Қоңыр әулие үңгірінің шырақшысы, әрі Баянауыл ұлттық паркінің инспекторы Алтынбек Құрмановтың айтуынша, үңгір – еліміздің киелі орындар тізбесіне енген өңірдегі 5 нысанның бірі. Шырақшы үңгірге сәуір айында келіп, күздің суығы түскенге дейін туристерді күтіп, оларды үңгір шежіресімен, Баянауылдың таңғажайып табиғат кереметімен таныстырады.
Негізі, үңгір орналасқан Қоңыр әулие шатқалы ерекше қорғалатын аймақ. Өсімдіктің алуан түрі өсіп, аңдар мен құстар мекендейді. Егер ескеретін болсақ, парк мамандарының айтуынша, табиғи тіршілікті сақтау үшін аймақта жол, құрылыс салуға және электр желісін тартуға болмайды. Туристерге де көліктермен келуге рұқсат етілмейді.
Үңгір жерден 820 метр биіктікте орналасқан. Оның 220 метріне осыдан он жыл бұрын тұрғындар бірігіп ағаштан баспалдақ жасапты. Сынып кетердей-ақ. Шырақшы аталарымыз осыншама биіктікте орналасқан үңгірге қанша рет көтеріліп түсті екен деп ойлайсың.
Мен өзім Қоңыр әулие үңгіріне көтерілер кезде түу биіктікке қалай жетемін деп жүрексінген едім. Бір қайран қалғаным, шаршаған да, ентігіп, терлеген де жоқпын, лып етіп қалай жоғары көтерілгенімді сезбей қалдым. Әлі күнге дейін таңғаламын. Бір тылсым күш демеп бара жатқандай болды.
Бізбен бірге жоғары қарай үңгірге ауылдардың кәрі-жасы аралас тұрғындары, қытайлық, ресейлік, украиналық, моңғолиялық туристер де көтерілді.
Қарапайым ағаш баспалдақпен түсіп шығатын туристердің, биік құз басына кішкентай сәбилерін көтерген аналардың қауіпсіздігін сақтауда үңгірге барудың ережелері бекітілсе дейсің.
Үңгірдің кіреберісі күмбез сияқты. Алды биік жар, сол жерден айналаға, төменге қарайсың.
Ішке кіруге кезек күтушілер көп. Ереже, тәртіп демекші, құз басында ашық-шашық өзіміздің де қыздар жүр, тіксініп қалдық.
– Әйелдерге қымтанып келуді үнемі айтамыз. Үңгірді қызық көреді, туристік бағыт болған соң, ақшамыз төленген деп еркінсиді ғой, – деп шырақшы да реніш білдірді.
Алтынбек ағамыз үңгірдің гиді сияқты барлығына орысша, қазақша бірдей түсіндіріп, сұрақтарына жауап беруде.
Үңгірде келушілер қолтаңбасын қалдыратын кітапша қойылған. Туристер оған өздерінің алған әсерлері туралы жазып, түрлі ой-пікірлерін білдіреді. Франция, Англия, Польша, Венгрия, АҚШ, Канада, Оңтүстік Корея, Қытай және Ресей елдері өкілдерінің жазғандарын оқыдық.
– Әулиенің үңгіріне зиярат етіп келушілер кейде түнеп те қалады. Бұл жер әуелден адамдардың тілек тілейтін орны деп саналған. Біреулер денсаулығына дауа іздейді, енді бірі Жаратушыдан перзент сұрайды. Жұма, демалыс күндері халық көп келеді.
Кеңес өкіметінің дінге қарсылық уақытында да бұл жер аман қалды. Ал біздің басты міндетіміз – табиғатты қорғау. Демалушыларды алысқа жібермейміз, себебі от жағып, табиғатқа қауіп төндіруі мүмкін, – дейді Алтынбек ағамыз.
