Ұлыбританияның Премьер-министрі Борис Джонсон таяуда II Элизавета патшайымнан ел Парламентінің жұмысын тоқтатуды өтінді. Брекситтің аяқталуына аз қалғанда Б.Джонсон мырзаның мұндай қадамға баруы Тұманды Альбионды тығырыққа тіреді.
Оқырманға түсінікті болу үшін мына мәселені айта кеткен жөн. Ұлыбритания 2016 жылы референдум өткізіп, дауыс бергендердің 52 пайызы Еуропалық Одақтан шығуды қолдап шықты. Содан бері Біріккен Корольдіктің «Кәрі құрлықпен» қоштасуы әліге дейін созылып келеді. Оның өз себебі бар. Қырық жылдан астам уақыт ішінде Ұлыбритания мен Еуропалық Одақ елдері етене араласып кеткені белгілі. Сауда, қауіпсіздік, миграция, экономика салаларында көптеген келісім жасалған. Біріккен Корольдік ұйым құрамынан шығатындықтан, бұрынғы құжаттардың бәрін қайта қарастыру қажет.
Әзірге ЕО мен Ұлыбритания тарапы ортақ келісімге келе алмай отыр. Мәселені оңтайлы шешу үшін Брекситтің мерзімін бірнеше рет созған болатын. Соңғы рет Еуропалық Одақ шенеуніктері Тұманды Альбионға 31 қазанға дейін мұрсат берді.
Таяуда ғана Премьер-министр лауазымына тағайындалған Борис Джонсон Брексит мәселесінде айлакерлік жасап кетті десек, қателеспейміз. Заң бойынша, жаңа үкімет бекітілген соң олар өздерінің бағдарламасын жариялауы керек. Әзір болған құжатты патшайым халыққа таныстырады. Ал осы мерзім аралығында Парламент өз жұмысын уақытша тоқтатуы тиіс. Брекситті қайткен күнде де аяқтауды көздейтін Борис мырза осы ньюансты ұтымды қолданып, патшайымнан Парламент жұмысын тоқтатуды сұрап, өз бағдарламасын ұсынатынын мәлімдеді.
Патшайым II Элизавета көп ұзамай-ақ Б.Джонсонның ұсынысын қанағаттандырды. Соған сәйкес, Парламент жұмысын тоқтату (пророгация) 9-12 қыркүйек аралығында күшіне еніп, 14 қазанға дейін созылады. Б.Джонсонның жоспары бойынша, 14 қазанда Элизавета II жолдау жасамақ. Онда жаңа үкіметтің жоспары таныстырылады.
Әдетте Британия Парламентінің жұмысы жыл сайын уақытша тоқтатыла тұрады. Осы мерзім аралығында заң шығару жұмыстарының бәрі кейінге шегеріледі. Ал қабылданып үлгермеген заң жобалары күшін жояды. Негізі Парламент мүшелері мен министрлер өз орнынан түспейді. Яғни, бұл – Парламетті тарату әдісі емес. Алайда депутаттардың осы мерзімде заңдық құжатты қабылдауға құзыреті жоқ. Оның бәрі патшайымға жүктеледі. Ұлыбритания Парламентінің депутаттары жазғы демалыстан 3 қыркүйек күні келді. Олар Премьердің ұсынысына қарсы әрекет жасауы үшін 9 қыркүйекке дейін уақыты бар. Содан кейін депутаттардың құзыреті 14 қазанға дейін шектеледі.
Премьер-министрдің мұндай қадамы Парламент мүшелеріне ұнаған жоқ. Қауымдастар палатасының (House of Commons) мүшелері үкімет басшысының әрекеті заңға қайшы деп есептейтінін жеткізді. Мәселен, Лейбористер партиясының жетекшісі Том Уотсон туиттердегі парақшасына «Бұл қадам біздің демократиямызды қорлау» деп жазды. Ал Шотландияның Бірінші министрі Никола Стерджен бұл күнді Британия демократиясындағы қаралы күн екенін мәлімдеді.
Дегенмен Борис мырза өзіне тағылған айыппен келіспейді. Ол өз жоспарын таныстыру үшін Брекситті күтуге құлықты емес. Сондай-ақ Еуропалық Одақтан шығу мәселесін талқылауға Парламенттің уақыты жетеді деп есептейтінін мәлімдеген-тұғын. Оның үстіне, Б.Джонсон ЕО-дан шығу мерзімін ұзартуды сұрамайтынын, қандай жағдай болсын, Ұлыбритания Одақпен қоштасатынын жеткізді.
Премьер-министрдің Парламент жұмысын тоқтата тұру туралы мәлімдемесінен кейін Ұлыбритания көшелерінде жаппай шеру басталды. Мәселен, Лондон, Манчестер, Лидс секілді Англияның ірі қалаларында мыңдаған адам өз наразылықтарын білдірді. Ел астанасы Лондонға жиналған шерушілер премьер-министрдің резиденциясына келіп, түрлі лозунгтарын айтып, қарсылықтарын көрсетті. Сондай-ақ Парламент жұмысын уақытша тоқтатуға қарсы петицияға қол қойғандар саны миллионнан асып жығылады.
Уақыттың тығыздығына қарамастан, Парламенттің әлі де таразы басын өз тарапына аударуға мүмкіндігі бар. Бұған дейін «Брекситті» келісімсіз аяқтауға қарсылар өзара тіл табыса алмай келген. Борис Джонсонның Парламент жұмысын тоқтату туралы ұсынысы олардың басын біріктіруі әбден мүмкін. Мұндай жағдайда Премьер-министрге оңайға соқпайды.
Сондай-ақ Парламентте Премьер-министрге сенімсіздік білдіру мәселесі талқылануы мүмкін. Лейбористер партиясының жетекшісі Джереми Корбин өз сөзінде Джонсон үкіметіне сенімсіздік білдіруді көтеретінін айтқан болатын. Алда-жалда депутаттар оның ұсынысын қолдаса, 14 күн мерзім бекітіледі. Осы уақыт аралығында не Борис Джонсон, не басқа партияның көшбасшысы депутаттардың басым бөлігінің қолдауына ие екенін дәлелдеуі тиіс. Егер 14 күн ішінде үкімет құрамы бекітілмесе, жалпы сайлау өтеді.
Алда-жалда сенімсіздік білдіру мәселесі көтеріле қалған жағдайда, қазіргі таңда депутаттардың уақыты аз. Оппозиция тарапы жедел түрде жаңа үкімет құрамын бекітіп үлгермесе, 9 қыркүйектен бастап Парламент жұмысы тоқтатылады. Осылайша, мұрсатқа берілген 14 күн өте шығады. Мұндай жағдайда Тұманды Альбион жалпы сайлауға әзірлікті бастап кетпек.
Бұдан бөлек, Парламент депутаттары Еуропалық Одақтан келісіммен ғана шығуға міндеттейтін заңды құжат қабылдауы мүмкін. Ондай жағдайда, үкімет Еуроодақтан Брекситті аяқтау үшін тағы мұрсат беруін сұрайды.
Қысқаша айтқанда, Борис Джонсонның күтпеген қадамы Британияны әуре-сарсаңға салып қойды. Осылайша, Парламенттің тағдыры, жалпы сайлау және Брексит мәселесінің түйіні одан сайын күрделене түсті.