Кез келген ел үшін жол экономиканың күретамыры саналады. Автокөлік жолы оқтаудай түзу, тақтайдай тегіс мемлекетте жүк тасымалы мен адамдардың барыс-келісі жақсарып, туризмі де, экономиканың көптеген салалары да дами түспек. Тәжірибелі маман, «Қазақстан жол-ғылыми зерттеу институтының» ғылыми кеңесшісі, еліміздегі тұңғыш жол профессоры Бақытжан МҰРТАЗИН бізбен сұхбат барысында бүгінгі жол саласына қатысты түйткілді мәселелердің түйініне тоқталып, назарға алатын жайттарды жіпке тізуге тырысты.
− Бақытжан Сәтмағамбетұлы, тәуелсіздік жылдарында автокөлік жолын салу ісіне мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетіліп келеді. Осы саланың маманы ретінде еліміздегі жол құрылысының қарқынына, жұмыстың сапасына берер бағаңыз қандай?
− Автомобиль жолдары еліміздің экономикалық және әлеуметтік дамуы жолындағы көптеген мәселелерді оңтайлы шешудің басты факторларының біріне айналып отыр. Мемлекет жыл сайын жаңа жол құрылысына, қайта салу мен қолданыстағы жолдарды пайдалану барысындағы күтіп-ұстау шараларына елеулі қаражат бөліп келеді. Қазір елімізде көлік ағындарының үздіксіз қозғалысын қауіпсіз қамтамасыз ететін заманауи автомобиль магистральдары салынуда. Автомобиль жолдарын абаттандыру және жол сервисін жетілдіру бойынша ауқымды жұмыс атқарылуда. Бұл, әрине автомобиль жолдарын пайдаланушылар мен жол саласының барлық еңбеккерлерін қуантады. Еліміздегі жолсыздықпен күрестің алғашқы жетістіктеріне қол жеткізе бастадық. Ел тарихындағы автомобиль жолдарының қарқынды дамуының ғұмыры қысқа болмай, алдағы уақытта стратегиялық сипаттағы тұрақты құбылысқа айналса дейміз.
− Кезінде алғаш рет ЖОО-да «Автомобиль жолдары» кафедрасын ұйымдастырып, сол кездегі қазақ балаларының жол ғылымы саласына бет бұруына жағдай жасадыңыз. Бұл саланың ғылыми тұрғыда бүгінгі жағдайы қандай? Маман даярлау ісі қаншалықты көңіліңізден шығады?
− Елдің автокөлік инфрақұрылымын дамыту және жетілдіру мен ұзақ мерзімді бағдарламаларды іске асыру үшін маңызды шарттардың бірі − автомобиль жолдарының көлік-коммуникация кешені саласындағы кәсіпорындар мен ұйымдардың жобалау, салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп ұстау қызметтерінің мамандарын көбейтіп, инженерлік кадрлармен қамтамасыз ету мәселесі. Жоғары кәсіби білім беру жүйесін реформалауға байланысты автомобиль-жол білімі құрылымы мен мазмұны да маңызды өзгерістерге ұшырады. Бакалаврларды даярлауға көшу үдерісі, мамандарды даярлау мерзімдерінің қысқаруы, студенттердің кәсіби дайындығы бойынша оқу пәндері көлемінің күрт азаюына себеп болды. Ал жалпы ғылыми және жалпы инженерлік сабақтар көлемі өзгеріссіз қалды десе де болады. Бүгінде білім беру стандарты бойынша, жол шаруашылығына маман даярлау «Көлік құрылысы» мамандығы бойынша жүргізіледі. Алайда жол салу саласы тек жобалау мен құрылыстан ғана тұрмайды. Оқу орнын бітірген түлектердің басым көпшілігі, сол жолды жөндеу, сақтау және пайдалану мекемелерінде де қызмет атқарады. Осыған байланысты жобалау мекемелері мен жолды пайдалану мекемелері, оның қауіпсіздігі мен жол қозғалысы ережелерін үйрететін көптеген мәселелер білім беру стандартында толық қамтылмаған. Сөйтіп бұл сала теория және тәжірибе жүзінде терең игерген, арнайы дайындықтан өткен мамандарға зәру.
