• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 16 Тамыз, 2019

Тұрандықтар шаң жұтып жүр

299 рет
көрсетілді

Шымкенттің әкімшілік-іскерлік орталығына іргелес орналасқан Тұран шағын ауданының тұрғындары шаңы аспанға ұшқан көшемен жүруге мәжбүр. Жазы шаңдақ шағын ауданның көктемі лай батпақ. Тіпті аталған аумаққа қоғамдық көлік қарастырылмаған. Тұрғындар қаланың «Hyper House» атанып кеткен аялдамасынан Тұран, Асар, Бозарық бағытына такси қызметін пайдаланады.

Инфрақұрылым жүйелері толық тартылмай жатып, пай­далануға берілген көпқабатты үй тұрғындарының жергілікті билікке өкпесі қара қазандай.

«Үшінші мегаполис деп мақтанып жатамыз. Ал қаланың жаңа шағын ауданында әлі жөні түзу асфальт жол жоқ. Әкім­дік­тегілер шаһардың орталық бірнеше көшесін безендіруден ары аса алмады», деп күйінеді тұрандықтар.

Анығында, наурыз айында Президент тапсырмасына орай Премьер-Миинстр Асқар Мамин бастаған Үкімет мүшелері осы шағын ауданның инженерлік инфрақұрылым жобасымен та­нысқан болатын. Сол кезде әп-әдемі тақтайдай түзу жол қағазға түсірілгенімен, қара жерге әлі төселе қоймады.

Үкімет басшысының алдын­да Тұранның таңғажайып болашағы туралы баяндаған экс-әкім Ғабидолла Әбдірахымов шағын ауданда жалпы ұзындығы 33,7 ша­қырым болатын 13 магис­тральды автожолдың құрылысы қаралып, 13 жұмыс жобасы жасалды деген болатын.  Негізгі магистраль Бәйдібек би даңғылынан 2-3 шақырым жерде «Адия» және «Отау Строй» тұрғын үй ке­шен­дері орналасқанын ескере отырып, алғашқы кезеңде жалпы ұзын­дығы 7,8 шақырым болатын №1, 2 және 7 көшелердің, 21 мың шаршы метр жаяу жүргіншілер жолы мен 23 мың шаршы метр веложолдың құрылысын бастау туралы шешім қабылданған.

Екінші кезеңде жалпы ұзын­дығы 16,7 шақырым болатын, жаяу жүргіншілер және веложолдары бар 5 көшенің (№3, 4, 5, 6 және 10) құрылысы жоспарлануда. Жобаны жүзеге асыру үшін «Өңірлерді дамыту – 2020» бағ­дарламасы бойынша, Ұлттық экономика министрлігіне 5,4 млрд теңге көлемінде қаржы бөлу үшін бюджеттік сұраныстар жіберілген.

Үшінші кезеңде жалпы ұзын­дығы 9,1 шақырым болатын қалған 5 көшенің (№8, 9, 11, 12 және 13) құрылысы қаралған. Жобаның құны – 1,9 млрд теңге. Бұған қоса жалпы құны 10,4 млрд теңге сомаға сумен жабдықтау, су өткізу, электр және газбен жабдықтау желілерін тарту қажет болған.

Алайда осы жобаның көбінің құрылысы әлі тұралап тұр. Шілде айында сол кездегі қаланың экс-әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Тұран шағын ауданындағы №1, №2 және №7 жаңа көлік жол­дарының құрылысымен таныс­қан-тұғын.

Өкінішке қарай кезінде бей-берекет сатылған жер те­лім­дерінің салдарынан жол бөлігі түсетін жерлерге тұрғындар үй тұрғызып алған. Осыны ескерген қала басшысы №1 көшесіндегі жоба бойынша жолға түсетін жер телімдерін алу мәселесінде тұрғындармен ақылдаса келе, жобаға өзгеріс енгізіп, бұзылуы тиіс 14 үйге тиіспейтін болған. Нә­тижесінде үйлерді айнала жол салу туралы шешім қабыл­даған. Әрі осы жолдарды биыл қараша айында аяқтап, 1 қазанға дейін үш жолды түйістіріп, ішкі жолдармен қоғамдық көлік жүре­тін болады, деп сендірген еді.

Міне, наурызда халыққа үйіп-төгіп уәде етілген уақыттың да санаулы мерзімі қалды. Әзірге шағын аудан тұрғындары алдағы күндерден үмітін үзбей шаңдақ жолмен қатынап жүр.

 

ШЫМКЕНТ