Соңғы уақытта елорда әкімінің орынбасары мен үй сұрап келген бір топ көп балалы ана арасында болған әңгіменің бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарап кетті.
Бұл кикілжің «егер үй бермесең Ақорданың алдына барып асылып өлемін, содан кейін жауап бересің» деп шаптыққан әйел даусынан басталады да, екіжақты сөз қағысына ұласады. Әйелдің бейнесі бейнежазбада көрсетілмейді. Керісінше, әкім орынбасарының бейнесі анық көрсетілген. Ол бірнеше мыңдаған отбасылар кезекте тұрған қалада бірден үй бере қою мүмкін еместігін, мұның өзі заңды бұзу болып табылатындығын, бірақ бұл келгендерге демеушілер арқылы үй тауып беру үшін жұмыс істейтіндігін, сондықтан босқа байбалам салудың қажет еместігін айтады. Ал қытығына тиіп, шектен шыққан жаңағы әйелге «қайда барсаң онда бар, саған үй жоқ» дегендей сөзді айтып қалады. Әкім орынбасарының сөз ыңғайына қарағанда, мұнда отырған аналар үй сұрап жиі келіп тұратындар қатарынан болса керек.
Осы бейнежазба астында болған оқиғаға байланысты көптеген пікірлер жазылды. Пікірлер негізінен екіге жарылғанымен басым көпшілік әкім орынбасары жағында болып, әйелдің қылығын айыптады. Олардың бәрін келтіріп жатуға шағын жазбамызда мүмкіндік жоқ. Көзіқарақты оқырман бұл оқиғамен таныс деп есептейміз.
Иә, қазір көп балалы аналар Үкіметтен үй сұрауда, жәрдемақы талап етуде. Бірқатары біртіндеп алып та жатыр. Енді олардың ортасында жеңілдік үшін бәсеке басталып кеткендей. Осы жолда кейбірі дауыс жыртып айғайлауды, қоқан-лоқы жасауды қару етіп алғандай. Әкімдікте айғай шығарған әйелдің қылығынан соны байқадым. Егер қоғамымыз бай болса, бұл қылығын сөкпес те едік. Әйелдің әрекетін өз құқығын қорғаудың бір амалы ретінде қарастырар едік. Бірақ өкінішке қарай, біздің қоғамымыз кедей ғой.
Сонда Үкімет көп балалы аналарға үй мен жәрдемақы үшін қаржыны қайдан алып бермек? Әкімнің орынбасары «демеушілер іздеу арқылы көмектесемін» деп отыр. Әрине мұндай жолмен он шақты отбасына көмектесуге болар. Бәріне бірдей демеуші табыла бермесі анық. Сонда қалған мыңдаған көп балалы әйелдің мәселесін қалай шешпек?
Менің ойымша, салық төлеушілер қаржысы есебі арқылы шешпесе, басқадай жол қалмайды. Ал бұл шешім әділетті бола ма? Салық төлеушілердің басым көпшілігі айлық жалақысына сүйеніп, оны бір айдан екінші айға жеткізе алмай тыртыңдап еңбек етіп келе жатқан қарапайым халық өкілдері емес пе? Сонда мұның ақыры біреудің несібесін «анау шу шығарып жатыр» деп екінші біреуге алып беру болып шығады ғой.
Демек, мәселені түбегейлі шешу үшін Үкімет шетелдегі озық тәжірибеге жүгінуі керек. Көп балалы аналарға үй алып беруді құптаймыз. Бірақ бұл үйді біреудің қаржысы есебінен емес, көп балалы ананың немесе балаларының болашақта табатын қаржысы есебінен алып беру керек сияқты. Бұл үшін банктен ұзақ мерзімге, мәселен 30-40 жыл мерзімге жеңілдікті кредит беріп, үйді сол арқылы беруге болады. Көп балалы ана мен оның жұбайының несие төлеуге қазір мүмкіндігі болмаса, оны оңтайлы мерзімге дейін кейінге шегеру мүмкіндігін қарастырған жөн. Бұл отбасы бүгін жарлы болғанымен ертең балалары ержеткен кезде, «бүгін – кедей, ертең – бай, шыр айналған дүние-ай» деп халық әнінде айтылғандай ауқаттылар, тіпті байлар қатарына қосылуы да әбден мүмкін. Үкімет міне, сол кезге дейін көп балалы отбасылардың қиналмай жетуіне жағдай туғызғаны жөн. Әрине бұл үшін банктермен қатаң жұмыс істеу керек. Үкімет осы уақытқа дейін екінші деңгейлі банктердің қорлануына жақсы жағдай туғызып келді. Дағдарыс кезінде бірінші кезекте соларға көмектесті. Енді осы жақсылықтың қысылған халыққа көмегі тиетіндей бір қайтарымы болғаны жөн ғой. Ал көп балалы отбасыларға қарапайым салық төлеушінің есебінен көмектесіп жатса, бұл нағыз әділетсіздік болары анық. Өйткені қарапайым салық төлеушілердің арасында жұмысы болғанымен баспанасыз жүргендері өте көп. Осы мәселені Үкімет алдын ала ескеруі керек.
Демек, көп балалы отбасыларға үй беру үшін Үкімет ең алдымен жеңілдікті несие беру мәселесін заңды негізде шешіп алса, жөн болар еді. Мәселен, Еуропа елдерінде өз азаматтарына беретін жалпы ипотекалық несиенің сыйақы мөлшерлемесі 3 пайыз деңгейінде ғана. Жапония, Швейцария, Финляндия секілді елдерде 1,5 пайыздан да аспайды. Көршіміз Ресей де көп балалы отбасыларға жеңілдікті ипотека беруді соңғы жылдары жолға қоя бастады. Ендеше, біздің Үкімет те осы мәселемен айналысып, жұрттың бәріне бірдей болмаса да, көп балалы отбасыларға жеңілдікті несие беру мәселесін экономикамыздың шамасына қарай ұйымдастырса болар еді.