• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Руханият 17 Қыркүйек, 2019

әл-Фараби: Ізгілікті (қайырымды) қала тұрғындарының көзқарастары

56891 рет
көрсетілді

Биыл Президент Қ.Тоқаевтың Жарлығымен әл-Фарабидің 1150 жылдығына дайындық жұмыстары басталып кетті. Осы мақсатта арнайы мемлекеттік комиссия құрылды. Келер жылы Ұлы даладан шыққан ғұламаның мерейтойы ЮНЕСКО, ИСЕСКО сынды халықаралық ұйымдардың аясында әлемдік деңгейде атап өтіледі. Осыған орай, «Egemen Qazaqstan» газеті данышпан бабамыздың ең әйгілі еңбегі – «Қайырымды қала тұрғындары» атты трактатының араб тіліндегі түпнұсқасынан алғаш рет қазақ тіліне аударылған негізгі бөлімдерінен үзіндіні оқырман назарына ұсынып отыр.

«Әбу Насыр әл-Фараби (Оған Алланың рақымы болсын!) осы кітапты жазуды Бағдадта бастаған еді. 330 жылдың соңында кітаптың қолжазбасын өзімен бірге Шамға (Сирия) алып келеді. Кітапты 331 жылы Дамаск қаласында аяқтайды. Тексеріп шығады. Нұсқаға тағы бір көз жүгірте отырып, оған «әбуәб» (тараулар) қосады. Кейін келе адамдардың сұрауы бойынша кітаптың мағынасын білдіретін «фусул» (бөлімдер) және қосады. Бұл бөлімдерді ол 337 жылы Мысырда аяқтап, кітабына қосымша енгізеді. Ол алты бөлімнен тұрады» (Ибн Әби Усайбиа .‘Уйуну-л әнбә ’фи табақати-л атиба’. Каир, 1882 ж.).

Ортағасырлық араб жылнамашысы Әбу Усайбиа арқылы жеткен бұл хабар Отырар ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің (870-950) атақты «Ізгілікті (қайырымды) қала тұрғындарының көзқарастары» атты трактаты мен трактатқа автор тарапынан кейін жазылған тараулар (әбуәб) және бөлімдер (фусул) жайында еді.

«Ізгілікті (қайырымды) қала...» ғалымның шоқ­тығы биік шығармаларының қатарына жатады. Кі­тап алғаш рет 1895 жылы Лейденде («Бирбил» баспасы) басылып шықты. Нұсқаны баспаға әзірлеген арабтанушы ғалым Фридрих Дитрици (Fridrich Dieterici) (1821-1903) екені ғылымда белгілі жайт. Ғалым бұл кітапты Британия музейінде сақтаулы тұр­ған 425/3 нөмірлі (жаңа каталог бойынша – №7518) қолжазба мен Оксфорд университетінің Бод­лиан кітапханасы қорындағы №120/3 нұсқа негізінде баспаға дайындаған.

Әбу Насырдың әлем ойшылдарының ерекше на­зар­ында болып келе жатқан әйгілі «Ізгілікті (қайырымды) қала...» трактатының Әбу Усайбиа арқылы жеткен алты бөлімінің (фусул) жалғыз қолжазбасы 1961 жылы табылған. Трактаттың қолжазбасы туралы алғаш рет түрік ғалымы Ахмед Атеш (Аһmеd Атеş) (1917-1966) «Фараби шығармаларының библиографиясы» («Fârâbî‟nin Eserlerinin Bibliyografyası») атты библиографиялық көрсеткішінде (1961) атап өтеді.

Трактаттың қолжазбасы Түркияның Ыстанбұл қаласындағы Сүлеймения кітапханасында 674 инвентарлық нөмірімен сақталған Қалаж Әби Паша нұсқасы. Қолжазба алпыс бес беттен тұра­тын (көлемі 11*19 ½ см) жинаққа (мұнда өзге де ойшыл­дардың еңбектері қамтылған!) енген қара сиямен, кейбір жерлері қызыл сиямен хатқа түскен көне нұсқа. Қолжазбаның атауы – «Фусул мәбәди ’әрә’ әһл әл-мәдинәти-л фадилати» («Ізгілікті (қайырымды) қала тұрғындарының көзқарастары негіздерінің бөлімдері») деп жазылған.

