• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 16 Тамыз, 2019

Өңір медицинасының өрісті кезеңі

787 рет
көрсетілді

Бүгінгі отандық медицинада диагностикамен емдеуді бір-бірімен ұштастыра, байланыстыра жүргізе білудің тиімділігі мол. Тек осындай жағдайда ғана денсаулық сақтау саласында оң нәтижелерге жету мүмкіндіктері өсе түспек. Әрине мұндай жетістіктер жалаң қолмен жасалмайды. Яғни, диагностикамен емдеу жүйесі кәсіби шеберлік пен заманауи инновациялық технологияларға арқа сүйеген кезде ғана нәтижелі болмақ. Бұл – шынында іргелі ізденістер мен тиісті қаржыландыру көздерін қажет ететін ауқымы мен өрісі өте кең іс.

 

Бір жақсысы, өздеріне деген талап биігін өте жоғары қоя білген Ақтөбе медицинасы бүгінде республика өңірлері арасында көш бастаушы орындардың бірінде келеді. Өйткені қолда бар деректер осындай түйін жасауға толықтай мүмкіндік береді. Осы орайда өңірде медицина саласының өзіндік дамуына тән бірқатар ерекшелікті атап айтқанды жөн көреміз.

Мұндай кезде Ақтөбеде республика өңірлері арасында ешқандай баламасы жоқ медициналық кластердің құрылғаны ауызға бірінші оралады. Нақтырақ айтқанда, бұл іс бұдан төрт жыл бұрын қабылданған Ақтөбе облыстық әкімдігінің қаулысынан бас­тау алыпты. Медицина саласындағы кластерлік құрылымның өзгешелігі неде? Шындығын айтқанда, бұл да өзге салалардағы кластерлік даму заңдылықтарынан қашыққа кетпейді. Яғни, медициналық кластерге де шоғырлану мен топтасу үдерістері тән. Оның ұтымды жағы – қаржы ресурс­тарын және ғимараттар мен құрал-жабдықтарды ұдайы үнемді әрі тиімді түрде пайдалануға болатынында.

Мысалы, өңірде кластер құрудың алғашқы кезеңінде 600 орындық көп бейінді клиникалық аурухана мен балалар ауруханасы және кеңес беру-диагностикалық орталығы медициналық ұйымдары бір жерге шоғырландырылды. Сондай-ақ облыс орталығындағы М.Ос­панов атындағы Ақтөбе мемлекеттік медицина университеті де осы кластерлік құрылымның құрамына енгізілді. Бәрінің басы бір жерге қосылғанда, диагностикамен емдеу саласында кәсіби деңгейі биік, біліктілігі жоғары, әлеуеті мол біртұтас медициналық құрылым пайда болды. Сондай-ақ медициналық университеттің ондаған кафедралары кластер көкжиегінің кеңейе түсуіне қызмет етіп келеді. Мұндағы еуропалық және әлеуметтік стандарттағы медициналық құрал-жабдықтардың көмегімен күрделі операциялар сәтті жасалып жүр. Бүгінгі күні кластер базасында жоғары тех­но­логиялық медициналық қызмет түрлері көрсетіледі. Жаңа инновациялық әдіс­терді қолдану арқылы жыл сайын нейрохирургия мен кардиохирургия, сонымен бірге эндопрофильдік және трансплантология салалары бойынша мыңнан астам операция жасалды.

Республика өңірлері арасында баламасы жоқ медициналық кластер шеңберінде әлемдік трансплантология саласындағы жетекші орындардың бірі Сеул ұлттық университетімен өзара ынтымақтастық негізінде бауыр мен бүйрек секілді ішкі органдарды алмас­тырып салатын күрделі операциялар жасалуда. Соның ішінде кездейсоқ жағдайда көз жұмған мәйіттің ағза мүшесін тез суырып, оны кезек күткен адамға салудың алғашқы тәжірибелері де оң нәтиже берді. Бұл – өте тез, шұғыл жасалатын үдеріс. Уақыт созылып кетсе, операция пайдасы мен тиімділігін жоғалтады. Оның үстіне Батыс елдерінде трансплантологияның мұндай түрі үйреншікті үрдіске айналғанымен, қазақы қалпымыз бен менталитетіміз операцияның мұндай түрін қабылдауға әлі ерік бермей жүргені де жасырын емес.