− Сіз атаған мәселелердің шешілу жолдары қандай болмақ?
− Сапалы, білікті мамандар даярлау үшін жобалау, құрылыс жүргізу, автомобиль жолдарын пайдалану сынды салаларға аса мән берілуі керек. Оның ішінде білім беру жүйесінде мына мәселелер ескерілуі керек: кадр даярлау; жоғары оқу орындарындағы «Көлік құрылысы» мамандығының орнына «Автомобиль жолдары» мамандығы бойынша даярлау; «Автомобиль жолдары» мамандығын бітіруші түлектерге білім беру барысында автомобиль жолдарын жобалау, автомобиль жолдарын салу, жолдарды пайдалану және жол қозғалысын ұйымдастыру, жол-құрылыс материалдары мен бұйымдары сондай-ақ, сала кәсіпорындарында жол мамандығының ерекшеліктерін, функционалдық қызметін ескеретін жаңа білім беру стандартын жасау; жол саласына жаңа технологияларды енгізу және әкімшілік-басқару міндеттерін жедел шешуге мүмкіндік беретін біліктілікті арттыру және кадрларды қайта даярлау жүйесін енгізу.
Автомобиль жолдары құрылысына кадрлар даярлау ісін түбегейлі шешу үшін ТМД елдері, соның ішінде Ресей мен Өзбекстандағыдай жол саласына мамандар даярлайтын арнайы жоғары оқу орны керек. Бұл оқу орны жоғары автомобиль-жол білімінің мемлекеттік стандарттарын жасауға, білім бағдарламалары мен оқу жоспарларын құрып, керек кезінде толықтырулар мен түзетулер енгізіп отыруға жауапты болады. Бұл ретте мемлекеттік маңызы бар білім құжаттарын дайындау, оны өндіріске енгізу тек мемлекеттік жоғары оқу орнының құзырында болуы тиіс. Себебі жекеменшік жоғарғы оқу орындарының басты мақсаты нарықтық талаптарға басымдық беретінін өмір көрсетіп отыр. Сонымен қатар жол саласына оқу мамандар даярлайтын басқа да жоғары орындарындағы білім стандарттарының сапасын тексеріп, қадағалап отыратындай өкілеттігі болуы тиіс. Жол саласында ашылатын жоғары оқу орны, елімізде зерттеу университеттерін құруды дамыту бағдарламасы аясында, құрамында жоғары дәрежедегі кәсіби ғылыми қызметкерлер мен педагогтар шоғырланған, заманауи зертханалармен жабдықталған, жол материалдарын зерттеу қорытындылары шетелдерде қолдау тауып отырған Қазақстан жол-ғылыми зерттеу институтымен тығыз байланыста болғаны жемісті болар еді деп санаймыз.
Мемлекеттік жоғары мектеп пен жол кәсіпорындарының өзара тығыз байланыста болуы, аймақтық жол мекемелерімен келісімшарт арқылы, қандай салаға мамандар қажеттігін анықтап жедел әрекет етуге, сонымен бірге қызметкерлердің біліктілігін арттыруға мүмкіндік берер еді. Бұл тұрғыда көршілерімізді мысалға ала кетуге болады. Жақында Ташкент автомобиль-жол институты Ташкент автомобиль жолдарын жобалау, құрылыс және пайдалану институты болып қайта құрылды. Бұл дегеніңіз елдің әлеуеті мен экономикасын, мәдениеті мен білім дәрежесін көтерудегі автомобиль жолының рөлін арттыру екені сөзсіз.
− Жасыратыны жоқ, елімізде салынған жолдардың көп уақыт өтпей жатып бүліне бастайтыны белгілі. Салынған жол тез бұзылса, оған кім жауапты екенін таба алмай әбігер боламыз. Осы ретте, мәселені бақылауына алатын жауапты мекеме керек қой...