Әбу Насыр әл-Фарабидің «Ізгілікті (қайырымды) қала тұрғындарының көзқарастары» атты трактатының ғылымға өткен ғасырдың соңғы ширегінде (1961 ж.) келіп қосылған бұл бөлімдерінің (фусул) қазіргі заманға сай ең алғашқы нұсқасын әзірлеген араб ғалымы Мұхсин Махди (1924-2007). Көне қолжазба толық өңдеуден өткеннен кейін 1968 жылы Ливанның Бейрут қаласында М.Махдидің басшылығымен тұңғыш рет басылып шықты.

Трактат бөлімдерінің қазақ тіліне аудармасын жасауда осы нұсқа басшылыққа алынды.

 

Аудармашыдан

 

***

Бисмилләһи әр-рахман әр-рахим!

Бірінші бөлім ізгілікті діндегі Алла деп тануға тиіс нәрсе туралы: ол қандай болмыс, оның жауһары не, оны қандай сипаттармен сипаттау керек, одан болмыстар қалай пайда болды, ол қай жағынан олардың бар болуының себебі, оны қандай есімдермен атау керек және ол есімдердің қайсыларымен оған жалбарыну керектігі туралы.

Бұл бөлімде ең алдымен, ол Нәрсенің болмыстағы мәртебесі қандай мәртебе екен­дігі, Оның бүкіл болмыстардың ал­ғаш­қы жасаушысы, сосын шегі, сосын фор­­масы болғандықтан олардың алғашқы себебі екендігі, Оның кемшілік атаулыдан ада, оларға қатысы жоқтығы, Оның бол­мысынан абзал, кемел, қадым бір бол­мыс­­тың болуы мүмкін емес екендігі анық­­талады. Сол себепті де, асылында, Оның жауһары мен бол­мысында жоқтық мүл­дем болмайды және ол потенциалды бол­­мыс та емес әрі қандай жағдайда да, бар болмауы мүмкін емес, керісінше Ол Ең Соңғы Кемел.

Содан кейін, Оның бар болуы үшін ол бағынышты болатын немесе оған қажет болатын себептің қандай жағдайда да, мүлдем болмайтындығы, Ол жауһарымен Әзәли (ежелгі), болуы үшін бақилығын ұзартатын ешнәрсеге мұқтаж болмайтындығы, керісінше, жауһа­рының өзі осыған жеткілікті екендігі.

Бұдан соң Оның болмысына ұқсас болмыстың болуы мүлдем мүмкін бол­май­тындығы әрі Өзінен басқа бір нәрсе үшін бар болуы да мүмкін емес екендігі, Оның болмыс мәртебесіне тең келе­тін және қарама-қайшы бола алатын нәр­се­нің ешқашан болмайтыны туралы. Содан кейін Ол басқа нәрсе мүлдем ара­ласа алмайтын болмыста Жалғыз бол­ға­ны үшін Бір екендігі, Өзінің болмыс дәрежесінде Жалғыз екендігі, Оған не по­тенция, не әрекет араласпайтын және қан­дай жағдайда да, бөлінбейтін бол­мыс әрі жауһар екендігі, Өзінен басқа нәр­селерден Оның Өзі болып табылатын бірлік арқылы ажыратып тұрған болмысы Өзінің бірлігі болатын Өзіне ғана тән болмысы екендігі және Ол бір болу мағынасының осы жақтарымен Бір болатыны жөнінде.

Бұдан кейінгі сөз Оның жауһарының не екендігі, Ол ғалым деген не мағына екені, Ол хәкім деген не мағына екені, Ол тірі деген не мағына екені, Ол мәні тұрғысынан кең өйткені Ол ең абзал ақыл әрі ілім иесі және оның шебері екені туралы болады. Әрі қарай Оның болмысы мен жауһары болып табылатын мағынасын түсінуіміздегі кемшіліктің себебі беріледі. Ол мәні тұрғысынан кең, себебі Ол білінуші әрі танылушы бола тұра Оны елестету мен қиялдау (қабылдау) біз үшін қалай қиын болатыны жайында. Содан кейін, Оның асқақтығы, ұлылығы әрі даңқтылығының мағынасы не және қалай болатындығы, Оның сұлулығы мен әсемдігі қандай мағынада, Ол сүйілген және ғашық болынғандығын және ләззатын қалай сезінетіні туралы.

