Болашақ сапалы білімнің іргетасы бастауыш сыныпта қаланады. Біз бастауыш сыныптағы білім сапасына мән беріп жүрміз бе?
Орал қаласында Ж.Досмұхамедұлы атындағы жоғары педагогикалық колледжінде бастауыш сынып мұғалімдерін дайындайтын оқу орындарының білім беру мазмұнын жаңғырту бойынша тұңғыш эксперименттік жоба басталды. «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы (NIS) мен Батыс Қазақстан облысы әкімдігі арасында қол қойылған әріптестік туралы меморандум аясындағы жобаның мақсаты – болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби даярлығы деңгейін көтеру. Жоғары педагогикалық колледжге отандық және шетелдік озық тәжірибе – Назарбаев зияткерлік мектептері, сондай-ақ Финляндия, Англия және АҚШ білім жүйесі негізінде жасақталған «Бастауыш білім» мамандығы бойынша эксперименталды бағдарламаны енгізу жоспарлануда.
Салтанатты шараға облыс әкімі Ғали Есқалиев, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова, Орал жоғары педагогикалық колледжінің директоры Светлана Бахишева, «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы, «Kazdidac» қауымдастығының басқарма төрағасы Валерий Лебедев, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ білім беру бағдарламалары орталығының директоры Жанар Әбділдина, халықаралық танымал сарапшылар – Лондон университеттік колледжінің докторы Питер Мехисто мен Португалия Авейру университеті профессоры Джоана де Брито қатысты.
Мұғалім – көшбасшы
Сарапшылар бүгінгі жас ұрпақтың өмірі олардың ата-аналарының өміріне қарағанда әлдеқайда күрделі болады деп отыр. Соған сәйкес білім беру жүйесінің де алдына қойылған міндет қиындап келеді. Біз оқушының бойына білім мен дүниетанымның шексіз екенін сіңіруіміз керек. Мектеп – тек білім беретін орын емес, жас баланы әлеуметке қалыптастыратын орта, балаларды қарым-қатынасқа, әріптестікке үйрететін кешен. Мектептің міндеті – оқушының санасына қоршаған ортаның, әлемнің тұтас көрінісін қалыптастыру. Мұғалім – уақытты үнемді пайдалана білетін, міндетті дұрыс бағамдайтын, мәселені шешудің тура жолын тез табатын, қоғамға қызмет ететін және жауапкершілік арқалай алатын көшбасшы болуы тиіс. Мектепке жоғары кәсіби білікті маман керек, – деді «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы К.Шәмшидинова.
Мағжан Жұмабаевтың «Мектептің тірегі де, жүрегі де – ұстаз» деген сөзін еске алған Күләш Ноғатайқызы Батыс Қазақстан облысы әкімдігіне алғыс айтты. Өйткені, Ж.Досмұхамедұлы атындағы жоғары педагогикалық колледж аясында тәжірибелік жобаны бастау туралы ұсыныс әкімдіктен түсіпті.
– Біз әкімдіктің тәжірибе туралы ұсынысын толық қолдадық. Осы замандағы білім саласының мәні мен маңызын ұғынған облыс әкімдігіне ризамыз. Біз бүгінгі ұрпақты қалай тәрбиелесек, Қазақстанның болашағы сондай болады. Осы жоба аясында жалпы білім беретін және кәсіби білім пәндері бойынша 108 оқу бағдарламасынан тұратын кешенді жүйені толық жасап шықтық. 90 бағдарлама мұғалімдердің білімін жетілдіру бойынша дайындалды. Біз «Kazdidac» қауымдастығына оқушылардың ғылыми-зерттеу қабілетін шыңдауға үйрететін кабинет жабдықтарын жасап шыққаны үшін ризашылық білдіреміз. Сондай-ақ «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы «Бастауыш мектеп мұғалімінің кітапханасы» сериясы үшін ағылшын тілінен әлемдік бестселлер қос кітапты тәржімалап әкеліп отыр, – деді К.Шәмшидинова.
NIS дербес білім беру ұйымы мамандары жоба аясында колледжге қазақ және орыс тілдерінде методикалық кітапхана: оқулықтар, ұсынбалар, методикалық әдістемелер, барлық пәндер бойынша қысқа мерзімді жоспарын бермек. Жыл бойы осы бағдарламаны бірге өткізетін НЗМ мен колледж тәжірибенің жақсы жағы мен олқы тұстарын талқылап, толықтырып, түзетіп отырады. Соңынан бұл тәжірибе еліміздің педагогикалық колледждеріне таратылады.
Әкім – қолдаушы
Өңірдегі мектептің 60%-ы – шағын комплектілі мектептер. Бастауыш және негізгі білім беретін бұл білім ордаларының сапасы көңілден шығып тұр деуге болмайды. Облыстың жаңа басшысы барлық жетістіктің бастауы – білім саласына баса назар аударып отырғаны байқалады.
