Қазақ әдебиеті мен әдебиеттану ғылымының, тіл білімінің атасы һәм реформаторы Ахмет Байтұрсынұлы 1873 жылдың 5 қыркүйегінде дүниеге келген.
Ахмет Байтұрсынұлы қазіргі Қостанай облысының Торғай өңіріндегі Сартүбек деген жерде дүниеге келген. Жастайынан көзі ашық, білім үйренуге құмар болған ол 1882-1884 жылдары ауыл адамдарынан сауатын ашып, хат таниды. 1886-1891 жылдары Торғай қаласындағы екі сыныпты орысша-қазақша училищеде, кейін Орынбордағы мұғалімдер даярлайтын мектепте білім алған. Осылайша бірқатар оқу орындарынан дәріс алған Ахмет Байтұрсынұлы 1895 жылы өзінің ұстаздық қызметін бастайды. Мұғалім болып жүріп қоғамда орын алып жатқан кейбір мәселелерден де шет қалған жоқ.
Ахаң, сондай-ақ, шебер аудармашы. Ол орыс классиктерінің шығармаларын ана тілімізге аударып, қазақ әдебиетінің дамуына да үлесін қосқан жан. 1909 жылы Петербургте басылып шыққан «Қырық мысал» атты кітабында Крыловтың, Пушкинның танымал туындылары аударылды.
А.Байтұрсынұлы қоғамда орын алып жатқан жағымсыз жайттарды осы мысал өлеңдері арқылы жеткізіп отырды. Бірінде өз ойын жұмбақтап жеткізсеғ кейде ашық та айта бастаған. Осылайша ол 1905 жылдардан бастап саяси өмірге араласа бастады. Алғашқы мақсаты әлеуметтік теңсіздікке қарсы шығу болатын.1909 жылы губернатор Тройницкийдің бұйрығымен Ахаң тұтқындалып, түрмеге де қамалады. Кейін Ресейдің ішкі істер министрлігінің ерекше кеңесі оны қазақ елінен жыраққа жіберу үшін Орынборға жер аударған. Бұл жерде де ол саяси көзқарасын ашық айтып, өзінің сенімді достары Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатовтармен бірігіп, тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетін шығара бастады. 1913-1918 жылдар аралығында осы басылымның редакторы болған ол, халықты өнер мен білімге шақырып, қалың бұқараға үгіт-насихатын жүргізген еді. Алайда, Ахметтің әрбір басқан қадамы Ресей үкіметінің қатаң бақылауында болып, Газетке жабылған жаланың кесірінен ол жазықсыз абақтыға отырып шықты.
Қазан төңкерісінен кейін қоғамдық өмірге белсене араласқан Ахмет Байтұрсынұлы қазақ жұртының тәуелсіз мемлекетін құруды мақсат еткен Алаш қозғалысы көсемдерінің бірі болады. Кейінірек Қазақстанның тұңғыш халық ағарту министрі, Қазақстан академиялық орталығының жетекшісі, Алматыдағы, Ташкенттегі жоғары оқу орындарының профессоры қызметтерін атқарады.
1926 жылы Ахмет Байтұрсынұлы түркітанушылардың бірінші съезіне қатысқан болатын. Жиын Баку қаласында өткен. «Түркі тілдеріндегі терминология жайлы» деген тақырыпта баяндама жасаған ол жиынға келген бүкіл қатысушыны өз аузына қаратты. Қарататынындайы да бар еді, Ахаң сол басқосуда қазақ ұлтының тілдік жүйесін дәлелдеп, халқының болашағы үшін қайсарлық көрсеткен.
5 рет сотталып, 2 рет жер аударылған мемлекет және қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы 1937 жылы қазан айында тағы да қамауға алынып, екі айдан соң «халық жауы» деген айыппен атылып кетті. Оның жақтастарын, туңан-туыстарын қудалау 1988 жылға дейін жалғасқан. Тек осы жылдың 4 төртінші қарашасында ғана А.Байтұрсынұлы ақталып, оның еңбектері ортамызға оралды. Осы уақытта оның «Ақ жол» деген кітабы да басылып шықты.
Оның артынан қалған мол мұрасы Алматыдағы өзі өмір сүрген ғимаратта, яғни қазіргі Ахмет Байтұрсынов мұражайында. 20 жылға жуық уақыттан бері жұмыс жасап тұрған шаңырақта Алаштың ардақты арысының басқан ізі, жоғалмас биік рухы қалды. Оның: «Өзіміздің еліміз¬ді сақтау үшін бізге мәдениетке, оқуға ұмтылу керек. Ол үшін ең алдымен, әдебиет тілін өркендету керек...» деген сөзі бар болатын. Елі үшін еңбегін арнаған асыл азаматтың осы айтқаны қазір де күшін жойған жоқ.