қасиетінде жатқан сияқты. Ол қоғамдық құбы­лыстарға терең түсінікпен, кейіпкер­леріне үлкен махаббатпен қарайтын автор. Өйткені, өзі де осы қоғамның белсенді азаматы, белді қайраткері. Халықаралық Жамбыл қорының бас директоры, Қазақстан Жазушылар одағының Алматы облыстық бөлімшесінің төрағасы болды. Енді, міне, он жылдан бері республикалық Кітап мүзейінің директоры қызметін атқарып келеді. Осы қызметі аясында алуан түрлі маңызды шаралар өткізді. Небір айтулы көрмелер, ғылыми конференциялар, пікір алмасатын отырыстар ұйымдастырады. Көпжасар НӘРІБАЕВ, академик. Алматы.