Бұдан кейін өзінен басқа болмыстар­дың Одан қалай шыққандығы және қандай жағдайда да, Ол бұл бол­мыстардың кемшіліктен ада, оған мүл­де қатысы жоқ жасаушысы болуы үшін қай жағынан оған сенілуі тиіс екендігі, болмыстардың Одан қалай пайда болғандығы және болмыстағы мәртебелеріне қарай қа­лай реттелгендігі, бір-бірімен қалай байла­нысатындығы, не нәрсе арқылы бай­ла­нысып, бірігетіндігі сөз болады.

Әрі қарайғы сөз осы болмыс аталуы тиіс (болмысқа берілген) есімдердің қан­дай нәрсе болуы керек екендігі туралы. Және аталған есімдердің көптігіне қарай сол болмыстың бар болуы да көп деген тү­сінік болмау үшін ол есімдерге қалай дәлелдер келтіру керек екендігі және болмыстарда болатын кемшілік осы болмыста да бар деген қате түсінікке кел­меу үшін ол есімдердің әрқайсысына қандай дәлел жасалу керек екендігі жайында. Осы болмыс аталып тұрған бұл есім­дер шын мәнінде, біздегі әрбірінде кем­шіліктен бір нәрсе болатын Одан басқа көптеген болмыстардың есімдері мен мағыналары. Сондықтан бұл есім­дердің барлығын біз шын мәнінде, кем­шілігі бар болмыстарды білдіруде қол­данып әдеттенгенбіз әрі ол есімдер ту­ралы біздің түсініктегі әдет бойынша олар арқылы Онда да нұқсан бар деп тү­сінуден әрі елестетуден аулақ бола ал­маймыз немесе біз де көп деп түсінуге әдеттенген ол есімдердің көптігі мен көп мағыналылығы Ол болмыста да көп болып елестейді. Көптік болмыстың кемшілігі болып табылады. Сол себептен де, Онда асылында кемшілік бар деген қате түсінікке келмеу үшін осы есімдерге қалай анықтама берілуі тиіс екендігін білуге мұқтажбыз.

Содан кейін осы жағдайда еске алынуы тиіс болған нәрсе болмыстардың материясы болғандықтан және қандай жағдайда да, материя болатын нәрсе болғандықтан Оны ол болмыстардың себебі жасаудың мүмкін еместігі және оларға материя болғанда қай жа­ғынан Оған кемшілік ілесетіні, Оған мүл­дем кемшілік ілеспеу үшін Ол қай жағынан болмыстардың шегі жа­са­лынуы керектігі, сондай-ақ, мүлдем кем­шіліктен ада болуы үшін қай жағынан ол болмыстардың формасы жасалатыны анықталуы керек еді. Дегенмен, бұған қосымшаларда (зиәдатта) қайта ораламыз.

Екінші бөлім ізгілікті дінде рухани жандар мен періштелер деп білуге ләзім болған болмыстардың қандай бол­мыстар екендігі, олардың жауһарлары не, ол болмыстардың әрқайсысының екіншісінен не нәрсемен мәртебелі бола­тындығы, әрбірінің Бірінші Болмыс­тан иеленген мәртебесі не екендігі және ол болмыстардың бір-бірлерінен мәр­тебелері не екендігі, олардың әр­қайсысының кемелділігі немен өлше­нетіндігі еске алынады. Және олардың әрқайсысының иелігіне билік етуге не берілетіндігі, әрқайсысының басшылығы не болатындығы жөнінде.

