«Қуатты өңірлер – қуатты ел», – деді Президент халыққа Жолдауында. Осы маңызды құжатта көрсетілген міндеттер әр аймақта табысты іске асса, тұтас мемлекетіміздің дамуы да қарқынды, әлеуметтің әлеуеті жоғары болары анық. Бұл мақсатқа жету үшін Атырау облысында барлық мүмкіндік бар. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев актив жиынында Президент Жолдауын жергілікті деңгейде жүзеге асыру үшін атқарылатын шараларды айқындап, тапсырмалар берді.
Қоғамдық диалог – түсіністік кепілі
Мемлекет басшысының Жолдауында халықпен тиімді кері байланыс орнатуға айрықша мән берілген. «Қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары саналады», – деп атап көрсетті Қасым-Жомарт Тоқаев. Мұнайлы аймақта тұрғындармен байланыстың түрлі әдістері қолданылады. Мысалы, барлық мемлекеттік органдардың басшылары тіркелген Атырау облысы әкімдігінің Telegram чатында 10 мыңнан астам қолданушы бар. Екі жылдан бері чат-каналға 6500 сауал түсіп, бәріне жауап берілді. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде байланысқа шығу, ашық есік күні, брифингтер мен тікелей эфирлер өткізу дәстүрге айналды.
Актив жиынында үкіметтік емес секторды дамыту ең маңызды басымдылық екеніне тоқталған аймақ басшысы өзекті мәселелер бойынша нақты негізделген ұсыныстар жасап, енгізуді ұсынды. Мысалы, Ресей Федерациясы Татарстан Республикасының Қазан қаласында билік органдары мен қоғамдық ұйымдар бірлесіп, табысты жұмыс істеп жатыр. Жақында Татарстан Президентінің кеңесшісі Наталья Фишман тәжірибе алмасу үшін Атырауға келеді.
Мемлекет басшысы 2020 жылды «Волонтер жылы» деп жариялады. Азаматтық қоғамды нығайтуға бағытталған жұмыстарға ерекше маңыз берілмек. «Ерікті болып та елге қызмет етесіз», – деген Арман Қасымов 2008 жылдан бері облыстық жедел жәрдем стансасында ерікті ретінде жұмыс істеп келе жатқанын айтты. «Дәрігерді сынағаннан мәселе шешілмейді. Сол себепті бос уақытымда жедел жәрдем қызметінің жұмысын жақсартуға сәл де болса үлесімді қосқым келді», деді ерікті А.Қасымов.
Экономиканы әртараптандыру – басты назарда
Соңғы үш жылда жалпы өңірлік өнім көлемі 5 200,7 млрд теңгеден 7 894,5 млрд теңгеге дейін өсті. Республиканың ішкі жалпы өніміндегі Атыраудың үлесі 15,6%. Мемлекеттік бюджетке кіріс түсімдері бойынша да мұнайлы аймақ алдыңғы қатарда. Өткен жылдың өзінде бұл көрсеткіш 1 388 млрд теңгеге жетті. Ал ұлттық қорға түсімдер бойынша еліміздегі барлық соманың 50%-ға жуығы Атыраудың еншісінде. Бұл деректер мемлекет қазынасының басты донорларының біріне айналған аймақта атқарылып жатқан жұмыстардың оң бағытта екенін айқындайды. «Мұнай-газ саласының маңызын ешкім жоққа шығармайды. Бірақ шағын және орта бизнесті дамыту, өңір экономикасын әртараптандыру, әсіресе шикізат өндіруден тыс салаларды дамыту жайы да назарда болуы тиіс», деді Нұрлан Ноғаев. Қазір облыста 48 281 шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 106%-ға көп. Президент Жолдауында айтылған 2020 жылдан бастап орта және шағын бизнес саласындағы компанияларды үш жылға дейін табыс салығынан босатып, тексеріс жүргізуге тыйым салу – бизнес иелеріне үлкен қолдау болмақ. Мұны көп балалы ана, кәсіпкер Фатима Тулеева да қуаттады. «Төрт жыл бұрын жиһаз сататын орын аштық, мейрамхана бизнесін бастадық. Қазір 83 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Президенттің Жолдауда кәсіпкерлікті дамыту туралы берген тапсырмалары ертеңгі күнге деген сенімімізді нығайтты», деді.