− Жол саласына қомақты инвестиция салынуда. Бұл қаржы республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын салу, қалпына келтіру, жөндеу және күтіп ұстауға, сонымен қатар жол қозғалысының қауіпсіздігін ұйымдастыру мен жол бойындағы инфрақұрылымды дамытуға бағытталған. Бұл жағдайда, күн тәртібіне жол активтерін тиімді басқару сияқты жауапты сұрақ қойылатыны белгілі. Осыған орай, уақыт талабына сай Сапаны басқару орталығы құрылды. Өңірлердегі барлық атқарылып жатқан жұмыстар бір әдістемелік жүйеге топтастырылды. Орталық жұмысы енді басталып жатыр, сапаны қадағалаудың қорытындылары алдағы уақытта өз жемісін беруі тиіс. Бұл орталықта тек құрылыс барысында инженерлік талаптармен ғана шектеліп қалмай, қадағалау жүйелі түрде жүргізіледі деген ойдамыз. Өйткені автомобиль жолдарының сапасына мемлекеттік нормативтік құжаттардың барлық талаптары орындалғанда ғана қол жеткізуге болады.
Тағы да бір көңіл бөлетін мәселе, еліміздегі жол саласының нормативтік құжаттарын басқа азаматтық құрылыс саласы мамандарының жасауында болып отыр. Ондай құжаттардың сапасы сын көтермейді. Демек жол саласына қатысты құжаттар, осы салада тәжірибе жинаған, ғылыми және біліктілік дәрежесі бар мамандардың көмегімен дайындалып толықтырылуы тиіс.
Жол құрылысының сапасын бақылау ісі құрылыс жұмыстарын ғана қатаң қадағалаумен шектелмеуі керек. Ол жерде жобалау-сметалық құжаттаманың тиімділігі, қазір бағаланбай жүрген инженерлік шешімдердің негізделуі, жол қозғалысы қауіпсіздігі мен экологиялық тиімділік тұрғысынан туындайтын мәселелердің барлығы толығымен қамтылуы тиіс. Сапаны бақылау орталығының құзырына жол саласына дайындалып жатқан мамандардың біліктілігін қадағалап отыруды да енгізу керек. Себебі автомобиль жолдарын салудағы, пайдаланудағы технологиялық операциялардың толықтай сапалы орындалуы мамандардың білім деңгейіне тікелей байланысты.
Сапа орталығы жол активтерін басқаруды да бақылайды. Автомобиль жолдарының жағдайы мен жолдағы жасанды ғимараттардың жағдайлары туралы алғашқы құжаттар мен мәліметтер әрбір облыстардағы Сапа орталығының филиалдарында бірыңғай әдістеме арқылы сараланады. Барлық мәліметтер заманауи цифрлы технологиялармен жабдықталған Қазақстан жол-ғылыми зерттеу институтында сақталып, керек кезінде жаңартылып отырады. Бүкіл еліміздің немесе нақты бір аймақтың автомобиль жолдарының пайдаланылу барысы туралы барлық ақпарат келешекте жол құрылысына қатысты ұзақ мерзімді стратегиялық бағдарламалар жасап, жөндеу жұмыстарын тиімді жоспарлауға қол жеткізеді. Мұндай маңыздылығы мен қажеттілігі жоғары жұмыстың тиімді екеніне күмән жоқ. Себебі автомобиль жолы саласындағы құзырлы органдар табиғи-климаттық жағдайға, аймақтың экономикалық дамуына байланысты қаржыландыру деңгейін, атқарылатын жұмыстың мекенжайын, мердігерлік мекемелердің мүмкіндігін, жұмыс өнімділігі туралы тағы да басқа көрсеткіштердің барлығын біліп отырады. Бұл қадам шұғыл және тиімді шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
− Мемлекеттік қазынадан жолға бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуы, жемқорлық фактілерге жол берілмеуі үшін қандай жұмыстарға басымдық берілуі тиіс?
− Сапа орталығы арқылы активтерді басқару жүйесін енгізудің ең басты мақсатының бірі – жобалау, құрылыс жүргізу, жолды жөндеу және пайдалану кезінде қаржылық басқаруды жекелеген тұлғалардың қолымен емес, электронды түрде жүргізу. Бұл дегеніңіз жұмыстарды уақтылы және барынша төмен бағаға орындауға қол жеткізуге, сыбайлас жемқорлықты болдырмауға ықпал ететін бірден-бір құрал деуге болады.
Әңгімелескен Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»