Содан кейін аспан денелерінің жау­һарлары жөнінде және Бірінші Бол­мыс пен періштелер оларға қалай иелік ететіндігі, қайсы аспан денесінің әмірі қандай періштеге жүретіндігі және қан­дай періште қай аспан денесін бас­қа­ра­тын­дығы, әрбір аспан денесінен қанша нәрсеге билік ететіндігі туралы олар (бол­мыстар) үшін суреттелуі тиіс нәрсе беріледі.

Содан кейін аспан денелері қамтитын табиғи денелердің яғни материалды денелердің жауһарлары жөнінде олар үшін суреттелуі тиіс нәрсе туралы.

Үшінші бөлім аспан денелері мен олардың билігіндегі аспан асты яғни материалдық денелердегі басшылық жөнінде, олардың (аспан денелері) қай жағынан олардың (материалдық денелер) бар болуының себебі екені, Алла тағала табиғи денелердегі нәр­селерді аспан денелері арқылы қалай басқаратындығы, әрбір аспан мен әрбір ғаламшарды басқарған не нәрсе екендігі жөнінде олар үшін суреттелуі тиіс нәрсе, сондай-ақ, мәшһүр ғаламшарларды суреттеуде олар үшін суреттелуі тиіс не нәрсе екендігі еске алынады. Алла тағала бір өзі материалдық денелерді жеке-жеке ғаламшар арқылы қалай бас­қаратындығы және Оның билігі ма­териалдық денелердің барлығына бірге немесе кейбіреуіне қалай жүретіндігі, материалдық денелердің аспан денелері­мен қалай ретке келтірілетіндігі, оларда әділеттілік қалай болады және болып жат­қан нәрсенің бәрі әділетсіздік ара­лас­­пайтын әділ әрі кемшіліктен ада кемел екені, Алла тағала уә Жәлләның иелігі (билігі) мен рақымы ең биік аспан дене­лерінен жер кіндігіне және оның айна­ласындағы нәрселерге дейін қалай өтетіндігі, материалдық денелердің мәртебелері не екендігі және олардың қалай байланысатындығы, басқаруда қа­лай қадым болатындығы, бір-біріне қа­лай иелік ететіндігі әрі барлығы қалай рет­ке келтірілетіндігі еске алынады. Олар­­дың (материалдық денелер) қайсы­сы дәл қазір өзінде бар және одан өзге еш­теңе болуы мүмкін емес табиғи қа­сиет (жаратылыс) болуы қажетті әрі лә­зім екендігі және дәл қазір ол иеленіп отыр­ған нәрсеге ие болмаса ол кемел бола ал­майтындығы және ол үшін одан өзге еш­қандай болмыстың болуы мүлдем мүмкін еместігі, адам дәл қазір өзіндегі кем­шілігі бар, адасқан, бейболмысынан өзге және Алла тағаланың әрекеті болуы мүмкін емес әрі Оған лайық болу мүмкіншілігі жоқ нәрсе болатын қандай болмысты олар үшін елестететіндігі еске алынады.

Төртінші бөлімде адам еске алынады.

Алдымен онда (адамда) табиғи болып табылатын нәрселердің жік­темесі беріледі, адамның жаны (нәпсі), жан қуаттарының саны, олардың әр­қайсысының әрекеті не екендігі және бірі-бірлерінен мәртебелері не болатындығы осыған жатады.

Содан кейін оның барлық дене мү­шелері мен олардың мәртебелерінің жіктемесі келеді, жан қуаттарының қай­сысы қай мүшеде екендігі, қайсы қуаттардың басқарушы қуат екендігі әрі олардың басқарудағы мәртебелері не екендігі, олардың қайсысы қызмет ат­қарушы екендігі және қызметтегі мәр­тебелері не болатындығы, адамның адам­­нан қалай пайда болатындығы, ер деген не, әйел деген не, ол екеуінің әр­қай­сысының бір-бірінен мәртебесі және әрқайсысының қуаттары не екендігі, ол екеуінен бала қалай туылатындығы, ер­кектің баладағы үлесі, сондай-ақ әйел­дің баладағы үлесі қандай болмақ екен­дігі, ең алдымен қайсы мүше, сосын қай мүше пайда болатындығы, адам­да ақылдың (зерде) қалай пайда бо­лат­ындығы, әрекетшіл ақылдың ес айма­ғына (ойлау бөлімі) қалай ықпал ете­тіні, алғашқы ақылмен пайымдалатын мәндердің қанша түрі болатындығы, адамда өз қалауынсыз алғашқы ақылмен пайымдалатын мәндердің әрекетшіл ақылдан қалай пайда болғандығы жө­нінде.

