• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Қыркүйек, 2019

Алатаудан Арқаға аттанған көш: жаңа қоныс, жаңа өріс

254 рет
көрсетілді

Бүгінгі таңда елімізде ішкі көші-қон үдерісін дамыту мақсатында мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсетіліп келеді. Әлеуметтің әлеуетін арттыру да ел экономикасын ілгерілетудің тиімді тетігі ретінде қарастырылып отыр. Мұнымен қоса, елімізде жұмыссыздық мәселесін шешу, жастарды өз мамандықтары бойынша жұмыспен қамту мемлекет қолға алған мәселенің бірі. Бұл ретте елімізде «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Аталған бағдарлама еліміздегі көптеген азаматқа септігін тигізіп, оларды тұрақты жұмыспен қамтуда белсенділік танытты.

Мемлекеттік бағдарлама шең­бе­­­рін­де еліміздің оңтүстік облыс­та­рын­дағы бірқатар отбасы сол­түстік ай­­маққа бет түзеп, сонда қоныс­тана бас­тады. Теріскейге қарай қоныс аудар­­ған отбасылардың қатарында жам­­был­дықтар да бар. Осыдан бі­раз жыл­дар бұрын қабылданған «Жұ­мыс­пен қамтудың жол картасы – 2020» бағ­дар­ламасында жұмыс күші тапшы аймақ­тарға халқы тығыз орналасқан өңір­лерден еңбекке қабі­летті отбасыларды көшіру жайлы нақ­­ты айтылған болатын. Ағымдағы жылдың қыркүйек айына дейінгі мәлімет бойынша, солтүстік өңірлерге 130 отбасы, яғни 392 адам қоныс аударған. Бұл биылғы мәлімет. Оның ішінде Павлодар облысына 20 отбасы, Шығыс Қазақстан облысына 31 отбасы, Солтүстік Қазақстан облы­­сына 43 отбасы және Қостанай облы­сына 36 отбасы қоныстанған. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасының «Ең­бек ресурстарының ұтқырлығын арттыру» бағыты бойынша нақты жұ­мыс­тар атқарылуда. Яғни жұмыс күші тапшы өңірлерді жұмыс күші­мен қам­тамасыз ету мақсатында атал­­ған бағдар­лама шеңберінде өз ер­кімен қоныс ауда­руға жәрдемдесу есе­­бінен еңбек ре­сурс­тарының аумақ­тық ұтқырлығын ын­та­лан­дыру қарас­ты­рылған.

Бағдарламаның бұл бағытын ха­лық арасында кең көлемді түсіндіру жұ­­мыстары тұрақты түрде жүргізіліп ке­леді. Атқарылған жұмыстардың нә­ти­жесінде өңірлік еңбек нарығында тұрақ­тылық сақталып, жұмыссыздық деңгейі ағымдағы жылдың екінші тоқса­нында 4,8 пайызды, жастардың жұмыс­сыздық деңгейі 2,4 пайызды құрады», дейді Жамбыл облыстық жұ­мыспен қамтуды үйлестіру жә­не әлеуметтік бағдарламалар бас­қар­ма­сының басшысы Тимуржан Нұ­рымбетов.

Шыны керек, оңтүстік өңірлерде әлі де болса «Екі қолға бір күрек» табуды мақсат етіп жүрген жастар жетерлік. Ал керісінше солтүстік аймақтарда жұмыс күші жетіспейді, яғни мамандар тапшы болып тұр. Әсіресе, ауыл шаруашылығы, денсау­лық сақтау, құрылыс, білім беру салаларында жоғары немесе орта арнау­лы білімі бар мамандарға теріскейде сұраныс көп екен. Бір сөзбен айтқанда, солтүстікке қоныс аударғандар жұ­мыс­сыз қалмайды. Оларға мемлекет та­рапынан тиісті көмектер көр­сетіліп, көптеген жеңілдік берілуде. Бүгінгі таңда Жамбыл өңірінен Солтүстік Қа­зақстанға биыл қоныс аударған 45 от­басының бәрі де жұмысқа орна­лас­қан. Осы мәселе бойынша Солтүстік Қа­зақ­стан облыстық жұ­­мыспен қамтуды үйлестіру жә­не әлеуметтік бағдарламалар бас­қар­­масына хабарласқанымызда, атал­­ған басқарманың мемлекеттік қыз­мет көрсету, оралмандармен жә­не ішкі көшіп-қонушылармен жұ­мыс жүргізу бөлімінің бас маманы Наз­ерке Тасқұлова өңірде қоныс ау­да­рушыларға барлық жағдайдың жа­салғанын айтты. Ең бастысы, мұнда көшіп келушілердің баспана мәсе­лесі шешілген. «Биылдан бастап, қа­­нат­қақты бағдарлама бойынша об­лыстың 13 ауда­нының бәрінде жаңа баспаналардың құрылысы жүргізілуде. Мәселен, Қызыл­жар, Ғабит Мүсірепов, Тайынша сияқты ірі аудандардың әрқайсысында 39 үй­ден салынуда. Сонымен қатар көшіп келуші әрбір отбасының мүшесіне мемлекет тарапынан бір реттік 35 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 88 мың 375 тең­ге төленеді. Жергілікті әкімдік қо­ныс аударушылардың кәмелеттік жас­­қа толмаған балаларын балабақша және мектеп орындарымен қамтамасыз етуге жәрдемдесетін болады. Солтүстік аймақ­та ауылшаруашылық, денсаулық сақтау, білім беру салаларының мамандары жетіспейді. Бүгінде Жамбыл өңірінен көшіп келген отбасылардың есебінен мамандықтар қатары толығып келеді», дейді Назерке Тасқұлова.