Қазіргі таңда еліміздің білім беру саласы әлемдік кеңістіктен өз орнын айқындады. Жаңартылған білім беруге сай инновациялық үдерістер жүргізіліп жатыр. Бүгін де үлкен жаңалыққа қадам жасағалы отырмыз. Республикада алғаш рет Оралдағы педагогикалық колледжде бастауыш білім беру мамандығы бойынша эксперименттік жоба басталады. Күні кеше өткен республикалық тамыз кеңесінде Республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев техникалық және кәсіптік білім беруді еңбек нарығына сәйкес модернизациялау туралы атап айтты» – деген облыс басшысы Президенттің колледждерді тек материалдық-техникалық дамыту ғана емес, ресурстарды үнемдеу, білім мазмұнын жаңарту, дуалды оқыту қажеттігін тапсырғанын айтты. «НЗМ мектептерінің озық үлгісін елге кеңінен тарату туралы Тұңғыш Президент – Елбасы да өз Жолдауында айтқан болатын. Педколледж мектептерді кадрмен қамтамасыз етуде үлкен рөл атқарып отыр. Мұнда бастауыш және негізгі мектеп мұғалімдері даярланады. Өңірдегі мұғалімдердің төрттен бірі – осы педколледж түлектері. Бастауыш мектеп білімі – жалпы білім саласының өте маңызды бөлігі. Бастауышта алған білім одан кейінгі алатын білімнің іргетасы, базасы. Адамның тұлғалық қасиеті дәл осы кезеңде қалыптасатыны әлемдік ғылымда дәлелденген. Сондықтан бастауыш білім беретін педагог баланы хат тану мен санауға үйретіп қана қоймауы керек. Қазіргі мектептер заманауи әдіс-тәсілді меңгерген педагогқа мұқтаж. Бала әлемді танып, өсіп, дамуы тиіс. Әкімдікпен арадағы әріптестік туралы меморандум нәтижесінде НЗМ мамандары дайындаған жаңа білім бағдарламасы жаңа форматтағы педагогтарды әзірлеуге мүмкіндік береді. Осы тұста ең маңызды нәрсе, бағдарламаны дайындауға шетелдік үздік тәжірибе кеңінен пайдаланылды. Жаңа бағдарлама арқылы педагогтарды жаңаша әрі заманауи даярлау жүйесін колледжімізге енгізу осы саланың дамуына тың серпіліс, оң өзгеріс әкеледі – деді облыс әкімі Ғ.Есқалиев.
Көмекші құрал – көмескі құрал емес
Бастауыш сынып мұғалімдерін дайындайтын оқу орындарының білім беру мазмұнын модернизациялау жобасына «Kazdidac» оқу жабдықтарын өндірушілер мен жеткізушілер қауымдастығы да ерекше дайындалыпты. Көрмеде цифрлы сенсорлар, интерактивті панельдер, шағын лабораториялар, роботтехника жиынтығы бар бастауыш сынып оқу кабинетінің толық кешені қойылған.
– Бұл көмекші құралдар оқушыларды нақты ғылымдарға икемдейді. Қазіргі заманның шындығы солай: күн өткен сайын бізге күнделікті қажет білім көлемі көбейе береді. Оны азайту мүмкін емес. Мұндай жағдайда қажетті білімді игерудің жалғыз жолы – методика мен технологияға байланысты. Сондықтан да «Kazdidac» ұсынып отырған оқу жабдықтары, біз жасаған методика мен технология қабылдауды жеңілдетеді. Бала көлемді материалды тез қабылдайды. Мысалы, мына микроскопқа қараңыз: бұл микроскоп затты 300 есеге дейін үлкейтеді. Әрі бір аудиториядағы жалғыз құрал экран арқылы тақтадан көрсете алады. Осы арқылы бастауыш сынып оқушысы жанды табиғат бөлімі бойынша табиғаттың тірі екенін, молекулалық немесе жасушалық деңгейде тірі екенін көреді. Экран ашылады, суретке түсіреді, сақтап алуға болады. Бұл микроскоппен жұмыс істеу, әсіресе жаратылыстану бағытындағы мектептерге керек, – дейді К.Шәмшидинова.
Өңір басшысы Ғали Есқалиев биыл аудан орталықтарының бәріне сапалы интернет жеткізілетінін, сондықтан Орал қаласында білім саласында қолданылып жатқан инновациялық жаңалықтарды шалғайдағы мектептерде де көрсету мүмкіндігі туғанын айтты.
Шынында «Kazdidac» қауымдастығы ұсынған көмекші құралдар бастауыш сынып оқушысы түгілі, ересек адамның өзін қызықтыратындай. Сапалы пішін, қызыл-жасыл көрікті дизайн көз тартып тұр. Мұндай жабдықпен қамтылған сынып бөлмесі оқушыны мектепке шақырып тұрары анық.
Оралдағы жиынның тағы бір жаңалығы – «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы таныстырған қос кітап болды. Бастауыш сынып мұғалімін даярлау туралы қазақ тіліне аударылған жаңа кітап көпшілікке таныстырылды.
Қазақстанда жасақталған Bilim-lend электронды оқыту платформасы бар. Бұл қазір еліміздегі 7 мың мектепте, Ресей Федерациясының 1 мың мектебінде, биылдан бастап Өзбекстан мектептерінде қолданылып жатқан Орталық Азиядағы ең үлкен және ілгері оқыту платформасы. Бұл жүйені алдағы бір жылға сіздерге де ашып, оқытушылар мен мұғалімдерге арналған тренингті өз есебімізден жасап беруге дайынбыз, – деген Р.Кенжеханұлының сөзін оралдық оқытушылар қуана қабыл алды.
Р.Кенжеханұлының айтуынша, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 оқулық» жобасы аясында 2017-2018 жылдары 48 оқулық мемлекеттік тілге аударылса, соның үшеуі педагогика саласына арналған екен. «Бүгінгі эксперименттік жобаның басталуына орай Rachel Orr-дың «Бастауыш мектеп мұғаліміне 100 идея» және Dominic Wyse-нің «Бастауыш мектеп мұғалімі: ұстанымдары мен қағидалары» атты кітаптарын қазақ және орыс тілдерінде шығардық, – дейді Р.Кенжеханұлы.
Жаһанша колледжі жалпыға үлгі
– ХХ ғасырдың басында ашылған осы оқу орнының бастауыш мектеп кадрларын даярлап келе жатқанына 100 жылдан асты. Батыс өңірінде өзіндік орны бар колледжіміз республикада танымал. Бірақ мойындауымыз керек, ХХІ ғасыр – жылдам өзгерістер заманы. Қазір мұғалім алдына келетін балалардың ойлау кеңістігі кең, сұраныстары өзгеше, цифрлы технологияны да жақсы меңгерген. Заман талабына сай НЗМ тәжірибесімен еліміздің мектептері түгелдей жаңартылған бағдарламаға көшті. Осы істің логикалық жалғасы ретінде енді педагогтарды даярлаудың да форматы мен мазмұны өзгеру қажеттігін уақыт көрсетті. Міне, елімізде алғаш рет педагог кадрларды даярлаудың жаңа стратегиясы біздің колледжде жүзеге асқалы отыр – деді өз сөзінде Ж.Досмұхамедұлы атындағы жоғары педагогикалық колледжінің директоры, педагогика ғылымдарының докторы С.Бахишева.
Светлана Меңдіғалиқызының пікірінше, бұл жобаның бірнеше артықшылығы бар. Біріншіден, бағдарламаны дайындауға колледж оқытушылары бірлескен автор және кеңесші ретінде қатысып, педагогтардың кәсіби дәрежесі жоғарылауына мүмкіндік береді. Екіншіден, оқытушылардың оқу жылы аясында оқып, жаңа бағдарлама бойынша білімін жетілдіруі – әр педагогтың біліктілігін арттыратын нақты сабақ. Үшіншіден, қазір 100-ден аса пән бойынша оқу бағдарламалары дайындалған, әр пән бойынша оқу әдістемеліктері әзір тұр. Оқытушы электронды білім порталына жинақталған методикалық кешендер жүйесін пайдаланып, әр пән бойынша жаңа бағдарламаға сәйкес нақты көмек ала алады, студентіне де бере алады.
– Біз осы жобаның тағы бір мүмкіндігін көріп отырмыз: бұл студентті дербес оқыту. Электронды ресурстың көмегімен біз әр студентті өз ерекшелігіне сай дамыта аламыз. Білім порталы осындай мүмкіндік береді. Бастауыш білім саласында зертханалық және практикалық жұмыстар үшін қажетті білім жүйесінің көрнекі құралдар кешені де дер кезінде ұсынылып отыр. Бізге бастауыш сыныптар үшін ғылыми зертхана болуы өте маңызды. Болашақ педагогтар кәсіби біліктілікті зертханадан алады. Осындай құрал-жабдықпен жұмыс істеп үйренген студент мамандығын терең меңгеріп, шәкірттерін де ғылымға терең баули алады. Алғашқы сатыда колледж облыс мектептері үшін ресурстық орталық міндетін атқаруы тиіс. Бірақ әріптестік жобаларымызды республикалық деңгейде де таратуға әзірміз. Майкл Барбер: «Білімнің сапасы онда істейтін мұғалімдердің сапасынан жоғары бола алмайды» деген, сондықтан бұл жобаға қатысу – біздің оқытушылар үшін мақтаныш қана емес, үлкен жауапкершілік те, – деді сөзінің соңында С.Бахишева.
Айтпақшы, алдағы 2-6 қыркүйек аралығында Ж.Досмұхамедұлы атындағы педагогикалық колледжінде бастауыш білім беру мамандығының 1-курс студенттеріне «Мамандыққа алғашқы қадам» атты семинар курс ұйымдастырылғалы отыр. Шараның мақсаты – педагогикалық қызмет туралы білім алуға ынталандыру, мамандыққа қызығушылықты арттыру критерийлерімен таныстыру, заманауи мектептегі жас мұғалімнің өзін өзі жетілдіру мен жұмыс істеу әдістерін қалыптастыру.
Батыс Қазақстан облысы