• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 19 Тамыз, 2019

Алматыда пәтер ұрлығы азайған

192 рет
көрсетілді

Өткен жылы қала іргесінде тұратын танысымыздың үйін тонаған баукеспелер нақ сол күні, дәп сол көшеде тұратын тағы бір үйдің дүние-мүлкін қолды еткен. Арызданушылар мұны ұрылардың бір үйден алған қымбат тымақты келесі бір үйге тас­тап кеткенінен білген. Аңғарғанымыздай, бөгденің қасықтап жинаған несібесіне қол сұғып, оңай олжаға кенелеміз деген қылмыскерлер тапайдың тал түсінде біреудің пәтеріне бас сұғып кіруге еш қымсынбайтын болған.

Алматы қалалық Полиция де­партаментінің ақпаратына сәй­кес, шаһардағы тұрғын үй аула­лары мен қоғамдық нысандар аумағына орнатылған бейнекамералардың арқасында бөтеннің мүлкін ұрлау қыл­мысы едәуір  азайып отыр. Статис­тикалық деректер бойынша пә­тер тонау – 2,3 есеге, автомобиль ұрлығы – 2,9%, ұялы телефон ұрлығы – 48,1%, көлік айналарын ұрлау – 4,3% -ға, қалта ұрлығы – 3,4 есеге, көлік ішінен зат ұрлау – 13,5%, түсті және қара металды ұрлау 21,7%- ға азайыпты.

Мамандар қылмыстың ал­дын алу мақсатында IT тех­но­логиялардың мүмкін­дігін белсенді пайдалануда. Бүгінде қалада 120 мыңға жуық бей­небақылау камерасы бар десек, олардың 90%-ы бюджеттен тыс қаржыға орнатылған. Бейнетаспаға жазылған материалдарды қолдану нәтижесінде соңғы үш жылда пәтер ұрлығы 2,9 есе төмендепті.

Қорасыз қой бағып, отауы­на құлып салмаған жұрт бүгінде же­ке мүлкінің қауіпсіздік мә­селесіне алаңдамай тұра ал­май­ды. Қала аумағындағы пә­тер ұрлығының азаюына тұр­ғындардың өз дүние-мүлкіне ық­тиятпен қарап, түрлі ақылды камералар орнатуы мен күзет мекемелерінің қызметіне жүгінуі  сеп болып отыр.

 

АЛМАТЫ