Аймақ басшысы 2019-2024 жылдары әр салада жалпы құны 1,4 трлн теңгенің 11 жобасы іске асырылатынын, 2 200-ден астам адам жұмыспен қамтылатынын атап өтті.
Жолдауда айтылған жақсы жаңалықтың бірі – жаңа жылдан бастап шағын және орта бизнестен түсетін қосымша салықтық түсімдер өңірлердің құзырына беріледі. Бұдан Атырау облысының бюджетіне 29,4 млрд теңге түседі деп болжануда. Облыс әкімі осындай мүмкіндікті өңірді дамытуға неғұрлым тиімді пайдалану қажет екенін айтты.
Қалада құрылыс қарқынды, ауылда – жаңа жобалар
Облыс орталығының бас жоспарына сәйкес 2030 жылға дейін тұрғын үй қоры 10,5 млн шаршы метрге жетеді. Жыл өткен сайын Атырау қаласының аумағы ұлғайып келеді. Жаңа шағын аудандар бой көтеріп жатыр. Жолдауда: «Негізгі қағидат – тұрғындар, әсіресе әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтар үшін баспананың қолжетімділігін арттыру» екені айтылған. Мұнайлы аймақта бұл бағыттағы жұмыстар да жалғасын табады. «Нұрлы жер», «7-20-25», «Бақытты отбасы» бағдарламаларына қызығушылық танытқан атыраулықтар көп. Облыс әкімдігі тарапынан «7-20-25» бағдарламасы аясында ипотека бойынша бастапқы жарналарды жартылай субсидиялаудың тетіктерін іске қосу негізінде жергілікті бюджет есебінен бастапқы жарнаны әлеуметтік қолдау үшін 1 млрд теңге қарастырылды.
Жиында сөз алған Индер ауданының әкімі Мейірім Қалауи «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының қаржыландыру көлемін 3 есеге арттыру жөніндегі Президент тапсырмасы шалғайдағы елді мекендердің ахуалын көтеруге мүмкіндік беретінін айтты. «Қазіргі таңда ауылдарда жаңа жұмыс күшін құру міндеті тұр. Бұл – экономикалық белсенді халқының жартысынан көбі вахталық әдіспен жұмыс істейтін Индер ауданында да өте маңызды мәселе. Ауданның жерасты қазба байлықтарын, ауыл шаруашылығына, логистика мен туризмге қолайлы жерін пайдалана отырып, кәсіпкерлікті дамытуды қолға алдық. Тұз зауытын кеңейту жұмыстары басталды. Жыл соңына дейін 150-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылатын нысанға жергілікті жастарды тартқымыз келеді. Туризмді дамыту үшін Тұздыкөлде шипажай, қонақүй салу жоспары бар. Белоруссиялық инвесторлармен цемент өндірісін қолға алу жөнінде келіссөздер жүргізілуде», деді аудан әкімі.
Жолдауда көрсетілген басқа да міндеттер, денсаулық сақтау, білім беру, жұмыспен қамту жайы да жиында талқыға түсті. Әлеуметтік қолдау жүйесін одан әрі дамыту мәселесіне тоқталған облыс әкімі жұмысты нақты қажеттіліктерге бағыттауды тапсырды. «Мемлекеттік қолдау масылдық пиғыл туындатпауы керек. Мемлекет те шын мәнінде мұқтаж жандарға көмектесуі тиіс, ал еңбекке қабілетті адамдар жұмыс істеуі қажет. Президентіміздің Жолдауы жақын болашақтағы басымдықтарды айқындап берді, деді Нұрлан Ноғаев. – Атырау өңірінде қай бағытта қалай жұмыс істеуіміз керек, қандай міндеттер тұр, анық бағдар бар. Мүмкіндіктер мен ресурстар да бар. Тек бәріміз бірге жұмылып, қажырлы еңбек етсек қана алға қойған мақсаттарымызға жетеміз».
АТЫРАУ