Солтүстік Қазақстанға қоныс аудар­­­ған отбасыларға тұру үшін бас­па­на да беріліпті. Сол өңірден баспана жал­даушылардың шығындары мем­лекет есебінен субсидияланады. Олар бір рет­тік жәрдемақыға да қол жет­кіз­ген. Бұл тұрғыда басты талап – от­басы мүше­лерінің бірінің арнайы маман­дығының болуы екен. Сұраныс солтүстік өңірден түсіп, барлық құжаттар талапқа сай болған жағдайда әрбір тұрғын қоныс аудара алады. Осыдан бір ай бұрын Та­раз қаласынан Солтүстік Қазақстан об­лысының Айыртау ауданына көшіп бар­ған Нұрдәулет Жақанов қазір аудан орталығы Саумалкөл ауылында аудандық аурухананың дәрігері болып жұмыс істеп жүр. Нұрдәулетпен хабарласып, жағдайын сұрағанымызда ол уақытша тұруға баспана алғанын және отбасына бір реттік әлеумет­тік жәрдемақы берілгенін айтты. Сол сияқ­ты, Жамбыл облысының Бай­­зақ ауданы, Жетібай ауылынан сол­түстікке қоныс аударған Аида Қы­дырбекова да бүгінде Аққайың ауда­ны, Полтовка ауы­лында тұрып жа­тыр. Тағы да бірқатар отбасымен хабарласқанымызда, бәрі де жаңа қоныста жағдайларының жақ­сы екенін жеткізді. Мемлекеттің әлеу­­меттік қолдауына ризашылығын біл­­дірді.

Жалпы алғанда, өзге өңірлерге қо­ныс аударған азаматтардың көп­шілігі Жамбылдан жұмыс таппай, бағдарламаға жүгінуге мәжбүр болған. Алайда, «Кір жуып, кіндік кескен» жерді қиып, қиырға қоныс ауда­ру да оңай емес. Әрбір азамат жұмысқа тұрған соң сол жақта кемі бес жыл тұ­рақтауы керек екен. Кейде адам ойындағының бәрі бірдей бола бермейді. Бұл жұмыстың дұрыс ұйымдастырылмауы салдарынан немесе жергілікті биліктің мүмкіндігінің түрлі себебінен болуы да мүмкін. Мә­селен, Жамбыл өңірінен Қостанай облысына көшіп барған Марат Ахматов баспана алмағанын, 3 ай бойы өз есебінен пәтер жалдап келе жатқанын айтты. Халыққа қызмет көрсету орта­лығында жұмыс істейтін маман ай сайын пәтерақыға 50 мың теңге төлейді екен. Бұл да еш­­кімді танымайтын, бұрын барып көр­меген өңірде жүрген адам үшін оңай­ға түспейтіні анық. Өз сөзінде Марат Ах­матов баспана мә­селесі шешілсе екен де­ген тілегін жет­кізді.

Жалпы тұрғындарды оңтүстік облыстардан солтүстік өңірлерге көшіру еліміздегі еңбек ресурсын рет­теуге және жұмыспен қамту бойынша тепе-теңдікті сақтауға соны серпін беріп отыр. Бүгінде ішкі көші-қон саласы жұмысының нәти­жесінде әлеуметтік қорғаудың әлеуеті артуда. Алайда қазақтың қай қиыры да бабалардың арманы мен мақсат-мұратын арқалаған киелі аймақ. Ең бастысы, еліміздің дамуына ниетті әрі еңбек етуге құштар талай жасқа бұл бағдарламаның берері көп. Тек, теріскейге табан аударуға ниет­ті жан­дарға «Көш көлікті, іс өнікті болсын!» дейік.

Жамбыл облысы