Бүгінгі таңда Жамбыл облысы елімізге қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық, этносаралық және конфессияаралық бейбітшілік орнаған, татулық пен ынтымақ ту тіккен аймақ ретінде белгілі. Сонымен қатар, Әулиеата өңірінде ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында да көптеген игі шаралар ұйымдастырылып келеді.
Ұлт бойындағы рухани құндылықтарды жаңғырту мақсатында Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында өңір тарихының аса маңызды кезеңі қарсаңында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Елдік елге байланысты» атты қоғамдық форум өтті. Аталған форум өңірдегі қоғам белсенділерінің бастамасымен ұйымдастырылды. Форум жұмысына Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов, өңірге беделді ақсақалдар, қоғам белсенділері, депутаттар және жастар қатысты. Аталған шараны Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Масат Берік жүргізіп отырды.
Форум барысында ұлттық дәстүр мен әдет-ғұрыптың уақыт ағымымен өзгеруі турасында түйткілді мәселелер қозғалса, ысырапшылдық пен даңғазалыққа жол бермеу, жастар тәрбиесінің өзектілігі төңірегінде әңгіме өрбіді. Сондай-ақ облыс тұрғындарын бірлік пен ынтымаққа, сабырлылық пен қанағатшылыққа, берекелі өмір сүруге шақыратын Үндеу жолданды.
Қоғамдық форум қатысушыларының
ҮНДЕУІ
Біз, «Елдік елге байланысты» қоғамдық форумына қатысушылар, қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық, этносаралық және конфессияаралық татулық, бірлік пен береке, ұлттық құндылықтар сияқты қоғам мен мемлекеттің жоғары мүдделерін басшылыққа ала отырып, облыс тұрғындарына Үндеу жолдаймыз.
Тарихтың тағылымы – ұлт болып ұйысып, ел болып еңсені тіктеудің басты кепілі – бірлік пен елдік екені белгілі.
Ендеше, қоғамның, ұлттың дамуында кедергі келтіріп, кейбір кертартпа дағдылар мен әдеттер бүгінде белең алып бара жатқан уақытта елдігімізді, бірлігімізді көрсететін кезең келді.
Тамыр-таныстыққа, жүзшілдік пен рушылдыққа, ысырапшылдық пен астамшылдыққа, даңғойлық пен кердеңдікке, мейірімсіздік пен қатыгездікке, жалғанға еліктеу мен дүниеқұмарлыққа, масылдық пен мансапқорлыққа, қанағатсыздық пен үнемсіздікке, арсыздық пен намыссыздыққа, қала берді жалпы мәдениетсіздікке көзіміз де, етіміз де үйреніп бара жатқан сияқты. Сондықтан өркениет емес өсекке, зиялылық емес зияндыққа, парасаттылық емес пасықтыққа, ізгілік емес ібілістікке итермелейтін мұндай «ғұрыптарға» ел болып тосқауыл қойылатын уақыт келді.
Шілдеханадан бастау алатын аста-төк тойлар, астар, мәні мен сәні мүлде өзгерген дастарқандық басқосулар, елді ізеттілікке, қарапайымдылыққа, қайырымдылыққа, имандылыққа емес, өзге жолға бастауда.
Құрметті жерлестер!
Сіздерді осындай келеңсіздіктерге бой алдырмауға шақырамыз және заң талаптарына сай шешім қабылдауды жергілікті атқарушы және өкілетті органдардан сұраймыз.
«Іргелі елдің іргесін есер ағым бұзар» дегендей, деструктивті діни ағымдардың ел арасына еніп, жастардың санасын улап жатқаны да өз алдына бір төбе. Бұл үрдіске де тосқауыл болып, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеуде ұлттық құндылықтарымызбен сабақтастыру – баршамыздың басты мақсатымызға айналуы тиіс. Бұл игілікті іске облысымыздың діни ұйымдарымен бірге Жамбыл жұртшылығы жұмыла кірісуі қажет.
