• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 27 Тамыз, 2019

Даңқты дақыл көлемінің артуына сервистік дайындау орталықтары оң әсер етті

413 рет
көрсетілді

Жетісудың жер төсін емген шаруалары енді аз күнде өңірдің даңқын асырған қызылша дақылынан өнім жинауды бастайды.

Жалпы, биыл облыстағы қант қызылшасы егілген алқаптың кө­лемі 14 мың гектарға жетті. Бұйыр­са, жиналған өнімнен 485 мың тоннаға дейін тәтті түбір дайын­дауға мүмкіндік туады. Оған бар­лық жағдай жасалған. Осы жерде аймақта қант қызылшасын өсіруге деген ынтаның жоғары екенін айтуымыз керек. Мәселен, тәтті түбір танаптарының көлемі 2014 жылдан бері 10 есеге көбейген. Өткен жылы қайта жаңғыртудан өткен екі өндіріс ошағы – Көксу және Ақсу қант зауыттары 42 мың тонна таза ақ қант өндірді. Бұл ішкі нарықты қамтуға жетеғабыл дайын өнім.Тіпті, тұқым сапасы мен күтіп-баптау технологиясындағы озық әдістер алынатын өнімнің сапасы мен өнімділігіне оң әсерін тигізіп отыр екен. Оның бір дәлелін өткен жылғы жиын-терін кезінде Ескелді ауданының қызылшашылары дақылдың әр гектарынан 520 центнерден өнім алғанын айтсақ та жеткілікті.

Қант қызылшасын өсірушілерді мемлекеттік қолдау бағытында «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік кор­­порациясы нақты қадам жас­ап отыр. Соңғы жылдары кор­по­ра­ция­ның қолдауымен 45 сервистік дайындау орталығы құрылса, оның 29-ы тек тәтті түбір өсіру­шілермен жұмыс істейді екен. Со­ның бірі, Ескелді ауданындағы «Сырымбет» сервистік дайындау орталығы. 2016 жылы құрылған орталықтың құрамына аудандағы «Тельман» өндірістік кооперативі, «Жақыпбаева.Р» шаруа қожалығы, «Сариев.С»,«Дүйсенбінов.А» шар­уа қо­жалықтары бірігіпті. Рас, сер­вистік дайындау орта­лы­ғы құ­рыл­ған сәтке дейін қожа­лық­тар­дың қызылша өсіруден аса үлкен тәжірибесі де болмаған көрінеді. Алайда шаруалар бар күш-қуатын жинап, істің болашағына сенді. Нәтижесінде кәсіпкерлердің үміті ақталып, нәтиже күткендегіден де асып түсті.

– Әрине, алғашында қорқыныш болды, көпшілігі жұмыс меха­низ­мін түсінбеді. Біраз уақыт өткен соң қызылша өсірушілері істің нәти­желілігі мен пайдалы екеніне көз жеткізді. Біздің сервистік дайын­дау орталығымыздың жұ­мыс істеп жатқанына үшінші жыл. Осы уақыт аралығында өз тиім­ді­лігін танытты, фермерлердің бірігуі­не, шаруа қожалықтарының мате­риалдық-техникалық базасын нығайтуға, өндіріс көлемін арт­ты­руға және инновацияларды енгізу­­­ге мүмкіндік берді, – дейді «Сы­рым­бет» СДО ЖШС директоры Әбен Тайжанов.

2016 жылы сервистік дайындау орталығының егістік алаңы бар-жоғы 70 гектар ғана болатын. «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпо­рациясының көрсеткен қол­да­уы арқылы бірнеше жыл ішінде «Сырымбет» тәтті түбір өсіретін егіс­­тіктің аумағын көбейтті. Өнім­нің саны мен сапасын жақсарту үшін орталыққа Дания, Франция мен Германиядан жоғары сапалы элиталы тұқым түрлері сатып алынды. 2017-2018 жылдары орта­лыққа жалпы сомасы 38,3 млн теңге болатын 849 дана егіс тұ­қы­мын сатып алуға қолдау жаса­лып­ты.

– Еуропалық тұқымдардың өнім­ділігі жақсы және өсу әлеуеті жо­ғары. Тұқымдар өте төзімді және біздің ауа райына көнбіс. Соны­мен бірге ыстық пен суыққа төтеп бере алады, – дейді орталық құрыл­тайшыларының бірі Айдын Дүйсен­бінов.

Жалпы, тұқым сатып алу мен оны себу қызылшашылар бастан өтке­ретін ауқымды жұмыстың бір ғана бөлігі. Болашақ өнімнің кө­лемі техника мен құралдардың са­пасы мен нәтижесіне тікелей бай­ланысты. Көп жағдайда шаруа­­лар осы техниканың жетіс­пеу­ші­лі­гінен қиналады. Бұл мәселені шешу үшін «Жетісу» әлеуметтік-кәсіп­керлік корпорациясы арқы­лы қаржылық лизинг бойынша 140 702 300 теңгеге 10 түрлі ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған. Оның ішінде пнев­матикалық тұқым сепкіш, қоп­сытқыш, бүркуіш, «Франц Кляй­не» комбайны, «КамАЗ», Нефаз авто­тіркемесі, компактор сияқты техни­калары бар.

– Немістер жасаған комбайнмен жұмыс істеу ыңғайлы. Жоғары өнімділіктің нәтижесінде егісті кез келген ауа райында және барынша жоғары жылдамдықта жинап аламыз. Комбайнның қозғалтқышы мықты және жанармайды аз шы­ғын­­дайды. Басқа комбайндарға қа­рағанда бөлшектерінің саны екі есе аз, сондықтан жөндеу шығын­да­ры төмен. Жалпы айтқанда, бұл комбайнда жұмыс істеудің өзі бір ғанибет, – дейді комбайншы Антон Казначеев.

Түйіндеп айтқанда, қызылша дақылын өсіруді дамыту мақса­тын­да сервистік дайындау орта­лық­тарын құ­ру бастамасы жемісін беріп отыр. Нақты қолдау мен нағыз тәуе­кел арқылы қол жеткен нәти­же жо­ғары. Мысалы, қызылша өнім­ді­лігі 2014 жылы 24 мың тонна болса, 2018 жылы 440 мың тонна болған. Ал тәтті түбір егістігінің алаңы сол 2014 жылы 1 200 гектардан сәл асса, биыл 14 мың гектарға бір­ден ұлғайды.

– Ауыл шаруашылығын дамыту біздің облыс үшін негізгі бағыт болып отыр. Бұл саладағы жалпы өнім көлемі өткен жылы 700 млрд теңгеден асты, агроөнеркәсіп кеше­ніне 82 млрд теңге инвестиция тартылды. Былтыр қант қызылшасы 11 мың 200 гектарға себіліп, 440 мың тонна тәтті түбір жиналды, яғни жалпы өнімі 32 пайызға өсті. Жекелеген шаруашылықтар гектар өнімділігін 700-800 центнерге жеткізді, облыс бойынша орташа көрсеткіш 400 центнерден асты. Ал Көксу және Ақсу қант зауыттары 42 мың тонна қант шығарды, облыс­тың қажеттілігі 30 мың тонна. Жақын аралықта тағы екі зауыт – Қарабұлақ, Алакөл қант зауыт­тарын іске қосу жоспарлануда. Демек, Жетісуда өндірілген ақ қант­пен қазақстандық нарықты қам­туға қол жететін күн алыс емес, – дейді облыс әкімі Амандық Баталов.

 

Алматы облысы