Жазы жайлы делінетін Жамбыл өңірінде биыл өрт оқиғасы өршіп тұр деуге болады. Күннің қатты ысуы салдарынан немесе басқа да төтенше жағдайларға байланысты мұнда тілсіз жаудың қарқыны күшейді. Аптап ыстық әсіресе аудан, ауыл тұрғындарын әбігерге салды. Бұл ретте қауіпсіздікке қатаң қадағалаудың қажет екені айтпаса да түсінікті еді.
Жамбыл облысы бойынша төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғау саласындағы зілзалалар қауіп-қатерін азайту және бақылау басқармасының басшысы, азаматтық қорғау полковнигі Мақсат Әкімбаевтің айтуынша, осы жылғы 8 ай ішінде облыс аумағында 467 өрт оқиғасы тіркелген. Төтенше жағдай салдарынан 3 адам қаза тауып, 3 адам әртүрлі дәрежедегі күйік алған. Ал материалдық шығын 76 миллион 780 мың теңгені құраған. Өкініштісі сол, өткен жылмен салыстырғанда өңірде өрт саны 3 пайызға өскен. Алайда төтеншеліктер былтырғымен салыстырғанда өрттің материалдық шығыны 40 пайызға, адам өлімі 3 есеге және жарақат алғандар 40 пайызға кемігенін айтуда. Өрттің ең басым көпшілігі мемлекеттік өртке қарсы қызмет органының бақылауынан тыс нысандарда, яғни тұрғын үй секторы мен автокөлік құралдарында орын алған.
Халқымызда «Сақтансаң – сақтайды» деген сөз бар. Яғни, әрбір адам өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға тиіс. Өкінішке қарай, тұрғындар арасында бұл талап та сақталмай отыр. Бұл ретте Жамбыл облысы бойынша төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғау саласындағы зілзалалар қауіп-қатерін азайту және бақылау басқармасының бас маманы, азаматтық қорғау подполковнигі Денис Охрименко өңірде 8551 өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзушылық анықталғанын жеткізді. Әкімшілік жауапкершілікке 1172 лауазымды және заңды тұлға тартылып, оларға жалпы сомасы 21 миллион теңгеге жуық айыппұл салынған. Сонда да осындай немқұрайдылықтар өңірде өрттің өршуіне себеп болуда.
«Жыл сайын өрт қауіптілігінің жоғары кезеңі ішінде облыстың табиғи байлықтары үлкен қауіп-қатерге ұшырайды, яғни орманды далалық өрттердің пайда болу қаупі туындайды. Көбінесе, бұған адамның өзі кінәлі. Құрғақ шөпті, егін қалдықтарын бақылаусыз, рұқсатсыз жағу, бау-бақша учаскелерін жинау барысында жиналған қоқыс пен шөптерді өртеу орын алады. Бұдан басқа, тұрғындар жаппай табиғат аясына шыға бастайды және демалыс барысында өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамайды», дейді Мақсат Әкімбаев. Мәселен, биыл облыс аумағында 1136 гектар алқапта 146 өрт және 12 орман өрті болған. Бұл шамамен 37000 гектар алқапқа келтірілген шығын 16 миллион теңгені құраған. Сондай-ақ 577 гектар алқапта 7 дала өрті болса, одан келген шығын 3,5 миллион теңгеге жеткен. Өрттің орын алуына себепші болған 271 тұлғаға әкімшілік жаза қолданылған. Ал оның ішінде 162 адамға жалпы сомасы 1 миллион 295 мың 325 теңге болатын ақшалай айыппұл салынған және 109 ескерту берілген. Ауданаралық экономикалық сотқа өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамаған 28 нысанның жұмысын тоқтату бойынша талап-арыз жолданып, олар сот шешімімен қанағаттандырылған.
Өңірде негізінен өрттің шығу салдарын аудандар құрайды. Үстіміздегі жылы Талас ауданында 6 орман өрті тіркелсе, Меркі ауданында – 3, Байзақ ауданында – 2 және Мойынқұм ауданында 1 орман өрті орын алған. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда орман өртінің саны 4,4 есеге, материалдық шығын 4 есеге, ал өрт аумағы 2 есеге азайған. Алайда мамандар биылғы жылы өрт саны Талас ауданында 3 есеге өскенін айтып отыр. Орман өрттері санының төмендеуі Мойынқұм, Меркі, Байзақ, Т.Рысқұлов, Жуалы, Шу және Жамбыл аудандарында азайғанымен, үстіміздегі жылы дала алқаптарындағы өрт саны 2 есеге, ал өрттен келген шығын 10 есеге артқан. Керісінше, дала өрттерінің саны Т.Рысқұлов ауданында 4 есеге, Жуалы және Қордай аудандарында 100 пайызға артқан. Айта кету керек, ағымдағы жылы дала алқаптарының жану оқиғасы бойынша облыс аудандары ішінен Қордай ауданы көш бастап, 196,5 гектар жерде 32 жану оқиғасы тіркелген.