Содан кейін, қалаудың мағынасы не екендігі, таңдаудың мағынасының не екендігі, ол екеуінің арасындағы парық не, адам болмысы тән болатын түпкілікті бақыт деген не, бақыт жолынан тайғанда адам баласына келетін азап жайында, шын мәнінде, адам ол екеуіне өз қалауы және өз таң­дауы арқылы келетіндігі және қалай келетіндігі, көркем, ізгілікті іс-әрекеттер дегеннің мағынасы не, жаман қылықтар мен ерсі әрекеттер дегеннің мағынасы не екендігі жөнінде.

Содан кейін, түс көру мен елестетудің түрлері еске алындады, олардың жан бөлімдерінің қай бөліміне жататындығы, шынайы елестету деген не және жан қуаттарынан қай қуатты алатындығы, шынайылығы қалай дәлелденетіндігі, қалай және қай жағынан дәлелденетіндігі, елестету сөзіне апаратын әдіс не, алда болатыннан ескертетін және айтқандары тура келетін қауымның қалай пайда болатындығы жөнінде.

Содан кейін, уахи (аян) қалай болатыны, өзіне уахи келген адамның оны қандай қуатпен қабылдайтыны және Алла тағала қай періште арқылы өзіне уахи берілуі тиіс адамға уахи ететіндігі жөнінде.

Бесінші бөлімде адамның өз қалауы арқылы бар болған нәрселер туралы; адам қоғамдарына қажеттілік осыған жатады.

Содан кейін, адам баласы ұмтылған (алдына қойған) мақсаттарына жетуде бір-біріне көмекке келуіне жол ашатын қоғам түрлері еске алынады, ол қоғам­дар­дың қайсысы үлкен, қайсысы кіші және орташасы қайсы екендігі. Аза­маттық қоғам деген не және оның басқа қоғам түрлерінен айырмашылығы қан­дай, ізгілікті қала деген не, бұл қала қандай үйлесімділіктен құралған және бөлімдерінің саны қанша, бөлімдерінің бөлімдерінен мәртебелері не болмақ, оның басқару әдістері не, ол қалай реттеледі, қалай бір-бірімен байланысты әрі жүйелі болады. Ол қаланың патшасы мен бірінші басшысы қандай болу керек, қала патшасы лауазымына лайықты болуы үшін оның қанша шарты болуы керек, ізгілікті қаланың патшасы лауазы­мына ұсынылуы үшін туғанынан, сәби кезінен және жастық шағынан қандай белгілері (нышандары) мен шарттары болуы тиіс екендігі, ізгілікті патша кәсі­бін иеленуге оны тәрбиелейтін әдеттер мен өнерлердің не екендігі. Бұл қаланың бірінші басшысы ұстанатын басшылық түр­лерінің қандай болу керек екендігі туралы.

Содан кейін, ізгілікті қалаға қарама-қарсы қалалардағы қоғам түрлері келе­ді, олардың надан қалалар, адасқан қа­лалар, пасық (бұзылған) қалалар екен­дігі, олардың патшалары туралы, ол патшалардың қандай екендігі және әрқай­сысының басшылығы қандай болмақ және ол басшылығы неден тұратындығы, бөлімдерінің әрқайсысы бір-бірлерімен қалай байланысатыны, шамамен не нәрсеге ұмтылатындары, қандай мақсатқа жету үшін бір-біріне көмекке келетіндігі жөнінде. 

Содан кейін, ізгілікті қала тұр­ғын­дары­ның жандары ақыретте (өлгеннен кейін) жететін бақыттың түрлері еске алынады. Ізгілікті қалаға қарама-қарсы қала [лар] тұрғындарының жандары ақыретте тап болатын азаптың түрлері және қала тұрғындарының қайсысы апат құшатыны еске алынады.