Өңірдегі медициналық кадрлар әлеуе­тінің молдығы жөнінде айтқанда, мұнда бес Қазақстан және Ресей ғы­лым академияларының медицина сала­сын­дағы академиктері, 64 медицина ғылым­да­рының докторы және 204 медицина ғылымдарының кандидаты жұмыс істейтінін айтудың өзі бір мәртебе. Нұр-Сұлтан мен Алматыдан өзге ел өңірлерінде осыншама мол, осыншама ауқымды ғылыми-тәжірибелік әлеует табыла қояр ма екен? Диагностикамен емдеу және кадрлар әлеуеті үштігінің ортақ іс-қимылдарының нәтижесінде Ақтөбе медициналық кластері мемлекеттік аккредитивтеу сынағынан ойдағыдай өтіп, бүгінде іргелі ұжым халықаралық аккредитивтеуден өту ісіне жан-жақты әзірліктер жасау үстінде.

Ақтөбедегі медициналық кластер саласындағы жетістіктер еліміздің батыс өңіріндегі Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Қызылорда облыстары тұрғындарына медициналық қызметтер көрсетуіне жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Мәмбетжанованың айтуынша, өткен жылы аталған көршілес өңірлерден алты мыңнан астам адам келіп, Ақтөбеден ем алыпты. Жоспарлы операциялар бүгінгі медицина ұйымдарындағы орталықтандырылған портал жүйесі кезегі бойынша автоматтандырылған түрде атқарылған. Емделуге қажетті қаражат үкімет тарапынан төленген.

Тәуелсіздік жылдарында Ақтөбе ме­ди­­цинасында айта қаларлықтай өсу мен өрлеу көріністері байқалды. Өзгесін айтпағанда, осы кезде Ақтөбе аймағында 120 денсаулық сақтау нысаны бой көтерген. Оған Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «100 аурухана, 100 мектеп» жобасы да елеулі шапа­ғатын тигізген. Облыста емдеу және аурудың алдын алу мекемелерінің материалдық-техникалық базасы жылдан-жылға нығайып келеді. Мысалы, тек соңғы 30 жылдың өзінде өңірде отызға жуық медицина нысандары бой көтерген. Оның 22-сі мемлекеттік-жекешелік әріптестігі негізінде жүзеге асырылған.

Аталған жаңа тұрпаттағы ме­ди­цина­лық нысандардың 20-сы облыстың шалғай елді мекендерінде салынғаны өңір және сала басшылары тарапынан ауыл медицинасын дамытуға оң көзқарас ұсталғанын көрсетеді. Өмір бір орнында тұрмайды. Ол үнемі алға даму, өсу, жылжу үстінде. Үздіксіз үрдіс денсаулық сақтау саласындағы жаңашылдық пен өзгерістерді қажет етеді. Осы орайда облыста адам ағзасындағы биохимиялық және генетикалық өзгерістерді бастапқы кезеңде анықтауға мүмкіндік беретін жаңа медициналық құрылымдардың құры­лыстары басталып отырғаны да бір мерей. Бұлардың қатарында онкогео­мо­тология және балаларға арналған позитронды-эмиссиондық томография орталықтары бар.

Ақтөбе аймағында 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мем­ле­­кеттік бағдарламасының іске асырыл­уы жөніндегі деректер де негізінен оң дина­миканы көрсетеді. Мемлекеттік бағ­дарламаның басты индикаторы болып табылатын туу көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 1 пайызға өсіп, өлім-жітім өткен жылғы деңгейде тұр. Ал нәресте өлімі 1 мың туылған нәрестеге шаққанда 10,42 пайызды құ­рап, республикалық көрсеткіштен сәл жоғары тұрса, керісінше, ана өлімі 2,8 пайызға төмендеген.

2019 жылдың жартыжылдығының қорытындысы бойынша сүт безі қатерлі ісігімен сырқаттанатын науқастардың бес жылдық өмір сүру үлесі 52,9 пайызды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 1,7 пайызға өсіпті. Өңірде жүрек-қан тамырлары жүйесі ауруларының әрбір 100 мың тұрғынға шаққанда 13,1 пайызға төмендегені де жағымды жаңалық.

