• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 26 Қыркүйек, 2019

Сібір жарасы сергелдеңге салуда

676 рет
көрсетілді

Қауіп қайдан келеді деуге болмайды. Ай мен күннің аманында көлденең кеселге ұшырап, әбігерге түсіп жатқан адам қаншама. Дәрігерлер адамдарға саламатты өмір салтын ұстанып, жеке бастың тазалығын әрдайым қадағалауды ескерткенімен, бірақ кейбір кеселдің нақты неден болатынын анықтау қиын.

Жуырда ғана Жамбыл облысында 4 адам сібір жарасы ауруын жұқтырып, ауруханаға түскен болатын. Бірақ болжам болмаса, олардың нақты неден ауру жұқтырғаны белгісіз. Түсініксіз кеселге шалдық­қан­дар­дың бірі Жуалы ауданы, Шақ­пақата ауылындағы шаруа қожалығының шопаны болса, екіншісі сол шопанның әйелі екен. Ал кесел жұқтырған өзге екі азамат Жамбыл ауданының тұрғындары, яғни қасапшылар болып шықты. Бұл науқастарға аса қауіпті індет мал сойған кезде жұққан деген болжам бар. Өйткені науқастар он шақты күн бұрын қыстақтағы қожайынның сиы­рын сойғанын растаған. Ар­тын­ша бәрінің де денесін жара ба­сып кеткен.

Жалпы, сібір жарасы мал арасында өте кең тараған қауіпті кеселдің бірі. Алайда маман­дар­дың айтуынша, бұл ауру адам баласына жұққан жағдайда, оның өміріне қауіп төндіреді. Абы­рой болғанда науқастарға дер кезінде көмек көрсетіліп, қай­ғы­лы жағдай орын алған жоқ. Ақ халаттылар бүгінде аса қауіпті індетке шалдыққан 4 науқастың жағдайының қалыпты екенін айтып отыр. Оларға тиісінше нақты көмектер көрсетілуде. «Қа­зір науқастар тиісті ем қабыл­дауда. Олар облыстық жұқ­па­лы аурулар ауруханасында 20 күн болады. Сібір жарасы адам өміріне өте қауіпті індет», дейді облыстық инфекциялық ауру­лардың қатерлерін бақы­лау кеңестік-әдістемелік орта­лы­ғының жетекшісі Гүлфайра Мырзабекова. Бүгінде науқас­тармен байланыс­та болған 44 адам мен ауылдың мал дәрігері де қатаң бақылауға алынған. Ал өңірдегі ветеринар мамандар кәсіпкердің қорасында өлген 6 бас сиырдан сынама алған. Алайда, өлген малдардың бірде-біреуінен күйдіргі дертінің белгілері анықталмапты. Енді мал дәрігерлері бұл кеселдің қайдан келгенін білмей бас қаты­ру­да. «Қазір біз аурудың ошағын іздеу үстіндеміз. Бірақ кеселдің неден болғанын таппай жатырмыз», дейді облыстық ветеринария басқармасының бөлім басшысы Қанатбек Қартабаев.

Бұл мәселе облыстық ден­саулық сақтау басқармасының да қатаң қадағалауында. Басқарма науқастарға уақытында тиісті ем көрсету жұмыстарына қадағалау жүргізуде. Аталған басқарманың баспасөз қызметінің жетекшісі Толқын Өмірбаеваның айтуынша, олар ауруханаға түскен кезде 3 науқасқа «түйнеме» диагнозы қойылған. Сонымен қатар түйнеме диагнозын болдырмау мақсатында жараның ішіндегісін алып, облыстың санэпидсараптама орталығының аса қауіпті зертханасына жібе­ріл­ген. «Жұмыс барысында серо­логиялық талдаудың оң нәти­жесі алынды. Кейін барлық 4 науқастың да диагнозы сібір жарасы, тері түрі ретінде расталды. Бүгінде барлық науқастар боксталған 2 палатаға жеке орналастырылды. Олар тиісті ем алады. Қазір науқастардың жағдайы тұрақты», дейді басқарманың баспасөз хатшысы.

Аталған жағдай Жамбыл облыстық әкімдігінің де наза­рын­да. Облыс әкімі Асқар Мырзах­метов өңірде Сібір жара­сы­ның шығуына байланысты пікір білдірді. «Түйнеме ауруымен 4 адамның ауырғандығы анықталды. Олар ауруханға жат­қызылған. Дәрігерлердің мә­лім­демелеріне сәйкес, бүгін олар­дың өміріне ешқандай қауіп жоқ. Ал енді олармен байланыста болды делінген адамдар да тексеріліп жатыр. Мұнан бөлек, орын алған жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғалып, заң аясында тиісті шаралардың барлығы атқарылуда», деді А.Мырзахметов. Әкімнің айтуынша, өңірде карантин енгізу үшін Қазақстан Республикасының бас санитар дәрігерінің ресми шешімі қажет екен. Алайда қазіргі уақытта Ветеринария комитеті тарапынан облыс әкімдігіне ешқандай құжат келіп түспеген. Әкім сондықтан да әкімдік өздігінен карантин енгізе алмайтынын айтты. Осы мәселеге орай, А.Мырзахметовтің тапсырмасымен облыстық арнайы штаб құрылып, тиісті басшыларға аурудың ошағын анықтау үшін тапсырмалар берілді. Соны­мен қатар қазір облыста тұр­ғын­дардың сібір жарасын неден жұқтырғанын анықтау жұмыс­та­ры жүргізілуде.

Әзірге індеттің шығу және науқастардың жұқтыру себебін ешкім анықтай алмай отыр. Ал ел арасында күйдіргіден өлген 20-дан астам ірі қараның еті Тараз қаласындағы шұжық цехына өткізілген деген қауесет тараған. Бірақ бұл да нақты емес. Бұл орайда облыстық ветеринария басқармасының бөлім басшысы Қанатбек Қартабаев аурудың ошағын анықтау бойынша тиісті жұмыстар жүр­гі­зі­ліп жатқанын жеткізді. Ауру ошақтарында Жуалы және Жамбыл аудандарының, соны­мен қатар Тараз қаласының эпи­демиологтары мен ветери­на­­риялық қызметкерлері эпиде­мио­логиялық тексеру мен профилактикалық және эпи­де­мия­ға қарсы іс-шаралар ке­ше­нін жүргізуде. Ал облыстың тауар­лар мен қызметтердің сапасын бақылау департаментінің деректері бойынша, өңірдің 11 аймағының аумағында 191 сібір жарасының ошақтары орналасқан. Ағымдағы жылы эпидемиологтар мен ветеринария қызметкерлері 1 мыңнан астам топырақ сынамаларын зерттеу үшін алған. Бірақ күйдіргінің қоздырғыштары табылмаған. Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәлі­ме­тінше, биыл сібір жарасына қарсы егу тобы 2159 адамды қамтыған.

Сібір жарасы Жамбыл өңі­рін­дегі 4 бірдей тұрғынды сергел­деңге салды. Ең бастысы, адамдар аман. Бірақ жергілікті тұрғындар үшін бұл оқиғаның жайшылықта жай түскендей болғаны анық. Енді қауіпті кеселдің ошағы анықталып, адамдарға оның қайдан жұққаны анықталса игі. Адамдардың қауіпсіздігі қай кезде де маңызды.

Жамбыл облысы