Содан кейін, ізгілікті қала тұрғын­дарының жоғарыда айтылған бақытқа жетуі үшін және аталған азаптан арылуы үшін бірлесе отырып әрқашан қолдануы тиіс немесе сонымен жұмыс жасауы тиіс болатын нәрселердің түрлері және өздеріне тиесілі бір қала болмаған жағ­дайда ізгі қаланың тұрғындары екен­діктерін ерекшелеп тұратын әрі өз қалаларына қарама-қарсы қалаларда өздері жат (бөгде) көрінетін белгілері еске алынады.

Содан кейін, ізгі қала тұрғындарын ақиқаттың өзін емес, оның мысалдары болып табылатын нәрселерде түрлі болуға мәжбүрлейтін себеп еске алына­ды, ол айырмашылық бірдей, ұқсас нәрсеге бағыттайтыны және олардың (нәрселердің) арасында қайшылық пен дұшпандық емес, керісінше ымыра бар екендігі әрі олардың (тұрғындардың) айырмашылығы өнер иелерінің өз өнерлеріндегі айырмашылық мысалына жақын нәрселер екендігі еске алынады.

Бұдан кейін, ізгі қалаларда жасап жат­қан­ адамдар мен олардың салғырттығы бұл қалалардың жойылуына себеп бола­тындығы, ол адамдардың түрлері қанша екен­дігі, әрқайсысы бір-бірімен не ар­қылы байланыс жасауы керектігі еске алы­нады.

Алтыншы бөлім надан көзқарастар мен қоғамдар, надан қалалар және на­дан бас­­­шылықтардың түрлері келіп шы­­ға­тын (тарайтын) бұзылған негіздер ес­ке алынады. Содан кейін, адасқан көз­қарас­тар мен қоғамдар, адасқан қалалар мен адасқан басшылықтардың түрлерін қа­лыптастыратын бұзылған негіздер еске алынады.

Оның біріншісі табиғи болмыстардағы бұзылған негіз. Содан соң, бұзылған негізге негізделген болмыстардағы олар үшін көзқарас бастамасы болып кө­рінген нәрселер. Содан кейін, бұзылған негізден туындаған табиғи және қалаулы болмыстар мен оларға олардан көрінген нәрселер арқылы оларда пайда болған әртүрлі ойлар жөнінде. Алдымен, на­дан көзқарастарды қалыптастыратын ойлар еске алынады. Содан кейін, надан көзқарастардың бірінен кейін бірінің жіктемесі беріледі және олардың әрбірінен надан қоғамдар мен надан қалалар, надан басшылықтар мен надан діндер қалай пайда болатыны келеді. Егер адам надан діндердің бірінің негізін білсе ол діндегі әрбір қарама-қайшы, үйлесімсіз нәрсе оған жеңіл болады әрі оның негіздерін түгелімен қабылдайды.

Сосын, бұдан кейін, адасқан бас­шылар мен саясаткерлер ұстанған дін­дер келіп шығатын адасқан пікірлерді тудырған ойлар еске алынады.

Осы жерде, бүгінде ұлыстарда кезде­се­тін надан және адасқан діндерден алын­ған мысалдар еске алынуы керек еді, де­генмен, оған қосымшаларда қайта оралуды жөн көрдік. Сосын, бұдан кейін, адасқан діндерді адамдарды адасу­ға ұластыратын сенімнің негізі етіп, оны­мен заң шығарғандардың барлығы қол­данатын көптеген заттың көпшілік көрнеу жағдайларда өзінен тарайтыны туралы қиялданған жандардың ізімен жү­ретін басқа бір негізге ауысамыз. Бұл адасқан діндердегі көзқарастар мен ша­ри­ғаттардан ұстануға, ден қоюға және одан ажырамауға тиіс әрі өзі қолданған сол заттарға тиесілі болған жағдай. Осы не­гізді қорытындылауда оның қарама-қар­сы түрінің тұрпайы екенін еске аламыз.

 

Араб тілінен аударған

Айдынгүл ХАВАН,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің аға оқытушысы