Облыста бұдан екі жыл бұрын енгі­зілген «Ауруларды басқару» бағ­дар­ламасы да оң нәтижелер беріп келеді. Бұған қан қысымы мен қант диабеті, созылмалы жүрек жетіс­пеу­шілігіне шалдыққан науқастар қам­тыл­ған. Бірінші жартыжылдықтың қоры­тындысы бо­йынша диспансерлік науқастармен тиісті шарттарға қол қойы­лып, бағдарламаға сәйкес емдер беріліп, алдын алу шаралары өткізілген. Соның нәтижесінде көзделген инди­ка­тор­лардың бәрі де орындалған.

Осындай оң мысалдарды міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру шараларын жүргізу бойынша атқарылған істерге қатысты да айтуға болады. Бұл бағытта ақпаратты түсіндіру шаралары өңірдің ересек тұрғындарының 53,7 пайызын қамтыған. Сондай-ақ аймақта медицина саласын цифрландыру ісінде де оң мысалдар алдан шығады. Медициналық ұйымдардың ақпараттық жүйелермен қамтылу деңгейі 97,2 па­йызды құрайды. Облыста және аудандық деңгейде медициналық мекемелердің интернет желісіне қолжетімділігі тұтастай 100 пайызды құрайды. Облыс бойынша 866 845 электронды денсаулық пас­порты толтырылған. Бұл – тіркелген халықтың жалпы санының 100 пайызы. Медициналық құжаттама нысандарының 97-сі электронды форматқа көшіріліп, 100 пайыздық көрсеткішті құрап отыр.

Айта берсе өңірде денсаулық сақтау саласында атқарылып отырған сан алуан қызметтер тізбегі жалғаса береді. Әйтсе де оның бәрін сағызша соза берудің қажеттілігі шамалы деп білеміз. Ең бас­тысы, облыстағы денсаулық сақтау ісіне ұтымды ұйымдастыра білу тәсілдері мен жаңаша көзқарас үдерістері тән. Осындай жүйелі жұмыстар өңірдің демографиялық жай-күйіне де оң әсер етті десек, қателесе қоймаспыз. Атап айтқанда, облыста тәуелсіздік жылдары тұсында тұрғындардың орташа өмір сүру ұзақтығы 6 жыл 2 айға өскені – алдыңғы пікіріміздің айғағы. Яғни, осы аралықта бұл көрсеткіш 67,2 жастан 73,4 жасқа ұлғайған.

Демографиялық табиғи өсімнің бас­ты көрінісі сәбилердің өмірге келуі десек, бұл көрсеткіш 36 пайызға өсіп, керісінше, жалпы өлім-жітім 2,9 есеге төмендеген. Өмір бар жерде өлім бар. Бұл – тіршіліктің жазылмаған заңы. Әйтсе де орташа ғұмыр жасты өсіру арқылы оның деңгейін төмендету өңір медицинасындағы үлкен іс деуіміз керек.

Өңір медицинасының даму ісінде шешімін таппай жүрген түйіндер мен проблемалар бар ма? Бұл орайда дәл қазіргі күні 58 дәрігер жетіспейтінін айтқан жөн. Әйтсе де мұны салыс­тырмалы түрде алғанда өткір тұрған мәселе демей-ақ қоюға да болатындай. Г.Мәмбетжанованың айтуынша, биыл өңірде аға буын медицина өкілдерінің үлкен легі зейнет демалысына шығыпты. Жоғары білімді дәрігер кадрлардың толықтай жетіспеуі осындай жағдайдан туындапты. Оның айтуынша, биыл бұған дейін дәстүрге енгізілгендей, өңірдегі медицина ұйымдарын жас кадрлармен толықтыру үшін нақты іс-шаралар белгіленген. Осы бағытта 45 дәрігер маманды даярлауға облыс әкімінің арнайы гранттары бөлінген. Мұндай үрдістер өңірде уақытша орын алған дәрігер жетіспеушілігінің орнын толықтыруға мүмкіндік береді, дейді Гүлнәр Шүкірқызы.

Түйіп айтқанда, ақтөбелік денсаулық сақтау сақшыларының бүгінгі жанкешті еңбегі биік те жоғары бағаға әбден лайық деп білеміз.

АҚТӨБЕ