Технологияның қарыштап дамуы жаһанның түкпір-түкпірін мекен еткен жан баласын жұмыр жердей жұмылдырып жібергендей. Айшылық алыс жерлерге әу дегенің әп-сәтте жетеді. Интернетте шекара жоқ. Осының игілігін көріп отырған, табысын әлемнің әр тарабынан теріп отырған алпауыт ІТ-компаниялар бар. Енді солардың тынысын тарылтатын, «көп асқанға бір тосқан» болатын цифрлы салықтар пайда болып жатыр.
Қазіргі таңда жаһанда кең өріс жайған ірі ІТ-компаниялардың дені АҚШ-қа тиесілі. Сондықтан жалғанды жалпағынан басқан бұл елге әлем елдерінің цифрлы салыққа біртіндеп бет бұра бастауы жаға қоймайды. Жақында Францияның Биарриц қаласында өткен G7 саммитінде АҚШ тарапының қырын қабақ танытуының бір ұшы осы мәселеге тіреледі. Өйткені сол үлкен жетіліктің жиынының алдында француздар америкалықтардың айтулы Google, Amazon, Facebook, және Apple компанияларына (GAFA) салық салатынын мәлімдеген. Бұл бастама басқалардың да «бас көтеруіне» түрткі болды. Франциямен бірге G7-нің қалған елдерінің де Қаржы министрлері және ұлттық орталық банктердің басшылары интернет алпауыттарының басқа мемлекеттерде кеңселері болмаса да, табыс кіргізіп отырған елдерге салық төлеуі тиіс деген шешім қабылдады.
Биыл 11 шілдеде Франияның Парламенті цифрлы қызметтерді ұсынатын ірі компанияларға салық салу туралы заң жобасын түпкілікті қабылдады. Бұл салық 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап интернет алпауыттарының тапқан пайдасына ықпал етеді және Францияның жалпы айналымының 3%-ын құрайды.
Бұл шетін жағдай шалт қимылдайтын АҚШ президенті Дональд Трамптың шамына тимей қоймады. Ол Франция президенті Эмманюэль Макронның аталған шешімін сандырақ деп санайтынын, Ақ үйдің бұған тиісті іс-әрекетпен жауап беретінін айтып сес көрсетті. «Франция біздің тамаша технологиялық компанияларға қатысты цифрлы салық енгізді. Егер оларға біреу салық салатын болса, онда бұл тек олардың туған елі АҚШ болуы керек. Біз жақында Макронның ақымақтығына қарсы маңызды жауабымызды жариялаймыз. Мен қашанда америкалық шараптар француздың шараптарынан күшті деп айтып келемін» деп Д.Трамп өзінің Twitter-дегі парақшасында мәлімдеді. Яғни, АҚШ Францияның шараптарына және тағы басқа тауарларына салықты күшейтуге ниет танытып отыр.
Ал Ресей шетелдік интернет компанияларға салық салуды 2017 жылдан бастап қолға алды. Заңға сәйкес, Ресей аумағында интернет арқылы электронды контент сататын компаниялар 18% қосымша құн салығын төлейді. Мысалы, 2019 жылдың бірінші тоқсанында Google салығынан Ресейге 12 млрд рубль түскен. Былтыр барлық ІТ-компаниялардан түскен салық дәл осындай көлемді құрапты. Олардың ішінде Google, Apple, Facebook, Booking.com және басқалары бар.
Интернет арқылы шекарасыз қызмет көрсетіп жүрген мұндай компанияларға салынған салық тағы бірқатар мемлекетте әрекет етеді. Енді бұл қатарға біздің құдайы көршіміз Өзбекстан да қосылуға талаптанып жатыр. Бауырлас елдің нормативтік-құқықтық актілерді талқылау порталында жарияланған Салық кодексінің жобасында жеке тұлғаларға жарнама орналастыру, іздеу жүйелеріне рұқсат беру, статистика жүргізу, бұлтты сервистер, онлайн-сауда алаңдары, стримингтік сервистер бойынша қызметтер көрсететін компанияларға салық қарастырылған. Өзбекстанда осындай қызмет түрлерін Google, Яндекс, Alibaba, Netflix сияқты компаниялар ұсынады. Аталған заң жобасы бойынша 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап ІТ-компанияларға салық төлеу міндеттелмек. Салықтың мөлшері 20%-ды құрайды.
Сонымен қатар мұндай салықты енгізуге Қырғызстан, Тәжікстан және біздің Қазақстан ниетті екенін білдірді. Қазақстанның Ұлттық экономика вице-министрі Мәди Тәкиев Forbes.kz порталына берген сұхбатында «Бүкіл әлем «Google салығы» деп аталатын үрдіске көшіп жатыр. Бұдан біз де қалыс қалмауымыз керек. Біз электронды түрде қызмет көрсететін шетелдік ұйымдарға ҚҚС белгілегіміз келеді. Әңгіме бұл жерде Google, Alibaba және тағы басқа халықаралық компаниялар туралы болып отыр. Олар өздерін тәртіпті салық төлеушілер ретінде көрсетеді. Бірақ шетелде болғандықтан, бізге ақы төлейтіндей тетіктер жоқ. Сондықтан олардың бізге есепке тұрып, салық төлеуі үшін жағдай жасаймыз» деп айтты. Осы және өзге де Салық кодексіне енгізілетін өзгерістер жақында Парламенттің қарауына ұсынылмақ.