Жамбыл өңірінде өртті дер кезінде ауыздықтау іс-шаралары жедел жүргізілгенімен, ауылды аймақтарда апатқа қарсы тұратын қауқар болмай тұр. «Ауылдық округтерде құрылған ерікті өртке қарсы құрылымдардың жауынгерлік дайындығына жүргізілген тексеру барысында кейбір ауылдық округтерде құрылған ерікті өртке қарсы құрылымдардың материалдық-техникалық жарақтандырылуы төмен деңгейде және олар арнайы киімдермен, өрт мотопомпасымен толық жабдықталмаған», дейді Мақсат Әкімбаев. Мәселен, Байзақ, Мойынқұм, Сарысу, Жуалы аудандарында өртті сөндіруге арналған техниканың саны өте аз. Шамамен әр ауылда тек бір ғана техника бар және ол бұзылған жағдайда оны табиғи өртке жұмылдыру мүмкін болмайды екен. Байзақ, Жамбыл, Меркі аудандарындағы ерікті өртке қарсы құрылымдар аспалы өрт сөндіргіштерімен жабдықталмаған, сондай-ақ Байзақ, Меркі, Сарысу, Т.Рысқұлов және Талас аудандары өрт мотопомпасымен қамтамасыз етілмеген. Мұның бәрі де өртті дер кезінде ауыздықтауға айтарлықтай кедергі келтіретіні сөзсіз.
Өрттің алдын алу және оны болдырмау мақсатында облыс әкімдігі тарапынан қомақты қаражат қарастырылып, тиісті техникалар бөлінген. Алайда қауіпсіздікке қырын қараған кейбір аудан әкімдері бұл мақсатқа бөлінген қаражатты да қысқартып жіберген. Өткен жылы ерікті өртке қарсы құрылымдардың мүшелерін жауынгерлік арнайы киіммен және қол асты өрт сөндіру құралдарымен қамтамасыз ету үшін аудан әкімдіктері тарапынан 17 миллион 329 мың теңге бөлінген болса, осы жылы бұл көрсеткіш қысқарып, аудан әкімдіктері 13 миллион 413 мың теңге ғана бөлген. Тіпті Меркі, Шу, Мойынқұм аудандарындағы кейбір ауылдық округтердегі арнайы киімдердің және аяқ киімдердің тозығы жеткендігіне қарамастан оларды жаңартуға қаржы да қарастырылмаған. Мұндайда қауіпсіздікке қарастырылмаған қаражат енді қайда бөлінеді деген ой келеді.
Өрт – тілсіз жау. Жасыратыны жоқ, кейде бұл апаттың да адамдардың немқұрайдылығынан болатыны шындық. Мәселен, дала, орман өрттерінен бөлек, өңірде шөп жинау орындарында биыл 87 өрт оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 4,5 мың тоннадан астам шөп жанып кеткен. Сонымен, бұл талай шаруаның ала жаздай аптап ыстықта еткен еңбегі, төккен тері күлге айналды деген сөз. «Шөп пен сабанның жануының негізгі себептері – тұрғындардың өрт қауіпсіздігін сақтамауы немесе қасақана от қою. Жем-шөптер көбінесе жолға өте жақын жиналады. Ал абайсызда немесе әдейі тасталған темекі тұқылы да өртке әкеліп соғады. Мұндай оқиғалардың алдын алу үшін ең әуелі өртке қарсы ережелер мен нормаларды қатаң сақтау қажет. Шөп электр өткізу желілерінен мейлінше алыс және қоршалған жерлерде орналасуы тиіс. Егер жақын жерде су қоры болса, төтенше оқиға орын алған жағдайда отты тез сөндіруге болады», дейді Мақсат Әкімбаев.
Күрең күз келіп, жел өтінде қурай басы сыңси бастады. Аспанды торлаған ала бұлт, ауық-ауық сіркіреп өтетін ақ жаңбыр көпшіліктің есіне күн райының құбылып келе жатқанын салып тұрғандай. «Қыс шанаңды жаз сайла» дегендей, енді келесі жылы да алапат өртті болдырмау мақсатында қауіпсіздікке қатаң қадағалаудың болғаны дұрыс. Барлық салаға қыруар қаражат бөліп отырған аудандар енді төтенше жағдай саласына да назар аударса, бәлкім өңірде биылғыдай өрт өршімес. Себебі Жамбыл – елімізде ауыл шаруашылығын дамытуға зор үлес қосып келе жатқан өңірлердің бірі. Сонымен қатар мол табиғи қоры тағы бар. Төтенше жағдайға тиісті көңіл бөлінсе, тілсіз жаумен күресуде де белсенділік танытатынымыз анық.
Жамбыл облысы