Жақында Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығының кіреберісіне арнайы стелла тұрғызылды. Айшықты белгінің ашылуына қатысып, Қорғалжын қызықтарын көріп қайтқандардың ішінде біз де болған едік.
Соңғы жылдары еліміздегі алпауыт компаниялар экологияны қорғау мен сақтау жұмыстарына барынша қолдау білдіруде. Биыл Қорғалжын қорығының инспекторларына 2 мотоцикл, 3 өртке қарсы мотопомпа жиынтығы мен өрт сөндіруге қажетті резервуар, фотообъектив пен штатив және фотоқақпан сыйлыққа беріпті. Көп өтпей Қорғалжын қорығының кіреберісіне үлкен стелла тұрғызылып отыр. Ұзындығы 10 метрдей болатын стелланың екі қанатына қорықтың атауы жазылып, төсбелгісі салынған. Дәл ортасында қалықтап бара жатқан қос қоқиқаз бейнеленген.
– Бүгінде түрлі компаниялар қоршаған ортаға деген жанашырлықтың үлгісін көрсетіп отыр. Бұл – Қазақстанның биологиялық алуан түрлілігін сақтауға және қорғауға атсалысу деген сөз. Қорықтың басты символы – қоқиқаз бейнеленген стелланың ашылуы жоғарыдағы сөздеріміздің дәлелі деуге де болады. Осы қуанышымызды бөлісуге келген баршаңызға алғыс айтамын, – деді «Қазақстанның биологиялық алуан түрлілігін сақтау қоры» дирекциясының жетекшісі Асылхан Асылбеков.
Мұнда келетін туристер қоқиқаздарды көргенше асығады. Қорғалжынға қоқиқаздар мамыр айында келіп балапандайды екен. Бұл жақтан күн салқындай бастағанда бір-ақ кетеді. Ал олардың дәл Қорғалжынға келуінің себебі, артемия салина деп аталатын құрттың болуында жатса керек. Бұл құрт қоқиқаздардың сүйікті қорегі. Артемия құрты тұзды көлде болады. Ал Теңіз көлінің ащылығы әлемдік мұхиттардың тұздылығынан әлдеқайда артық. Сондықтан да олар әр көктемде осы аймақты төңіректейді. Қоқиқаздардың сыры жайында қорық қызметкерлері айтып беруден еш жалыққан емес.
– Қоқиқаздардың қорегі артемия салина құртының бойында фермент бар. Сол ферменттер арқылы құстың қауырсындары қызыл түске боялады. Біздің көлдерде артемия салина неғұрлым көп болса, қоқиқаздардың да қарасы мол болады, – дейді Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығының бөлім басшысы Берік Ырысбаев.
Ұйымдастырушылар келген қонақтарды Қорғалжын қорығының қызықтарымен таныстырды. Біз жүріп өткен жол жиегінен әлдеқайда шалғай жатқан көлдің беті толған қызыл қанатты құстар. Арақашықтық алыс болған соң арнайы құралдардың көмегіне жүгінуге тура келді. Ал жақын барып көру үшін жолдың жайы қолайсыз. Оның үстіне тым жақындау арқылы қоқиқаздарды үркітіп алуымыз әбден мүмкін еді. Сондықтан тоқтаған жерімізден дүрбі салып табиғат сұлулығын тамашаладық. Мұнда басқа жерде кезікпейтін тылсым бір ерекшелік бар. Әйтпесе орманы мен тауы жоқ мекен осындай ғажайыпқа қайдан ғана иелік ете қойды деп таңданасыз. Өзен-көлі көп Қорғалжын табиғатымен ғана емес, тарихымен де кісіні тартып тұрады. Нұра өзенінің жағасында орналасқан Бытығай кесенесі, Сұлтанкелді көлінің бойында орналасқан Д.Қонаевтың демалыс үйі және тағы да басқа тарихи орындар жетерлік.
Сөз соңында айта кеткен жөн, Қорғалжын қорығына қамқорлық танытуда Еуразиялық топтың (ERG) беріп жатқан көмегі орасан. Мұндай өлкеге қандай қолдау танытсақ та аздық етпейді.