Шырақшы, шежірешінің айтуынша, Қоңыр әулие үңгірінде Бұқар жырау, Абылай хан, Мәшһүр Жүсіп болған деседі. XVIII ғасырда Қоңыр әулие үңгірі жайлы еуропалық және ресейлік патша шенеуніктерінің жазбаларында да кездеседі. Мысалы 1790 жылдары «Оренбургская топография» кітабының авторы Петр Рычков, Шоқан Уәлиханов, Григорий Потаниндер үңгірде болғандарын жазған екен.
Үш бөлмеден тұратын үңгірдің ғибадатханасы, жатын бөлмесі бар, үшінші бөлмеде қазандық орнатылған. Қазандық шұңқыршағында су қыста қатпай тұрады дейді.
Қазандықтағы суға бетіңді жуып, тілек тілейсің. Келген адамдар кезекпен баспалдақ арқылы екінші бөлмеге – келесі үңгірге өтеді. Көзімді тарс жұмып алдым. Өйткені қазандықтағы суға – жалғыз барасың. Сен түскеннен кейін келесі адам баспалдақпен көтеріледі. Ғажап, тылсым дүниемен кездескендей боласың.
Бір кезде жоғарыға сәл бұрылып қарап қалсаң, үңгірдің үңірейген екінші қабатын көріп, селк ете түсесің. Жерге түскен кезде «ол жақта не бар екен?» деген үрейлі жұмбақ ойыңнан кетпейді.
Ел аузында Қоңыр әулие – табиғаттың таңғажайып туындысы десе, біреулер бұл үңгір ертедегі өмір сүрген адамдар тұрған жер, тіпті, басқа ғаламшардан келгендер жасаған дегенге де біртүрлі сеніп, үңгір жаққа қарай бересің. Қуғын-сүргін жылдары қашқан қазақ екінші қабаттағы үңгірден пана тапқан көрінеді. Кезінде ешкім айтқызбады. Бірақ жергілікті халық, көнекөздер білді. Бұл да беті ашылмай тұрған шежіренің тағы бір парағы.
Айтпақшы, 2016 жылғы сапарымызда туристік бағытқа қосылған көне үңгірдің тарихи, танымдық тұрғыдан маңыздылығы ескерілсе, қорғауға алынып, қамқорлық жасалуы керек деп, «Үңгірлерге үңілеміз қашан біз?» атты ой салар мақала да жазған болатынбыз.
Бүгінде ұлттық парк басшылығы Қоңыр әулие үңгіріне назар аударғандай. Өз қаражаттарына жаңарту жұмыстарын қолға алыпты. Үңгірге апаратын баспалдақтың тақтайлары ауыстырылған, темірден таяныштар орнатылған. Төменге демалатын күрке тәрізді орындар тұрғызылған.
Үңгірге апаратын жолды бағыттайтын белгілерді де жарқыратып жазып қоюға болар еді.
Ал С.Торайғыров атындағы мемлекеттік университет ғалымдары болса, қазір Қоңыр әулие үңгіріне күн панельдерін орнатуды жоспарлауда.
Ғалымдар жарықтандыру жүйесі қозғалыс датчигі бар шамдар мен аккумляторлардан құралған, жүйе қоршаған ортаға әсер етпейді дейді. Яғни қондырғының көмегімен үңгірге түнгі уақытта да кіруге мүмкіндік бермек.
Мына айнала тұрған биік таулар, қалың орман ата-бабаларымызға күш-қуат берген. Ұлы табиғатты сақтау – міндет. Тастары да, оба, үңгірлері де батырларға қорған болғанын ұрпағы білсін, – дейді Алтынбек аға.
Иә, Баянауылда обалар, үңгірлер аз емес. Әр үңгір, әр оба тарих. Үңгірлерде халқымыздың көз жасы, ой-армандары, тәуелсіздікке қол жеткізу жолындағы күрес тарихының өшпес жолдары жатыр. Алтынбек сияқты тарихшы, шежіреші ағалар күңгір үнді үңгірлердің сақтаушысы.
Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы