• RUB:
    4.69
  • USD:
    513
  • EUR:
    541.16
Басты сайтқа өту
Әдебиет 04 Қыркүйек, 2019

Мен таныған Расул (эссе)

3120 рет
көрсетілді

Басы 168-нөмірде

Махачкала. Жазушылар одағы

Махачкаладағы Бүкілодақтық студенттер турнирі аяқталды. Мен бестікке кірдім. Бұл үлкен жетістік болатын. Әбіл­сейіт Айхановқа телеграмма салдым. Бүкілодақтық студенттердің құрама командасына кіргенімді, жиырма күн Махачкалада жаттығу жасайтынымызды айттым. Әбіл ағадан телеграмма алдым. «Тәубә. Айханов.» деген екі ғана сөз. Бұл Әбе­кеңе тән стилі еді. Махачкаланың поч­тальондары тәубә деген не сөз? деп екі күн есімді шығарғандары бар.

Расул Ғамзатов Махачкалаға келді. Ертең жұмыста болады деген хабар алдым. Менің қуанышымда шек жоқ еді. Алматыдан алған «Четкий лет» деген Расулдың Мәскеуде шыққан кітабын қолтығыма қысып, Жазушылар одағына шауып бардым.

Қабылдау бөлмесінде адам көп екен. Хатшы әйелге кім екенімді айттым. Автограф алайын деп Алматыдан келдім. Студентпін дедім. Хатшы әйел кітабымды алып ішке кіріп кетті де, лезде қайта шықты.

– Күте тұр, – деді.

– Күтем, – дедім.

Расулдың кабинетіне біреу кіріп, біреу шығып жатыр.

Түске таман ғана мені шақыртты-ау ақыры. Расул Ғамзатов төрде жалғыз отыр екен. Қолында мен жіберген кітап.

– Қай баласың? – деді.

– Қазақпын.

– Мұнда не ғып жүрсің?

– Палуандардың жарысына келдім.

– Қалай болды?

– Бесінші орын алдым.

– Өте жақсы. Дағыстанда аварларды, Ресейде орыстарды ешкім жеңе алмайды, – деп күлді. – Атың кім?

– Роллан.

– Оу, сен Ромен Роллан екенсің ғой. Жарадың! Мұхтар Әуезовті білемісің?

– Өзін көргем жоқ. Кітаптарын оқы­дым.­

Расул Ғамзатов бір сәт ойланып үнсіз қалды да, қайта тіл қатты.

– Жазушыларға жақын болып керегі жоқ. Кітап­тарын оқысаң да жетеді.

– Сіздің барлық кітаптарыңызды оқығам.

– Сен өзі мықты жігіт екенсің ғой. Өлең­ді жатқа оқи аласың ба?

– Оқимын. Сіздің өлеңдеріңізді оқиын.

Расул Ғамзатов таң-тамаша болып маған күлімсірей қарап алып, хатшы әйелді шақырды.

– Біздің жігіттерді жина, – деді.

Бірнеше жігіттер кабинетке кірді де, не тұруды, не отыруды білмей тұрып қалды.

– Мына жігіт студент. Палуан. Осында бесінші орын алыпты.

– Жақсы күресті. Тынысы жетпеді, әйтпесе үшінші орынға көтеріліп кетуге мүмкіндігі болды, – деді бір үлкендеу адам.

– Менің өлеңімді жатқа оқимын дейді.

– Қай тілде? – деп сұрады біреуі.

– Қазақша да оқимын. Орысша да оқимын.

– Мен марқұм Мұхтар Әуезовке өз өлеңімді Алматыдағы үйінде аварша оқып едім, – деді Расул Ғамзатов.

Тау шыңдары жап-жақын боп көрінер

Етегіне созсаң қолың жеткендей.

Өрмелесең, жете алмассың шегіне,

Жер түбіне бір-ақ көшіп кеткендей.

 

Өлең жазу әншейін-ақ шығардай,

Жазған кезде, жан терің де төгілер.

Екі сөздің басын дұрыс құраудан

Шыңға шығу оңайырақ көрінер.

Жұрт таңғалды. Мен енді Расул ағам­ның орыс тіліндегі өлеңін оқып кет­тім. Ар­тынша Расул да, жазушы жігіттері де қол соқты.

Расул мені бауырына тартып құшақ­тады. Столының тартпасынан әдемі қалам алып шықты.

– Сенің атың Роллан. Француздың аты. Кезінде маған Луи Арагон мына бір қаламды сыйға тартып еді. Енді осыны мен саған сыйладым. Бағдаулет, сендер мына жас жігітті тамақтандырыңдар, құр­мет көрсетіңдер, Луи Арагонның қала­мына жақсы сия құйып беріңдер! – деп бұйыр­ды. Артынша: – Сен Алматыға бар­ғанда Мұхтар Әуезовтің музейіне менен сәлем айт. Ол ұлы Адам еді ғой. Рухына бас іи, жас досым.

Мен ол кезде он тоғыз жаста едім.

Расул Ғамзатов қырық екі жаста болыпты.

 

Ресей. «Москва» қонақүйі

Әнуар Әлімжановты «Домодедово» аэропортынан қарсы алып, «Москва» қонақүйіне орналастыруға алып келдім. Фойе­де кісі жоқ екен. Әнекең депутаттық куәлігін беріп, бөлменің кілтін алған кез­де, қонақүйден Расул Ғамзатов екі авар жігітімен фойеге шыға келді. Әнуарды көрген Расул, күлімсіреп, Әнуар аға­мызды құшақтап, бауырына басты.

– Қазақтың ұлы жазушысын қай қабат­қа орналастырдыңдар? – деп сұрады Расул. – Менің бөлмеме жақын жерден орын табыңдар.

Кезекші әйелдер Расулдың сөзін бір­ден ұғып, Әнекеңнің құжаттарын қай­тадан тіркеді.

– Әнуар мені «Молодая гвардия» бас­пасының директоры тосып отыр. Мен жыл­дам ораламын. Келген соң бірге та­мақ ішейік, – деді. – Ресторанға барма. Біз жүрген жерде сөз көп болады. Менің бөл­мемде кездесейік.

– Расул Ғамзатович, кездесу менің бөлмемде өтсін. Аз ғана гонорар алған ем. Сізбен бөлісейін.

– «Молодая гвардия» маған гонорар беруі керек. Ақшаны бірге жұмсаймыз, – деп күлді.

Әнекең бөлмесіне үлкен дастарқан жасатты.

– Расулды Алматыға шақыртқам, келе ал­мады. Ыңғайы Мәскеуде келді. Дұрыс дас­тарқан жасатайық, Роллан.

Бір сағаттаң соң, Расул Ғамзатов Әне­кең­нің бөлмесіне кірді де, сәл тоқтап қа­лып барып, қасындағы екі авар жігітіне қарады:

– Үлкен халыққа үлкен бөлме береді, – деп жымиды. Сендер менің бөлмемнен Дағыс­танның бір бөшке коньягын әкелің­дер, – деп бұйрық берді.

Екі авар азаматы асықпай бөлмеден шығып, асықпай бір емес, екі бөшке коньяк әкелді.

Расул Ғамзатов столға жайғасқан екі бөшке коньякка күлімсірей қарап алып, Әнекеңе бұрылды.

– Әнуар, Мәскеуде қанша күн бол­мақсың?

– Он күн шамасы.

– Жиырма күндей болсайшы. Кей-кейде жақсы інім, Алматыдағы жазушы­лар­дан да, Жазушылар одағынан да демалу керек. Сен демалуды білмейсің. Ал бүгін Жоғарғы Советтің жиналысы біт­ті. Мен боспын. Дағыстанда арақ іше ал­майсың. «Москва» қонақүйінде тығы­лып арақ ішуге болады. Ақшаң жетпей қалып жүрмесін?!

– Қорғанбаңыз. Ақша жетеді. «Ли­тера­турная газетаның», «Советский писа­тельдің» баспаларының директорлары да келеді. Бізбен бірге кең отырыңыз.

– Менің тілегенім де осы ғой, – деп­ Расул Ғамзатов Әнуарды өзімсіне құшақтады, – Қазақтардай қонақжай халық­ты мен көрген емеспін, – деді Расул Дағыстан бауырларына бұрыла қарап. – «Менің Дағыстаным» кітабын мына Әнуар Әлімжанов қазақша шығарды. Шын жүрегімнен алғыс айтамын. Шарап құйылды ма?..

– Құйылды...

– Олай болса, Менің Дағыстаным үшін емес, Менің Қазақстаным үшін осы ша­рапты ішіп қоялық, – деді Расул.

– Бұл керемет сөз болды! – деді Расул­дың досы, ақын Омаргаджи Шахтаманов.

– Керемет ішу бар, – деп жымиды Расул.

– «Менің Дағыстанымды» қазақтың атақты ақыны Ғафу Қайырбеков тамаша аударды. Қазақ елі сіздің кітабыңызды сүй­сіне оқуда. «Жұлдыз» журналына арнайы басылды. Журналдың тиражы 265000.

– О-о-о! Бұл тираж-ақ, – деді Расул. – Ғафуға рахметімді жеткіз.

– Қазақстанға шақырдым келмедіңіз.

– Әнуар досым, менің екі Құдайым бар ғой. Біреуі Кеңес Одағының Жоғарғы Советі. Екіншісі Патимат. Біздің үйдегі жеңгең. Бұлар өте қатал. Адам жанын тү­сін­бейді. Ақын жанын жандарына жолат­пайды. Ақынға қарсы шабады, немесе тіксініп тұрып алады. Ал көктегі Құдай мені түсінеді, тіптен жақсы көреді. Коньяк ішіп отырғанымда маған көзін қысатыны да бар. Осы «Москва» қонақ- үйінде «Менің Дағыстанымның» жарты қолжазбасы жанып кетті. Қонақтардың бірінің темекі қалдығынан от алса керек. «Менің Дағыстаным» жанып жатқан, ал мен ұйықтап жатқам. Таңертең күл боп жатқан жарты бөлік қолжазбамды көр­генде есім ауысып кете жаздады. Бар күшім­ді жинап қайтадан жазуға отырдым. Далаға да шықпадым, серуенге де шықпадым, Дағыстанның тауларында тығылып жатып, қайтадан «Менің Дағыс­танымды» жаздым. Намысымды шақыр­дым. Рухымды тіктедім. Енді ойласам, маған Кавказ таулары, Дағыстанның әулие­лері көмектесіпті. Олар болмаса 600 бет­тік кітапты Ғамзат Цадасаның баласы Расул­дың қайта жазып шығуы мүмкін емес еді. Әнуар, сен қайда барасың? Отыр...

– Балконда темекі тартайын.

– Әнуар, сен ұлы азаматсың, Сендей ұлы түркі жігіті жоқ, оны бәрі біледі, бірақ ешқайсысы сені мақтап сөз айтпай­ды. Біздің жігіттердің іші тар, көңіл­дері қараңғы, шексіз эгоизм ауруына шал­дық­қандар. Сен оларға қарама. Сен өте жоғары мәдениетті адамсың, орысша­ласақ интеллигентсің, өз үйіңде отырсың, өз үйіңде сөйле, темекіңді тарт, бәрі жарасымды. Сен сөз айт Әнуар, сен темекі тарт Әнуар. Дәл бүгінгідей кеш қайтып кел­мейді.

Сол кеште Әнекеңнің бөлмесіндегі дастарқанды Расул Ғамзатов басқарды, сөз сөйледі, ән айтты, әзіл айтты. Түнгі бір­де ол бәрімізді Мәскеудегі үйіне ша­қыр­ды.

– Патимат Махачкалада. Еркін оты­рың­дар, – деді Расул.

Сол түні, өз үйінде Расул Ғамзатов грузин­­нің «Арагви» ресторанынан тамақ алдырып, үлкен дастарқан жасатты.

–  Әнуар, сенің бөлмеңде мен қожайын болдым, ал менің үйімде дастарқанды Дешті-Қыпшақтың асыл ұлы сен басқар, – деді.

Біз таңды атырғанша отырдық. Қан­дай әңгімелер айтылды, қандай тарих беттері шуылдап, күңіреніп, жылап ашылып, жылап жабылып жатты, сол кеш пен сол түн менің есімде мәңгі қалды.

Енді қарасам, сол отырыстан тірі қал­ған мен ғана екенмін.

Сол аяулы ағаларымды еске түсірген сайын көзіме жас келеді.

Дүниеден ұшты-күйлі жоғалып бара жат­қан ар-ождан арқырап айбат шегеді. Енді не істейін?!.

 

Переделкино

Күз еді. Жазушылардың Передел­кино­дағы шығармашылық сана­торийі сап-сары алтын жапырақтардың құша­ғына көміліп қалыпты. Шың еткен дыбыс жоқ. Манаураған тыныштық. Жазу­шының жанын рахатқа бөлейтін тылсым кез. Сап-сары жапырақтарды жапырып ақырын қозғалып келе жатқан егде адамды көрдім. Алыстан кім екенін шырамыта алмадым. Егде адам маған жақындап кел­генде ғана таныдым.

Ол ұлы ақын Расул Ғамзатов еді. Екі қолымды бірдей көтеріп, қадірлі адамға қарсы жүрдім.

– Расул Ғамзатович! – дедім дауыс­тап. Өз ойымен өзі болып, көзін төмен салып келе жатқан қарт адам лезде басын көтеріп алып, маған тура қарады.

Бұл егде адам, Махачкалада мен көр­ген қырық екі жастағы жарқылдаған жа­рық жұлдыз Расул Ғамзатов емес еді, «Москва» қонақүйінде бізді ыстық, ба­уыр­мал құшағына қысқан асқар ойлы, ақыл­ды Расул Ғамзатов та емес еді, бұл егде адам бойына қарттық қонған Расул Ғамзатов болатын. Қартайған Расул Ғам­затовты көру маған ауыр тисе де, сыр біл­дір­мей күлімсіреп келіп, төсіне төсімді тигізіп амандастым.

Бұл 2002 жыл болатын.

– Қазақстан аман ба?– деп сұрады Расул ағам. – Өзіңнің халің қалай?

– Рахмет, Қазақстан аман, халім жаман емес.

– Керемет де! Бізді жамандайтындар көп.

– Халім керемет, Расул аға!

– Бұл дұрыс жауап. Енді ылғи Керемет! – деп жүр. Оны маған Олжас Сүлейменов үйретті. Ол қашан да керемет деп жауап қатады.

– Өз халіңіз қалай, Расул Ғамзато­вич?!.

– Керемет! Бірақ қарттық қақпасын ашты. Аздаған ауру-сырқау бар. Оған да көн­бей жүр едім, асыл Патимат дүниеден озды. Енді жалғызбын, – деп ойланып тұрып қалды. – Жалғыздық деген жалмауызбен жалғыз шайқасып жүрмін. Сен мұнда қашан келдің?

– Түнде.

– Бәсе, сені тамақта көрмедім. Менің келгеніме де үш күн болды. Наум Греб­невпен үлкен бір томдық орысша кітабымды қарап жатырмыз. Жазу сто­лында ұзақ отыра алмаймын. Біраз жүруге шықтым. Серуендеу керек, дейді дәрігерлер. Олардың айтқанының бәрін орындауға тырыспа. Сен қаншаға келдің, Роллан?..

– Елу алтыға кеше келдім.

– Мықтап жуатын жас екен. Ертең өзің білетін Магомед Ахметов келеді. Мені Дағыстанға алып кетпек. Қазір Дағыстан Жазушылар одағының бастығы сол Магомед інің. Сені жақсы көреді, сыйлайды. Сені Махачкалаға шақырам деп өзеуреп еді, сені таба алмады. Сен Лондон асып кетіпсің. Ал мен енді үйге кірейін. Сәл шаршадым. Кешке кездесейік. Мені Наум досым тосып қалған болар.

Расул ағамды санаторийге кіргізіп салдым да, есік алдында бөгеліп темекі тарттым.

Расул Ғамзатовтың қартайған шағын көру ауыр еді. Кезінде қарттыққа бой бер­ген ұлы Бауыржан Момышұлын көр­генде де бір түн ұйықтай алмай қатты қиналғаным бар. Әулие адамдардың қартайған шағын енді қайтып көрсетпесін деген едім. Жаңа ғана қартайып, күйзеліп күн кешіп жүрген Расулды көру азап болатын. Адам қанша туласа да уақыттың құлы. Бірақ, адам өзін қартаймайтындай, өлмейтіндей көреді ғой.

Адам өмірі өлшеулі, уақыт мәңгі.

Мен қайтадан сап-сары жапырақтарды жапырып, қалың тоғайдың ішіне еніп кеттім. Серуенге шығарда Переделкинода тұра­тын асыл достарым Анатолий Ким мен Владимир Личутинге жолығуды ой­лағам.

Расул Ғамзатовты көрген соң, көңілге кө­леңке түсіп, жабырқаған жаным жал­ғыздық тіледі.

Қалың орыс орманына ендеп кірген сайын, жалмауыз жалғыздық мені түпсіз тереңіне тартып әкетіп бара жатыр еді.

Алыстан жалғыз иттің үргені естілді. Сонан соң тыныштық орнады. Ал мен қай­та­дан темекі тарттым. Бірақ жалғыз­дық мені тегеурінді құшағынан босатқан жоқ.

 

Переделкино. Екінші күн. Кеш

Менің есігімді тоқылдатып-тоқыл­датып алып, батыр тұлғалы Магомед Ахметов бөлмеге жарқырай жымиып кіріп келді.

– О, Роллан Шакенович, Сізді де көретін күн бар екен-ау! – Магомед мені құшақтап тұрып барып, – Сіз екеуміз осы Переделкинода қанша рет кездестік! Қанша рет арақ іштік.

– Қанша жазу жаздық, Магомед!..

– Сіз маған қанша ақыл бердіңіз. Үлкен­дерді құрметте, жастарды сыйла, Магомед деуші едіңіз. Аспа, саспа, кеу­деңді көтерме, бос мақтанға еріп, лағып кетпе – деген сөздеріңізді де мен ұмытқам жоқ. Бәрі есімде. Сізге мың да бір рахмет.

– Ақылымды алған саған рахмет, Магомед.

– Расул бөлмеде тосып отыр. Сізді жылдам жеткіз. Мені тастап өздерің жеке ішіп кетіп жүрмеңдер, – деді.

– Расул айтады ғой! – дедім күліп.

– Сәл шаршап отыр, әйтпесе келісті қалыбын бұзған жоқ.

Расул Ғамзатовтың бөлмесінде бізді жаюлы ғажап дастарқан тосып тұр еді. Аппақ дастарқанда Дағыстанның дәм­дері, орыстың балығы, сәбізі, жуасы, ұзын бойлы коньяк бөтелкелері әзер сиып тұрған.

– Жоғарыла Роллан, жайғасып отыр. Мен баяғыдай іше алмаймын. Магомед сен маған стаканға толтырып Дағыс­танның коньягын құй, – деді Расул.

Жүзінде шаршау болғанымен, Расул аға­мыздың көңілі жайдары еді.

– Наум саған сәлем айтты. Шешесі ауырып үйіне кетті. Сен Наумның Жүсіп Бала­сағұнды орысшаға аударған кітабын «Абай кітапханасында» шығарыпсың. Рахмет айтып жатыр. Ертең көрісесіңдер. Ал мынаның бір жұтымын үнсіз ішіп жіберейік. Тост алдындағы дайындық-разминка болсын.

Біз үнсіз ішіп салдық. Расул екі ұрттап стаканын столға қойды.

– Мен осылай ұрттап ішетін халге түскем, Роллан.

– Алла тағала, бізді де ұрттап ішуге жеткізсін, – дедім.

– Оның бетін ары қылсын де, Роллан. Іш­кен соң бұл коньякты ұрттап емес, тостағандап ішу керек, – деп күлді Расул. – Жарық­тық Патимат ханум, Расул абайлап іш деуші еді. Ал мен оған, Патимат мен үш-ақ ұрттадым ғой дейтінмін. Сонда Патимат, сенің бір ұрттағаның бір тостаған деуші еді. Ал енді ішпе дей­тін Патимат о дүниеге кетті, мен орта­ларыңда отырмын, ішуге шама жоқ. Ма­ған ұқсаймын деп мына Магомед інің де көп ішті. Қазір ұрттап алмайды. Қуат­таймын. Бұл арақты аристократтар сияқты жүз грамм ғана ішу керек. Ал кав­каздықтар бөшкенің түбін көрмей тоқтамайды.

– Қазақтар да солай, – дедім.

Расул ағамыздың сөзін тыңдап оты­рып, не күлеріңді, не жыларыңды білмей­тінсің.

Ол кісінің әзілі от еді ғой. Тауып сөй­лей­тін, лезде тауып айтатын. Қартайса да жатып атар сөздері сол баяғыдай қал­жыңға толы болатын.

– Магомед, мына Роллан ағаң палуан­дықты тастап жазушылыққа ауысқаны дұрыс болды. Әдебиет әлемінің күресі біт­пейтін айқас қой. Демалыс жоқ. Ес жиып үлгермейсің, өйткені тоқтау да жоқ, тоқырау да жоқ. Әдебиет әлемінің кү­ресі сені көрге дейін сүйреп апарады. Ол сайқал күрес, сенің тәніңді құрт-құмырсқа жеп болған соң да тоқтамайды. Әдебиет әлеміндегі күрес қалғымайтын бақ­таластыққа толы. Өнерді таңдаған пенде, өлімге бір табан жақын тұрады – деп Расул қарқылдап күлді. – Қазір ай­туға оңай. Кезінде қиын болған. Мына Магомед сол әдебиет күресінің бел ортасында отыр. Шашы да ағарып кетті.

– Шаштың ағарғаны түк емес, Расул аға, жанның күңіренетінін қайтесіз?!. Роллан Шакеновичтің елі үш жүзге бөлі­ніп күреседі. Ал Дағыстанда отыз ұлт бар. Отыз ұлттың жазушылары бар. Отыз тіл бар. Осылардың бәрі бірігіп бір қазанның ішінде қайнағанда, небір сұмдықтар шығып жатады ғой. Құдай оның бетін ары қылсын!..

– Қазақтың үш жүзге бөлінген күресі, біз­дің отыз ұлттың соғысынан асып түсе­ді, – деп жымиды Расул аға. – Бұның бәрі өз арамыздағы қалжың. Қалжыңның ор­­та­­сында шыңғырған шындық та бар әрине.

– Расул аға, Роллан Шакенович үшін ішейік.

– Өте дұрыс. Бұл алыста жүрген жалғыз қасқыр. Жортқанда жолың болсын, жас қазақ, – деп Расул коньяктан тағы да екі ұрттады.

– Сіз ұрттауды көбейтпеңіз, ертең ауыр­лап қаласыз, – деді Магомед.

– Ертеде мен бұларға байқап ішіңдер деуші едім, енді бұлар маған байқап іш дейді. Дүние кезек деген осы. Саған ере­гескенде мен тағы бір ұрттайын да, тоқтайын, – деді Расул.

Әзіл, қалжың бас көтерген әдемі кеш еді. Расул Магомедке өлең оқытты. Наум Гребнев орысшаға аударған өзінің соңғы өлең­дерін де оқып, сәл дамылдап үнсіз отырды.

– Сендер дәлізге шығып темекі тартып қайтыңдар. Мен сәл жата тұрайын. Бел қинап тұр, – деді Расул.

Біз темекі тартып бөлмеге енгенде, Расул әлі төсекте жатыр еді.

– Мен қайтайын. Сіз дем алыңыз, Расул Ғамзатович, – дедім.

– Роллан, кештің шырқын бұзба, отыр. Демал. Магомед, сен қонақты ренжітсең де, қонақ­тың стаканын ренжітпе.

Магомед стаканға ашулы Дағыстан коньягын құйды.

Расул ағам көзін жұмып, үнсіз қалды. Аздан соң барып, көзін ашпастан сөз бас­тады.

– Мен Мұхтар Омарханұлы Әуезовті соңғы кездері жиі есіме аламын. Неге екенін білмеймін, Мұхтар ағам ойға орала береді.

Сәл үнсіз жатты. Ақырын жөтелді.

– Магомед, аяғымды одеялмен жапшы, – деп сұрады.

Магомед шапшаң орнынан атып тұрып Расулдың аяғын қымтап жапты.

– Роллан маған бекер кездеспеген болар, мен сендерге Мұхтар ағам туралы бір әңгіме айтайын. Роллан сен тыңда. Ал сен, Магомед менің сөздерімді түртіп алып отыр.

 

Роллан Сейсенбаев

 

Дешті-Қыпшақ даласы,

Жидебай

 

(Жалғасы бар)