Осы орайда, бұқаралық ақпарат құралдары қоғам, ұлт алдындағы жауапкершілігін сезіне отырып, аталған мәселеге ерекше көңіл бөлулері тиіс.
Сонымен бірге, әлеуметтік желіні пайдаланушылардың жауапкершілігін арттыру үшін арнайы заң қабылдау қажет деп есептейміз.
Көтеріліп отырған құндылықтарды жастардың бойына сіңіріп, ата-бабадан келе жатқан ұлттық болмысымызды, қандағы қасиетімізді сақтап, еліміздің елдігі мен егемендігін нығайтып, дамыту – әрбір отбасының қасиетті міндеті болуы тиіс.
Форумға қатысушылар, Үндеуден туындап отырған талаптардың Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен, Президенттің ұстанымдарымен үйлесіп отырғанын атап өтіп, орындалуына тарихы терең, өркениетті, қасиетті Әулиеата жерінің әрбір азаматын үлес қосуға шақырамыз!
Үндеу қабылданғаннан кейін Жамбыл облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы М.Төлепберген бүгінгі тойлардағы, өлім-жітім кезіндегі ысырапшылдық пен бей-берекетсіздікті тілге тиек етіп, оларды бірізділікке түсіру жайында өз ойын айтты. Бұдан кейін еңбек ардагері, Жуалы ауданының Құрметті азаматы Ә.Ергебеков, облыстық мәслихаттың депутаты А.Майлыбаев, ардагер-ұстаз К.Ахметжанова, «Асыл арман» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Р.Нұрақбаев, облыстық орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб-имамы Б.Әмреев және медицина ғылымдарының докторы, профессор С.Ордабеков бірлік пен ынтымақ, ұлт тәрбиесі мен ұрпақтар сабақтастығы, отбасы құндылығы мен салт-дәстүрлер тақырыбында баяндама жасады. Ал Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Б.Құлекеев өз сөзінде форумның маңыздылығын атап өтіп, осы шараны облыстың аудандарында да жалғастыру керектігіне тоқталды.
«Бала тәрбиесінде орта буынды тәрбиелеуде қариялардың атқаратын рөлі өте жоғары деп білемін. Олай болу үшін үлкен кісілер сөйлеген сөзіне, жүріс-тұрысына үлкен жауапкершілікпен қарау керек. Бір үйге барғанда біздің қазақтың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін қадірлейтін сөзді айтса екен деп отырамын. Бір-біріне өсек айтпай, қайта жастарды тәрбиелейтін мәні бар сөз айтса екен деген пікір айтқым келеді. Болашағымыз жастар болғандықтан, әрине жастар – байлығымыз, жастар –бақытымыз, сондықтан оларға үлкен сенім арту керек. Жастарға жақсы үлгі-өнеге көрсетуіміз керек деп ойлаймын. Біз жастайымыздан еңбекпен есейдік, ынтымақ пен бірлікті ту етіп өстік. Ынтымаққа өзімізді ғана емес, бүкіл елді, халықты шақыруымыз қажет. Балалардың бойына үлкеннің алдын кеспеу, әрбір істі берекемен бастау, оң қолмен тамақты алып жеу, кісінің алдына қол созбау, кісі ақысын жемеу, өтірік айтпау, адал жүру секілді қасиеттердің бәрін дастарқанның басында сіңіріп отырғанымыз дұрыс. Бала тәрбиесі біз үшін өте қажетті нәрсе», деді өз сөзінде Әбілқасым Ергебеков.
Форумды облыс әкімі Асқар Мырзахметов қорытындылап, көтерілген мәселелер бойынша облыс тұрғындарын бірлік пен ынтымаққа, сабырлық пен қанағатшылдыққа, берекелі өмір сүруге шақырды. Сонымен қатар ежелден Әулиеата өңірі бірлікті бекем ұстанған, татулықты ту еткен өлке екенін атап өтіп, қабылданған Үндеудің әрбір азамат үшін аса маңызды екенін жеткізді.
Жамбыл облысы